Кенесары Қасымұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі, қазақ халқының соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келіп, 1847 жылы Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік – Сеңгір аңғарында шәйіт болды.

XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі бабаларымыздың елі мен жерінің біртұтастығын қорғап қалудағы қатты наразылығы қазақ мемлекеттігінің тарихындағы ұлы оқиға болды. Ресей билеушілерінің қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты.

Ресей империясының бұл саясатына алғашқыда Ғұбайдолла сұлтан қарсы шықса, кейін оны Саржан сұлтан басқарды. Алайда Ресейге қарсы күресте одақтас болған Қоқан хандығының сатқындығынан 1836 жылы олардың тікелей нұсқауымен Саржан сұлтан өлтірілді, 1840 жылы Қасым төре қаза тапты. Осы кезде тарих сахнасына Қасым сұлтанның баһадүр батыр ұлдары, Саржан сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шығып, қалың қазақ елі Кенесарының соңынан ерді.

Ағасы Саржан сұлтанның жасағында болып, әскери өнерін шыңдаған Кенесары қаншама қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтқанымен, ол отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастаған жоқ. Ол бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап, Николай І-патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдады, тиісті талаптар қойды. Ол өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім – екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», - деді. Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда Николай І – патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазған-ды.

Ол өзінің Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. «... Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, - деп жазады Кенесары император Николай І-патшаға, - халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», - деп жазған-ды.

Алайда заңды талап – тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, Кенесары ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды.Кенесары ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді. Мұндағы Иман батыр 1916-1917 жылдардағы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісін басқарған Әбдіғапар Жанбосынұлының сардары болған Амангелді батырдың атасы.

1838 жылдың басында Ақмола округтік приказынан патша қызметіндегі жансыздар Жақан Көпин мен Сасық Көпенбаевтар сыйлық әкелген болып Кенесары ставкасына кіріп, қысқы қимылдарға дайындалып жатқан жасақтың жайымен танысқан ғой. Кейін олар өз мәлімдемелерінде: «Қазақтардың барлығы да қаруланған. Кенесарының қос тігуді бұйыруы мұң екен, қас қағым сәтте екі жүздей қос тігілді, бұған қоса қардан отызға тарта баспана жасалды да, солардың іші түгел қазақтарға толды, әр қоста 7-ден 10-ға дейін адам бар. Бұл тобыр, шамасы, 2700 қазаққа дейін жетеді, солардың арасында қыпшақ руларының басшылары – Иман мен Жартыбай да бар» деп жазады. Осы мәлімдемеге қарағанда Иман батырдың Кенесары жасағына қосылған кезі – 1838 жыл, ал Кенесары жасағының жағдайын ойлаған жанашыр, жайсаң қолбасшы. Абылай ханның ұрпағы Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісінде қандай қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Н.Середаның өзі былайша тамсана ой толғайды: «Кенесары өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады». Ал енді ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін Кенесары жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән».

Кенесарының жасағы көп ұлтты болды. Оның қол астында орыстар да, башқұрттар мен татарлар да, қарақалпақ, түрікпен, өзбек, қырғыздар да қару-жарақ жасап, оқ-дәрі әзірлеп, соғысқа қатысып әртүрлі жұмыс, әскери қызмет атқарды. Шайқастарда қолға түскен тұтқындарға да Кенесары қорлық-зорлық көрсетпеді. Тұтқында болған урядник Андрей Ивановтың айтуынша, тұтқындар отын дайындау мен құдық қазу жұмыстарына ғана жегілген. Кенесарының бұйрығымен тұтқындар әртүрлі ауылдар мен жеке байларға таратылып берілген. Кенесары тұтқындардың қожайындарынан оларды жақсылап тамақтандыруды, зәбірлемеуді үнемі талап етіп отырыпты.

Қазір кейбір тарихшылар, журналистер Кенесарыны Кавказда Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан имам Шәмілге, оның көтерілісін мұсылмандардың қасиетті соғысы – жиһадқа теңестіртіреді. Олар: «Егерде Кенесары ғазауат жарияламаған болса, патша үкіметі оның қол астындағы әскерлердің арасына іріткі салу мақсатымен 1837 жылы Омбы мұсылмандарының діни басшысы Ахун Мұхаммад Шариф Әбдірахмановты Ақмолаға жібермес еді...», - деп жазады. Біз білетін ақиқат: Кенесары Қасымұлы үш жүзді толық қамти отырып, қазақ елінің Абылай хан тұсындағы территориялық тұтастығын, дербестігін қалпына келтіруді өз күресінің ең басты мақсат-мұраты етіп жоғары қойды.

ХХ ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын, 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын жазды. 1888 жылы Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов саяси қуғын-сүргінге ұшырады.

Кенесары Қасымұлы тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке жеткеннен кейін ғана қолға алынды. 2002 жылы Кенесары ханның туғанына 200 толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған және оның атымен аталатын көше бар.

Content 2
41_1-249x350
kenehan-285x210
kenesary-101x150
kenesary_kasymuly-285x438

Пікірлер  

# Дастан Мусаипов 2016-01-27 10:07
Кенесары Ханды мен өзіме пір тұтамын
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# жаныл 2016-01-27 10:06
Кенесары Хан өте керемет тұлға.Менде бір сұрақ бар:Кенесары ханның басы қайда?
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту