Бөлекбаева Лиза Ертасқызы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Бөлекбаева Лиза Ертасқызы биология ғылымдарының докторы, профессор 1931 жылы 20 қарашада Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген.

1949 жылы орта мектепті алтын белгімен бітірді. 1954 жылы Қазақ мемлекеттік  университетінің биология факультетін физиолог мамандығы бойынша оқып, тәмамдаған. Осы жылы  Қазақ ССР ҒА Физиология Институтының аспирантурасына түсіп, Л.Е.Бөлекбаева 1958 жылы кандидаттық, 1972 жылы докторлық диссертациясын қорғап, ал 1984 жылы профессор атағын алды. 1974 жылы салыстырмалы физиология, қазіргі лимфа жүйесі физиологиясының лабораториясының меңгерушісі болды. 2006 жылдан бастап лимфа жүйесі физиологиясы лабораториясында бас ғылыми қызметкер болып істеп жатыр.  Л.Е.Бөлекбаеваның барлық ғылыми еңбектері институттың негізгі бағыты – лимфа жүйесінің физиологиясымен байланысты. Лимфа айналымының дамуында жүйкелік реттелудің маңызы зор екендігін өз еңбегінде ғылыми түрде дәлелдеді. Лимфа және қан айналымының жүйесін реттеуде, лимфа айналымының орталық реттелуі  және орталық ми қыртысы мен ми қабатының белгілі бір заңдылықтарда жүретіндігі байқалды. Жаңа теориялық тұжырымдар мен концепциялар ғалымның “Лимфа айналымның реттелуінде бас миының қыртысы мен мишықтың маңызы” (Алматы, «Ғылым», 1974) монографиясында  және басқа ғылыми еңбектерінде жарық көрді.

Л.Е.Бөлекбаеваның  қажырлы еңбегінің арқасында ғылыми зерттеу институтында жаңа ғылыми бағыт – лимфа жүйесінің салыстырмалы физиологиясы пайда болды. Бұл бағытта “Лимфа жүйесінің салыстырмалы физиологиясы” (Алматы, «Ғылым», 1985) кітабында жарық көрді.  Л.Е.Бөлекбаеваның 350 ғылыми еңбектері жарық көрген, оның ішінде 4 монографиалық жинақ,  18 мақала алыс шет елдерде шықты (Франция, Италия, Германия, Жапония, Австрия), 3 авторлық куәлік бар. Тәжірибелі ұстаз 3 ғылым докторы мен 15 ғылым кандидатын даярлаған.

Л.Е.Бөлекбаеваның ғылыми жетістіктері ТМД елдері және шет елдерде жақсы таныс. Ол 1981-1991 жылдары КСРО ҒА ғылыми кеңесінің ішкі жүйелердің физиологиясы мүшесі, КСРО ҒА Проблемалы комисияның  «Қан және лимфа айналымының физиологиясы» бойынша мүшесі, «Лимфа айналым» бойынша жұмыс комиссияның төрайымы болды. Лиза Ертасқызы өзінің қазақстандық лимфология мен физиология саласы бойынша салыстырмалы физиологтар мектебін құрды. Л.Е.Бөлекбаева  ғылыми жетістіктері үшін «Құрмет Белгісі» орденімен (1976), Қазақстан ҒА мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталған.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту