Александр Викторович Затаевич

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Александр Викторович Затаевич — 1869 жылы 20 наурызда бұрынғы Волхов, қазіргі Орёл облысында өмірге келген. Атақты композитор, этнограф, музыка және қоғам қайраткері.

Ол алғашқы музыкалық білімін сол Орёл қаласындағы әскери гимназиядан алған. Біраз жыл бойы Варшава консерваториясы жанынан шығатын «Варшава күнделігі» аталатын газетте музыка рецензенті қызметін атқарып, орыс, батыс классиктерінің шығармаларын, сондай-ақ халық музыкасын насихаттаумен айналысқан.

Алғаш рет қазақтың халықтық музыкасы шығармаларымен танысуы 1920 жылдың басында Орынборда жүрген кезінде басталады.

Сол кезеңнен бастап А. В. Затаевич өзінің болашақ қызметін, аспаптық мұраларының тамаша үлгілерін жинаумен, оны насихаттаумен тығыз байланыстырады. Ол жатақханаларды, мектептерді, құрылыстарды, орта дәрежелі оқу орындарын, казармаларды аралайды, съезге, конференцияға, кеңестерге келген қазақтардан ән жазады. Базар, театр, концерт орындарының фойелерінде кездескендердің бәрінен де ән жазып алады. Бала жасынан кіршіксіз еститін құлағы жасы елуден асқанша, көрмеген елдің музыкасын жаза бастауы, оны нотаға түсіруге мүмкіндік берді.

Бірақ, өмірін музыкаға бағыштаған А.В. Затаевич әнді қалада отырып, тек кездейсоқ келгендерден жазып отыруды жөн көрмеді, елге шықты, Жайықтың бойын, Сыр, Ертіс өзендерін, Бөкей, Қарқаралы далаларын аралады. Замандар бойы жабулы жатқан қазақтың ән қазынасын көтерді.

Қазақтың көл-көсір мұрасын жинақтауды өзіне парыз санаған жанның бірі болды. Ұлты басқа болса да, жасы орта жасқа келгеніне қарамастан, 1920 жылы өмірдің қиын-қыстау кездерінде кездескен көлік атаулымен, болмаса, жаяу аралап, халқымыздың ән-күйлерін музыка белгілерімен (нотамен) хатқа түсіріп деректер жазып қалдырып отырған.

Халықтық кәсіби әнші-күйшілерінің шығармашылық қызметін, олардың орындаушылық шеберліктерінің сырын ашып, өте құнды мағлұматтар жинады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет, т.б. шығармаларын алғаш рет Затаевич жарыққа шығарды. Сөйтіп, ұлттық дәстүрлерді сақтаушылар мен дамытушылар жайында қайталанбас деректер жазып қалдырды. Этнографтың “Қазақ халқының 1000 әні” (1-бас., 1925 ж., 2-бас., 1963 ж.), “Қазақтың 500 ән-күйі” (1931), “Песни разных народов” (1971), жарияланбаған “Қазақ музыкасының 3-томы” деп аталатын жинақтарында қазақ халқының классикалық ән, күйлерінің үлгілері мол орын алған. Затаевичтің еңбектері арқылы қазақ музыкасы дүние жүзіне тарады, бүкіл Еуропа елдеріне жетті, алдыңғы қатарлы өнер иелерінен жоғары баға алды. Мұнда қазақ музыкасының көптеген теориялық және тарихи мәселелерінің беті ашылды. Затаевичтің әрбір ән-күйге берген жеке талдауларының мәні зор. Халық композиторлары мен орындаушыларының шығармаларына берген мінездемелері де әлі өз бағасын жоғалтқан жоқ. Затаевич жинақтары қазақ халқының кәсіби музыкасының дамуына зор ықпал етті. Аталған жинақтардағы ән мен күйлер қазақтың кәсіби музыкалық жанрлары – опералық, симфониялық, камералық шығармаларында кеңінен пайдаланылды. Осы жинақтардағы ән-күйлерді қазақ композиторларымен бірге С.С. Прокофьев, Н.Я. Мясковский, М.М. Ипполитов-Иванов сынды орыс композиторлары да өз шығармаларында пайдаланды.

Композиторлығы

Композитор ретінде Затаевич қазақ музыкасының кейбір үлгілеріне фортепиано, аспапты ансамбльдермен қосылып айту үшін көптеген өңдеу жұмыстарын жүргізді. Затаевичтің “Қазақ музыкасы” атты фортепияналық шығармасы – кәсіби дәрежеде жазылған туынды. Ол 1925 – 1927 жылдары фортепияналық пьесалар циклін жазды. Соның нәтижесінде “Халық тақырыбына жазылған миниатюралары” (1925), “Қазақтың халық әндері тақырыбы бойынша фортепианоға арналған пьесалары” (1927) жарық көрді. Қазақ халқының музыка мұрасын сақтап келген 500-ге жуық өнерпаздар – Майра Шамсудинова, Әміре Қашаубаев, Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, М.Бөкейханов пен Н.Бөкейханов, Ғ.Мұхитов пен Ш.Мұхитов, ғылым қайраткерлері Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, М.Бөжеев, әдебиет және өнер қайраткерлері А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейханов, Ж.Шанин, т.б. өздері білетін ән, күйлерді Затаевичке айтып, жаздырды. Қазақтың музыкасын Затаевич фольклорының жиналу дәстүрін қалыптастырып, одан әрі жалғастыруда А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Б.Ерзакович, М.Төлебаев, Л.Хамиди және басқалардың еңбектері орасан зор.

Сөйтіп, 1920 көктемінен бастап 1923 ж. аяғына дейін, нағыз аш-жалаңаш жол қиындықтарына да қарамай, А. Затаевич қазақтың 1000 әнін жинап нотаға түсірді.

Оның 1925 ж. Мәскеуде «Қазақ халқының 100 әні» және 1933 ж. «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты этнографиялық жинақтары шықты.

А. Затаевич 1936 жылы Мәскеу қаласында дүние салған. А.В. Затаевичтың жарқын бейнесі, оның қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі, ірі тұлғасы ұлғайған үстіне ұлғая бермек, ұмытылмақ емес.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту