Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. Отбасылы (жұбайы Алтынбекова Шекер Исақызы), Жанна, Әсел, Баян есімді үш қызы бар.

Қазақ және ұйғыр тіл білімдерінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық Қазақ тілі қоғамының құрметті президенті (2004), ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы өзінің саналы ғұмырының кейінгі жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласында үзбей қызмет етіп келеді.

1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, өз еркімен сұранып майданға аттанады. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталады.

         Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітіреді.         Аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР ұлттық Ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағы астында өтуде.

Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегін оның жариялаған 500-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 б.т. астам) зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көруге болады. Солардың ішінде жеке кітаптың (монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен кітапшалардың) жалпы саны – 55.

Ә.Қайдар – лексикография саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан ғалым. Бұл салада оның: «Ұйғырша-орысша лингвистикалық қос сөздік», «Қазақша-орысша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Уйгурско-русский словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (авт.бірі) (1966), «Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (Астана, 2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (Алматы: Тоғанай Т, 2004) және «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздігінің 1 томы (2009),  және жақында жарық көретін «Қазақ тіліндегі қос сөздер табиғаты: зерттеу, сөздік» (2011)  атты т.б. еңбектерін атап айтуға болады. Ғалымның қазақ этносы туралы зиялы қауымның сауалына және көпшіліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың ментальдық ерекшелігін көрсететін «Қазақ қандай халық?» (Алматы: Дайк-Пресс, 2008) атты көлемді еңбегі жарық көрді.

Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге бағытталған тіл саясатының қалыптасуына академик Ә.Қайдардың тіл маманы, қоғам қайраткері, тұғыры биік азамат ретінде атсалысқаны қалың жұртшылыққа белгілі. Осы жалпыхалықтық әрекеттің басы-қасында болған академик Ә.Қайдардың  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оның президенті ретінде Республикада тіл саясатының қалыптасуына ықпал жасағаны мәлім. Осымен байланысты академик Ә.Қайдардың ғылыми шығармашылығының өзекті бір саласын оның мемлекеттік тіл пробемасына, тіл заңына, тіл экологиясына байланысты көптеген көкейтесті мәселелері құрайды.

Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге бағытталған тіл саясатының қалыптасуына академик Ә.Қайдардың тіл маманы, қоғам қайраткері, тұғыры биік азамат ретінде атсалысқаны қалың жұртшылыққа белгілі. Осымен байланысты академик Ә.Қайдардың ғылыми шығармашылығының өзекті бір саласын оның мемлекеттік тіл пробемасына, тіл заңына, тіл экологиясына байланысты көптеген көкейтесті мәселелері құрайды. Ғалым ғылымдағы өзінің үздік өнегесімен ғана емес, сонымен қатар, ол еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтылықтың жоғары деңгейінен көрініп келеді. Оны біз ғалымның 50 жыл бойы атқарып келген, әлі де жалғасытырып отырған еңбек жолынан айқын көреміз. Солардың кейбіреулерін, яғни ғалымның міндетті қызметтерінен басқа атқарған қоғамдық тапсырмаларының біразын санамалап өтейік: 1) Тіл білімі бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғау кеңесінің төрағасы (жалпы саны – 23 жыл); 2) ҚР Ғылым академиясының «Хабарлары» атты ғылыми журналдың бас редакторы (8 жыл); сондай-ақ Бүкілодақтың «Советская тюркология» журналының, «Білім және еңбек», «Парасат» журналдарының редакция алқасының мүшесі; 3) Кезіндегі «Достық қоғамдары» мен ҚР Халықтар Ассамблеясының мүшесі (20 жылдан астам); 4) Мемлекеттік терминология комиссиясының төраға орынбасары әрі мүшесі (25 жылдан астам); 5) Мемлекеттік ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары (12 жыл); 6) СССР Министрлер Советі жанындағы СССР-дің Ғылым мен техника саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі (2 жыл); 7) Ел президентіне 8 үміткердің ішінде бірінші ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан қазақ тілі бойынша мемлекеттік емтихан алған комиссияның басшысы болды; 8) Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Қазақ ССР-інің ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі; 9) СССР Жоғары Аттестация Комиссиясының мүшесі, ҚР ЖАК-ның Төралқа мүшесі (3 жыл); 10) ҚР «Тіл туралы заңның» жаңа жобасын жасаушы Комиссияның мүшесі; 11) ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық Кеңестің мүшесі; 12) Академик Ә.Қайдардың редакторлығымен 76 еңбек (монография, жинақ, сөздік), соның ішінде 2 энциклопедия («Қазақ тілі» энциклопедиясы мен «Жетісу» энциклопедиясы) жарық көрді; 13) Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті (1989 ж. бері) т.б. осы сияқты толып жатқан қоғамдық қызметтерді атқарып келеді.

Академик Ә.Қайдар тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөліп келе жатқан ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша қорғаған 15 доктор мен 70 кандидат Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ одан тыс мемлекеттерде (Москвада, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровада, Бишкекте, МХР, ҚХР т.б.) жемісті еңбек етіп жүргені белгілі.

Ғалымның тіл білімінің жан-жақты дамуына  қосқан үлесі, ғылыми идеяларының іске асып жалғасуы, жаңа бағыттардың, ғылыми өрісінің көкжиегін кеңейтудегі ұлан-ғайыр еңбегінің дәлелі – ғалымның педагогтік, ұстаздық қызметі (әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің (1983), Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің (1997), Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының (2001) профессоры) және ғалым-мамандар дайындауы.

Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ә.Т.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Халық достығы» ордені, «Отан» ордені, «Құрмет нышаны» (Түркия ордені) «Ана тілінің айбары» алтын белгісімен және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталды.

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Мадина 2016-01-27 10:25
Сіздің “Халықтан алғы” деген кітабыңыз туралы ақпарат алғым келеді. осы кітап Талдықорған қаласының кітапханаларында барма???
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту