Өйткені, ол кезеңде ел ішіндегі ішкі экономикалық дағдарыс жас тәуелсіз мемлекетке де, халыққа да қатты әсерін тигізіп жатқан еді. Қай жаққа бағыт алғанымыз туралы айқын бағдар да жоқ болатын. Тұрғындардың жағдайы төмен, бір жүйеден екінші жүйеге көшіп, жаңаша ойлауды үйренуге талпыныс жасаған сәті. Кеңес Одағы тарап, бұрынғы қалыптасқан жүйе бұзылып жатқан тұс еді. Кейбір елдерде ұлтаралық араздықтар да қылаң беріп жатқан-тын.
Сондай дағдарып қалған шақта біздің Президент Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, жаңашыл әрі инновациялық шешім қабылдады деп айта аламын. Ол кезде мұның мәнін ешкім де терең түсінбеді. «Ассамблеяны құрудың керегі бар ма?» дегендер де аз болмаған шығар.
Бүгінгі таңда әлем айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Бұрынғыдай жайбарақат заман жоқ. Тіпті, соңғы жылдары Жер шарының әр бұрышында әртүрлі дау-жанжалдар орын алуы, кейбір елдерге экономикалық санкциялар қойылуы, қарулы қақтығыстар мен соғыстар жүріп жатқаны адамзат баласын қатты алаңдатып отыр. Міне, бейбіт өмірін бұзып алған кейбір елдер енді түсініп, қандай да бір шараларды қолға алғысы келеді. Алайда, уақыт өтіп кетті… Бүгінгі таңда Қазақстанның біртұтас халық болып, осындай нәтижеге қол жеткізіп отырғанына Ассамблеяның қосқан үлесі зор. Міне, Ассамблеяға берілетін баға – осы!
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап күн сайын достыққа, ынтымаққа, бірлікке бастаған жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Айталық, көптеген экономикалық бағдарламалар қабылданады, олардың тиімді жүзеге асатыны да, күткен нәтиже бермей жататыны да кездеседі. Ал оң нәтиже берген, тиімділігін анық байқатқан бағдарлама Қазақстан халқы Ассамблеясы деп айтар едім. Бұл – менің жеке пікірім. Осындай маңызды ұйым болғандықтан да оны Нұрсұлтан Әбішұлының өзі басқарып отыр.
Сондықтан да ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы ұйымның 20 жылдығына орай оның бағасы жоғары екенін ескере келе, 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялады. Өйткені, бейбітшілік пен келісім және тұрақтылық болмаса, мұндай көрсеткіштерге қол жеткізе алмас едік және біздің мемлекетіміз әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдің бірі болмас еді. Егер елде ынтымақ пен береке болмаса, дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан «Қазақстан-2050» Стратегиясы да болмайтын еді.
Ассамблея Кеңесінің мүшесі ретінде өзім де осы ұйымның жұмысына белсенді қатысамын. Бір жағынан алғанда, біздің жұмысымызды бағалау қиын. Өйткені, ештеңе өндірмейміз, қандай да бір қызмет көрсетпейміз. Біздің ел болып жетіп отырған нәтижеміз – бейбіт өмір, тұрақтылық, үнемі алға ілгерілеу. Әр адам еңбек етсе, балалар оқып, білім алуда. Ешкім бір-бірін ұлтына, тегіне не жынысына қарай бөліп жатқан жоқ.
Сөз ретінде айта кетсем, 2015 жыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтумен есте қалатыны сөзсіз. Аға ұрпақ кеңестік жүйе кезінде білім алды, ол кезде көп жайт жасырын болды. Ал Қазақ хандығы мен елдің тарихына қатысты көптеген құнды мәліметтер енді-енді жарияланып отыр.
Жуырда мені таңғалдырған бір оқиға болды. Екінші сыныпта оқитын Денис есімді немереммен бірге Қонаев көшесімен бара жатқанмын. «Қазмедиа» орталығының ғимаратында орналасқан үлкен экранда хандардың бейнесі көрсетіліп жатты. «Ата, қараңызшы, әне, Керей мен Жәнібек хан», – деді ол. «Олар кімдер?» деп сұрап едім, ол хандардың 550 жыл бұрын Қазақ хандығын құрғандығын айтты. Мен таңғалдым. Ал біздер, үлкен өкінішке қарай, өз тарихымызды терең білмейміз. Мен үнемі достарыма, әріптестеріме «Қазақ халқының ұлылығы неде?» деп сұрақ қоямын. Олар «қазақтар – қонақжай, ақкөңіл» деген жаттанды сөздерді айтып жатады. «Бұл да жеткіліксіз, дәл таппадыңыздар», деймін. «Ендеше, өзің айт», дейді олар. Сонда мен: «Қазақ халқының ұлылығы – Ресей мен Қытай сияқты екі алып елдің ортасында орналасқан, ғасырлар бойы үлкен жер көлемін сақтай біліп, 1991 жылы тәуелсіздігін алып, шекаралас елдермен мәңгілік тату көршілік туралы келісімге қол қойып, Қазақстанды қалыптасқан мемлекетке айналдыра білгендігінде! Енді Президент Мәңгілік Ел идеясын ұсынды. Яғни, Мемлекет басшысы елдің тұтастығын, бірлігін мәңгілік сақтауды меңзеп отыр. Қазақтар темірқазық сияқты 130-дан астам ұлт пен ұлысты өзінің айналасына біріктіре білді. Елбасының стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050-жылдары біз дамыған 30 елдің қатарына кіруіміз қажет. Сол кезде біз қазіргіден бірнеше есе жақсы, адамның өмір сүруіне ең қолайлы, ең қауіпсіз елде тұратын боламыз», деп мәселеге тереңнен келуге тырысамын.
Қазір қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шығып отыр. Бұрын бәрі де бейбіт өмір сүріп жатты, әр адам қауіпсіздікке терең мән бере қойған жоқ. Бүгінгі таңда қауіпсіз елде өмір сүру – өте маңызды. Келешекке асқан көрегендікпен көз тігетін сарабдал қасиеті шығар, Президент соның бәрін алдын ала болжай білді.
Биыл Ассамблея аясында өткен ауқымды іс-шаралар бұрын-соңды болған емес. Бәрі жүйе-жүйемен, жоспарлы түрде өткізілді. Әрбір шараның рухани, тәрбиелік жағына баса мән берілді. Жылдың басынан бастап соңына дейін өткен жүздеген, мыңдаған іс-шараларға Қазақстанның миллиондаған азаматы қатысты. Барлық жерде де жоғары деңгейде болғаны атап өтілді, жақсы пікірлер айтылды.
Соңғы жылдары қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін шынайы құрметтейтін өзге ұлт өкілдерінің қатары өте жоғары қарқынмен өсе түскені анық байқалып отыр. Мысалы, қазақ тілін жетік білетіндер өз ойларын анық жеткізе алады, экранға шығып жүр. Жақында Бейбітшілік және келісім сарайында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты фестивальдің гала-концерті өтті. Осы бір ерекше шараға этностық топтардың қазақ халқының ұлттық өнерін жетік меңгерген өкілдері қатысты. Бұл шара Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өтті.
Оларға «Қазақ тілін біл немесе домбыра, сырнай тарт, қобыз үйрен!» деп ешкім бұйрық берген жоқ. Бәрі де жүрек қалауымен болған шаруа. Сондықтан да көрермендердің ыстық ықыласына бөленді, халықтың жүрегіне жол тауып жүр.
Жалпы, тілді қалайда біл деп міндеттеу арқылы оң нәтижеге жету қиын. Тіпті, біздер қырық жыл бұрын қазақ тілін біліп алуымыз керек еді. Алайда, ол кезде Кеңес Одағының саясаты басқаша болды. Бірақ бұл жерде тұрған қасірет жоқ. Әр адам жүрек қалауымен үйренсе, тілге, салт-дәстүрге деген құрметі арта түседі. Осыдан оншақты жыл бұрын оқулықтар жоқ, әдістемелік құралдар жоқ дейтін еді, қазір тіл үйренемін деген адамға бәрі бар. Тек ниеті болуы керек. Өзі тұрған елдің тілін білу мәртебе екенін адамдар сезіне бастады. Әсіресе, жастардың қазақ тілін білуге деген құлшынысы қуантады.
«Тіл Киевке дейін жеткізеді» («Язык до Киева доведет») деген тәмсіл бар. Бұл қанатты сөздің мағынасына үңілсек, «егер көп тілді білсең, алысқа барасың, арманың болған қалаға да жетесің, өмірде көптеген жетістіктерге қол жеткізе аласың» деген ой жатыр. Тілді көп білген сайын рухани байи түсесің. Оның ешқандай кедергісі болмайды. Тілін білсең, сол халықтың тарихын, салт-дәстүрін, ішкі жан дүниесін ұғынасың. Мен кореймін, менің ата-аналарымды аштықтан, өлімнен құтқарып қалған қазақтардың тілін, салт-дәстүрін неге білмеуім керек?! Кезінде депортацияға ұшырағандарды елдің әр өңіріне таратып тастады ғой. Мысалы, Қызылорда облысында тұрып жатқан корейлер қазақша жақсы біледі. Ал біздер Алматы облысына, орыс тілді азаматтар көбірек тұратын ортаға тап болдық. Ол кезде бәрі 100 пайыз орысша сөйлейтін еді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ассамблея мүшелері Елбасымен кездесті. Сонда мен: «Нұрсұлтан Әбішұлы, корейлерде бір проблема бар», – дедім. Елбасы: «Ол қандай проблема?» – деп үлкен таңданыспен сұрады. «Біздер қазақ тілін білмейміз, осы проблема», – деп едім, Президент: «Роман, тұрмыстық деңгейде білсеңіз, сол жеткілікті», – деді. Әрине, аға ұрпақ өкілдеріне ауызекі қарым-қатынас деңгейінде білсек те, жетіп жатыр. Өзім соңғы жылдары қазақ тілін оқыту курстарына барып жүрмін. Дегенмен, жастар осы елдің тілін, дәстүрін, тарихын терең білгені жөн. Егер өзге ұлттың өкілі қазақша сөйлеп, кейбір сөздерді қате айтып жатса, қазақтар оған түсіністікпен қарап, қалай дұрыс айтылатынын әдеппен, сыйластықпен жеткізсе, бәрі қалыпты дами береді деп ойлаймын.
Қазақ достарым бар, олар қазақша қандай сөз айтсақ та мәз болып, қуанышын жасырмайды. Жалпы, қандай тілді де меңгеруге талпыныс жасап жүрген адамдарды солай ынталандыру қажет. Егер қатты ескерту айтып тастасаң, оның талабына су сепкендей кері әсер етуі мүмкін.
Қазақстан халқы Ассамблеясы үлгі ретінде Қазақстан моделі болып әлемге тарады. Шетелдіктер «Ассамблеяның қандай айрықша ерекшелігі бар?» деп маған сұрақ қояды. Көптеген адамдар қызығушылық танытып, тәжірибе алмасу мақсатында келіп жатады. Ассамблеяның негізін, біздің достығымыздың, елдегі бейбітшілік пен келісімнің негізін қазақтар құрайды. Сондықтан да шетелдіктерге мен: «Бұл модельді зерттеуге болады, әрине, кейбір тұстарын пайдалануға болады, бірақ өз еліңізде осы модельді енгізу өте қиынға соғады», – деймін. Тіпті, мүмкін емес деп те ойлаймын. Өйткені, Қазақстан моделінің басты құраушысы – қазақтар. Оның ішіне халықтың салт-дәстүрі, ұлттық мінез-құлқы – бәрі кіреді. Қазақта «халық халыққа жау емес» деген жақсы мақал бар. Егер мұның негізгі арқауы неде екенін айқындап алатын болсақ, қазақтар бәріне тең құқық берді, өсіп-өркендеуіне тең мүмкіндіктер жасады. Мысалы, біздер қай жерде де араласып отыра береміз. Бізге ешкім келіп, «әй, корей, төмен отыр» демейді. Немесе неміске де былай отыр дегенді айтпайды. Ал мұндай тең құқық барлық елде сақтала бермейді. Айталық, сол Кореяда, Еуропа елдерінде, сол немістер де, ағылшындар да негізгі ұлттың адамдары ретінде өздерін басқалардан жоғары қояды.
1930-40-жылдары біздер қазақ жеріне еріксіз, қуғын-сүргінмен келген халықтармыз. Ең әуелі 1937 жылы корейлер көшірілген. Одан кейін 1940-жылдары немістер, ингуштер мен чешендер, балқарлар және басқа да ұлттар депортацияға ұшырады. Бәрін де мал тиейтін вагондармен апталап, айлап жүріп әкеліп, «осында өмір сүріңдер!» деп ашық далаға тастаған ғой. Біз осы жерде тірі қалдық. Қазақтар сол бір қиын-қыстау кезеңде өздері аш жүрсе де, жарты нанымен бөлісті. Достық, ынтымақтастық пейілдерін танытты. Біздің өмір сүріп, қатарға қосылып кетуімізге жағдай жасады. Міне, сол кездегі қуғынға ұшырап келген ұлт өкілдерінің бүгінгі ұрпағы алуан түрлі салада білім алып, еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жатыр.
Роман КИМ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,«Қазақстан корейлері қауымдастығы» РҚБ президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.
egemen.kz
Абдуллаев Қалық Абдуллаұлы
“Жақсылық жасаған адам ұзақ жасайды” – дедi ақын, Халық жазушысы Мұзафар Әлiмбаев
ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА Алматы облыстық мем. мұрағатында сақтаулы А.Асқаров туралы құжаттар не дейді?
Қобыланды батыр көп тәңірге табынған ба?
БОПАЙ ХАНЫМ
БОПАЙ ХАНЫМ
Шанышқылы Бердіқожа батыр
ШЕГЕН БИ ТУРАЛЫ НЕ БIЛЕМIЗ?
Халық санағының астарлы сыры үн қатса... Халық санағының астарлы сыры үн қатса...
ТҰРАН ТОПЫРАҒЫНЫҢ ТҮЛЕГІ