Қарахан Әбділкәрім Сатұқ

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Әбділкәрім Сатұқ Қарахан (?-960 жж.) – Орта Азияда Қарахандар мемлекетінің негізін қалаушы. Шыққан тегі – мұсылман түркі әулетінен.

Қарахан мемлекетінің құрылуы Қарлық қағанатының ыдырауымен тікелей байланысты. Тарихи әдебиеттерде Қарахандар әулетінің шығуы жөнінде түрлі пікірлер айтылады. Солардың ішінде Қарахан мемлекетінің тарихын зерттеуде үлкен еңбек сіңірген О. Прицактың пікірінше, Қарахандар әулеті екі ірі тайпалар бірлестігінен – шігілдер (шикілдер) мен иағмалардан құралғанға ұқсайды. Қарахан осы иағма тайпасынан шыққан.

Қарлық қағанатының қағаны Білге Құл (Қадыр хан) өлгеннен кейін, оның орнына қалған екі баласы Бәзір Арслан мен Оғұлшақтың арасында немере інісі Сатұқ Боғра-хан ерекше көзге түседі. Ол кейін Оғұлшақтың өзіне қарсы шығып, Тараз бен Қашқарды одан тартып алады.

942 жылы ол Баласағұн билеушісін тақтан тайдырып, өзін «қағанмын» деп жариялайды.

Қарахан 960 жылы қайтыс болады. Оның орнына отырған баласы Мұса исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Осыдан болар мұсылман тарихшылары қарахандар әулеті билеушілерінің кестесін Мұсадан бастайды.

Бірақ, шын мәнінде Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Мұсаның әкесі – Әбділкәрім Сатұқ Қарахан, кейінгі тарихшылардың мемлекет атын оның есімінен «Қарахан» деп атауы да содан.

Қараханның мазары бұл күнде Жамбыл облысының орталығы - Тараз қаласында тұр.

 Дереккөз:   М. Жолдасбекұлы, Қ. Салғарұлы, А. Сейдімбек. Ел тұтқа. - Астана: KUL TEGIN. - 2009. – 49 б.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту