Жәнібек хан

ДерекнамаМақалаларСуреттер

( ХҮ ғасырдың басы – 1470)

Жәнібек хан - қазақ хандығының негізін қалаған хандардың бірі.

Орыс ханның ұрпағы, Барақ ханның кіші ұлы.

XV ғасырда өмір сүрген.

XV ғасырдың 50-ші жылдарына дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ.

1457-1458 жылы туысы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаған.

Керей ханнан соң 1465-1466 жылдан 1470 жылдардың басына дейін қазақ хандығының екінші ханы болған.

Тарихи жазба деректерде Жәнібек ханның есімі «Хандар шежіресінде» және Қазақ хандығының құрылуына байланысты кездеседі.

1428 жылы әкесі Барақ хан (Ақ Орда ханы) өлген соң, Дешті Қыпшақтағы саяси билік Әбілқайыр ханға көшеді.

1457 жылдың жаздың соңында Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолстанға көшеді.

Көшуге тарихи аңыз бойынша, Қобыланды батыр мен Ақжол би арасындағы дау-жанжал себеп болған.

Жазба деректер мәліметі бойынша, Керей мен Жәнібектің қалмақтарға қарсы әскер жию туралы Әбілқайыр ханның жарлығына құлақ аспауы және 1457 жылғы жеңілістен кейінгі қалыптасқан жағдай, яғни екі сұлтанға Әбілқайыр хан тарапынан қауіп-қатердің төнуі Орыс хан ұрпақтарын өз ұлыстарымен бірге көшпелі өзбектер мемлекетінен кетуге мәжбүр етеді.

1457 жылы күз айының соңында көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойында қыстап шығып, 1458 жылдың ерте көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды.

1465-1466 жылдары Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хандық билікке келеді.

Бұрындық ханның билік құрған жылдарын есептемегенде, Қазақ хандығының билігі осы кезден бастап Жәнібек ханның ұрпақтарына толық көшеді.

Сол себепті болуы керек, 1541-1546 жылдары жазылған «Тарих-и Рашидиде» қазақ сұлтандарының билік ете бастауы 870 жылдан (1465-1466 ж) басталады делінеді.

Қазақ тарихында Жәнібек хан Қазақ хандығының құрылу үрдісіне толық қатынасып, басшылық еткен тарихи тұлға.

1469 жылға дейін Қазақ хандығының халқы Әбілқайыр ханның қарсыластары есебінен өсе түседі. 1463 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болған соң, көшпелі өзбектер мемлекетіне Сібірден Ибақ хан, Алтын Ордадан Ахмет хан, Ноғай ордасынан Мұса мен Жаңбыршы билер, Хорезмнен Береке сұлтан, ал Қазақ хандығынан Жәнібек хан қарсы шығады.

1470 жылдың басында Шайх-Хайдар хан өлтірілген соң, көшпелі өзбектер мемлекеті толығымен күйреп, Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығының билігі орнайды.

Билік үшін күрес Жәнібек хан мен оның үзеңгілестері қазақтардың бірігуі мен Қазақ хандығының құрылуына үлес қосты.

XV ғасырдың орта шенінде ежелден Жетісу өңірін мекендеген түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, қазақ халқын құрады.

Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда көп еңбек сіңірді.

Бұл мақсатпен олар өзара қырқысуларды басып, ірі феодалдарды маңайына топтастырды. Жәнібек ханның Дешті-Қыпшаққа оралғаннан кейін билігін күшейткені туралы, өмірінің соңғы жылдары мен өлімі туралы деректер жоқ. Оның есімі тарихи деректерде соңғы рет 1473 жылы кездеседі. Бұдан кейінгі жылдары Керей хан туралы ғана айтылған.

Жәнібек хан жиі болатын шайқастардың бірінде қаза тапқан деп болжауға болады.

Сақталып қалған халық аңыздары мен өлеңдерінде Жәнібек ханды Әз Жәнібек деп те атаған. Жәнібек хан тұсында Қазақ хандығы жеке ел болды.

Оның артында тоғыз ұлы қалды.

Олар: Иренші, Махмұт, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Әсік және Жадық.

Бұлардың ішінде Қасым мен Әдіктің ХҮ ғасырдың соңы мен ХҮІ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы рөлі өте зор болды.

ХҮІ ғасырдың соңынан ХІХ ғасырға дейінгі барлық қазақ хандары Жәнібек ханның ұлы Жадық сұлтаннан тарайды.

Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту