Тәуекел хан

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Тәуекел хан (туған жылы белгісіз - 1598) – қазақ хандығының билеушісі, Шығай ханның ұлы. 1581 жылдан әкесі Шығай ханмен бірге Мауераннахр билеушісі Абдолла ханға қызмет етті. Тәуекел хан Абдолла ханның басты қарсыластарының бірі Баба сұлтанмен күресте белсенділік танытты. 1582 жылы Баба сұлтанды өлтіріп, оның басын Абдолла ханға апарып берді. Бұған сый ретінде мол тартулармен қоса, Самарқандқа іргелес Африкент уәлаятын үлеске алды. Ол Абдолла ханға вассалды тәуелділіктен бірден қол үзе қоймады. 1583 жылы Абдолла ханның Әндіжан мен Ферғанаға жасаған жорығына қатысып, Баба сұлтанның ұлы Абд әл-Ғафарды тұтқынға алды. Осы жорықтан қайтып келе жатқанда өзіне Абдолла ханның терес ниетінен күдіктеніп, қазақ даласына кетті. Оның мұндай қадам жасауына Абдолла ханның қазақтарға Түркістан аймағынан төрт қала беруге уәде етіп, бақталастарын жойғаннан кейін өз уәдесін орындамауы себеп болды. Тәуекел хан ендігі жерде Сырдария өңірінің қалалары үшін Абдолла ханмен күрес жүргізуге кірісті. 1586 жылы Ташкент, Самарқанд және Түркістан қалаларын алуға әрекет жасады. Шарапхана түбінде Абдолла хан аттандырған әскерді талқандады. Мұнан соң Абдолла қазақтарға қарсы өзінің інісі, Самарқандтың билеушісі Ұбайдулла сұлтанды көп әскермен аттандырды. Екі жақтың әскері Сайрам маңында кездесті. Бірақ Тәуекел хан күші басым әскермен шайқасқа түспей, кері шегінді. Сөйтіп, оның Түркістан аймағындағы қалаларды алуға жасаған алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталды. Ол Бұқар хандығымен күресте Мәскеумен одақтасуды жөн санап, 1594 жылы Мәскеуге елшілік аттандырды. Бұл елшілікке жауап ретінде Мәскеу 1595 жылы тілмаш Вельямин Степановты жіберді. Тәуекел хан кезінде қазақ-орыс байланыстарының дамуы керуен саудасының одан әрі кеңеюіне жағдай жасады. Ол Мауераннахрды қазақ хандығына қаратып алуға әрекеттенеді. Соған орай 1598 жылы Бұхар хандығына жорық жасады. Жорық қарсаңында Абдолла ханға өзінің ұлы, мұрагері Абд әл-Мұмин қарсы шығып, Бұхар хандығында саяси дағдарыс орын алған еді. Осы сәтті пайдаланған Тәуекел хан 100 мыңдай әскерімен жорыққа аттанды. Қысқа мерзім ішінде Сайрам, Түркістан, Ташкент қалаларын басып алып, Самарқандқа қарай жылжыды. Аболла хан Тәуекел ханды өзіне лайықты қарсылас деп санамай, оған қарсы өз әскерінің бір бөлігін жіберді. Екі жақ әскері Ташкент пен Самарқандтың аралығында жолығып, шайқасқа түсті. Абдолла хан әскері ауыр жеңіліске ұшырады. Бұл оның тез арада әскер жинап, оны өзінің басқаруына мәжбүр етті. Абдолла хан көп әскермен наурызда Бұхардан Самарқандқа келіп жеткенде кенеттен қайтыс болды. Оның мұрагері ретінде таққа отырған Абд-әл-Мұмин Тәуекел ханға тойтарыс беруге дәрменсіздік танытып, көп ұзамай бүлікшіл әмірлердің қолынан қаза тапты. Бұл жағдай Тәуекел ханның Самарқандты басып алуын оңайлатты. Тәуекел хан Самарқандты басып алғаннан кейін онда інісі Есім сұлтанды 20 мың әскермен қалдырып, өзі 80 мың әскермен Бұхараға аттанды. Жаңадан таққа отырған билеуші Пір-Мұхаммед қазақтармен ашық шайқасқа түспей, қала қорғанын нығайтты. Тәуекел хан әскері қаланы он бір күн бойы шабуылдап ала алмады. Он екінші күні Бұхараны қорғаушылар шабуылға шығып, Тәуекел хан әскерлеріне ойсырата соққы берді. Тәуекел хан жараланып, қазақ жасақтары кері шегінуге мәжбүр болды. Нақшбандийа ордені шейхтерінің араласуымен екі жақ бейбіт келісімге келді. Бұл келісім бойынша қазақтар Самарқандтан бас тартты. Алайда Ташкент, Сайрам және Түркістан қалалары қазақтар иелігіне көшті. Тәуекел ханның Шайбани әулетімен жүргізген күресі нәтижесінде Сырдарияның орта ағысының екі жағасындағы отырықшы-егіншілік аудандар қазақ хандығының құрамына кірді.

Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту