Мұқан Төлебаев

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Мұқан Төлебаев — 1913 жылы 13 наурызда бұрынғы Талдықорған облысының, Бөрлітөбе ауданында, дүниеге келген. Топырағы бұйырған жер - Алматы қаласы. Қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі (1959), КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1949), Қазақстан Республикасы әнұраны авторларының бірі.

Орта мектеп бітірген соң, Алматы педагогикалық училищесінде оқиды (1933). Осы кезде аудандық «Жұмысшы жастар» театрын ұйымдастырды.1934 жылы Алматыда өткен халық өнерпаздарының бүкіл Қазақстандық 1 слетіне қатысты.Яғни әнші ретінде көзге түсті.1936 жылы Мәскеу консерваториясы жанынан ашылған қазақ студиясына оқуға түседі. Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері қызметін атқарды (1942-1944). Мәскеу консерваториясын (Маяковский мен Ференнің композициясының класы бойынша) бітіріп шығады (1951). КСРО Композиторлар одағының мүшесі (1942). Қазақстан Композиторлар Одағының басқарма мүшесі (1948). Қазақстан Композиторлар Одағы басқармасының төрағасы (1956-1960).

Мұқанның анасы Тәжібала мен туған нағашысы Апырбай ақындық, әншілік, күйшілік өнерімен төңірегіне танылған адамдар болатын. Бұл болашақ композитордың өнерге жастайынан бейімделіп, бойындағы бала дарынның қанаттануына себепші болған.

Жалпы М. Төлебаев шығармаларындағы музыкалық – эпикалық үрдістің бел алып жататыны, оның ұдайы халық өнеріне табан тіреп, халықтың бай музыкалық қазынасынан шабыт алып отыратынын аңғартады.

М.Төлебаев туындатқан опералардың, оркестрлік немесе вокальды-симфониялық шығармалардың, камералық-аспаптық пьесалардың, әндер мен романстардың қай-қайсысы да терең сезімталдығымен, музыкалық тілінің шыншылдығымен, өзіндік қолтаңбасымен дараланып отырады. Оның шығармаларының көркемдік қуаты тегеурінді, парасат-пайымы өрелі, көркемдік-идеялық бағыты айқын, ұлттық-төлтумалық бояуы қанық. М.Төлебаев қысқа ғана ғұмырында жүзден астам музыкалық шығармалар туындатып үлгерген. Бұлардың ішінде опералық, контаталық-ораториялық және ән-романстық шығармалары айрықша ден қойдырады.

Әсіресе, «Біржан-Сара» операсы оның композиторлық дарынының шырқау шыңы ғана емес, сонымен бірге қазақтың ХХ ғасырдағы музыкалық мәдениетінің ең көрнекті табыстарының бірі. «Біржан-Сара» операсы өзінің полифониялық болмысына қарамастан, ұлттық нәрі бар құнарлы туынды. Нағыз өнердің табиғатына тән төлтумалық «Біржан-Сара» операсының өн бойынан айқын аңғарылып отырады.

М.Төлебаев қазақтың кәсіпқой музыкалық мәдениетті қалыптастырып, орнықтырушы хас дарындардың бірі болатын.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту