Досмұхамедұлы Халел

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Досмұхамедұлы Халел (1883-1937) — аумалы-төкпелі заманда мұң мен зардың, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де азаматтық тұлғасына дақ түсірмеген қазақ зиялыларының бірі, мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси және қоғам қайраткері, та-рихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы. Туған жері - қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы.

Ағасы Дәулетүмбет Машақұлының ықпалымен әкесі Досмұхамед ауыл молдасынан хат таныған Халелді жергілікті орыс-қазақ мектебіне береді. Мектепті жақсы бітірген Халел бұдан кейін Теке қаласындағы реалдық училищеге түсіп, оны үздік бітіреді. Өнер-білімге құмар жас Санкт-Петербургтегі Әске-ри-медициналық академияның сынағынан мүдірмей өтіп, оны алты жылдан кейін Алтын медальмен бітіріп шығады.

Халқының жан саулығы мен тән саулығының шипагері бола білген Халел арнайы шақырумен Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезіне қатысады. Осында қазақ-қырғыз өлкелік автономиясы жарияланады, Алашорда өкіметі құры-лады. Ол соған мүше болып сайланады.

Алашорда таратылғаннан кейін басқа қазақ зиялылары секілді Халел де жаңа өкіметтің жұмысына тартылады. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы, оған қосым-ша Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметтерін атқарады. 1924 жылы Россия академиясының Орталық өлкетану бюросының мүше-корреспонденті болып сайланады. Өзі проректор болып істейтін, халқымыздың алғашқы жоғары оқу орны - Қазақ педагогика институтының негізінде Қазақ мемлекеттік университетін ашуға, соның ұйымдастыру жұмыстарын атқа-руға белсене араласады, оның бірінші проректоры болып та-ғайындалады.

Халел Досмұхамедұлы бір өзі бірнеше қызметтер атқара жүріп, ұлттық мектептердің жүйесін құруға, қазақ тіліндегі ғылыми терминология жасау ісіне ат салысады. Жер-жерлерде қаулап ашыла бастаған ұлттық мектептерге ана тілінде оқулық жазу қажет болады. Осындай қажеттілік Халелді атқа-рып жүрген толып жатқан қоғамдық қызметтерін ана тіліндегі оқулықтар жазумен және оны шығару жұмыстарымен ұштас-тыра жүргізуге мәжбүр етті. Ол "Табиғаттану", "Оқушылар-дың денсаулығын сақтау", "Адамның тән тірлігі" (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), "Сүйектілер туралы" атты еңбектер жазды. Сондай-ақ оның қаламы жүйрік журналист болғанын қазақ тілінде шығып тұрған "Шолпан", "Ақ жол", "Еңбекші қазақ", "Сәуле" сияқты газет-журнал беттерінде жарияланған мақалаларынан айқын көруге болады. Ол сонымен бірге қазак-кырғыз білім комиссиясы жанынан "Сана" журна-лын шығарып, өзі соның редакторы болған.

Жеке адамға табыну дәуіріндегі алғашкы қуғын-сүргін зұлматына алдымен халкымыздың мандайалды аяулы азамат-тары ұшырағаны белгілі. Солардың бірі болып, КазПИ-де проректор болып жүрген Халел тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. Сонда жүргенде қайта тұтқындалып, әуелі Мәскеу, содан соң Алматы түрмесінде отырды. 1937 жылы әскери три-буналдың үкімімен атылды. Халқыма кызмет етуден артық бақыт жоқ деп, бар мағыналы өмірін осы жолға арнаған аяулы азамат осылайша зұлымдықтың құрбаны болды. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмы-стық істер коллегиясында қайта каралып, ақталды.

 Дереккөз: М. Жолдасбекұлы, Қ. Салғарұлы, А. Сейдімбек. Ел тұтқа. - Астана: KUL TEGIN. – 2009 ж

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту