Қарашаұлы Бәйдібек

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Қарашаұлы Бәйдібек (VІ-VІІ ғғ.) – Жетісу алабындағы көшпелі тайпалар көсемі. Ақыл-парасатымен, ерлік істерімен елге ұйытқы болған тарихи тұлға.

Ел ішіндегі қария сөздер – далалық ауызша тарихнама бойынша (ДАТ) Ұлы жүздің үйсін бірлестігінің құрамындағы албан, суан, сарыүйсін, шапырашты, ысты, ошақты тайпалары Бәйдібекті өздерінің түп атасы деп біледі.

Бәйдібектің әкесі Қараша (530-604 жж.) туралы, Бәйдібектің ұрпағы Майқы би туралы Қытай жылнамаларында, Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551 жж.) еңбегінде деректер кездеседі. Бәйдібек жалпақ жатқан Жетісуды, Арыс өзенінің шұрайлы алқаптарын, Қаратау мен Ташкент алабын қоныс етіп, ондағы ру-тайпалардың бас біріктіруіне, ел болып ұйысуына ықпал еткен.

Бәйдібек үш некелі болыпты. Бірінші әйелі – Сары бәйбішеден Байтоқты есімді бала туып, одан Түргеш (Сарыүйсін) өрбіген. Екінші әйелі – Зеріпте Жаламбет туады. Одан – Шапырашты, Ошақты, Ысты өрбіген. Үшінші әйелі – есімі исі қазаққа мәшһүр әулие Домалақ ана. Бұл кісінің нағыз есімі Нұрилә. Домалақ анадан Тілеуберді туады. Тілеуберді ел аузында Жарықшақ (Жарықбас) атанып кеткен. Жарықшақтан – Албан, Суан, Дулат өрбиді.

Бұл аталардың бәрі де ілгері ру-тайпаларға ұласып, қазақ халқының ел болып ұйысуына тікелей араласқан.

Бәйдібектің Сары бәйбішесінен туған Байтоқтыдан басқа алты бірдей ұлы соғыста қаза тауып, Қаратаудың шығысындағы Қошқарата өзенінің бойына жерленген. Күні бүгінге дейін бұл жер «Алты сары басы» деп аталады.

Бәйдібектің өзінің сүйегі Балабөген өзенінің жағасында жерлеген. Басына көрнекті кесене тұрғызған. Қазір Оңтүстік Қазақстан обылысындағы бір аудан Бәйдібек есімімен аталады.

Бәйдібектің өмір сүрген заманы – Еуразияның Ұлы даласын (Л.Н. Гумилев) қоныс еткен желдей еркін көшпелі тайпалардың арасында этникалық тұстану үрдісі қызу қарқынмен жүріп, мемлекеттің іргетасы қаланып, тарих сахнасына әйгілі Түрік қағанатының шыққан кезі. Шығысында Сарыөзен (Хуанхе) мен батысында Темірқақпаға (Дербент) дейін қанат жайған алып қағанат өз кезегінде төңірегіндегі Қытай, Парсы ,Үнді, Рұм (Византия) сияқты империялар мен патшалықтарға ықпалын жүргізе бастаған. Ең бастысы, түркі жұртының шаруашылық-мәдени типі сараланып, өзіндік төлтума өркениеті қалыптасып, енді түркі тектес ұлттар өз қоныс-тұрағымен, өзіндік тіл-ділімен тұлға таныта бастаған.

Міне, осындай аса күрделі тарихи кезеңде Бәйдібек ақыл-парсатымен де, ерлік істерімен де ұлттың ұйысуына, елдің бас біріктіруіне, сөйтіп қазақ даласындағы ру-тайпалардың этникалық тұтасуына мұрындық болған тарихи тұлға.

Бәйдібек, Домалақ ана кешендерінде 2000-2001 жылдары жүргізген қазба жұмыстары тарихи тұлғалардың қоғамда алар орнына, өмір сүрген заманына қатысты толымды дерек-мағұлматтар беріп отыр. Солардың ішінде VІ-VІІ ғасырда шығарылған тиын теңгелер Бәйдібек пен оның жұбайы Домалақ ананың өмір сүрген заманына, олардың әлеуметтік статусына елеулі айғақ ретінде ден қойдырады.

Халық жады арқылы атадан балаға жалғасып жеткен қария сөздер Бәйдібектің ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ұйытқы болып, көреген көсемдігімен жұртқа ықпал еткен тарихи тұлға екенін танытады.

 Дереккөз:   М. Жолдасбекұлы, Қ. Салғарұлы, А. Сейдімбек. Ел тұтқа. - Астана: KUL TEGIN. - 2009. – 31 б

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту