20-01

Кеудесіне Назарбаев орден таққан ардагер

Кеудесіне Назарбаев орден таққан

«Екінші» деп айтылып жүрген Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 58 жыл толып отыр. Жеңіс салютін жақындатқан батырлардың да қатары сиреп келеді. Сол аз ғана майдангерлердің жасы да анау-мынау емес, сексеннің сеңгіріне шыққан. Солардың бірі – Жеңіс мерекесі қарсаңында 80 жасқа толған абзал азамат, Сарыағаш аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тұрдымұрат Әзімбаев ағамыз.

Тұрдымұрат аға соғысқа 1942 жылы мектептен мұғалім болып жүрген жерінен аттанады.

Жан алып, жан беріскен Сталинград майданында, Курск доғасындағы шайқастарға да қатысады. Барлаушылар тобының құрамында Қырым арқылы Сиваштан өтеді. Каронка, Тамашевка, Войнка елді мекендерін жаудан азат етуде ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. Солай 346 дивизияның 1168 және 1166 полкінің жауынгерлері үш қызыл әскерді сол кезде елдің ең жоғары наградасы – Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынады. Сол үшеудің біреуі  - жерлесіміз Тұрдымұрат Әзімбаев болатын.

Бірақ қан майданның қилы-қилы тағдыры ол атақты алуға қол жеткізбейді. Оның сәті кейіннен, бейбіт жылдарда түседі. Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерекесі қарсаңында 346 дивизия ардагерлерінің басқосуында Тұрдымұрат Әзімбаевтың аты Батырлар тобында аталады.

Тіптен, 346 дивизияның командирі, генерал-майор Неверов, 51 Армияның командирі, Кеңестер Одағының Батыры, гвардия генерал-лейтенанты Крейзер кезінде Тұрдымұрат Әзімбаевтың Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылғанын растап, тәуелсіздік алған Қазақстан елінің басшыларына хат жазады. Подольск қаласындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің орталық архивінен алынған құжаттар хаттың дәйектілігін растай түседі.

Осы хаттармен танысқан Елбасы Н.Ә. Назарбаев Тұрдымұрат ағаны Астанаға шақыртып, кеудесіне Тәуелсіз Қазақстан елінің «Отан» орденін өз қолымен тағады.

-  Көке, мынау «Отан» ордені еліміздің ең бір мәртебесі биік наградасы. Отаннан артық, Отаннан ыстық нәрсе қазақ үшін жер бетінде жоқ шығар! Жүрегіңіздің төріне жайғасқан «Отан» орденіңіз құтты болсын, біздің бақытымызға көп жасаңыз, денсаулығыңыз мықты болсын – деген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрекжарды жылы лебізі қандай ыстық, қандай шынайы еді, - деп ол сәтті Тұрдымұрат ағамыз үлкен тебіреніспен еске алады.

Тұрдымұрат ағаның біз байқаған бір жақсы қасиеті – өмірге құштарлығы. Әлі де көпшіл, қоғамшыл. Қартайған жасына қарамастан қоғамдық істерге белсене араласады. Жиын, кездесулерге барады. Сырдария өзеніне көпір салынғанында ақжолтай айтып, Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа, жиналған қалың елге батасын берді.

-  Осы күнімізге шүкіршілік айтамын, - дейді. Егер де аз да болса елге пайдам тисе – қуанамын. Қолдан келсе, шама жетсе жақсылық жасауға, елге қызмет етуге әзірмін. Қазақ болып туғанымды әркез мақтаныш санаймын, оны үнемі айтып жүремін. Адамгершіліктің ақ жолы, жердің, елдің, халықтың мүддесі бәрінен де биік болуға тиіс, - дейді аға.

Өмір жасыңыз ұзақ болсын, аға!

Әбдіразақ Оспани

Дереккөз: Оңтүстік Қазақстан газеті, № 55, 8.05.2003

 

Президентке жазылған хат немесе тағы бір белгісіз Батыр жайлы дерек

... Тұрдымұрат Әзімбаев Келес топырағында туып-өскен. Білім алған. Ел басына күн туғанда көппен бірге майданға аттанған. Генерал Д.И. Станкевский басқарған 346-шы атқыштар дивизиясы құрамында жауға қарсы соғысқан Тұрдымұрат аға Қырымды азат етуде үлкен ерлік көрсетеді. Қазіргі таңда Келес ауданының отралығы – Абай селосында тұратын ол кісі осы күнге дейін «мен Батырмын» деп кеуде қағып көрмепті. Ол туралы тек сол бір отты, қанды Сиваш плацдармындағы өліммен беттескен әрбір минөт өмір жайлы жазылған «Мы вернулись, Севастополь», «Верность памяти», «Позвала отчизна в бой» атты кітаптар сыр шертеді, сарғайған қағаздар сөйлейді. Бұл кітаптардың барлығы Украинада, Қырымда басылып шыққан.

Ағаның өзі «Осы кітаптар болмаса, Қырымның екі қаласының «Құрметті азаматы» болмасам қайтер еді? Онда мүлде ұмытылар ма едік, кім білсін... Сасық теңізді (Сиваш түрікше Сасық теңіз деген мағына береді) қарашаның қара суығында кешіп өту, осы бір батпақты, ұйығы көп ұсақ шығанақтар жүйесіндегі әр қадам өлім мен өмірдің нағыз кескілескен кезі еді. Аяғыңның астында өлім жатқанын сезіп, абайлайын десең, төбеңнен тағы өлім төнеді – неміс авиациясы...

Сивашты алғаш кешіп өткен сол бір отыз барлаушыдан тым аз қалдық. Кездесіп тұрамыз. Қырымдағы сол қырғыннан аман қайттық, қарағым. Батыр атанғанымды қайдан білейін. Тек сол Сивашты алғаш кешіп өтетін отыз барлаушыны өзі шығарып салған командарм, генерал Я.Г. Крейзер кітап жазу үшін архивті ақтарып отырғанда мені бұрынғы Кеңестер Одағының Батырына ұсынған қағазды көріп қалады. Ол қағаз штабқа бомба түскенде өзге қағаз, құжаттармен бірге архивке кететін папкіге тігіліп кетеді. «Кіші жерде» жараланған мені госпитальда «бұл Кеңестер Одағының  Батыры», - деп, екі ай жеке палатада емдегені есімде. Кейіннен «Батыр емес екен» деді ме, көппен бірге емдеді. Сөйтсем, қу қағаз «қаңғып» архивке кеткен екен ғой. Ешкім айқайлап Батыр атанбайды ғой деймін. Сол кезде Бас қолбасшымыздың тікелей нұсқауы болған соң көптеген жауынгер жолдастарды Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынған. Мен сияқты құжаты  жоғалып кеткен немесе архивте шаң басып жатқандардың кейбірі атағын кейіннен алды. Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында Қырымға, майдандастармен кездесуге бардым. Сонда менің тірі екенімді көріп қуанған достарым «Батыр, барлаушы бауырымыз», - деп құшақтарына алды. Одан бері де жиырма жыл өтті, қарағым. Менің атағымды бер деп кімге барайын. Жуырда менің үнсіздігіме шыдамаған қаруластарым Президентімізге қатынас қағаз жолдапты, - деді бізге соңғы кездескенде.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа жазылған хатқа Қызыл тулы 346-шы Дебальцево атқыштар дивизиясы ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Л.Е. Докторович қол қойған. Онда Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Тұрдымұрат Әзімбаевқа Қазақстан Батыры атағын беруді сұрап, осы жоғары наградаға ұсынуға тиіс құжаттар жіберілгенін хабарлайды. Осынау тарихи қателікті түзету қатардағы жауынгер, Сивашты жүзіп өту, аңызға айналған Севастопольді алу, Прибалтиканы азат етуде ерліктің үлгісін көрсеткен  Тұрдымұрат Әзімбаев алдындағы парыз екенін жазады. КСРО тарқап, әр мемлекет өз алдына тәуелсіздік алған қазіргі жағдайда Қазақстан өз ұлына Батыр атағын беруі толық мүмкін екенін еске салады.

Иә, Президентімізге жазылған хат, наградаға ұсынған ақ парақтар осылай сыр шертеді. Ерлігі бірнеше кітаптарда айтылған, Қырым Республикасының «Вишневки», «Магазинка» селоларының (Красноперекоп ауданы) «Құрметті азаматы» Тұрдымұрат Әзімбаев жайлы кезінде осы жолдар авторы «Белгісіз батыр» атты очерк  жазып еді. Одан бері де біршама жылдар жылжыды. Әлі де қатарымызда жүрген, Келес аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы ретінде талай тірлік тындырып жүрген аға жайлы тағы да көп әңгіме айтуға болар еді. Бірақ, оқырман кез келген адамды Батыр атағына ұсынбайтынын өзі де білер.

Сонау Қырымда құрметелініп, алыстағы ағайындар «тарих қателігін түзету керек» - деп шыр-пыры шығып, іздеп жүрген аға ауылда, арамызда жүр. Кім біледі, жарты ғасырлық мереке қарсаңында жылы хабар есітіліп, ағаның өңіріне үлкен жұлдыз қадалар, бәлкім...

 Анар Аспан

Дереккөз: Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғмдық-саяси газеті, № 91, 24.12.1994

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту