Жалаңтөс батыр

ДерекнамаМақалаларСуреттер

(1576–1656 жж.) - қазақ батыры, әскербасы, Самарқан әмірі, Жалаңтөс Сейітқұлы XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді.

1581 жылғы аштықтан аман қалу қамымен Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Айтқұл туыстарымен бірге Бұхараға жақын Бұраты тауына қоныс аударады.

Жалаңтөс батыр 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастады. Жас кезінен-ақ зерделілігі және төзімділігімен көзге түсті. Оның аты халық арасында кеңінен танылды. Оған сол дәуірдің жоғары дәрежесі – «Аталық» атағы беріледі.

1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратады. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскерді көмек ретінде жібереді, мұның өзі басқыншыларды талқандауға зор үлес қосты.

1649 жылы Жалаңтөс батыр қазақ қолын басқарып, Бұхар ханды Абдул Азиз бен Иран патшалығының Хорасан, Балх үшін жүргізген соғысында жеңіске жетті. Бұл соғыста Бұхар және қазақ хандықтары ортақ жауға қарсы күрес жүргізу үшін одақтық келісімге келеді. Хотажқұли бек Балхидың «Тарихи қыпшақтар» анықтамалығы мәліметтерінде қазақ ханы Жәңгір бұл соғысқа 100 мың адамдық әскермен қатысқаны айтылады.

Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш жорық жасап, Қабыл мен Мешхедті бағындырады. Әскери өнерді жетік білетін, керемет батырлығымен даңқы жайылған дарабоз қолбасшыға қырғыз, қалмақ, қазақ хандары, Үндістаннан, Хорезмнен және Тибеттен қымбат сыйлықтар ағыл-тегіл келіп жатты. Академик М.Е. Массонның айтуы бойынша, бұл сыйлықтар өзінің саны мен құны жағынан мемлекет қазынасына түсіп жатқан барлық байлықтан асып түседі екен. Бұл байлықтарды Жалаңтөс батыр әскерді қамтамасыз етуге ғана емес, оларға арнап Самарқанда үлкен құрылыстар, зәулім сарайлар мен медреселер салуға жұмсады.

Жалаңтөс батыр Самарқанның орталығы Регистанда 1619-1633/36 жылдары «Ширдор» (Арыстан медіресесі) медіресесі мен 1647-1660 жылдары «Тилла-Кори» (Алтынмен апталған) медіресесін салдырды, кейінірек олар бүкіл елге әйгілі болды. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің әсемдігімен, әдемілігімен дүйім жұртты таңдандырып, Шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орын алады.

Жалаңтөс батырдың сүйегі Самарқаннан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстауындағы зиратқа қойылған. Жалаңтөс батырдың ұрпақтары бұл күнде Қызылорда облысының Қазалы ауданында ғұмыр кешуде.

Дереккөз: М. Солтангазина, Б. Шәкиев, Ф. Лекерова. Тарихи тұлғалар. – Алматы: Алматыкітап. – 2009. - 321 б.

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Полатбек Жанбаев 2016-01-27 09:54
Жалаңтөс баба қазақтың мақтанышы. Самарханды билеген ол атақты баһадүр. Біз оны жақсылап насихаттауымыз керек. Өзбектердің өзі оны тән алған. Жасасын қазақтың алыптары!
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту