Әділбеков Зекен Уәліханұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Мен 1925 жылы туған екем, ал құжаттарға 1928 жылы туған деп жазып жіберген екен. 1942 жылдың қазан айында біздің колхоздық дала бригадасындағы жастарды әскери комиссариатқа тіркеуге шақыртты. Ал мен болсам тізімде жоқпын. Бірақ мен солармен бірге отырдым да кете бардым.  Әскери коммисариатқа келіп жеттік, барлығын тізім бойынша өткізіп жатыр, ал селолық кеңестің хатшысы  Татьяна Бородина есікке тұрып алып мені өткізбеуге бел буған: "Ақымақсың сен! Қайда асығасың?" - "Қайда жіберсе де өз жолдастарыммен барамын". - "Өй, ақымақ сол! Адамдар бармаудың амалын іздеуде, ал сен өзің басыңды қатерге тігіп отырсың. Сен панасыз жан емессің бе, жарақат алып жарымжан болып келсең кімге керексің?!" Мен болсам, ештеңені ұға алмадым. Бір кезде ол әжетхана жаққа кеткенде, менің жолдасым Иван Мордовинді есікке тұрғызып кеткен. Кетуі мұң екен, "Ванюшка, ол жоқта мені өткізіп жібер"-дедім. - "Барсаң бар"-деді. – Мен кіргенде бес адам отырды: "Мен тізімде жоқпын, бірақ мен өз еркіммен барғым келеді. Мені тізімге қосуларыңызды сұраймын". Олар мені 25 жылғы деп жазып, одан әрі ештеңе сұраған емес.

Бізді Фрунзенің пехота училищесіне алып барды. Алты ай бойы оқыдық. 1943 жылдың наурыз айында  училище жабылды. Бізді 12 сағат бойы теплушкаларға отырғызды да, Харьков жаққа майданға аттандырды. Жеті тәулік бойы жолда жүрдік, жетіп барғанша жағдай  ендігі тұрақтанды. Бізді сосын Мәскеу түбіндегі Щелково қаласына бұрып жіберді. Онда әуе-десанттық бригадалар жасақталып жатты. Мен 13-ші әуе-десанттық бригадасының 2-ші батальонындағы 8-ші ротаның 4-ші взводындағы 4-ші бөлімшесіне жіберілдім. Менің бойым тапал болғандықтан, әрқашан да қатарда соңғы тұратынмын. Он алты рет әуеден секіргенім бар. Соның бірнешеуін аэростаттан секірдім. Аэростаттан секіру ұшақтан секіргеннен бетер қорқынышты! Өйткені алғашқы адам секіргенде, ол себетті тербелтіп қозғап кетеді де ол шайқалып тұрады. Ал қағидамыз мынадай болды: бір жағыңда нұсқаушы отырады, ал қалған үш жақтан солдаттар отырады. Ол: дайын бол! –деп команда береді. Мен сонда: "Құп болады, дайынмын!"-деп жауап беруім керек - "Тұр!" - "Құп болады, тұрдым!" "Секір!" - "Құп болады!" Осыны міндетті түрде айтуым керек, ал себет болса тұрақтамай жылжи береді...

- Етік киіп секіргеніңіз бар ма?

- Жоқ, үнемі орамдап алып сол күйде секіре беретінбіз. Етік дегенді білмейтінбіз.

- Секіре алмағандармен қалай болатын?

- Оларды бірден пехотаға жіберетін. Соттамайтын. Бастапқы кезде офицерлермен бірге секіретінбіз, кейіннен кейбір офицерлер қорқақтауға айналған соң, жеке-жеке секіретін болдық, офицерлер – жеке, біз – жеке. Щелково қаласынан 150 шақырым жерде бізді десант түрінде түсірді де, біз өз казармаларымызға дейін өзіміз жетуге тиіс болдық. Тылдан келгендей боласың. Негізінен Ли-2 ұшағынан секіріп жүрдік. Бірінші кірсең- соңғы секіресің, соңғы кіретін болсаң бірінші секіресің. Қайсысы жақсырақ? Бәрібір. Біріншісі де, соңғысы да солай қорқа береді. Біз ол кезде 17 жастағы азаматтармыз, тамағымыз тоқ болса болғаны, басқа мәселелерді көзге де ілмейтінбіз.

Өте нашар тамақтандыратын. Ыдысымызда қатқан картоп пен жай ғана суға пісірілген қалақайдың сабақтары болады. 600 грамм нан, ал нанның ішінде бидайдың кебегі, тағысын-тағы сондықтан ауыр тартатын. Бірақ та соны асқазанымыз қорытатын. Казармамыздың жанында үлкен жертөле болды, соған әскери бөлімшеміз әкелген картоптың барлығын апарып түсіре береді. Ал біз оны қыс бойы ұрлап жейтінбіз. Арқанмен түсіп, қолдағы қабымызды толтыра алатынбыз. Әр казармаға темір пеш қойылады, түргі кездерде Щелководағы ағаштан жасалған шарбақтарды тасымалдап бітіреміз. Соған картоп пісіретінбіз, қақтап жеп аламыз.

- Араларыңызда 3-ші не болмаса 5-ші бригадалардан біреулер болды ма? Атап айтқанда Днепровск десантында?

- Жоқ. Шындығында, ол десанттар туралы бізге әңгіме қылып айтатын. Щелковода ұшқыштар мен десанттар өзара өте қатты жауласып жүрді. Олардың айтуынша, бірде ұшқыштар сасқалақтап қорыққаннан десанттарды немістердің окоптарына тастап кетіпті. Бұл қорқақтықтан. Клязьма өзені арқылы салынған көпір бар. Кейде онда десантшылар кезекшілік еткенде, өтіп бара жатқан ұшқыштарды суға итеріп жібереді екен.

1944 жылдың маусым айында 13-ші Гвардиялық әуе-десанттық бригада 99-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының 300-ші гвардиялық атқыштар полкы болып қосылды. Ал біздің взводтан полктік барлау взводын құрды. Бізді вагондарға отырғызып, алып кетті. Басында қайда апаратындарын айтпады.  Бізді  Свирь өзенінің жағасына алып келді. Біз ол өзеннен жүзіп өтуіміз қажет болды.

Басшылық алдандырғыш тәсіл тауып, - өзен өткелін жасауды шешті. Он екі солдат басқаратын қайықтарды жіберуі керек болды. Солардың ішіне адамға ұқсас қуыршақтар отырғызылып жіберілді.  Ал негізгі өзенді кесіп өту тобы  басқа жерден өтуі керек болды. Біздің барлау взводымызға ерікті түрде он екі адамнан құралған топ құруды ұсынды. Алты адам жазылды. Мен болсам басым қатып тұрмын: "Не істесем екен?! Тіптен жүзу білмеймін ғой". Взвод командирі кіші лейтенант Корчков Петр Васильевичке:

- Жолдас кіші лейтенант, жүзу білмеймін, қайтсем болады?

- Сен не? Кішкентай баламысың?! Сендерге арнайы безрукавкалар мен түтікшелер беріледі, ол 120 килограмға дейін көтере алады". Ал мен тек қана 50 килограммдай ғана тартатынмын. Сөйтіп мен жетінші болып жазылдым. Свирьден бастап жүзіп өтетін екінші батальон болды. Полк командиріне комбатымыз: "Менің батальоным бірінші болып жүзіп өтпек, өз батальонымнан мына он екі адамды бөлемін...". Полк командирі осылай дұрыс болады деп шешті. Түрлі кәсіптегі алуан түрлі ұлт өкілдері жазылды. Соның ішінде тіпті бір аспазшы да болды. Солардың барлығы Совет Одағының Батыры атағын алды. Шындығында, олар полктың штабымен жүзіп өтті. Меніңше, оларды бекерге наградтаған жоқ, - олар бастарын қатерге тіккендерін біле тұра, өз еріктерімен соған барды. Осының өзі қаһармандық деп ойлаймын. Мүмкін оларды тірі қалдырғандары дұрыс та болған болар, полктің беделін жоғарылату керек болды. Сөйтіп, біз шабуылдауға кірістік. Финдармен соғысу оңайға түспеді.

Бүкіл  автоматшылар ротасы қолға түскен алты финді, соның ішінде екі офицерін күзетіп жүрді. Олар болса бәрібір амалын тауып қашып кетіпті. Айналаның барлығы батпақты жер, бұталарды шауып, төсемелер жасау керек болды. Азық-түлікті қашанғы тосамыз. Біз гранаталармен жарылыс жасап балықтарды есеңгіретіп аулаймыз да тұзсыз нансыз финнің қытырлақ нанымен қосып жейтінбіз...

Мынадай бір жағдай болды. Финдердің жертөлелерінде сары май салынған ағаш бөшкелері мен құрғатылған картоптары болды. Біз сол сары майға құрғатылған картопты салып қуырып жейтінбіз. Одан соң бәрі зая кететін...   

Мықтап шабуылдадық. Свирь өзенінің жағалауындағы Лодейлік жоннан бастадық та тәртіппен шабуылдап отырып, Куйтежи станциясына бір-ақ жеттік.  Іле содан соң финндар өздері-ақ берілді.

Бізді машиналарға отырғызып, станция жаққа алып кетті. Алған бағытымыз Белоруссия жақтағы Орша қаласы. Біз қайтадан 13-ші Гвардиялық әскери-әуе дивизиясы болып қайта құрылдық – қайтадан парашюттар, қайтадан секіру басталды. Одан соң: "Доғарыңдар!"-деген команда түсті. Десанттік жасақтан қайтадан атқыштар полкына айналдық, ал дивизиямыз 103-ші Гвардиялық болып шыға келді. Онда 324-ші полк құрылды. Полктің жаңа командирі тәжірибелі атқыштардан барлаушы взвод беруді сұрады. Сөйтіп, бізді, өзіміздің үйреншікті 300-ші полкымыздан 324-ші полкқа ауыстырып жіберді. 1945 жылдың наурыз айында бізді Будапешт қаласына алып келді. Қалың шалбар киген, қалың фуфайкалар кигенбіз, етігіміз 45-ші шамасы, қаншама киім-кешек... Шындығында мықтап шабуылдап, қатты соғысатынбыз. Ажал туралы тіптен ойланбайсың, себебі отбасың жоқ, балаларың жоқ, ешкімің жоқ.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту