Бәйсейітова Күләш

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Бәйсейітова Күләш (Гүлбаһрам) Жасынқызы (1912-1957) қазақтың әйгілі әншісі (лирика-калоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО халық артисі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948-1949). Туып-өскен жері - Қарағанды облысының Шет ауданы. Топырақ бұйырған жері - Алматы қаласы. Күләштің әншілік өнерге бейімділігі жас кезінен-ақ байқала бастаған. Оның бойыңдағы қабілеттің ұшталуына ән мен күйге жүйрік әкесі Жасынның да әсері зор болған. Жеті жылдық мектеп бітірген соң Күләш Қазақтың педагогикалық институтына түсіп, мұндағы көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Қала жастарының өнер байқауларында әншілік дарынымен көзге түседі. Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының группасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді артистерінің қатарынан көріне бастайды. Ол аз уақыттың ішінде Б.Майлиннің "Майдан" пьесасында Пүліштің, Н.В.Гогольдің "Үйлену тойындағы" Агафия Тихонованың, М.Тригердің "Сүңгуір қайығыңдағы" Клавдияның, Қ.Бәйсейітов пен А.Шаниннің "Зәуресіндегі" Зәуре, М.Әуезовтың "Еңлік-Кебегіндегі" Еңліктің рольдерін ойнап, сахналық тамаша қабілетімен танылады. Образдардың табиғатын тап басып тану, ол танығанын өмірлік шынайы шеберлікпен жеткізе білу, әсіресе туа біткен әншілік қабілеті кейіпкер болмысын аша түсуі де Күләштің сахна өнері үшін жаралаған жан екенін әйгілей түседі.

Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы "Айман-Шолпан" (М.Әуезов, И.В.Коцых) музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рольді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы Қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. Мұнан әрі Күләштің ғажайып қабілеті мен дарыны Б.Майлин мен И. В. Коцыхтың "Шұғасындағы" - Шұға, Е. Брусиловскийдің "Қыз Жібек" операсындағы - Жібек образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі. Бұл рольдер арқылы оның бойындағы әншілік-артистік қабілеттің ғажайып мүмкіңдіктері барша болмысымен көрініс тауып, қазақ сахна өнерінің соны табысы ретінде жұртшылықтың ықылас-ілтифатына бөлеңді. Ол жаңа қаз басқан қазақ сахна өнерінің шын мәнінде тірек тұлғасына, ұйтқысына айналды. Аз уақыт аясыңда Е. Брусиловскийдің "Жалбыр", "Ер Тарғын", "Алтын астық", "Гвардия алға", А. А. Зильбердің "Бекет", И. Н. Надировтың "Терең көл", А. Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абай", М. Төлебаевтың "Біржан-Сара", Д. Ж. Пучинидің "Чио-Чио-Сан", П. И. Чайковскийдің "Евгений Онегин", А.Рубинштейннің "Демон" сияқты операларында басты рольдерде ойнап, басты вокальдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды. Бір-біріне ұқсамайтын кереғар образдар, иірім-қайырымы әр алуан вокальдық партиялар Күләштің көп қырлы, алуан сырлы дарынының арқасында алмастай жарқырап ашылып, эстетикалық-эмоциялық қуаты мейлінше тегеурінді образдар галереясы жасалды.

Күләш Бәйсейітова концерттік әнші ретінде де дүние жүзіне танылған қайталанбас дарын иесі бола білді.

Дереккөз: М. Жолдасбекұлы, Қ. Салғарұлы, А. Сейдімбек. Ел тұтқа. - Астана: KUL TEGIN. – 2009 ж 

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Иманғали 2016-01-26 15:49
бұл жақсы өмірбаян
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту