Баешов Әбдуәлі Баешұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Совет одағының өнертапқышы Баешов Әбдуәлі - 1946 жылы 26 сәуірде Қызылорда облысының Жаңақорған станциясында дүниеге келді. Орта мектептің 1-4 кластарын Жаңақорғанда оқып, Кентау қаласынлағы № 2 мектеп-интернатын 1964 жылы бітіріп, сол жылы Қазақ Химия-технология институтына (қазіргі кезде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті) түсті. Бұл институтты «Электрохимия процесерінің технологиясы» мамандығы бойынша 1969 жылы бітірді.

1969-1970 ж.ж. Петропавловск қаласындағы В.В. Куйбышев атындағы машина жасау зауытында инженер-технолог болып жұмыс істеді. Баешов Әбдуәлі 1970 жылдан 1991 жылға дейін Қарағанды қаласында Қазақстанның ғылым академиясының Химия металлургия институтында – инженер, аға инженер, кіші және аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1970-1974 белгілі ғалым, академик Е.А. Букетовтың ғылыми жетекшілігімен аспирантурада оқыды, 1977 ж. кандидаттық және 1991 ж. докторлық диссертациясын қорғады. Баешов Әбдуәлі – 1993 жылы профессор, ал 1995 жылы қазіргі Ұлттық Жаратылыстану академиясының академигі, 1998 ж. – Қолданбалы экология академиясының академигі, 2008 ж – Халықаралық информатика академиясының академигі. Негізгі ғылыми бағыты – электрохимия, гидроэлектрометаллургия және экология.

Ә.Баешов 1991 жылы жаңадан ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік университетіне экология факультетінің деканы қызметіне шақырылып, онан кейін Кентау бөлімінің вице-президенті, ректоры, директоры қызметтерін атқарды. 2003 ж. осы университеттің Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

Ә.Баешов 1000-нан аса ғылыми еңбектері ғылыми баспаларда жарық көрді, оның ішінде 22 монография және оқулықтар, 150-ден аса Кеңес Одағының авторлық куәліктері мен Қазақстан Республикасының, және шетел патенттері (АҚШ, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Австралия, Голландия, Венгрия және т.б.). Кеңестер одағының өнертабыс және жаңалықтар жөніндегі мемлекеттік комитетінің шешімі бойынша, оның екі ғылыми патентіне, пионерлік және өте тапқыр шешім болғандықтан, автор есімі берілді. Олар: «Фосфор шламындағы фосфорды анықтаудың Букетов-Баешов әдісі» (1983 ж) және  «Ультрадисперсті мыс ұнтағын алудың Баешов-Журинов әдісі» (1987 ж) деп аталады. Академик Е.Букетов пен А.Баешовтың ғылыми жаңалығын өте жоғары бағалаған Америка ғалымдары 1990 жылдары аспанда жаңадан табылған жұлдызға «Букетов – Баешов жұлдызы» деп ат қойыпты. Күрделі зерттеулері фундаментальды және практикалық қолданыс тауып отырған көлемді еңбектері үшін «Кеңестер одағының – өнертапқышы» деген құрметті атаққа ие болды. Ғылымның электрохимия, гидроэлектрометаллургия және экология саласындағы жұмыстары – шет, ТМД елдерінде және Республикамызда кеңінен белгілі.

Профессор А. Баешовтың негізгі ғылым бағыты – тұрақты және жиілігі 50 Гц өндірістік айнымалы токпен поляризацияланған қатты және ұнтақты электродтарда жүретін электрохимиялық процесстерді зерттеу. Қатты, газ және сұйық түріндегі өндіріс қалдықтарын залалсыздандыру және олардан пайдалы заттарды бөліп алу, өте майда металл ұнтақтарының түзілу механизмін зерттеу және т.б. Ерімейді деп келген титан, платина, палладий, родий және басқа металдарды еріту мүмкіншіліктерін қарастыру және олардың қосылыстарын синтездеу, Күннің жылу энергиясынан электр тоғын алудың принципиальды жаңа әдістерін жасау.

А. Баешовтың ғылыми еңбектерінің нәтижелері әлемнің әртүрлі қалаларында өткен халықаралық ғылыми симпозиумдерде, конференцияларында баяндалған (Харвин, Вильнюс, Ташкент, Москва, Екатеренбург, Санкт-Петербург, Томск, Самарканд, Тбилиси және т.б.).

А. Баешовтың бірнеше ғылыми жұмыстарының нәтижелері өндіріске еңгізілген. Мысалы, Балхаш тау-кен комбинатында электролиз ерітіндісін мышьяк (V) және сурьма (V) иондарынан тазалау әдісі, 1973 жылы өндіріске енгізіліп елімізге көп мөлшерде экономикалық пайда әкелді. Жамбыл фосфор заводында, фосфор шламындағы фосфор мөлшерін анықтаудың қарапайым, экономикалық тиімді қауіпсіз әдісі 1985 жылдан бастап қолданылып келеді.

А. Баешовтың ғылыми жетекшілігімен бүгінгі күнге дейін 100-ден астам дипломдық және магистрлік ғылыми жұмыстар, 37 кандидаттық, 2 докторлық диссертация қорғалды. Бір шәкірті Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ал үшеуі Республикалық жас ғылымдар конкурсына қатысып, үздік жас ғалымдарға беретін Д.А. Қонаев атындағы сыйлықтың лауреаты атағына ие болды.

2008 жылдан бастап Алматы қаласындағы Органикалық катализ және электрохимия институтындағы докторлық атақ беретін диссертациялық кеңестің төрағасының орынбасары.

А. Баешовтың жоғары оқу орындарына арнап жазған бірнеше кітаптар: Қоршаған орта химиясы, Алматы, 1998; Практикум по химии окружающей среды, Алматы, 1999; Экология негіздері, Ясауи университеті, 2000; Экология және таза су проблемалары, Алматы, 2002 және т.б. Республикамыздың көптеген университеттерінде оқулық ретінде кеңінен қолданылып жүр.

Бірнеше ғылыми монографиялары: «Электрохимия селена, теллура и полония», Алматы, Наука, 1998; Электрохимия серы и ее соединений, Алматы, Ғылым, 1997, Электрохимические методы извлечения меди, халькогенов и синтеза их соединений, Алматы, Наука, 1990 және т.б. ғылыми кітаптары еліміздің жоғарғы оқу орындарында арнайы пәндер ретінде және оларға қажетті қосымша оқулық ретінде кеңінен қолданылып жүр.

1996 жылы Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу министрлігі коллегиясы шешімімен, ол, Ы.Алтинсарин атындағы медальмен және «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Кентау қаласының қоғамдық жұмыстарына белсенді ат салысып және экология проблемаларын шешудегі жұмыстарын ескере отырып «Кентау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Жоғарыда көрсетілгендей жұмыстарды атқарғаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының маслихатының мақтау грамотасымен 2 рет марапатталды (1998, 2001 ж).

Ғылым мен техниканың дамуына аса үлкен үлес қосқаны үшін 2002-2004, 2006-2007 және 2011-2012 жылдардың Мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері болды, ал 2003 жылы ғылым, техника және білім саласында жеткен аса үлкен жетістіктер нәтижесінде – ғылым, техника және білім салалары бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. 2006 жылы «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасындағы ғылымды дамыту үшін» медалімен марапатталды. 1997 ж. академик Е. Букетов сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

2005 жылдан бастап Органикалық катализ және электрохимия институтының директорының ғылым жөніндегі орынбасары қызметін атқарды, ал 2010 жылдан бастап осы институттың Бас директоры.

Баешов А., музыка саласына да өз үлесін қосып жүр. Көптеген музыкалық аспаптарда шебер ойнайды, өзінің ой – толғаныстарын күй, ән түрінде де халыққа жеткізіп жүр. 1996 жылы «Ясауи толғауы» атты күйлер жинағы Алматыдағы баспадан шықты. Бұл күйлер жинағына «Ясауи толғауы», «Түркістан», «Тұран», «Репрессия», «Ұстаз» және де басқа күйлері енді. Әбекеңнің жазған «Гүл ару», «Өмірімнің жұлдызы», «Өмір-өлең», «Түркістан жастарының вальсі» және де басқа өлеңдері еліміздің онтүстік өңірінде жиі айтылып жүр. Әбекеңнің «Өмір-өлең» әні облыстық «Арай» ән-күй фестивалінде екінші орын алса, Кентау аймағы композиторларының конкурсында «Түркістан жастарының вальсі» әні бірінші орын алды.

Жұбайы Баешова Ажар Коспанқызы – техника ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры. А. Баешовтың екі баласы, бес немересі бар. Ұлы Қаныш, қызы – Салтанат университеттерін өте үздік бітіріп, экономика және химия салаларында қызмет істеп жүр. Салтанат химия ғылымдарының кандидаты. Немерелері бар – Адель, Ербол, Диар, Тайыр, Асель.

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Елубекова Айгерим 2016-01-26 15:50
Мен Абдуали Баешұлының шакірттеринің бірімін,Қазақтың осындай біртуар ұлының шәкірті болғанымды мақтан етемін,Әлі күнге сол студенттік өмірімді сагынамын:
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту