20-01

САҢЛАҚ ҒАЛЫМ, ҚАДІРЛІ ТҰЛҒА (Естеліктер).

Аталып отырған кітап жинағына енген, парасатты азамат, отандай отағасы, ағамыз Болатжан Абылқасымовпен үзеңгілес болған әріптестері мен жақындарының ой толғаулары жарияланып отыр

Көненің  көзіндей  туынды

         Көнеден сарыны жетіп жаңғырып, жасарып жатқан мәдени мұраларамыздың қомақтысы – ауыз әдебиеті үлгілерінің баспа бетін көруге зәру жанрларының бірі – наным-сенімдер ғұрпының фольклоры еді. Кезінде Ә.Диваев, С.Малов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан тәрізді ғұламаларымыз там-тұмдап жинастырған жұқана жұрнақтарын жүйелеп, ел ризығына айналдыру – фольклортанушылар алдына зор міндет жүктеді. Ескіге есіркей қарап, көнеге көңіл бөлмей, дінді у деп уағыздаған кезең саясатының сапысымен сылынып тасталған қазақтың ғұрып, салт, жора рәсімдері ескінің сарқыншағы аталып аластатылды. Халық наным-сенімінің, ырым-тыйымдарының ұлттық тәрбие берудегі маңыздылығын жаңа «пролетарлық мәдениет» көсемдері жақсы түсінгендіктен жоюға, жоқ етуге кірісті. Өткенге өгей көзбен қарадық, «жарқын болашағымыз» бұлдыр тартты. Ел есіндегі ескі сөздер мұрағаттарда шаң қапты, қолжазба қорларында қолға алынбастан тозды. Сөз құдіретіне негізделген бәдік, арбау, бақсы сарындарына коммунистік тәрбие құралымен қаруланған ұрпақ күле кемсіте қарады.

         Тереңнен тамыр тарқан бәйтеректің беріктігі зор, саясы, жемісі мол болатынын байыптай бастаған бүгінгі таңда мәдени мұраға ынтызарлығымыз артуы – ұлт болашағының ұлы мүддесі. Сондықтан ортайған олқылықтарымыздың орнын толтыру, жаңғырту – ортақ парызымыз. Халық санасында  сарқыны  қалған  сирек  қасиеттің  көне  наным-сенімдерінің сырын андатқан  ғалым-фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Болатжан Абылқасымның «Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры» (Алматы 2004 жыл) хрестоматиясы – қазақ фольклортануына қосылған құнды жинақ.

         Хрестоматияда топтастырылып жүйленгендіктен бәдік, арбау, бақсы сарындарының функционалдық сипаттарын, практикалық қажеттіліктерін аңдауға мүмкіндік мол. Бәдіктің көнелігі оның анимистік сенімдерге қатыстылығынан көрінсе, арбаудың магиялық сенімдерге, бақсы сарындарының шаманистік нанымдарға байланысты туғанын әрі оны  арбаушылар бақсылар ғана орындайтынына берілген мәтіндер көзімізді жеткізе түседі. Табиғаттың тылсым күштерін, адам бойындағы сырқат-дерттің себебін түсінбегендіктен халық оларға әрекет-қимылмен, сөзбен әсер етуге болады деп ойлаған. Бәдік өлеңдердің көне ауруды көшіру салтынан туған түрі де кейіннен трансформацияға ұшырап, жастардың көңіл көтеру үшін айтатын бәдік өлеңдері мен бәдік айтысы аталып жүрген түрлері де бәдік туралы танымымызды тереңдете түседі. Сондықтан бәдікті айтыс деп түсіну жөнсіздігі мәтіндерден айқын аңдалады. Бәдік текстері даяр үлгі, бәдікті айтушылар суырыпсалма ақындар емес, дәстүрлі ғұрыпты орындаушылар ғана, әрі бәдік текстерінде шумақтардың да вариацияға ұшырап отыратындығын әрі бәдік, арбау, бақсы сарындарына емдік шаралар – сырқаттан айықтыру үшін қолданылса, арбауда ем-домнан басқа да функциялар бар. «Бәдікті қауым болып көтерсе, бақсы сарындары мен арбауды  профессионал орындаушылар атқарады. Бұл бір, екіншіден, арбау сияқты өлеңдетілмейді, оқылады т.с.с. Үшіншіден, олардың өлең өлшемдерінде ұйқас, ырғақ түзілістерінде маңызды айырмашылықтар бар.

         Ритуалдық мифологиялық сипаттармен тығыз байланысты арбау өлеңдерінде мағынасы беймәлім, естілуі оғаш жат сөздердің көптеп кездесуі сиқырлы, қуатты сөздермен тылсым күштерді арбап байауға болады деп түсінген халық наным-сенімнің көрінісі екенін төмендегі мысалдар айғақтай түседі. Мысалы, құртты арбау түрі:

         Саламин иланухин піл

         Аламин инкагиз алака

         На изил мус нихи унекаһу – секілді түсініксіз сөздерден түзілсе, бүйі шаққандағы арбаудың тілі түсінікті, мақсаты айқын.

         Бүйі, бүйі, бүйі шық!

         Бүйі келді, қамбар шық,

Заһарыңды жаймай шық,

Отыз омыртқадан шық,

Қырық қабырғадан шық.

Арбаудың сенім-тірегі – сөз бен істің магиялық әсері екені айқын. Хрестоматияда берілген арбау мәтіндерінде күн жайлату, бұлт пен жауын шақыру түрлері де бар. Оның себебін ғалым «Телқоңыр» (Алматы, 1993ж.) атты зерттеу еңбегінде. «Бұлт, жаңбыр шақыруларда өтіну, жалбарыну, сұрау сарындары да жолығып отырады. Соған қарап оларды кейбір зерттеушілер «Жалбарыну өлеңдері» деп атаған. Алайда, өтіну, жалбарыну сарындары құрт шақыру, жел шақыру, жылан, бүйі, қарақұрт арбауларында да, бақсының жын шақыруы мен бәдікте де жиі кездесе беретіндіктен «Жалбарыну өлеңдері» деп бөлек жіктеудің, оған жеке жанрлық мағына сыйғызудың қисыны жоқ. Жауын шақыруды да арбаудың бір түрі деп білу керек», - деп түсініреді. Хрестоматияды оған дәлел мәтін мол.

Кел, кел, кел бұлт,

Екі енеге тел бұлт.

Ағысы қатты сулардан,

Аса соғып кел, бұлт.

Шырай соғып кел, бұлт.

Шөптің басын аймала,

Жүгіре соғып кел, бұлт... т.с.с.

«Бақсылық-балгерлік» теориясын ең алғаш жариялаушы әйгілі ағылшын ғалымы Эдвард Гарр симпатиялық балгерлікті әдебиеттің тегі болған десе, неміс ойшылы, жазушы Томас Мани алғашқы адамдар әдебиеті діннің туындысы деп қарайды. Шамандық дін негізіндегі бақсылықтың практикалық қажеттіліктен туған өнер туындысы ретінде маңызы көкейге қонымды.

Бақсылықтың құпия сырларын Шоқан «Тәңірі», «Қазақстардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектерінде дәлелді әрі қызықты баяндап беретіні бар. Міне сол бақсылардың орындайтын сарындарының хрестоматияда 33 түрі берілген. Олардың ішінде «Меңсебай бақсының сарыны», «Дүйсенбі бақсының сарыны» тәрізді ұзақ толғау жырларға жетеғабыл түрлері де кездеседі.

Бақсылар ақын-жырау, сал-серілер сияқты фольклор жасаушылардың байырғы өкілдері, бақсы сарындары да өзге жанрлар секілді поэтикалық заңдылықтарға бағынатыны, импровизацияға негізделетіні, онда эпосты, жыраулық поэзия, тарихи жыр, толғаулардағы дайын тіркестердің, тармақтардың кездесуі реминсценция (көркем тексте, көібнесе, өлеңде кездесетін басқа бір шығарманы еске түсіретін нышан) заңдылығы хрестоматияға енген бақсы сарындарының басты ерекшелігі.

Бақсы сарындары мәтініндегі тағы бір көңіл аударалық жай – бақсы сөздерінің үнемі толықтырылып, жетілідіріп, даму эволюциясы әрі деректілігі.

Меккеде әулие

Мединеде әулие

Хан Шыңғыс та әулие – ертерек туған мәтін десек,

Қаракерей Қабанбай,

Қаз дауысты Қазыбек

Қаракерей Мұрынды Қандыбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Тобықтыда Дөненбай

Ішіндегі Доғалбай,

Өте шықты Құнанбай заманында, - деген жолдардың бертін қосылғаны дәлел қажет етпейді. Ендеше, бақсы сарыны – мәтіндерінің маңыздылығы тек фольклортанушы, әдебиеттанушылар үшін ғана емес, туған елінің тарихын, этнографиясын, философиясын терең танығысы келетін қауымның да кәдесіне жарар – мәдени мұра.

Бата сөз, қарғыс, ырым, тыйым сөздер де – сөздің магиялық құдіретіне күмәнсіз сенген қадым заманда қалыптасқан көне дәстүр. Ұйқасты, ырғақты келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата сөз – халық тілегінің, ниетінің көрінісі. «Батаменен ер көгереді», «Баталы құл арымас...» т.б. нақыл мақалдардың мәні де, аузы дуалы ақсақал-қариялардан, танымал тұлғалалардан арнайы іздеп барып, батасын алу салты да батаның халық ұғымында қасиетті, киелі саналуынан. Тұрмыстағы әр-түрлі салт-дәстүрге арналған дастархан батасы, қоныс тойы батасы, тұсау кесерде айтылатын бата, жол батасы, наурыз батасы т.с.с. баталар хрестоматиядан мол орын алған. (Батаның 81 түрі қамтылған). Бұл баталардың әдебиет мамандарына ғана емес, қарапайым халық үшін де күнделікті мәні, ақ дастарқанға ақ ниетін  ақ жарылып айта алмай абыржып қалып жататын ағайындарға да қажеттілігі анық. Бата, алғыс сөздерге қарсы мағынадағы қарғыс сөздердің 306 түрлі нұсқасы алфавит ретімен берілген. Замана зардабы, тарих ақтаңдақтары, адам - пенде бойындағы кесепат келеңсіздіктер тудырған қарғыс сөздер де – көне наным-сенімдер ғұрпының фольклорлық үлгісі. Қарғыс алмай, алғыс алуға ұмтылған ырым, тыйым сөздерге сенген ұстанымы ретінде бойтұмардай қастерлеген адам бойында ізгілік қасиеттердің бой көрсетуі адамзат дамуының алғышарттары болғаны даусыз. ( Хрестоматияда тыйым сөздердің 626 түрі, ырым сөздердің 196 түрі бар).

Қолжазба қорларында, мұрағаттарда жатқан наным-сенім ғұрпы фольклордың үлгілерін жинап, түсінік жазып, жариялаған еңбек құндылығын қайтара айту артық емес. Ғасырлар қойнауына зер салып үңілген сайын мұнарланған сағым арасынан себездеген сәуленің сан қырлы сиқырына қаныға түсесіз. Бүгінгі күн  халық санасында сарқыны қалған сирек қасиеттің бірі – көне наным-сенімдер.

Хрестоматияның ең басты маңызы – болашақ зерттеушілерге тарих шыңына көміліп, ұмыт болып бара жатқан ескі ғұрып сарындарын іздерімен індете зерттеп, туыстас халықтар ғұрыптарымен салыстыра саралап, әлемдік фольклористика тәжірибелері заңдылықтары аясында танылып, тұжырым түйін жасауға мүмкіндік тудырады. Хрестоматияда фольклор үлгілерін күзеп-түзеп, жөнсіз редакцияламай, жазылып алынған қалпында бастыру қағидасы қатты ескерілген. Халықтық мәдениет қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге тартады. Адамзат дамуының тым ерте дәуірінде қаскөй күштерді қуып тұру рәсімінен там-тұмдап жеткен бәдік, арбау, бақсы сарыны сол ескі наным-сенімнің жұрнақтары болса, сол жұқана жұрнақтарды жинап-жасқап, жүйелеп, ғылыми сараптап, ізденген еңбегін, сарабдал пікір, пайымдаған парасаттылығын көреміз.

Сайлау Қажыбекұлы Қожағұл,

  филология  ғылымдарының кандидаты,

Жетісу мемлекеттік университеті қазақ 

филология кафедрасының меңгерушісі

                      «Жарылқағанмен жолдас ет...»

                                                             (Бата сөз)

    Екі мыңыншы жылдың күз айы. Қыздардың қарашаңырағының табалдырығын аттап қазақ әдебиеті кафедрасына бір жапырақ өзім туралы түйіндемемді алып кірдім. Онда кафедра үшінші қабатта болатын.  Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан демекші ішке кіргенде бірден көзіме тура есікке қарама-қарсы отырған  академик Зәки Ахметов шалынды. Дереу екі қолымды соза әкемді көргендей қуанып, қал-жағдайын сұрап жатырмын. Оң жақ қасында отырған адамға  көңіл аударғанымша болған жоқ ақ шашты, еңселі сары кісі маған аңтарыла-«Отырыңыз»-деп алдындағы орындықты көрсетті. Сол абыр-сабырда Зәки ағай: - Зекеңнің шәкірті ғой, «Головоломка Байтурсынова, Байтұрсыновтың бас қатырғышымен басы қатып жүрген»- деп өзінің әдемі күлкісімен күлімсіреген бойы. - «Жақсы, жақсы»- деп қолымды алған бұрын еңбектері арқылы білетін, бірақ  көрмеген кісім мен іздеген кафедра меңгерушісі, белгілі фольклорист - Болатжан Абылқасымұлы еді.

    Содан бері бір шаңырақтың астында бірге қызмет жасасып келдік. Қызметте де жинақы, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болатын. Жиналыстың өзінде сөзбұйдалыққа салынбай айтылатын мәселенің тоқетерін ғана сөз қылып әңгімесінің аяғын әзіл- қалжыңға айналдырып отыратын.

   Өзінің шәкірттеріне деген қолқабысы, жігерлендіруі, ойын қозғап жігерін жанып отыратын қабілеті мықты еді. Шәкірт демекші, қасындағы аспиранттары мен ізденушілерінің тақырыпты таңдауларындағы талғампаздығына өзінің қырағы идеяларын қосып жататын. Сондықтан фольклордағы қасқыр, көкжал  бейнесі, жар іздеу мотиві, қару-жарақ көрінісі сияқты нақты да жүйелі жұмыстардың бастамасына негіз жасалды. Күнделікті студенттермен өткізетін лекциясында да фольклорлық үлгілердің  әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, маңызы мен мақсатын, мәнін келтіре талдап, түсіндіріп қоймай, жанрлық өзгешелігіне де мән беруді қадағалайтын. «Телқоңыр» (Алматы. Атамұра-Қазақстан, 1993) еңбегінде айтылатын, «наным-сенімдер ғұрпының фольклоры» терминіне қатысты мәселеде бұл терминді  ғұлама М.Әуезов бастаған бір топ азулы ғалымдарымыздың қолданысында болғанымен әлі толық шешімін таппаған сұрақ екендігіне иландыратын.  «Дін салты өлеңдерінен» қашуымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, «өлең» деген терминнің жалпы поэзия ұғымынан өзге нақты, жалқы мағынасы да бар екенін ұмытпау керек. Сол тұрғыдан келгенде наным-сенім ғұрпы фольклорының жанрлары өлең болмайды» деп өзінің жатқа айтатын әдетімен бірнеше жырлардан мысал келтіріп, ойдың, тақырыптың ішінде ойды ой қозғап ұзаққа  сілтер еді. Университеттің лекциондық кең залында ашық та айқын зор даусымен тыңдаушыны жалықтырмас еді.  Алдында отырған кілең жәудір қара көз қыздармыздың балалық шағын, болашағын елестетер еді. Тіпті, бәдік сарындарынан мысал келтіре тұрып олардың ырғақтық түзілістеріне, өлеңдік өлшемдеріндегі айырмашылықтарды әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметтерімен дәлелдеп отыратын. Тіпті, тұңғыш рет толғауды да жанр ретінде қарау керектігін ұсынған да Болатжан аға болатын. Дәріс барысында фольклордың бірнеше өзекті мәселелерін басын  шалып отыратын. Содан болар  студенттер бала кездерінде естіген жырларынан мысал келтіріп тұрған ағайларымен жарыса жамырасып қосылып кететін тұстары болатын. Өйткені ғалымның ғылыми тұжырымдарына негіз болған мысалдар көбісі ауылда өскен қыздарымыздың тұрмыстарында бастарынан кешкен  әдет-ғұрыптық, салттық өрнектер болатын. Сондықтан  да кез-келген студентті тұрғызып қойып сөздің магиялық күшіне мән беруді талап ететін. Сабақ өте көңілді өтетін. Студенттер жыр мазмұнындағы  әрекеттерге естері кетіп бірінің аузынан шыққан сөзді бірі жалғастырып жатушы еді. Тиым сөздер мен ырым сөздер жарысында да студенттер алдына жан салмаушы еді. Жастардың  жасына емес талғамына, өресіне қарап бағалайтын еді. Сөздің мәнісіне, байыбына бармай сөйлемейтін, не жауап бермеуші еді. Адамды ұзақ уақыт сынап барып өзіне тән қасиеттерімен қысқа ғана қайырып бағалаушы еді. Шәкірттерінің әрқайсысының талабына тамсанып, тіршіліктерімен хабардар болып отыратын. Олармен жиі сұхбат-жиындар жасап, ақыл-кеңесін аямайтын. Мұндай кеңестер ресми де дастархан бастарында да жалғасым тауып жататын. Мәселен, шәкірттер отырысы  деген жиылыстың ішінде ойламаған жерден ағаның қарашаңырағында болғанымда көзім жетті. Осы уақытқа дейін шәкірттердің жиылып ұстаз үйінде  бір дастарханда отыруы сияқты дәстүрді естімеген өз басым бұған басында таңқалған кезім де болды. Сондай бір жаңа жыл уақытының алдында ағайдың бастамасымен  бірнеше аспиранттары мен ізденушілері Үміт апайымыздың ақ дастарханында емін-еркін өлең оқып,  домбыра тартып, ән айтып, аяғы ғұрыптық жырлардың жарысымен аяқталған, әдемі отырыстың, жаныңызды жадырататын, шабытыңызды шақыратын кештің куәсі  болдық. Кейінен көңілімізді ән-жыр кернеп, арқаланған, суырып салып өлең шығарған тұстарымызда ағай бізге төреші болып, әділ бағасын айтып отырушы еді. Болатжан ағайдың қытайдан келген бір аспирантымен өз жырларымызды оқудан жарысамыз деп кәдімгі кішігірім жыр мүшайрасын жасаған тұсымыз да болды. Тіпті, ақ халатты мамандығы бола тұра өнер, өлең десе ішкен асын жерге қоятын Үміт апамыздың да делебесі қозып, өзінің өлеңімен орта тұстан қосылып кетіп кештің қызуын қайнататын еді.

   Соның бәрі қызметтен тыс ғалымның рухани демалысына айналғанға ұқсайды. Күнделікті қарабайыр тіршіліктен мезі болған тұстарында  шәкірттерінің өнерлерімен көңілін жұбатып, марқайып отырушы еді. Болатжан ағаның жұмыстан тыс уақытында да жанұсына өте жайлы, кез-келген отырыстың ұйытқысы бола алатынын көзіміз көрді.  Ондағы ағайдың өте ақкөңіл баладай аңғалдығы,  елгезектігі кісінің көңіліне тимеушілгі өте керемет еді. Адамның қызметіне, дәрежесіне емес адамгершілік, адалдығына қарай бағалайтын жайсаңдығы жетіп жатыр.

   Сөйтсек, жүрегі жылылыққа, адалдыққа, жақсылыққа жақын адам жастардың әрбір ісіне шабыт беріп,  ән-жыр мен өнердің ұйытқысын жасап қоймай кенін де жинап  отыратындығын кейінен білдік. Өйткені, осындай шәкірттер отырысында айтылған кейбір баталар мен ықыласты ырым сөздер Б.Абылқасымның құрастыруымен шыққан «Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры»(Алматы-2004) хрестоматиясына енгенде барып өнімді өнер болғанын білдік.

   Болатжан ағаның фольклордың жанрлары,  олардың өлеңдік өлшемдері,  стильдік өрнектері туралы ғылыми пікрлерін, толғамдарын  қарап отырсаңыз әлі де айтары мол талай еңбектің, іздеп жүріп оқитын жұмыстардың жазылатындай  ниетін байқаймыз. Тұтастай алғанда, қазақ фольклорын зерттеген ғалымның бұл саладағы ғылыми еңбегінің маңызы өте айрықша. Демек, осы бағыттағы танымал еңбектері әлі талай шәкірттердің қасиетті тұмарына айналары хақ. 

   С.Б.Ержанова

   Ф.ғ.к.,доцент

   ҚазМЕМқызПУ

Арман аға

(Болатжан ағамның қырқына)

Тіршілік басталады түбірлерден

Ешкім де жоқ Құдайдың түрін көрген.

Алдап жүріп әкетер әккі өмір бұл,

Алуан түрлі адамға ғұмыр берген.

Арман бастап кетіп ең алыстарға,

Ауылыңдай боп кетті таныс қала.

Арғымағың сүрініп Арқа жақта,

Амал бар ма келмедің алпысқа да.

Әке өлген, жазылған жоқ жарамыз да,

Сені енді сағынсақ та табамыз ба?

Көңілге көп ой тастап кеттің аға,

Азырақ жүрдің дағы арамызда.

Айтайын ғылымдағы қай күніңді,

Ауыз сөз, зерттедің бай тіліңді.

Әкеміз кеткен жаққа неге асықтың,

Жоқ әлде сағындың ба Айгүліңді?

Ғалым ең, арғы сөзді жүрген айтып,

Әлемін Әсеттің де бір молайтып.

Қой, аға барлығы да түсім шығар,

Қарашы, жатыр елге тырна қайтып...

Қашығы-ай аға ендігі арамыздың,

Осылай оймен көбін табам іздің.

Бақұл бол, баласы едің белін буған,

Ел үшін Қабанбайдай бабамыздың.

Сағынсам сарқ-сарқ қайнап өртенемін,

Есінде қаласың сен ертең елдің.

Қырық күн өте шықты қас қаққандай,

О, ғұмыр сен де осындай келте ме едің?!

Өкінбе, өкінбе аға өткеніңе,

Кездестік сенсіз өмір көктеміне.

Жетсе екен Жарбұлақтың жұмсақ желі,

Сен жатқан Алматының бөктеріне.

Бақұл бол, асыл аға, арманды аға,

Өмірді дейді адамдар жалған ғана.

Ағұзы, жатқан жерің жарық болсын,

Алда жүр бізге жұмбақ жолдарда да...

Асыл жар, қасиетті, қадірлі тұлға!

                                                                           Сағынған көздің моншағы,

Шашылып жатыр төсекте...

Айбергенов Т.

Мен Алматыға 1970 жылы 8 шілде күні келдім. Оқуға түсіп, мединституттың фармацевтика факультетінде оқып жүрген кезім.

№1 жатаханада, мекен жайы Құрманғазы, 113 тұрдым. Көктемнің бір әдемі күні еді, мамыр айы болатын. Көшеге шығып, біраз жүріп, дос қызымды шығарып салып, жатаханаға кіріп келе жаттым. Жатахананың алдында бір ақ құбаша жігіт тұр екен, ұзын жеңді көйлегі бар, шашы қара.....

«Қарындас, сіз біз жақтан емессіз бе?» деген сөзді естіп, жалт қарадым. Өте әдемі жігіт екен.

«Жоқ,» дедім де жүгіріп, 3-қабатқа бөлмеме келдім. Жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, есік қағылды. Ашсам, жаңағы жігіт тұр екен.

«Сіз кімді іздедіңіз?» деп сұрадым.

Бөлмеде Семей облысы, Ақсуат аулынан келген Әлия деген қызбен тұрғанмын, сол қызға Мейрам деген жігіт келіп тұр екен. Есік алдында кездестірген жігіт:

«Мен Мейрамды іздедім,» деді.

«Кіріңіз,» дедім де, өзім шай қоюға шығып кеттім.

Ауылдың бауырсағымен, барымды қойып, үстел жасадым, шай іштік, төртеуміз..... Сол кезде кинодағыдай жаңбыр жауып кетті. Жаңағы жігітім «Мен зонтигіңізді алайыншы,» деп өтінді.

Бір ай өтті, ештеңе ойлаған жоқпын. Күндер өтіп жатты...

Зонтигімді бір айдан кейін әлгі жігіт алып келді.

«Атым Болатжан, ҚазМУ-ді бітірдім, диплом алдым, енді жұмыс іздеп жүрмін,» деді. Бұл 1973 жылдың 5 мамыр күні еді....

Сол күннен бастап Болатжанмен киноға бардық, бұрыннан білетін адамдай сөйлесіп кеттік.....

1974 жылы 31 наурызда Орталық неке сарайында некеміз қиылды.... Мен ол кезде небәрі 20 жастағы жас қыз едім....

Некелесу кешіне, тойымызға атам Шайзада Әбілқасымов, қайыным Бақытжан артынып-тартынып келді, бірінші баласы үйленейін деп жатса ата-анада не жан қалсын....

Сол күннен бастап, пәтер жалдадық. 8 жыл пәтерде тұрдық, Алматының барлық жерінде тұрып шықтық... «Жетім бұрышқа» барамыз, көк базардың жанына.... Бізді бір көргенде барлығы ұнатып, таласа бастайтын. Бірінші сұрайтын сұрағы:

«Балаларың бар ма, неше жаста, кішкентай болса, пәтерге алмаймыз,» деп тұрып алатын...Әзер дегенде бір маскүнемдердің үйіне орналасамыз, өлдім-талдым....

Өмірдің ащы-тұщысын көре бастадық... Жаңа үйленген кезімізде,  Космонавтов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы кафетерийге кіріп, қалтамызда 15 тиын болған кездеріміз де болды, сол ақшаға бір тоқаш, бір стақан кофе алып, бөліп те іштік, сол ішкен кофенің дәмі әлі аузымда десем, өтірік айтпаймын...Бірақ ата-енемнің арқасында көп қиындықты жеңіп шықтық.

1977 жылдың желтоқсан айында Мәскеуге сапар шектік, Болатжан 2 жыл стажировкада болды. 1979 жылдың қазан айында Алматыға қайтып оралдық. Барар жеріміз жоқ, мен ауылым Ақсуатқа екі баламен кеттім, Болатжан пәтер іздестіремін деп қалып қойды. Қараша айының соңында «үй таптым,» деп келді.

Алматыға келсек, аңырап тұрған, не дұрыс салынбаған, әуежай маңында орналасқан үй тауыпты.

«Қой, бұл жерде екі баламен тұра алмаймыз» деп, тағы да «жетім бұрышқа» жүгірдік. Пәтер тауып, содан Истомина, 34 адресіне көштік.

1981 жылы қыркүйек айында Тілендиев көшесінің бойындағы қазіргі тұратын пәтеріміздің кілтін алып, соған біртала көштік. 

Барлық қалған өміріміз осы үйде өтіп жатыр, құтты, құдіретті үй деп айтамыз.

Атама, мамама үлкен алғысымды білдіремін, басымды иемін. Төрт бөлмелі жарық, кең үйде қайындарым Бауыржан, Айбек, Баубек, қайын сіңілдерім Айбарша, Айгерім, Айнұр тұрдық, ол да бір жастық дәурен екен.

Өміріміздің ең жақсы, тәтті күндері сол кезде өтіпті....

Болатжан жас кезінен кітапқа құмар болды, ғылым жолына ерте түсті. Жаны жайсаң ағалардың арқасында көп жетістіктерге, ғылымның биік шыңына шыға білді.

Жо, жоқ....

Менің өкпем жоқ тағдырыма,

Өміріме, өзіме – барлығына,

Нан батырып жесем де ризамын,

Көз жасымның бір тамшы қалдығына,

деп Мұқағали ақын жырлағандай мен тағдырыма ризамын...өкінбеймін.

Себебі, менің Болатжандай жарым болды, алтын асықтай балаларым бар. «Қыз өріс» деп балаларым жақсы жерге тұрмысқа шықты, Болатжан екеуміздің басымызды сыйлайтын құда-құдағиларым бар, құдайға тәубә, біреудің алдында, біреудің артында өмір сүрдік, әр кезге сабырлылықпен, шүкіршілікпен қарадық.

Бір құдам Албан елінен, Ұлы жүз, Қызыл бөрік, Рымбек пен Күләш Жұмаділовтар, бір құдам Кіші жүз, Әлім елінен, Қуаныш пен Зәуреш Изтаевтар.

Қазақта жақсы сөз бар: «Жақсының жанында жүрсең, жақсы нәрселерді үйренесің, шарапаты, шапағаты тиеді» дейді, сондай жан менің Болатжан жарым....

Екеуміз 35 жыл отасыппыз, сол 35 жылымыз 35 күндей өте шықты....

Ол неге, ол бір-бірімізді қатты сыйлап, жақсы өмір сүргеннен, біріміз асыңқы болғанда, біріміз басыңқы болдық...Әр уақытта бір-бірімізді қабағымыздан түсінетінбіз......

Болатжан не айтса, сол заң болды. Кейде жұмыстан шаршап, сөмкемді көтере алмай кіргенімде, Болатжан бірден әзілге айналдырып жіберетін, біздің Үмітай тамақ тасып жауыр болды, әкелгендері не деген дәмді, жесең тіл үйіреді деп әзілдейтін. Жанұяның тірегі, «комедия» деп айтатын.

Жарқырап тұрған жұлдыздың,

Қиын-да екен сөнгені-ай,

Бір қуантқан құдайым,

Бір жылатқан пендем-ай!!!

Ауру жүрек ақырын соғады-жай,

Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.

Кейде ыстық қан басып кетеді оны,

Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай.....

Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,

Іздегені не болса, сол табылар.

Біреу астық алады, біреу маржан,

Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.

Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар,

Сомалап ақшасына сонан алар.

Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,

Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар.

-деп Абай атамыз айтқандай, Болатжан ерекше сезімтал, жаны жайсаң, жүрегі өте үлкен жан еді... Сұм ажал арамыздан Болатжандай арысты алып кетті... Тағдырға не шара....

Болатжанмен өткен өмірім киноның лентасындай тізіліп, көз алдымда 35 жылда әрбір сөйлеген сөзі жүрегімде, қайтейін, бәріне көнуге тура келіп жатыр.....

Болатжанның жоқтығына келісе алмаймын, әлі де есіктен кіріп келе жатқан секілді.... сағынамын....

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса, басқа дәулет, құралмаған.

Аспаннан алпыс түрлі жауса пәле,

Сонда да күдер үзбеген бір Алладан.

Басымда бір бөркім бар, айнала шоқ,

Мың теңгеге сұрады, бергенім жоқ.

Күл де ойна, гүлің барда, тіршілікте,

Болады кімге жолдас дүние боқ...

Өлгенше әуреленбе, дүние қуып,

Артыңа ұрпақ қалдыр, ұл-қыз туып.

Тиеді өлгеннен соң жалғыз мола,

Басыңа ешкім келмес, жақын-жуық.

Уайымнан өлмейді адам, ажал – біреу,

Неге керек, көп ойлап, жадап-жүдеу.

Адам – үй, қайғы-дауыл соқса келіп,

Ығында жыққызбайтын ақыл-тіреу.

Мал әдемі көрінер қиядағы,

Жұмыртқа бұзылмайды ұядағы.

Төмендеуі адамның тіпті оңай,

Басынан жүріп тұрған, тайса – бағы.

Шаттық пен қайғы арасы бір-ақ қадам,

Тағдырдың пендесі жоқ жылатпаған.

Өкінбе өткен іске, күдер үзбе,

Бақ та жоқ, байлық та жоқ тұрақтаған...

                                                   (Үмітжан) 

Екеуміз қос аққудай бірге жүзіп едік..Басқа түскен тағдырға не шара, қазір қосағынан айрылған, кенеттен жоқ болып кеткен, не жасасам да, жалбарынсам да, орнында жоқ Болатжан жарым, жүрегімнің жартысынан айырылдым. Өмірде одан қиын еш нәрсе жоқ, бәрі өткінші, бәрі жасанды өмір...Еш уақытта ойламаппын осындай, жарымнан, қосағымнан айрылам деп....

Бейуақта құрап қамысын,

Тоқтатты-ау өзен ағысын,

Артындағы елді еңіретіп,

Арманда кетті-ау арысым...

Оюы өрнек басқұрдың

Басқұрға барқыт жапсырдым,

Балаларың қалды жәудіреп,

Оларды кімге тапсырдың???

Кекілі қалың құла аттың,

Ағыны қатты бұлақтың,

Бауырларың тұр егіліп,

Оларды қалай жұбаттым....

Мақпалдан ою ояйын,

Белімді зермен орайын,

Алшаңдап жүрген арысым,

Орныңа кімді қояйын???

Бұлақтың басы шыңда ма,

Тоймаушы ем қарап тұлғаңа,

Ақ ордадай үйіңнен

Кеткенің бе бір жола....

Бір жола сөнді-ау Күн, Айым,

Күнсіз қалай тұрайын.

Халқының ұлы көз жұмды

Жоқтамай қалай шыдайын???

-деп халқымыздың атақты ақын қызы, маңдайға біткен жұлдызы Фариза Оңғарсынова апамыздың сөзімен аяқтайын...

         Ұқыптылық, жанының да, тәнінің де тазалығы, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білген, бауырмалдығы, қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі, пендешілдік, ұсақ-түйектен биік тұрған, парасаттылығы, білімі мен біліктілігі Болатжанның өз қатарынан әлдеқайда озық жүргендігін көрсететін....

Қош бол, менің аяулы, алтын, асыл жарым.....

                                          «Сен» деп қана жүрегі соғатын,

                                               сені өте қатты сыйлаған жарың Үмітжан

Үмітжамал Абылқасымова, жары

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту