Дәрібаев Жолтай Рақымбекұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Дәрібаев Жолтай Рақымбекұлы, 1961 жылдың 01 қарашасында Қарағанды облысы Қарсақбай поселкесінде қызметкер жанұясында дүниеге келген. Әкесі – Дәрібайұлы Рақымбек, шешесі - Ысқаққызы Күлшай 11 бала тәрбиелеп өсірген, халқына сыйлы, еліне еңбектері сіңген,  өнегелі азаматтар болған. Осы өмір жолында жеткен бар жетістіктерін Жолтай Рақымбекұлы өз әке-шешесінің үлесіне жатқызады.

1968-1978 жылдары Қарсақбай қазақ орта мектебінде жетік білім алып, үздік бағалармен Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне әкесі мен шешесінің қолдауымен түседі. Жолтай Рақымбекұлы 1-2 курстарда үздік оқығаны үшін, ұлттық мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша 3 курстан бастап Мәскеу қаласындағы И.М.Сеченов атындағы 1-ші Мәскеу мемлекеттік медицина институтына ауыстырылады. Институтты табысты бітіріп, Мәскеу қаласында ординатураға, аспирантураға қалдырылуына қарамастан, өз халқына қызмет етемін деп, 1984 жылы ол Жезқазған қаласы облыстық ауруханасында өзінің дәрігерлік қызметін бастайды. Әкесінің қалауымен жүйке ауруларын емдеуші невропатолог мамандығын таңдап алып, осы күнге дейін өзінің бар білімі мен күшін осы саланы дамытуға жұмсауда.

Облыстық ауруханада қызмет етіп жүріп, тәжірибесін жетілдірумен қатар Жолтай Рақымбекұлы, өзінің білімге, ғылымға деген құштарлығын одан әрі дамыту мақсатымен, Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына өз құжаттарын жібереді. Іріктеу байқауынан сүрінбей өтіп, Жолтай Дәрібаев осы академияның неврология, нейрохирургия және медициналық генетика кафедрасына 1989-1991 жылдары клиникалық ординатураға қабылданады. Ординатураны бітірген соң, өз  ізденістерін тоқтатпай, 1993-1996 жылдары осы кафедраға аспирантураға түсіп, кандидаттық (PhD) диссертациясын жазып, Алматы қаласында үздік қорғап шығады. Ғылыми ізденіс жолдарында, неврологияны терең меңгеруде Жолтай Рақымбекұлы көптеген терең білімді ұстаздармен, әріптестермен кездеседі. Олардың қатарында Гүлжан Ахметжанқызы Жанайдарова, Смағұл Қайшыбайұлы Қайшыбаев, Айтхожа Бегалыұлы Бегалиев, Клара Ғалымбекқызы Нәдірова, Сурен Гегамович Зограбян (Арменияда), Фаина Ефимовна Горбачева (Мәскеуде), Шолпан Әділжанқызы Бөлекбаева және басқалар бар.

Өзінің ғылыми жұмысы ретінде Семей ядролық полигонына жақын орналасқан аймақтардың тұрғындары арасында  жүйке жүйесі ауруларының тұқым қуалаушылық ауруларының таралуын статистикалық және генетикалық-популяциялық тұрғыда зерттеп, неврология ғылыми саласына өз үлесін қосты.

1998 жылы Жоғары Аттестациялық комиссияның шешуімен Жолтай Дәрібаевқа медицина саласындағы доцент деген ғылыми атағы берілді. Өз қызметін осы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясында атқара отырып, Жолтай Рақымбекұлы медицинаны, оның ішінде неврология пәнін қазақ тіліне аударуда көптеген қызметтер атқарды. Ол елімізде алғашқы болып неврология пәнінен жалпы неврология және жүйке аурулары деген 2 кітапшаны баспаханадан басып шығарды. Бұл кітапшалар, жаңа оқулықтар даярланғанға дейін еліміздегі барлық медициналық академияларда қолданылып келді. Сонымен қатар Ж. Дәрібаев 120-дан астам ғылыми еңбектер мен студенттер мен дәрігер-курсанттарға арналған методикалық оқу-құралдарының авторы.

Қызмет барысында өз замандастары мен әріптестері арасында беделі артып, кәсіби дәрігер ретінде мыңдаған науқастарға өз көмегін тайсалмай беріп отырды. Беделділігі мен жетістіктерінің арқасында 2001-2006 жылдары Ж. Дәрібаевты «Қазақмыс» корпорациясы өз медициналық орталығына неврология саласын дамыту мақсатымен жұмысқа шақырады. «Самсунг» клиникасының дамуына қосқан үлесі үшін, еліміздің бас қаласы Астанаға қызмет бабымен ауысуы кезінде, осы клиникада, елімізде тұңғыш рет Жолтай Дәрібаев атындағы науқастар емделуші палата ашылды. Осы бөлімшеде әлі күнге дейін, емделуші әр науқас Ж. Дәрібаев атындағы палата деген ескерткіш тақтайшамен танысып, палатаның ашылу тарихына көздерін жеткізуде.

2006-2008 жылдары  Жолтай Рақымбекұлы Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің  Іс Басқармасы медицина орталығы ауруханасында невропатолог маманы болып қызмет етеді

2008 жылы Ж. Дәрібаев Астанадағы Республикалық балаларды оңалту орталығының бас дәрігері ретінде шақырылып, қазір осы орталықтың медицина директоры қызметін атқаруда. Денсаулықтарында ақаулары бар балалардың оңалып, сауығып кетуіне өз тәжірибесі мен білімін жан-жақты пайдалануда.

Жолтай Рақымбекұлының медицина саласындағы негізгі еңбектері: ми қан айналымының бұзылу ауруларына, бас-ми және жұлын жарақатынан кейінгі ақауларды емдеуге, неврология саласында қолданылуға қажетті  жаңа дәрі-дәрмектердің пайдаланылуына, тұқым қуалаушы ауруларды түсінуге, балалардың церебралды салдануын емдеуге арналған.

Сонымен қатар Ж. Дәрібаев Астана мемлекеттік университетінде студенттерге неврология пәнін үйретуге өз үлесін қосуда. Болашақта «Ұлттық медициналық холдинг» акционерлік қоғамының барлық орталықтары Назарбаев Университеті медициналық мектебінің клиникалары болып жарияланғандықтан, Жолтай Рақымбекұлы осы Университеттің студенттеріне сабақ беруге дайын. Сонымен қатар ол 2012 жылы Америка Құрама Штаттарының жариялаған іріктеу байқауынан үздік өтіп, АҚШ университеттеріне барып, өз тәжірибесін одан әрі жетілдіріп келді.

Дәрігер саласында қызмет ете отырып, Жолтай Рақымбекұлы өзінің сүйген жарын да осы медицина саласында тапты. Жұбайы Сауле Өміртайқызы, дәрігер невропатолог, Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы медицина орталығы ауруханасында қызмет етеді. Әріптестері мен науқастар алдында беделді, сыйлы және  жетік білімді маман. Сауле Өміртайқызымен бірге 3 қыз сүйіп, тәрбиелеуде. Жолтай Рақымбекұлы өзінің медицина саласында жеткен жетістіктеріне Сауле Өміртайқызының да қосқан үлесі зор деп есептейді.

Дәрібаевтар жанұясы тек қана кәсіби жетістіктерге жетуді мақсат тұтпай, соңдарынан ерген бүлдіршіндеріне өнегелі тәрбие беруді, жақсы білім беруді де мақсат етеді және олардың өмірде өз жолдарын дұрыс табуларына өз ақыл-кеңестерін беруде.

«Өз халқымның ақ халатты абзал жандары қатарында қызмет ету, жұбайым Саулемен бірге қыздарымды өсіріп, жетілдіруге төгіп жатқан еңбектерім - менің көптеген бақытты шақтарымның бірі деп есептеймін», - дейді Ж. Дәрібаев.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту