20-01

Ұлы хандарға арналған еңселі ескерткіш Астананың абыройын асқақтатады

Елордада Керей мен Жәнібек хандардың монументальді, мүсіндік, көркем композициясы салтанатты түрде ашылды. Рәсім қазақтың мемлекеттілігінің бастауында тұрған ұлы хандар ескерткішіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың гүл қойып, тағзым етуінен басталды. Осыдан кейін ұлттық әнұран асқақтады.

Сөз алып, жиылған қарақұрым халыққа қайырылған Мемлекет басшысы ажарлы Астанамыздың «ұлысымызды заманында ұйыстырған» Керей мен Жәнібек хандардың еңселі ескерткішімен - «тағылымы мол сәулет туындысымен толыға түскендігін» айтты. «Бұл - тұғырлы тарихымызға, қазақтың елдік дәстүріне, мызғымас мемлекетімізге арналған мәңгілік белгі! Керей мен Жәнібек хандар қасиетті Қозыбас жерінде қазақ деп аталатын хандықтың алғашқы қадасын қақты. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Шу мен Сырдың арасында бой көтерген Қазақ Ордасы уақыт өте келе, ұлан-ғайыр далаға иелік етті».

Нұрсұлтан Назарбаев ұлы хандарымыздың ескерткішін жасауға тек сәулетшілер ғана емес, белгілі тарихшы-ғалымдар да үлкен үлес қосқандығын, кейіпкерлердің сыртқы келбеттерінің сол дәуірге мейлінше сай келуіне баса көңіл бөлінгендігін айтты. «Олардың суреттері мен мүсіндерінің қалмағандығын өздеріңіз білесіздер, - деді ол, - Бірақ мәселе онда емес. Мәселе - сол тұлғалардың істеген шаруалары мен тарихи істеріне мән беріп, болашақ ұрпаққа білдіруде. Ескерткіште еркіндік алып, жаңа орданың іргесін тіктеген хандарымыз ұлыстың байрағын мығым ұстап тұр. Бұл Сүйінбай ақын айтқандай «Бөрілі байрақ» көтерген даңқты бабалардың «мәңгілік ел орнату» аңсарының көрінісі. Расында, Керей мен Жәнібек тіккен киелі ту жығылған жоқ. Ол Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге аспан астында қалықтаған қырандай шырқау биікке көтеріле түсті. Сондықтан біз тәуелсіздіктің көк байрағын берік ұстап, егемендігімізді көзіміздің қарашығындай қорғауға тиіспіз!». Қазақта «егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осы орайда Президент «түптеп келгенде Керей мен Жәнібек тұсында тарих сахнасына шыққан «қазақ» деген сөз «егемен, еншісін алған еркін ел» деген мағынаны беретіндігін» мәлім етті. «Бабаларымыздың ұлыстың атына таңған сол азаттық аңсарын ақиқатқа айналдыру біздің ұрпақтың маңдайына жазылыпты» деп түйді Н.Назарбаев.

Билік Керей мен Жәнібек хандар ескерткішінің «эскиз-жобалар идеясына» республикалық конкурс жариялағаны белгілі. Байқауға елімізден 10 жоба ұсынылған. Нәтижесінде астаналық жас мүсінші Ринат Әбеновтің жоба-эскизі үздік деп танылыпты. Неге дерсіз? Астана әкімдігі таратқан ақпарда: «Құрамына елімізге белгілі тарихшы-ғалымдар, антропологтар, саясаттанушылар мен сәулет өнерінің мамандары енгізілген конкурс комиссиясының пікірі бойынша, автор ұлы хандардың сыртқы пішіндерін, олардың ұлттық сипатқа сай келбеттерін барынша нақты бейнелеген. Сондай-ақ автор композицияда, әсіресе, тарихи тұлғалардың антуражы, қару-жарақ ерекшеліктері мен сыртқы киім үлгілері сол дәуірге барынша сай келуіне баса назар аударған» делінген. Жас мүсіншінің композициясы екі мүсіннен тұрады, оған мынадай ресми түсініктеме берілді: қазақ хандығының тұңғыш ханы болу жолы берілген Керей қазақы ер-тоқымда мығым отыр, оның «ішкі энергетикасы даналықты, жасампаз-дықты, тұрақтылықты бейнелейді». Ал «ерлік пен өрлікті сипаттайтын, дала көшпенділеріне тән тас-түйін тұлғалы» Жәнібек хан тік тұр, ол бір қолымен «жел үйірген» туды сығымдап, қадай ұстаған. Мүсінші осы Ту бейнесімен «еркіндікті, сондай-ақ жаңадан құрылған хандықтың беріктігін, тұрақтылығын, өр рухты мақсаттарды көздеген өміршеңдігін» білдірмек болыпты.
Ескерткіштің іргетасынан бастап ұшар басына дейінгі жалпы биіктігі 12 метр. Жәнібек ханның тік тұрғандағы бойы - 5,25 метр. Керей ханның бейнесін сомдаған мүсіннің биіктігі - 4 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бірге, бір қалыпта, таза қоладан құйылған. Таза салмағы 16,20 тонна. Мүсіндерді «КазХудФонд» компаниясы әзірлепті.
- Ұлы бабаларымызды ұлықтау - ұлыстың ұйытқысына айналған іргелі ұлт ретінде өркен жаюымызға бағытталған ауқымды шара.
Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Кешегімізге көрсетілген құрмет - келешегіміздің жарқын болуына жол ашады. Сондықтан өскелең ұрпақ өткенін танып, болашағын бағамдау үшін мұндай ескерткіштер елордасында әр уақытта қажет. Ендеше ұлы хандарымызға арналған еңселі ескерткіш құтты болсын. Астанамыздың абыройы асқақтай берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз баянды болсын. Бабаларымыздың аруақтары баршаңызды қолдап жүрсін!-деп қорытты сөзін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.


Айхан ШӘРІП

 Дереккөз: «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті.  

02.06.10.

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту