Сара Тыныштығұлова

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Сара  Тыныштығұлова  1942  жылы  1- қаңтар айында  Лепсі  өзені  бойлай  аққан  Алматы  облысы   Сарқанд  ауданы  Мұқан  Төлебаев  ауылында (бұрынғы  Бөрлітөбе  ауданы)  дүниеге  келген. Атасы   Тыныштығұл   Жетісу  өңірінде  өте  бай  адам  болған. Әкесі  орыс  мектебінен  білім  алған, өте  білімді  адам  болғандықтан  4жылда  8 классты  бітірген. Кейіннен  Орынбордағы Рабфакта  білімін  одан  әрі  шыңдаған. Әкесі  Өрдембай  Отан  соғысының  ардагері. Отбасындағы  балаларының  барлығыда  жоғары  білім  алған. Сара  Тыныштығұлованың  өзінен  кейінгі  інісі  Жеделбай  мен  сіңлісі  Сәкен  қазірде  заң  қызметкерлері  боп  жұмыс  істейді.

 

Қазірде  Сара  Тыныштығұлованың  Алма  атты  қызы  бар. Алма  2  институтты  үздік  бітіріп,қазіргі  шақта   2  баланың  аяулы  анасы  болып  отыр.

 

Сара  Тыныштығұлова  кішкентайынан  әнге  құмар  боп  өскен. Бала  кезгі   арман  қазірде  күміс  көмей жез  тандай  әнші, қазақ  халқының  халық  әртісі  боларын  кім  білген.

Бәрі де  күні  кеше  болған  сияқты. Әнге  деген  сүйіспеншілік, құлыншақтай  қыз  болғаны  да, мектеп  бітіре  салысымен  әнші  боламын  деп  армандап,Алматыға  келгені  де.

Содан  ағайы  Ахметқали  екеуі  филармонияға  келді. Ол  кезде  филармония  директоры – Мәмбет  Бестібаев  та, көркемдік  жетекшісі – композитор  Еркеғали  Рахмадиев  еді. Сараға  бірнеше  ән  айтқызды. Бұл - ән  айтқанда, олар  бір – біріне  қарап, бас  изеп  отырды. Ұнатқан  сияқты.

Бәрекелді, біздің  Лепсіден  осындай  дауыстар  шығады,- деп  қалды  Еркеғали  Рахмадиев. Мұнысы – қуанышын  жасыра  алмағаны.Дауысы  Жамал  апайға  ұқсайды  екен. Сол  кісіге  тыңдатсақ  қайтеді ? – деді  ол  директорға.

Еркеғали  Рахмадиевтің  Жамал  апай  деп  отырғаны  атақты  әнші  Жамал  Омарова  болатын.

Жамал  Омарова  ғасырда  бір – ақ  туатын  әнші  ғой, оның  үнінде  жүректі  майдай  ерітер  нәзіктік  бар. Қай  әнді  айтса  да, мейірімі  мен  шуағына  бөлеп  айтады.Ұлы  әншінің  ұлылығын  уақыт  өткен  сайын  сезінесің.

Әрине, қазір  ғой, осының  бәрін  ой  елегінен  өткізіп, сағынышпен, қимастықпен  еске  алып  отырғаны. Әйтпесе, дәл  сол  уақытта  Сара  бұл  туралы  ойланған  да  жоқ . Өйткені  ол  кезде  тым  жас  болатын. Сол  сәттегі  оның  бар  ойы – атағы  исі  қазаққа  мәлім  әйгілі  әншінің  алдынан  сүрінбей  өтсем  деген  бір – ақ  тілек  еді.

- Айналайын, өзің  қалаған  әнді  айт. Мынау – қазақтың  әні, мынау  орыстың  әні  екен  деме, өзіңнің  ең  жақсы  әніңді  айт , - деген  Жамал  апай.

Сонда  Сара   “Севастопольский  вальс”  әнін  айтқан. Бұл  әнді  шет  тілінен  сабақ  берген  ұстазы  Әбіләкім   Әубәкіров  ағайы  үйретіп  еді. Мектептегі  концерттерде, көркемөнерпаздар  байқауларында  талай  орындаған,сондықтан  да  әбден  жаттыққан, қысылмай  еркін  шырқайтын  әні. Үлкен  сынға  түскелі  тұрғандықтан  да, бұл  жолы  тіпті, ерекше  жігермен  айтты. Әні  Жамал  апайдың  да  көңілінен  шығып, риза   болды.

Міне, осылайша, сонау  Талдықорған  облысынан   оқу  іздеп  келген  қаршадай  қызды  Жамал  апай  өзіне  оқушы  қылып  алды. Бүкіл  әндерін  үйретті.

Бірде  Жамал  апайға  Шәмші  Қалдаяқов  келді. Әндері  елдің  аузынан  түспейтін  атақты  Шәмші  Қалдаяқов  деп  жүруші  еді. Жер  жарған  атағына  қарағанда, өте  қарапайым, көзге  қораштау  көрінетін  адам  екен. Даусы  да  баяулау  шығады. Жана  ән  шығарыпты . Аты – “Менің  Қазақстаным”. Сол  әнін  Жамал  апайға  әкелген.

- Сенде  орындап  жүр, - деді  бұған.

Жұмекен  Нәжімеденов  сөзін  жазған  “Менің  Қазақстаным” әні  халыққа  ең  алғаш  Жамал  Омарованың   орындауында  танылды.

Бұл  әнді  Сара  сол  кезде – ақ  репертуарына   енгізіп  еді.1999  жылы  Сара  Тыныштығұлова  «Менің  Қазақстаным» әнін  Республика  сарайында  жаңа  оранжировкамен  орындады. Концертке  жиналған  үш  мың  халық  орындарынан   тұрып, Сарамен  бірге  әнге  қосылып, ұзаққа  дейін  қол  шапалақтап  қошемет  көрсетті.Егемендікті  аңсаған  халықтың тілегі  орындалғандай, әр  азаматтың  бойына  ұлттық  сезім, ерекше  бір  әсер  қалдырып  отырады. Жамал  апайдың  орындауынан  кейін  Сара  Тыныштығұлова  бұл  әнді  50жыл орындады.Әр  орындаған  сайын  бар  сезіммен, бар  жүрегімен  шырқаған  кезде,құлақтан  кірген  әсем  әуен  бойыңды ерекше  бір тылсым  сезім  билеп  алады.Яғни  бұл  әннің гимн  болуына  Сара  Тыныштығұлованың  өзіндік  ойып  алар  орны  мен  ерекше  еңбегі көп  сіңді.      

 

Сараның  музыкалық  білім  алсам  деген  арманы  да  орындалды. 1964 жылы  Москвадағы   Бүкілодақтық  эстрада  студиясына  оқуға  түсті. Бақытына  қарай, Ирма  Яунзем  сынды  ұстазға  кезікті. Жүрегі  жайсаң, білімі  терең  осы  жанды  Сара  еш  уақытта  ұмыта    алмайды.

Ирма  Яунземнің  өзі  музыка  әлеміндегі  ірі  тұлға   еді. 1925 жылы  Әміре  Қашаубаевпен  бірге  Парижде  ән  салған  адам. Осыдан  бірнеше  жыл  бұрын  туғанына  100 жыл  толуына  орай, шәкірттерінің  ұйымдастыруымен  “ Ирма  Яунзем”  деп  аталатын  естелік  кітап  жарық  көрді. Сол  кітапта  өте  сирек  кездесетін  фото  бар. Ол – Ирма  Яунземнің  сол  сапарда   Әміре  Қашаубаевпен  бірге  түскен  суреті.

Өзінің  бүкіл  ғұмырын  ән  өнеріне  және  ұстаздыққа  арнаған   осы  бір  аса  талантты  жанның  алдынан  сол  кездегі  совет  эстрадасының  талай  саңлақ  әншілері  тәрбие  алып  шықты.

Ирма  Петровна  Сараны  ерекше  жақсы  көретін. Кейін  оқу  бітіріп  кеткен  соң да, ол  шәкіртінің  өнер  жолындағы  қадамдарын  қадағалап  отырды. Бірде  гастрольдік  сапармен  “Гүлдер” ансамблі  Москваға  барды. Ансамбль  құрамында  Сара  да  бар  екенін  естіп, Ирма  Петровна  осы  концертке  әдейі  келіп, концерт  соңынан  кейін  жүздесті. Ұстазы  кәдімгідей  қартайыпты. Қолына  таяқ  ұстайтын  болған. Соған  қарамастан  жан – жүрегі  сергек. Кейіннен  ол  “Советская  культура”  газетінде  жарық  көрген   өнер  туралы  бір  мақаласында  өзінің  шәкірті  туралы: “Қазақстаннан  келген  эстрадалық  “Гүлдер” асамблінде  менің  шәкіртім  Сара Тыныштығұлова  жарық  жұлдыз  болып  көрінеді”, - деп  жазды. Осы  жолдарды  оқығанда, Сараның төбесі  көкке  жеткендей  болды. Бір  ауыз  сөз. Шәкіртіне  берген  баға. Сара  үшін  одан  қымбат   не  бар...

 

Сара  Москваның  эстрада  студиясын  бітіріп, өзінің  “Қазақконцертіне”  қайта  оралды. Ән  өнерінің  үлкен  мектебінен   өткен  Сара  сол  кезде  қазақ  эстрадасына  жаңа  леп  әкелген  еді.

Әсет  Бейсеуовтің  “Шақырады  көктем”  әнінің  жаңа  шыққан  кезі. Осы  ән  шырқалса, менің  жадымда  алыста  қалған  күндердің – бозбала  шақтардың  естеліктері  жаңғырады.

 

 ...Құм  етегіндегі  шағын  ауыл. Ауыл  ортасындағы  биік  бағананың  басында  репродуктор  тұрушы  еді. Алматыдан, Мәскеуден  жететін  жаңалықтар да, әсем  әндер  де  сол  репродуктордан  тарап  жататын. Жастық  шақ   қашан  да  жаңалыққа  іңкәр. Халық  музыкасымен  сусындап  өскен  біздердің  эстрада  ырғақтарына  бой  ұрып, оның    балғын  шақпен  үндесер, үйлесер  бояуларына  құмартып  жүрген  шағымыз. Сол  жаңа  үн, тың  бояудың хабаршысындай  болып  өмірге келген  бір  тамаша  ән – осы “Шақырады  көктем” еді. Ән  қандай  әсем  болса, орындаушысы  тіпті  керемет. Әнді  орындайтын – бұған  дейін есімі көп естіле қоймаған жас әнші Сара Тыныштығұлова. Магнитофонның қат кезі. Әлгі әнді, радиосы бар болғыр, сағындырып анда-санда береді. Әр тыңдаған сайын, шіркін-ай, ән бітпесе екен деп, келесі жолы қайталап берілуін күтіп жүреміз...

Москвада оқыған жылдар Сараны нағыз эстрада әншісі ретінде үлкен биікке көтеріпті. Жаңа ырғақ қашан да жаңа түрді, сахналық тың бейнені қажет етеді. Сараның осы кездегі сахналық имиджі де бөлек еді. Тал бойына жарасып тұратын қысқа көйлегі мен еліктей еркелеп шығатын ол сахнаға. Әншінің жастық шақ ырғағына сай келетін жарасымды пластикасы да көрерменді еріксіз баурап алатын. Қазақ сахнасына Сарамен бірге келген бұл жаңалыққа тосырқай қараушылар да аз болған жоқ. «Шолтиған көйлек киіп алып, билеп жүріп ән айтады. Мұнысы несі?» деушілер болды. Мұны айтатын, әрине, үлкендер жағы. Ал жастар болса, Сара десе ішкен асын жерге қоятын...

Сөйтіп жүргенде, Гүлжаһан Ғалиева жастардың эстрадалық «Гүлдер» ансамблін құратын болды. Осы ансамбльге ең алдымен Сараны шақырды. Сара болса, өзінің туған ұясындай болған «Қазақконцерттен» кеткісі келмеді. Гүлжаһан Ғалиева да соңынан қалмай қойды. Бір күні сол кездегі мәдениет минситрі Ілияс Омаровтың өзі шақырып алып, өтініш айтты. Ілияс ағаның сөзін қалай жерге тастайды. Сара келісті. Соған әлі күнге қуанады. Осындай ғажап ансамбльді өмірге әкелген Гүлжаһан Ғалиева сынды бар ғұмырын туған елі өнерінің көсегесін көгертуге арнаған қазақтың біртуар қайраткер қызы да ризашылықпен еске алады.

О-о, ол кездегі «Гүлдер» қандай еді десеңші, шіркін! Серік Елеусізовтың тамаша режиссурасы. «Сұлу қыз, әсем жігіт бәрі сонда» дейтіндей, гүл-гүл жайнаған өнерлі жастар. «Гүлдер» - қазақ сахнасының ғажайып мерекесі болатын, жалын атқан жастық шақтың қуанышы, бар қызығы мен думаны сол «Гүлдерден» табылатын. «Гүлдердің» сол кездегі концерттерін көргенде арманда, көрмеген де арманда. Ансамбльдің концерттеріне билет табу да оңай болмайтын. Қала  көшелеріне  ілініп  қойылған  жарнамаларының  өзі  көздің  жауын  алады: құдды  ертегі  әлемі, ертегідегі  хор  қыздары. «Гүлдердің»  концерті  әдетте  Сара  Тыныштығұлованың  әндерімен   аяқталатын. Сахнаға  жалын  атқан  жастық   қуатпен  Сара  шыққан  кезде  зал  дүр  сілкінгендей  болушы  еді. Сараның  әнімен  бірге  көрермен    залына  қуатты  толқын  тарайтын.  Оның  қоңыр   үні, қуатты  дауыспен  шырқайтын  әсем  әндері  әр  көкірекке  нұр  құйып, биіктерге    құлшындыратын. Сара  Әсет  Бейсеуовтың  «Армандастар» , Нұрғиса  Тілендиевтің  «Алатау»  әндерін  орындағанда, концерт  залында  қол  шапалағының  үні  толастамай  тұрып  алатын. Әншіні  қайта – қайта  сахнаға  шақыратын. Қимай  тарасатын.

Содан  бері  талай  жылдар  өтті. Ол кездегі  түбіт  мұрт  бозбалалар  бұл  күнде  байсал  тартқан  азамат  болды.

Ал  Сара  сол  жас  қалпында  қалған  сияқты  көрінді. Сахнаға  Сара  шыққан  кезде  мен  «Гүлдердің» жас  әншісі  баяғы  Сараны  көремін. Өйткені, ән – мәңгі  жас. Олай  болса, хас  әнші  де  жылдарға  бой  алдырмайды, жастық  сұлулығын  сақтай  біледі. Ал, шындығында, өнердің  өзінің  де  адамға  жастық  элексирін  сыйлайтын  құдіреті  бар  гой.

 

Болашақ  жары  Жақсылықпен  де  өнер  сапарында  жүріп  танысты.

1968 жыл. «Жолға  шықты  жастық  шақ» ансамблімен  Сара  Оралда  концерт  берді. Концерт  соңынан  үш  жігіт  келіп  құттықтады. Қолдарында  шоқ – шоқ  гүлдер. Олар  өздерін  Ленинградта  оқитын  студенттерміз  деп  таныстырған. Солардың  бірі – аққұба  өңді, сыпайы  жігіт  Сараға  ерекше  жылыұшырады. Бәлкім, жігіт  жанарындағы  жан  жылытар   жылылық, көзінен  көрінген  көңіл  сәулесі  ме  екен, қыз  ықыласын  өзіне  аударған.

Ансамбльдің  Оралдағы  концерті  бірнеше  күнге  созылды. Әлгі  жігіт  сол  концерттердің  бірінен  де  қалмайды. Күн  сайын  шоқ – шоқ  гүл  әкеледі. Қаладағы  концерттерден  кейін  ансамбль  облыстың  аудандарын  аралауға  шықты. Сара  ұзақ  жол  бойында  Жақсылықты  ойлаумен   болды. Жүрегінде  алып – ұшқан  қуаныш  бар  екенін  сезінеді. Көңілін  бір  сағыныш  аялайды. Әйтеуір, бір  үлпілдеген  нәзік  сезім. «Бұл  не? – деп  ойлады Сара. – Махаббат  па? Шынымен  сол  жігітке  ғашық  болып  қалды  ма?»

Ансамбль  Чапаев  ауданында  концерт  берді. Бұл  өзі – облыс  орталығынан  шалғай  жатқан  аудан. Концерттен  соң  қонақжайға  келген. Кезекші  әйел  есік  қағады.

- Сізді  Оралдан  бір  жігіт  іздеп  келіп  тұр, - деді  ол.

Төменгі  қабатқа  түссе, мұны  Жақсылық  күтіп  тұр...Сол  жолы  олар  көп  әңгімелесті. Жақсылық   шынын айтты. Ленинградта  оқитын  қасындағы  каникулға  келген  достары  екен. Бұл  болса, Оралдың  Ауыл  шаруашылық  институтының  студенті. Өйткені  жолы  жанындағы  серіктерінен  кем  көрінбейін  деп, Ленинградта  оқимын  дей  салған. Өзі  негізінен  Ақтөбе  облысынан  көрінеді. Ырғыз  ауданында  тұрады. Әкесі  сол  ауданның  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы  екен.

Көп  ұзамай, Жақсылық  Сараны  Алматыға  іздеп  келді. Сол  жолы  олар  шын  табысты. 1968  жылдың  желтоқсанында  екеуі  отау  құрды. Өмірге  сәби  келді. Кішкентай  кезінде  қыздары  Алма  Жақсылықтың  Ақтөбедегі  әке – шешесінің  бауырында  болды. Ол  содан  он  жасқа  дейін  ата - әжесінің  қолында  өсті.

Жақсылық  екеуі  бір – бірін  шын  сүйіп  қосылып  еді. Талай  бақытты  күндерді  бірге  өткізді. Әлемнің  ең  бақытты  жандар  екеуі  сияқты  еді –ау  сол  кезде...

Сахна – Сара  үшін  киелі  орын. Концерт, көрермендермен  дидарласу  сәті  - ол  үшін  әрі  мереке, әрі  сын. Сондықтан  концертке  шығатын  күні  ол  мүлде  бөлек  күй  кешеді. Сол  күні  ұйқысы  қанық  болуы  керек. Ол  күні  үй  ішінде  жым – жырт  тыныштық  орнайды. Ол  тек   өзімен  -  өзі  қалады. Бұл  күні  телефон  да  үнсіз. Бауырлары, туыстары – ешқайсысы  мұны  мазаламайды. Қаншама  жылдардан  бері  келе  жатқан  қатаң  тәртіп  осындай. Сараның  жақын – жуықтарының  бәрі  мұны  жақсы  біледі. Сондықтан  оны  бұзуға  ешкімнің  де  жүрегі  дауаламайды. Бұл  үйде  оны  бұза  алатын  тек  қана  бірақ  адам  бар. Ол он  төрт жасар  Әйгерім  немересі.

Әйгерімде кішкентайынан әріптерді  танымасада, ноталарды  жаттап  өсті. Күйсандықта  Бетховеннің  шығармаларын   ойнап  өсті. Оның  үстіне – Сараның  ақылшысы, қатаң  сыншысы  да – осы  Әйгерім.    

Сара  Тыныштығұлова  қазақ  елін  барша  елге  өзінің  қайталанбас  талантымен,  даусымен  тәнті   еткен.  Қазақ   әндерімен   қоса   50 ден  астам  дүниежүзі  халықтарының  әндерін  орындаған.

1966  жылы  Совет  әндерін  орындаушылардың Республикалық   конкурсының  лауреаты.

1967 жылы  Мәскеуде  Эрмитажда  болған  концерттен  кейін «Сара  Тыныштығұлова  қазақтың  Эдит  Пиафы» - деп  жазды  Правда  газеті.

1983 жылы  Ветнамда  халықтар  достығы  медальімен  марапатталып  « Хо-Ши- Мин» қаласының  «Құрметті  азаматы»- деген  атақ  берілді.

1970  жылы  Монғолияда  «Халықтар  достығы» медальімен  марапатталды.

Герман  халықтық  Республикасында  жастарға  арналған  «Үздік  орындаушылар» деген  медальмен  марапатталды.

Соғыстың  жүріп  жатқанына  қарамай  Ауғаныстанға  өзінің  жеке  ансамблі  «Жалынмен» гастрольдік  сапарда  ән  салып  жүрген  кезінде  «Ауған  соғысының»  ардагері  деген   медальімен  марапатталды.

«Чернобль  апатына  25  жыл» деген  медальменде  марапатталды.

Чернобльда  да  1 ай, КСРОда барлық  10  күнде  де  өзінің  жеке  гастрольдік  сапарымен  талай  адамды   таң  қалдырды. Сонымен  қоса : Венгрияда  2  рет , Болгария, Германияда  4  рет,Польша, Финляндия, Белгия, Франция, Манғолия,Сирия, Малайзия, Сингапур,Шри - Ланка, Пәкістан,Қытай, Молдова, Луксенбург  және  т. б  елдерде  өзінің  шығармашылығымен  талай   елді  талантымен  таң  қалдырған.

24  ақпанда Жамбыл  Жабаев  атындағы  филормонияның  концерттік  залында  екі   оркестрдің   сүйемелдеуімен,  жанды  дауыспен  Тілендиев  атындағы  «Отырар  сазы»  және  эстрада  симфониялық  оркестрімен  өзінің  жеке  концертін  берді.

2010  жылы  12  қарашада  «Қазақконцерттің»  50  жылдық  мерейтойына  арналған  концертте  де  қайталанбас  даусымен  тағы  бір  рет  залды  дүр  сілкіндірді. 

Content 2
sara-285x515
sara2-285x443
sara45-285x215
sara75-227x153
sara85-285x193
sara_1-285x210

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту