20-01

САҢЛАҚ ҒАЛЫМ, ҚАДІРЛІ ТҰЛҒА (Естеліктер)..

                                                                                                                     БОЛАТЖАННЫҢ  СТОЛЫ  БОС  ТҰР…                                                                                                                               

                Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасында менің оң жағымдағы, 2006 жылғы 1 қырқүйектен өмірінің соңына дейін Болатжан отырған стол әлі бос тұр. Стол тартпасындағы күнделікті оқу процесіне қатысты журнал, т.б. қағаздар да сол күйінде. Стол үстіндегі күнтізбе, қалам, қарындаш, өзге де түрлі құжаттар тұратын кеңселік бұйым да сол қалпында орнында... Күнделікті жұмысымызға сәйкес кафедраға келіп орнымызға жайғасқан сайын қатарымыздағы бос тұрған стол мен орындыққа қарап, онда отыратын Болатжан еске түседі.

Шырт ұйқыда жатқан кезіміз. Бебеу қаққан телефонның шылдырынан оянып кеттік. Алдымен тұрып телефон алған Ақбөпенің «қашан? қалай?» деген үрейлі даусы ұйқыны шайдай ашты. Ұшып тұрдым. Ақбөпе телефонды маған ұстата берді. Болатжан қайтыс болып кетіпті... телефон шалып тұрған Болатжанның Қазақ университетінде бірге оқыған курстасы Күләсия екен.

         Наурыз айының он бесі болғанмен Астанада қыс қаһары әлі қайта қойған жоқ. Ақ қар, көк мұзға оранған қалпы суық ызғарын шашып тұр. Сағат әлі таңғы төрт. Ұйқы шәйдай ашылған күйде таңды атырып, жерге жарық түсе Болатжан тұратын Жұмабаев көшесіндегі 14-ші үйге, жатақханаға жиналдық. Ауруханада емделіп жатқанына қарамастан кафедра меңгерушіміз академик Р.Нұрғали аға да келді. Жексенбі күні болса да университет кәсіподақ комитетінің  төрағасы Талғат Жанайдаров бастаған ректорат өкілдері, кафедра мүшелері, курстастары жерлеуді ұйымдастыру жұмысына кірісіп кеттік. Нұрлан мен Күләсияның дәрігер ұлы Нұрбол мен тағы бір курстас досы Мұхтар дәрігерлік сараптама қорытындысын, жерге рұқсат алу жұмысымен айналысуға кірісті.

         Суық хабар естісімен Астанаға жол тартқан Болатжанның Алматыдағы жұбайы Үмітжан мен қызын, ел жақтағы інісі Бауыржанды күтудеміз. Күндізгі сағат екілерде ұшақтан түскен олар жатақханаға сағат үштер шамасында келді. Бұлар келген соң Болатжанды Астанада жерлеу туралы бұрынғы жоспарды өзгерту мәселесі көтерілді. Ақырынды Үмітжанның қойған қисынды талабы орындалып, сүйек Алматыға апарылатын болып шешілді. Кәсіподақ төрағасы Талғат Жанайдаровтың көмегімен сүйекті апаратын шағын автобус та дайын болды. Рымғали аға ауруханада емделіп жатқандықтан, өзге жігіттердің де мүмкіндігі болмауына байланысты кафедраның атынан сүйекті апарысып, жерлеуге қатысуға маған ұсыныс жасалды. Тұмау тиіп, сырқаттанып жүргеніме қарамастан еріксіз ұсынысты қабыл алдым.

         Сонымен сағат 16.30-да Болатжанның мәйіті тиелген машинаға отырып Алматы қайдасың деп жолға шықтық. Машинада жүргізушіден өзге үш адамбыз: Үмітжан, қызы және мен. Таң атқалы аспанды бұлт торлап, күн реңі бұзылып, түнеріп тұрған. Түс ауа қар да сапалақтай бастаған. Біз қаладан шықпай жатып-ақ қарлы боран үдей түсіп, ақ түтекке айналып сала берді. Жолдың көріну дәрежесі мүлде азайып, машина жүрісін әбден баяулатуға тура келді. Қаладан жиырма шақырым шыққанда алғашқы мемлекеттік автоинспекторлар екі жақтан келе жатқан машиналарды тоқтатып ешқайсысын ілгері жүруге рұқсат етпей тұр екен. Ауа райының қолайсыздығынан жол апаты көп болып жатқанын айтады. Сондықтан қарлы боран басылып, жол ашылғанша арлы-берлі көлік жүруін тоқтатқан көрінеді.

         Үмітжан жол полициясына тиісті құжатты көрсетіп, онсыз да ақырын жүретін себебін түсіндіріп әрең дегенде рұқсат алды. Жүріп келеміз. Бірақ жүрісіміз өте баяу. Сағатына 20-30 шақырым жылдамдықтан аспайды. Ұйтқи соққан боранға сапалақтап жауған қар қосылып жолды айқын көрсетпейді. Күн батып қараңғылық басқан сайын жүріс тіпті қиындай түсті. Алай-дүлей соққан бораннан сырғып жатқан қардың қалыңдығы соншама, машинаның жарығынан жолдың жиегін айқын көру мүмкін емес. Жүргізуші сәл жаңылысса машина жол шетіне шығып, оппаға түсу мұнда тұр. Кей тұстарда жол үстінде белдеу-белдеу болып қалған үрлесін қар әрең өткел береді. Мен жүргізуші қатарында отырмын. Қайта-қайта байқа, жылдамдықты азайт деп қоям. Өйткені түн-түнекте машинаның жарығы түскен алдыңғы жақтағы ақ көрпеге оранған жол жиегін арқаның ақ түтек бораны сырғытып жатқан қардан жолдың екі жағындағы өсіп тұрған ағаштар, жол белгілері арқылы ғана шамалап, аса баяу жылжып келеміз. Жол-жөнекей аударылған, бір-бірімен соғылған, тайғанақтап барып жарға құлаған автокөліктер жиі ұшырай бастады. Ұшы-қиырсыз меңіреу далада, түн-түнекте бізден басқа қыбыр еткен жан жоқ.  Ошағандыда, Қарағандыда, Ақсу-Аюлыда жол полициясы қатаң тәртіп орнатып, ерсілі-қарсылы жүріп жатқан автокөліктерді жүргізбей тастапты. Бар болғаны сағатына 15-20 шақырым жылдамдықпен ғана келеміз.

         Бағана біз аттанған сәтте-ақ бұзыла бастаған ауа райының қарлы боранның үдей түсуіне ұласуы шығарып салушыларды бей-жай қалдырмаса керек. Оның үстіне радио, телевидение арқылы хабар беріліп, ауа райының бұзылуы, соған байланысты автокөлік жолдарының уақытша жабылғаны туралы қайта-қайта ескертіліп жатуы көңілге қорқыныш ұялататыны сөзсіз. Соның айғағындай болып жолға шыққаннан соң бір сағаттан кейін-ақ ұялы телефонға қал-жағдайымызды білу мақсатындағы қоңыраулар шалына бастады. Алғашқы болып Рымғали аға, одан соң Несіпбек, Жанат телефон соқты. Бәрінің сұрауы бірдей: Қалдарың қалай? Қай жерде, қалай кетіп бара жатырсыңдар? Жол тайғақ емес пе? – дейді. Қатты алаңдаулы екендері байқалады. Дәл осы сұраулар сағат сайын қайталанып, соғылған телефондар таң атқанға дейін жалғасты.

         Ауа райына байланысты жол қиындығы бәріміздің де ұйқымызды қашырған. Мұндайда бойды билеген үрейге қоса сан тарау ой да бірінен соң бірі тереңіне батырады. Артқы орындықта отырған Үмітжанның Алматы, Семей т.б. жақтарға телефон соғып сөйлескен сөздері, әңгіме төркіні түрлі ойларға жетелейді. Басқа түскен ауыр қайғы мен ауыртпалықты сабырмен қабылдап, терең ақылға сала парасатпен пайымдауға тырысқан мінез байлығы байқалады. Телефон арқылы Болатжанды ақтық сапарға шығарып салуға қатысты қандай істер атқарылып жатқанын сұрап-біліп, алыс- жуықтағы кімдерге ұмытпай хабар беру керектігін, қонақасыны қай жерде беру керектігіне дейін қайта-қайта пысықтап, тапсырма береді.

         Болатжанмен университет қабырғасында курстас болып бір топта оқымағанымызбен студенттер қатыстырылатын түрлі қоғамдық жұмыстарда, жатақханада жиі араласып жүрдік. Оқуды бітіріп шаңырақ көтерген кезінде үйлену тойына да шақырылып, осы Үмітжанның бетін ашу қызметін атқарғанмын. Алайда отбасымызбен араласып кетпеген едік. Болатжан Астанаға жұмыс ауыстырғалы бері ғана бір кафедрада қызметтес болып, жатақханада көрші тұрдық. Отбасы, бала-шағасы, ағайын туыстары, іні-қарындастары, артта қалған өмір белестері туралы айтқан әңгімелерін осы тұста тыңдадым. Әңгіме арқауында Үмітжанның да асыл қасиеттері әсерлі көрініс тауып жататын. Адамгершілігі, кеңдігі, қазақы психологиялық өлшемге сай болмысы, бар арман-мүддесі Болатжанның бабын табуға, бар іс-әрекеті мен міндеті Болатжанның көңілін аялап, шығармашылығына жағдай жасауға бағытталғандай болып елестейтін. Өзінің соңғы жылдары қан қысымы көбейіп жүргеніне мазасызданған көңілмен кейде: «Құдай алғысы келсе, Үмітжанның алдында алсын деп тілеймін» деген сөзді айтып қалатын. Сөз мәніне бүгін ғана бойлағандаймын. Бағанадан бергі Үмітжанның телефон арқылы ертеңгі атқарылар іске байланысты берген нұсқауларын тыңдау барысында талай сырды ұққандаймын. Отбасының берекесі де, ағайынның ынтымақ-бірлігі де әйел адамға байланысты екенін дәлелдеп тұрғандай іс-әрекет. Ең бастысы ер азаматтың қадірін біліп, қасиетін бағалау да Үмітжанның бойына жинақталғандай болып сезілді маған. Болатжанның өз отбасы туралы айтқан әңгімесін талай рет естіген мен бүгін Үмітжанның сөзін тыңдап, іс-әрекетін көріп, бір-бірінің қадірін білген, бірін-бірі ардақтап, бағалай білген қасиеттеріне сүйсіндім.

Қатар өскен азаматтың отбасылық өмірінің өнегелі тұстары осылай елестесе, оның ғалымдық жолы, ұстаздық қызметі көпшіліктің көз алдында өтіп жатыр еді. Сонау студент кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде алғашқы мақаласы жарияланғаны ҚазМУ-дың филология факультетінде оқитын студенттер қауымын елең еткізгені әлі есімде. Абайдың «Әсетке» деген өлеңі туралы пікірталас орайында жазылған мақала студент Болатжанның ғылымға барар жолдағы алғашқы қадамы ретінде ел есінде сақталып қалды.

         Әдеттегі жаңа шығарма туралы рецензия емес, ғылыми болжамға, қисынды ойларға негізделген мақала студент-авторды абыройға бөлеп, ұстаздарды сүйсіндіріп тастаған еді. Осыдан бастап Болатжанның болашағы айқындалып, келешектегі атқарар жұмысына негіз қалағандай болды. Университетті бітірген соң алғашқы еңбек жолын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бастаған ол аға лаборанттықтан бас ғылыми қызметкер, институт ғылыми кеңесінің ғалым-хатшысы қызметтеріне дейін көтерілді, ғылым докторы ғылыми дәрежесін алуға қол жеткізді. Өзінің табиғи дарыны, қажырлы еңбегі, терең білімі, зерделі зерттеулерінің нәтижесінде қазақ фольклористика ғылымындағы жаңа буын өкілдерінің көшбасшысы тұлғаларының біріне айналды. Ұзақ жылдар бойы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында декан, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарған ол ғылым-білімге талпынған шәкірттерге бағыт-бағдар беріп, білікті маман даярлауда да өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен ғалымдық өресін көрсете біліп, халық ықыласына бөленді. Ол өмірде барынша қарапайым еді. Біреуге істеген жақсылығын міндет етпейтін, бұлдамайтын. Тындырған ісіне мақтанып, масаттанбайтын. Өзінің артықшылығын көрсетіп, кеудесін кермейтін. Атаққұмарлықтан, дәреже салыстырудан бойын аулақ салушы еді. Артық мадақ, дабыра мақтауды қабылдамайтын. Оның әйгілі Қабанбай батырдың тікелей кіндігінен тарайтын жетінші ұрпағы екенін білетін көпшілік «Болатжан атақты Қабанбайдың ұрпағы, текті әулеттен шыққан» десе, соның өзіне қысылып-қымтырылып: «олай деп айтудың керек жоқ, маған ғылым адамы деген сөз жетеді», - деп ата даңқымен мадақталудан ат-тонын ала қашатын. Ыриясыз бейілмен «е-һе-һе» деп қарқылдай күлгенінің өзінен дархан көңілі, кеңдігі байқалып тұратын. Ешкімге зияны жоқ, ешкімге жамандық ойламайтын, ешбір адам туралы өсек-аянға бармайтын азамат болатын.

Ол көрнекті фольклортанушы маман ретінде арнайы шақырылып, 2006 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор болып қызмет атқаратын. Ғылым, білім саласындағы Бақылау комитетінде эксперттік комиссияның мүшесі болды. Қай жерде қызмет істесе де, өз ортасына сыйлы Болатжан еді...

Қарлы боран құшағында түні-бойғы тұсаулы аттай кібіртік жүрісте үрейлі жол азабымен жағаласа сананы сан-саққа жүгіртіп, жан тебіренткен ой алаңы осы еді...

Қарағандыда бензин құйған кезден басқа еш жерге тоқтамастан жүріп отырып таңғы бесте Саршағанға жеттік. Түні бойы тоқтамай жүрген жүргізуші көз шырымын алғысы келіп жол шетіне тоқтап, отырған күйде ұйықтауға кірісті.

         Телефон шылдыр етті. Несіпбек екен.

-         Амансыңдар ма?

-         Аманбыз.

-         Қай жерге жеттіңдер?

-         Саршағанға.

-         Жол қалай екен?

-         Бұл жақта қар жоқ, жол қара секілді.

-         Е, онда ары қарай жылына береді ғой. Түні бойы сендерге алаңдап мен де ұйықтай алмадым. Енді қорқыныш жоқ, жолдарың болсын.  Онда ұйықтауға кірісем.

       Сөзіміз осымен тамамдалып, мен де көз шырымын алуға басымды орындықтың арқалығына сүйей бердім.

 Тықырдан ояна кетсем, жүргізуші машинаны оталдырып жатыр екен. Сағат ертеңгі жеті. Күн әжептеуір көтеріліп қапты. Мотор қызысымен жүріп кеттік. Алдыда ұзақ жол бар. Бірақ жер қара, күн ашық. Ілгерілеген сайын шуақты өлкеге жақындай түскеніміз сезіледі. Жүргізуші де түндегі есесін қайтарғысы келгендей жылдамдықты үдете берді. Кейде сағатына жүз елу шақырым жылдамдықпен басып отырды.

           Алматыға күндізгі сағат бірлерде жеттік. Болатжанның үйінің алдында ЕҰУ-ға дейін қызмет атқарған ҚызПИ-дің ұжымы, туыстары, жекжта-жұраты, жолдас-жоралары күтіп тұр екен. Жерлеу ертеңге, он жетінші наурызға белгіленді.

          Ертеңіне сағат 11-де қаралы жиын басталды. Болатжанның Н.Тілендиев (бұрынғы Софья Ковалевская) және Төле би көшелерінің қиылысындағы үйінің ауласы халыққа лық толды. Бірге оқыған достары атынан Бекен Ыбырайымов, ұстаздары атынан профессор Т.Кәкішев, соңғы жұмыс орны ұжымының атынан маған сөз берілді.

          Болатжанның достары «Кеңсай» зиратынан орынға рұқсат алуға әрекеттенген екен. Алайда тете інісі Бақытжан болашақта басына ескерткіш-белгі тұрғызуға, жиі барып құран оқып тұруға қолайлы әрі жақындығын ескеріп, өзі тұратын Алматының іргесіндегі Көкқайнар ауылындағы бейіттен жер алған екен, сонда жерленді.

Зиратқа бара жатқан кезде Астанадан Рымғали аға телефон соғып, сол күнгі «Егемен Қазақстан» және «Астана ақшамы» газеттерінде Болатжан туралы қазанама жарияланғанын, соны көпшілікке құлағдар етуді тапсырды. Қайтар жолда газет дүңгіршіктерінің бірінен «Егемен Қазақстан» газетінің бірнеше данасын алып қонақасына жиналған қауымды хабардар етіп, газетті көрсеттім де отбасына тапсырдым. Қонақ- асы үстінде сөйлегендер Болатжанның бар жақсы қасиеттерін жеріне жеткізе айтып, Үмітжанға зор ықылас-баталарын беріп жатты. Құран оқылып, бата жасалған соң тараған елмен бірге мен де қоштасып, «асықпай ертең, бүрсігүні қайтсаңшы» деген достардың тілегін қабылдамай қайтуға бекінген күйімше темір жол вокзалына тарттым. Өйткені үш-төрт күн бұрын басталған тұмауым дәрі ішіп емделгеніме қарамастан күшейе бастаған. Не болса да үйге жетіп жығылайын деп ойладым. Кассаға барсам бұл күнге билет жоқ.  Қайтарылған билет немесе қажет болмай қалған броньға үміт артып күтуге тура келді. Әйтеуір жолым болғанда поездың жүруіне екі сағат қалғанда   №1 Алматы – Астана жүрдек поезына билет табылды.

Аяулы досты ақтық сапарға аттандырып құлазыған көңілге екі күн бойы еріксіз шыдап келген тұмаудың күшеюі қосылды. Поездағы орныма келісімен шешініп жатып қалдым. Екі тәулік бойы ұйқы шала болып шаршағандықтың әсері болар, денем жер тартып, басым солқылдап ауырғанын да елемей ұйықтап кетіппін. Таңертең жолсерік оятқанда бір-ақ ояндым.

Одан бері де бір жылға таяп қалды. Бәрі де қаз-қалпында. Ел аман, жұрт тыныш. Болатжанның жоқтығын еске түсіріп ол отырған орындық пен стол бос тұр...

КҰНЫПИЯ АЛПЫСБАЕВ,

филология  ғылымдарының докторы, профессор        

ФОЛЬКЛОРТАНУШЫ ҒАЛЫМ

Болатжан Абылқасымов туралы алғашқы рет мен атақты партизан жазушы, ғалым Ә.Шәріповтен естіген едім. Ол кісі Б.Абылқасымовтың Мәскеуде стажировка кезінде кандидаттық диссертациясын бітіріп келгенін үлгі етіп айтатын.

Болатжан Абылқасымов көп жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалым хатшысы болды. Өте қарапайым болғанымен жұмысты талап ететін.  Ол кезде біз жазғандарымызды ғалым хатшы арқылы машбюроға бастыратынбыз. «Әдебиеттану терминологиясы» кітабы бітіп қалған кез еді. Әр мақалаға өзінің ұзақ, әдемі қолын қойып, өзі машинист қыздарға апарып беретін. Қазіргілер кабинетіне шақырып берсе, ол кісі өзінен жасы кішілердің қағаздарын машинисткаларға апарып жүретін. Бұл кісіліктің белгісі. Отырған креслосынан тікіреймей, үлкені, кішісі бар, бәріне бірдей қызмет етуші еді.

Болатжан Абылқасымовтың «Жанр толғау в казахской устной поэзии», «Телқоңыр. Қазақтың наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклоры» (1993) атты монографиялары қазіргі әдебиеттану ғылымына қосылған үлес болып табылады.

Мәскеудегі алған білімі Болатжан Абылқасымовтың толғау жанрының теориялық мәнін анықтауға тікелей әсер етті.

«Жанр толғау в казахской устной поэзии» атты монографияның «Толгау как жанр устной индивидуальной поэзии» атты I-тарауында жанр туралы нақты түсініктер берілген. Толғау жанрын түркі тектес халықтар, (ноғай, құмық, қарақалпақ т.б.) әдеби мұрасы екенін ескере отырып жалпы қыпшақ тілдес халықтардың ауызша поэзиясының үлгісі ретінде үгіттік-ғибраттық және қаһармандық-патриоттық деп екіге жіктейді. Терме жанры мен толғаудың ерекшеліктерін нақты сарындар мен бейнелер жүйесі, көркемдік амалдар арқылы дәлелдеп берген.

Болатжан Абылқасымов толғауды келесі ретпен анықтауды ұсынды: оның синкреттілік екенін айғақтау; толғаудың тыңдауға арналып шығарылғанын ескеру. Сонымен қатар толғау авторының анық болуы теориялық тұрғыда нақтыланған. Толғауға тән негізгі мотивтер сараланған: адам өмірінің қысқа екендігі, жақсы мен жаман, оң мен сол, заман мен адам туралы т.б.

«Стихотворные особенности толгау» атты II-тарауда толғаудың 7-8 буынды ғана емес, 11 буынды қара өлең түрінде, 10-15 буынға дейін жететін түрі де болатындығы тың мәтіндер негізінде нақты талдаулар арқылы дәлелденген.

М.Дүйсеновтың теориялық ұғымын дамыта түсіп, Болатжан Абылқасымов ауызша ақындық поэзияның даму жолындағы бірнеше жанрлардың тоғысуын (толғау, арнау, жоқтау, терме т.б.) арнайы қарастырған. Осының нәтижесінде толғауға ғана тән ұйқас, тармақ, шумақ т.б. категориялар алғаш рет талдаулар арқылы анықталған.

Зерттеудің «Стилистические приемы и средства в жанре толгау» атты III тарауында толғау жанрының поэтикасындағы композициялық-стилистикалық әдістер, қайталау, синонимдік түрлер, түр мен түстің символикасы, эпитет, теңеу, метафора қызметі нақты талдауға арқау болған.

«Қазақтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклоры» деп аталатын іргелі зерттеуінде Б.Абылқасымов ғұрып фольклоры деп аталатын ұғымды ғылыми тұрғыдан дәйектеген. «Әдет», «ғұрып» сөздерінің мағынасы анықталған. Ғұрып әдет болғанымен, әдет атауының барлығы ғұрып бола бермейтіндігін дәлелдеп, ғұрып терминін орыс тіліндегі «обряд» сөзінің баламасы ретінде айғақталған. Салт түсінігін белгілі бір ғұрыптық түрлерге қатысты қолдануды ұсынған. Бұл біз күні бүгін анық ажырата алмай жүрген түсініктер.

Б.Абылқасымовтың Қаракерей Қабанбай жайында жазған «Қабанбай батыр» (2003) кітабында бұрыннан белгілі 20-дан астам нұсқаға қосымша оқырманға күні бүгін беймәлім болып келген жаңа екі нұсқа енгізіліп, жаңаша ой-пікірлер келтірілген. Бұл да қазіргі әдебиеттануға қосылған үлес болып табылады. 

Сонымен қатар Б.Абылқасымов қазақ руханиятының әр түрлі мәселелерін қарастырған: «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» (1979), (XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1988), «Қазақ фольклорының тарихилығы» (1993), «XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1994), «Әдебиет терминдерінің сөздігі» (1996, 1998), «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» (1999), «Қазақ әдебиеті. Энциклопедия» (2000), «Қазақ ханымы» (2002), «12 жылдық мектептің негізгі орта буынының білім мазмұны» (2005), «Қазақ әдебиетінің тарихы» I-том, «Фольклорлық кезең» (2008) атты ұжымдық еңбек авторларының бірі. Б.Абылқасымовтың жетекшілігімен 1 докторлық, 4 кандидаттық диссертация қорғалған».

1998 жылы докторлық диссертация қорғауыма байланысты банкет болды. Ол банкетті жүргізуші отбасымыздың ағасы академик М.Қозыбаев болды. Бізге сөз тиюі мүмкін емес еді. Отырыс ортасына келгенде Б.Абылқасымов мені шақырып алып өз өкпесін айтты. Өкпе өте орынды еді. Оның мазмұны: бұл отырыста Әди Шәрипов туралы неге айтылмады дегені еді. Келесі сөз өзіне берілгенде Әдекеңнің кім екенін, маған істеген нақты әкелік істерін Б.Абылқасымов бүкіл елге жария етті. Сөйтіп бәріміздің ұстазымыз Әди Шәрипов үшін отырған елді орнынан бір тұрғызды. Бұл бәрімізге үлгі боларлық қылық еді. Ұстазды құрметтеудің бір түрін Б.Абылқасымов бізге осылай көрсетіп еді.

Ғалымдығы мен кісілікті бірдей қадірлей білген, рухани тазалығымен ортамызда өз орнын алып жүрген, тек ағалық дұрыс пейілімен есте қалған Абылқасымов Болатжан Шайзадаұлына Алла разы болып, Пайғамбарымыз (с.а.с.) шапағаты болғай!

А.С.ІСІМАҚОВА

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының Әдебиет теориясы және

әдебиеттану методологиясы бөлімінің

меңгерушісі, филология ғылымдарының

докторы, профессор

Өрелі ғұмыр

 

 

Кішкене ғана Жарбұлақ өзені біздің ауылды екіге бөліп ағып жатыр. Барқытбелдің күнгейін ала Алтайдың етегін қымтай қоныстанған бұл ауылдың да ғұмыры ұзақ, тарихи тереңде. Барлықтаудың басына көтерілген алтын күн Алакөлге арайын төгіп, Аралтөбеге асыла барып батар еді, жарықтық. Жоңғар қақпадан Ебінің желі еліре өтіп, осы ауылдың үстімен атой салғанына қанша ғасыр болғанына, бір уақыттың өзі ғана куә. Білетініміз, шежірелі жердің тағдырдан шет қалмағаны.

Ақтабан шұбырынды, аласапыранды көріп, арқасын ауыр жылдар зақымдаған Жарбұлақ ауылы – киелі жер. Көктемі ерте келіп, қысы жай түскен осы өлкеге талайлар-ақ көз алартқан. Айналасын алыстан таулар қоршаған, үлкенді-кішілі өзендері жарыса ағып жататын, қайталанбас табиғи мінезі бар осы өлкенің бізге ыстығы-ай шіркін! Жаңбырлы жылы түнін жамылып, қымыз ауасын қызыға жұтып кімдер ғана жүрмеді екен бұл өлкеде?

Қатпар-қатпар қамысы мен тал-тоғайы, шошына қараған шоқ қамысты ата қорымдары, ажарын ғасырлар айғыздаған бел-белестері, соңына жұмбағын қалдырып бұрқыраған соқпақтары – көңіл қозғап, жүрек сыздатар бір ерекше қасиетіндей ауылдың...

Қаракерей Қабанбай бабамның өмірге есік ашып, ел таныған жері бұл. Қазақтың төрт түстігіндеҚубас атының ізі қалған, оралып ордасын тігіп, жалауын самалы желбіреткен тұғырлы ордасы бұл арасымның.

Тасында таңбасы бар, Байжігіт мекені болған, Қожағұл батыр қол бастаған, Қызайдың қызғалдақты даласы ғой жарықтық. Кіндігінен тараған ұлдары бекер болмай, ел есімін ертеңге жеткізді. Ерлері етігімен су кешіп, арғымағы ерттелген күйі қара түндерде қалғымай өткен қасиетті мекен едібұл өлке. Қабырғадан қар борағанда қамқор болған қас батыр, найзалы нар тұлғаң қанша туған жер!?

Қабекем ұрпақтары Шаған, Жолан батырлар мекендеп, Сүлеймен, Қанағат, Әзімжан болыстар баянсыз дүниеден осы жерде өткен. Кешегі Бақтыдан бабаларымызға еріп келгенӘсет ақын осы жерден шаңырақ көтеріп, бала сүйген. Елдің еркесі атанып, Алакөл асып, Жетісуға жетіп атағы аспандаған. Ақынға Қабекем ұрпақтары әр кезде рухани және әлеуметтік көмек көрсетіп отырған. Осы ауылда атақты Қали ақынмен қақтығысып, Әзімжан күйшімен сайысқа түскен. Ақынның шешесі біздің топырақтың қызы еді. Ескі күнде есімі кеткен сол Қали ақын, Қален мерген, Темірқан палуан, Майжақан алып, шешен Қыңырбек, Үш жүзге асы беоілген Сүлеймен болыс, Қанағат, Әкем молла, сегіз қырлы Ақкүшен батыр, түйе палуан Бікенге құтқана болған осы кішкене ғана біздің ауыл. Осындай ордалы ортаның, торқалы топырақтың, қария даланың текті ұлдарының бірі – ғалым Болатжан Шайзадаұлы Абылқасымов.

         Үлкен атамыз Абылқасым Екежанұлы шаруақор, пысық, сөзге ділмар адам болыпты. Әжеміз Несіпқан екеуі бес ұл көріп, оның үшеуі түрлі жағдайда шетінеген көрінеді. Соның үлкені Шайзада әкеміз. Ол кісіден тараған тоғыз баланың үлкені – Болатжан ағамыз. Атаны ұрпақтан «Әле»-деп атап кеткенбіз. Сол Әлем Отан соғысына аяғына дейін қатысып, Қиыр Шығыста жеңісті қарсы алды. 1947 жылы майданнан оралғанда жалғыз інісі, біздің әкеміз Құбаш он алтыдан енді асқан бала жігіт екен. Ол кездегі ел азабы, ашаршалық, ауыл тірлігі әрине, тарихтан белгілі ғой. Ағасын Еміл өзенінің бойынан қарсы алған әкемнің қуанышын түсінуге болады. Ағайынды екі жігіттің әңгімесі таусылмай, үйге екі күннен кейін арбамен жетіпті. Әкемнің аңшылығы, серілігі бар, жолда аң атып күндігін айырыпты. Ал, Әлем әкеме жинап, сақтаған әскери киімдерін кигізіп бір қуантса керек. Ол кез киімге де ел іші зәру уақыт еді. Соғыстан аман оралған Әлемді шағын ауыл тік тұра қарсы алып, жылап көріскен. Азырақ тыныстаған Әлем ауданға барып, қызыл отау бастығы болып оралады. Қос қарияның тірлігі оңалып, екі ұлына арқа сүйейді. Сол кездегі ағартушылық шараларына белсене араласып, Әлеміз жоқ-жітікке сүйеу бола білген. Орысшаға жүйрік, пысық жас жігітті партия кеңсе хатшылығына, соңынан ауылдық кеңеске төраға етіп тағайындайды. Көрші Қарабұлақ жерінен Сара апамызға жолығып, шаңырақ көтереді. Көп ұзамай өмірге болашақ ғалым, үлкен дарын иесі Болатжан ағамыз келеді. Бұл кез әкем Құбаш та Ағайша есімді қызбен қосылып, той үстіне той етсе керек. Үлкен үй болғасын ағамыз атасының қолында көбірек болыпты. Бұл оның тоғызға да толмаған уақыты. Артына Бақытжан есімді інісі еріп, үйді қуанышқа кенелтіпті. Бақытжан ағамыз өте сауатты, талантты инженер болды. Бүгін де Барлық-Арасан курортында тұрған зәулім, бес қабатты үй сол кісінің еңбегінің айғағындай. Қазір Алматыда тұрады, балалы-шағалы болған.

Жалпы, Әлем марқұм балаларының бәрін дерлік оқытып, жеткізген адам. Бауыржан заң саласында сот болса, Айбегі әкімшілік маманы, агроном. Баубек дәрігер, талантты шахматшы. Апай, қарындастарым түрлі мамандықтарды игерген. Өсіп, өнген үлкен әулетпіз. Әлем 82 жасында өмірден өтті. Сара әже немерелерінің арасында әлі де шүкір, жүріп жатыр,

Менің әкем – Құбаш аңшы, домбырашы, сөздің адамы еді. Ақындығы бар, ауыз әдебиетіне өте зерек адам болатын. Ол аяулы әкеміз де 78 жасында осы ауылда дүниеден өтті. Анам Ағайша екеуі сегіз бала өсірді. Өмірдің сан саласында жүр бүгінде олар. Осы үлкен әулеттің арасында дәрісін арқалап жүгіріп жүретін апайымыз – Балдырған талантты дәрігер.

Болатжан ағаны біздің үйдің үлкендері Ботай деп атайтын. Тұлғасына көз тоярлық, күмістей ақ шашты, қыз мінезді, жылы жүректі ағамды әлі де бір жақтан кеп қалатындай көремін. Оның әзіз есіміне марқұм деген суық сөзді еріксіз қосамыз. Тағдыр солай...

         Мен ағамның ерекше қасиеттеріне тоқталғым кеп тұр. Ертең елінің балапандары ер жетіп, ағасын байыптар. Осы бір қарапайым тұлғаның елі үшін еткен еңбегін таразылар, мақтаныш етер. Қазір де ғалым ағамыз іздеушісіз емес қой, зады белгілі тұлғалар ертеңгі ұрпақтың көзайымы болары сөзсіз. Қоңыр дауысы, риясыз күлкісі, кісіге сенгіштігі кейде оны өз отрасынан көтеріп тұратын. Баламен де беріле әңгімелесіп, сұрақтар қойғанды ұнататын.

         Ауылдағы мектепті медальға бітіріп, ҚазМУ-дің филология факультетін 1973 жылы аяқтады. Сол кезден-ақ ғылыми мақалалар жазып, ортасының назарын аудара бастады. Әсет ақын төңірегінде әңгіме көтеріп, ауыз әдебиетіне еркін зерттеулер жүргізе бастады. Бұл оның талапты, қажырлы, ғылымға құмар жас кезі еді. Бұдан кейінгі жылдарда сол оқу ордасының аспирантурасын аяқтап, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға лаборант, ғылыми қызметкер болып қызмет етті. Ұзақ уақыт Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ыилология факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Кафедра меңгерушісі бола жүре ғылыми еңбегін шыңдап отырды. Ол кісі көптеген ғылыми-зерттеу еңбектердің, ғылыми мақалалардың авторы. «Жанр толгау в казахской устной поэзии», «Телқоңыр», «Академ М.С.Сильченко», «Көкбай ақын», «Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры», «Қабанбай батыр» сынды зерттеу еңбектерін жазып, отандық фольклористика ғылымына үлкен, сүбелі үлес қосты. Ауыз әдебиеті тарихының сан-саласын зерттеуге арналған үлкен ұжымдық еңбектің авторларының бірі. Жас ғалымдарды тәрбиелеудегі еңбегі өз алдына бір мәртебе. Бүгінде олар еліміздің сан алуан түкпірінде еңбек етіп, аға жолын жалғастыруда. Ғылым жолы – қиын да қызықты сара жол екені рас. Ағамыз талантты ғалым ретінде шет елдерге де танымал бола білді. Ол Халықаралық педагогикалық білім академиясының академигі, Еларалық қоғамдық Ш.Айтматов академиясының академигі болып сайланған.

«Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегері. Өмірінің соңына дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры қызметін атқарды. Болатжан ағамыз бүкіл саналы ғұмырын қазақ фольклорын зерттеуге, жас ғалымдарды тәрбиелеуге арнады.

Қай ортада болмасын өзін кең, кішіпейіл қалпында ұстады. Өмірден жас кетсе де, артына мол әдеби мұра қалдырды.

         Бұл оның ғылымдағы қанаты жеткен сапары. Ал, өмірде Үмітжамал жеңгем екеуі бала өсіріп, отбасы бола білді. Әке деген ардақты есімді еш дақ түсірмей, балапандарына қамқор болды аяулы аға. Ұрпағы бүгін де түрлі салада еңбек етіп жатыр. Шүкір, шаңырағынан кісі үзілген емес. Бұл да болса ағаның әр ортада сыйлы болғанын айғақтайды.

         Өткен шақтарға аздап шегініс жасап көрейін. Иә, зымырап өткен жылдар легі жылымға кетті. Уақыт сағымы сағынышқа айналды. Өмір ғой.

         Бала кезіміз. Алматыда оқитын Болатжан ағаның ауылға оралуын асыға күтетінбіз. Күтетініміз, ол кісі келгенде әр балаға бір-бір ойыншық әкелетін. Сондағы қуанышымызды-ай шіркін! Маған бір пистолет пен суырмалы пышақ әкелген. Сол күні балалардың алдында абыройым бір артқаны есімде. Соғыс ойынын ойнайтын бізге ондай қарулар таптырмайтын. Сонда бізге аға қызыға қарап, өзі де ерекше бір шаттанатын. Іргеде тұрған Алакөлге көлікпен бармай, арба жіктіретін. Қарапайым киініп, қалың баланың ортасында, арбада рахаттана отыратын.

Кешкісін әкеме шахматын көтере келіп, екеуі ұзақ ойнап, әңгімелесетін. Ол кез ағамның Әсет ақын, Бікен палуан, Башбай, Мәжен қажы, Қален туралы тың деркетер жинап жүрген шағы болатын. «Әсетке ескерткіш орнату керек» атты мақаласы жарық көріп, әкеме оқып беретін. Ауыл тарихы, жалпы Алтай өлкесі қазақтары, олардың ауыз әдебиеті мен әндері туралы әңгімелесетін. Сөзге құмар мен алыс кетпей, есік артында тыңдап, кейде ұйықтап қалатынмын. Балаға ерекше бір мейірбен қарайтын.

Ағайын арасындағы дүние сөзге араласпай, аса бір салмақтылықпен қабылдайтынеді, қайран аға. Осы әулеттің үлгісі бола білді. Өзін аға ретінде сезініп, әр нәрседен әңгіме айтар еді. Білімі өте терең, қабілеті қарымды болатын. Кез-келген өмір келеңсіздіктеріне ашу шақырмай, тіпті күле салатын. Сондай пәк, сенгіш, адамда арамдық бар деп ойламай-ақ өтті ғой жарықтық өмірден. Кішіпеілділіктің үлгісіндей еді.

Тіпті сол ағамның дауыс көтере сөйлегенін естіп, елестете де алмаймын.

Кейін біз ержетіп, үй болғанда орайы келгенде кеп тұратын. Сәл тірлігімізге мән беріп, етене әңгімелесетін. Өзін тым қарапайым ұстап, келіндерімен қалжыңдасып отыратын. Күй, бап талғамай жұпынылау төрімізге жата кететін. Сондай тәтті, рахат күйге бөленіп, ұзақ жататын. Сөйтсем, ол туған жерге, елге, әулетіне, бауырларына деген шексіз сезімін бауырына басып жатады екен ғой. Алыстан келген азаматтың өз топырағындағы ерекше тынымы, жан толғанысы, рахаты екен ғой.

Өзін біреу мақтай бастаса, дәреже, жетістігін айта бастаса тым ыңғайсызданатын аға. Әкем сөзді шебер айтатын адам еді, Болатжан аға кейде ақтарыла күліп, асын іше алмай отыратын. Енді, Алла жаратқан үлкен әулетпіз ғой. Бірақ, маған ең жылы көрінетіні, ерекше жаратылыстысы – осы ағамыз Болатжан еді. Үміт жеңгеме баладай еркелеп, әзілдесіп отыратыны қандай жарасымды еді., шіркін. Соның бәрі де көрген түстей өте шықты. Біз де елуді алқымдап, қарияларды келмеске аттандырдық. Уақыт солай. Енді ағамның өміріне үңіле қарап, өрелі ғұмырының қай саласын айтарымды білмей, кеудемді түсініксіз сезім шарпып, әлденені сағынып отырған жайым бар. Шағын естелігімді мына бір өлеңмен аяқтайын. Сен бізбен, еліңмен біргесің, аға, аяулы азамат, үлкен жүректі ғалым!

Бақытты шақтар еді барлығы да

Кім қарсы келер Алла жарлығына.

Аттатпай алпысты да алып кеткен,

Не айтсам, аға сенің тағдырыңа?!

Көзіме оттай ыстық көп істерің,

Қатпарын құпия сөз тегістедің.

Ғылыми сапарыңа қанат қақтың,

Ақтарып ата-бабам кеніштерін.

Ағызып арманыңды ағыстарға

Сұлу сөз сүзіп жүрдің алыстарда.

Болсаң да нар тұлғалы намыстарда,

Бала едің туған жермен табысқанда.

Көріндің шет елдің де көлемінде,

Қайнаған қара сөздің тереңінде.

Ел білер есіміңді керегінде,

Фольклор атсалыстың әлемінде.

Ағасың – ата тарих көшіндегі,

Амал не, арғымағың көсілмеді!?

Еліне қайта оралды еңбегіңмен,

Еңіреп кеткен талай есімдері.

Жақсы атың жайылды тез жан-жақтарға,

Жай қалпы, желінбедің жел қаққанға.

Тұнығың лайланбай тұрды сенің,

Ағайын академик деп жатқанда.

Қайдасың, қайран аға, қайран ғалым,

Жазмыш қой жасап өзі қойған бәрін.

Өрелі өңшең сапар өміріңнің,

Қалайша жеткізейін, қайдан бәрін?!

Өзгеріп өмір көші шақырар мың,

Кез келіп сағынышпен сапырар күн.

Артыңа өлмейтұғын хатың қалды,

Ал, Аға торқа болсын, топырағың!

Айжарық Абылқасымов, інісі, 

Қазақстан Республикасының

Жазушылар Одағының

мүшесі, ақын

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту