Әзімбаев Тұрдымұрат

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Әзімбаев Тұрдымұрат 1923 жылы 24 сәуір күні Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданының Бесабдал ауылында қазіргі Қошқарата округінде туған.

Сондағы Калинин (қазіргі Нұрғиса Тілендиев) атындағы мектептің жеті сыныбын 1939 жылы бітіріп Капланбектегі зооветтехникумда, соңынан сондағы педагогикалық училищеде білімін жалғастырған.

Еңбек жолын 1941 жылы Калинин атындағы мектепте мұғалімдіктен бастаған.

Сол мектептен 1942 жылы наурыз айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. 1942 ж. шілде айына дейін Алматыда әскери дайындықтан өтіп, сол жерден Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыста Украина майданында 51-армияның 346-атқыштар дивизиясына қарасты 1168 полкта барлаушы қызметін атқарады. Генерал Д.И.Станкевский басқарған 346-шы атқыштар дивизиясы құрамында жауға қарсы соғысқан Тұрдымұрат аға Қырымды азат етуде үлкен ерлік көрсетеді. Ол туралы тек сол бір отты, қанды Сиваш плацдармындағы өліммен беттескен әрбір минөт өмір жайлы жазылған «Мы вернулись, Севастополь», «Верность памяти», «Позвала отчизна в бой» атты кітаптар сыр шертеді. Бұл кітаптардың барлығы Украинада, Қырымда басылып шыққан.

Ондағы көрсеткен ерлігімен 2 рет «За отвагу» медалімен және жауынгерлік «Қызыл ту» орденімен марапатталды.

1943 жылы Қырымды алудағы аса жоғары ерлігі ескеріліп Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылады. Ол материал диспансериядан өтіп 4 Украина майданының штабына барғанда жоғарыға жіберілмей қалып қояды.

Тұрдымұрат Әзімбаев 1944 жылы тамыз айында ауыр жараланып елге оралған соң Бесабдал ауылдық кеңесінде хатшы, одан Шымкент мұғалімдер даярлайтын институтты, Алматы педагогикалық институтын үздік бітіріп, бірнеше мектептерде директор, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, ауылдық, аудандық партия кеңестерінде қызмет атқарды.

1978 жылы зейнетке шыққан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін өмірінің соңына дейін (2009 ж.) атқарады.

Көп жылғы еңбегі ескеріліп Сарыағаш ауданының «Құрметті азаматы» және Шымкент облыстық атқару комитетінің мақтау қағаздарымен 3 мәрте марапатталды.

Бүкілодақтық ардагерлер кеңесінің «Құрмет белгісімен» және Қазақстан Республикасының ардагерлер кеңесінің мақтау қағазымен 3 рет марапатталды.

Қазақстан Оқу министрлігінің «Халық-ағарту ісінің үздік мұғалімі» белгісімен, 1995 жылы Қазақстан Республикасының «Отан» орденімен, 1999 жылы «Астана» медалімен, ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл толуына орай «Қазақстан 10 жыл» медалімен және тағы да басқа 19 медальмен марапатталған.

Тұрдымұрат Әзімбаев бірнеше рет аудандық кеңес депутаты, облыстық және аудандық партия  комитеттерінің бірнеше рет пленум мүшесі болып сайланған.

Т. Әзімбаев отбасында 5 ұл мен 5 қыз өсіріп-тәрбиелеген. Барлығы да жоғары білімді, қоғамның әр саласында қызмет атқарып келеді. 27 немере, 25 шөбере көрген қадірлі ата.

Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту