Тоқтыбайұлы Саңырақ

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Саңырақ Тоқтыбайұлы (1692 ж. - ?) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрістегі атақты батырлардың бірі.

Шыққан тегі – Ұлы жүздің Ошақты тайпасының Тасжүрек руынан. Әкесі – Тоқтыбай да батыр болған. Ол кісі кезінде батырлығымен бірге, таймас турашылығымен, ауытқымас әділдігімен де елге танылып, аты шықты. Әкенің осы қасиеті балаларына да жұғып, Саңырықтың ағасы Дәнен де, інісі Сарымерген де батыр болған. Атадан балаға берілген әңгімелер арқылы Саңырықтың бүгінгі ұрпақтары аталарын: «Ұзын бойлы, жауырыны еңкіштеу, қолдары әулетті, ала көз, түсі суық, сұсты кісі болған», – деп суреттейді.

Саңырықтың ерекше қасиеті – құралайды көзге атқан мерген болған. Алғашқыда атағы осы мергендігімен шыққан. Ошақтының атақты бір байы той жасап, сонда мергендер жарысын өткізіп, бас бәйге қалы кілем жабылған қара нар бастаған тоғыз және сүйектен жасап, алтынмен аптап, күміспен күптеген керемет садақты тігеді. Осы сайыста 16 жасар Саңырақ бас жүлдені жеңіп алады. Кейін «Саңырықтың сарнауығы» деп аталып кеткен осы садақ Саңырық батырдың жоңғармен соғыстағы бас қаруының бірі болған.

Саңырықтың батырлық жолы әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін басталады. Атамекені жау қолында қалып, босқан елдің ауыр халын көріп, ет жүрегі езілген қазақтың намысты ұлдары ата жаудан кек алу қамына кірісіп, жер-жерде жауынгер жасақтар құрайды. Олар жаушы жіберіп, өзара хабарласып, бір-бірімен бірігіп, көп ұзамай бүкіл халықтық ұлы күшке айналады.

Осындай бірігулер кезінде алғашқылардың бірі болып тізе қосқан Ұлы жүздің Саңырақ батыры мен Кіші жүздің Тайлақ батыры болады. Олар осыдан кейін жұп жазбай, ел еңсесін көтерген  тұңғыш жеңісті әкелген Бұланты шайқасында, түпкілікті жеңіске бетбұрыс жасатқан Аңырқай шайқасында да бір болады. Тарихшылар Бұланты шайқасында шабуылдаушы әскердің қолбасылары болған Саңырақ пен Тайлақ батырларды осы жолғы жеңістің «жолашарлары» болды деп бағалайды.

Саңырақ батыр жасағы бұдан кейін де талай шайқасқа қатысқан. Оның Талас бойын жаудан тазартудағы, әсіресе, Ақкесене, Көккесене деп аталатын екі мұнара түбіндегі шайқастағы ерлігі ел аузында аңызға, жыр-дастанға айналған. Халық арасындағы сондай жырлардың біріндегі:

Босқан елді құрап ап, бастаған Саңырақ.

Алладан медет сұрап ап, жол бастаған Саңырақ.

Қарсы келген жауына, қырғын салған Саңырақ.

Анталаған қалмаққа, сүргін салған Саңырақ.

Тайлақ батыр екеуі серік болған Саңырақ, – деп жалғаса беретін әр жолдар ел қорғаған еріне риза болған халқының ерен құрметіндей, есте сақтар мәңгі ескерткішіндей көрініп, тым асқақ естіледі.

Дереккөз: М. Солтангазина, Б. Шәкиев, Ф. Лекерова. Тарихи тұлғалар. – Алматы: Алматыкітап. – 2009. - 329 б.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту