20-01

Аяулы ұстаз, ақылшы дос

2009 жылдың 15 наурызында сұм ажал ортамыздан орны бөлек ерекше тұлғаны – жаны жайсаң, парасатты азамат, көрнекті фольклортанушы – ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Болатжан Шайзадаұлы Абылқасымовты алпыстың асуына шығуына, қуаныш айдынында аққудай жарқырап шаттануға мұрсат бергізбей, мәңгі бақилыққа   алып кетті.

Білім іздеген барша жұртқа қажет асыл қазына болып артында қисапсыз ізденіс пен терең біліммен, парасаттылықпен жазылған «Жанр толғау в казахской устной поэзии»(1984), «Телқоңыр» (1993), «Көкбай ақын» (1998), «Қазақтың көне наным – сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклоры», «Қабанбай батыр» (2005)   сияқты төл еңбектері қалды, «Жамбыл және халық поэзиясы» (1975), «Қазақ жырларының мәселелері» (1979), «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1988), «Фольклор  шындығы» (1989), «Қазақ фольклорының тарихилығы»,  «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1994), «Әдебиет терминдерінің сөздігі» (1996), «Әдебиеттану» (1998), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2006) сынды көптеген ұжымдық  ғылыми еңбектердің,  10 томдық «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» (1999), «Қазақ әдебиеті. Энциклопедия» (2000) авторларының бірі болды.

    Тіршілікте қарапайым ғана ғұмыр кешіп, ғылымға шынайы берілген асыл адам  отандық ғылымды дамыту мақсатында тынымсыз еңбек етті,  жас ғалымдардың кеңесін басқарып, оларға үлкен қамқорлық жасады, 1 ғылым докторы мен 5 ғылым кандидатын даярлап, диссертация қорғатты. Осындай қамқор жанның шапағатын көрген жас ғалымдардың қатарында мен де бар едім...

     1992 жылы Болатжан Шайзадаұлы Абылқасымов Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының  филология факультетіне декан болып келді.  Ол кезде мен  осы факультеттің  2 – курс студенті едім.  Озат оқу үлгеріміммен көзге түсіп,  қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, бойымдағы барлық  жастық күш – жігерімді білім жолына аямай сарп етіп жүрген кезім...

    1996 жылы  Болатжан Шайзадаұлының жетекшілігімен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының көркемдік ерекшеліктері» деген тақырыпта диплом жұмысын жазып, үздік бағаға қорғадым. Ұстазыммен жақын араласа жүріп, мен ол кісінің терең білімдарлығы мен кішілік, кісілік қасиеттеріне тәнті болдым.  Ағай өте  ақ көңіл, бала сияқты ақ жарқын, абзал  да аяулы азамат еді. Мені  туған қарындасындай көретін. Алғашқы рет ғылым жолына қанат қағар шағымда ұстазым ерінбей – жалықпай бойындағы бар білімін бере білді, «ғылым» атты соқпақты – соқпақсыз жолдан сүрінбей өтуге, қажырлылық пен еңбекқорлыққа, терең ізденіске талпынуға баули білді ..

   Институтты қызыл дипломмен тәмамдап, 1996 - 99 жылдары әдебиет

мамандығы бойынша аспирантураның күндізгі бөлімін бітіріп, осы

институтта алғашқы қызықты да қиын ұстаздық  қызметімді бастадым. Өмірдің осы бір белесінде де  ұлағатты ұстазымнан алған үлгі - өнеге мен асыл қасиеттер бойыма құт болды... 

   Көрнекті ғалымның жетекшілігімен «Қазақ эпосындағы ат образы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды жаза бастадым (өкінішке орай, менің қуанышыма ұстазым ортақтаса алмады, диссертациялық жұмысымды ол кісі өмірден озған соң  қорғадым), осы жұмысымды жазу барысында да атақты фольклорист ретінде ұстазым ағалық қамқорлығын аямай, ақыл – кеңесін беріп, үнемі қадағалап отырды...    

   1996 жылы ағай  қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып жүрген кезінде қызмет бабымен Астанаға, Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университетіне ауысты.

   Өмірден өтетінін сезді ме, кім білсін, 2006 жылы  диссертациялық жұмысым кафедрадан талқылаудан өтерде сонша жерден, сонау Астанадан өзі келіп, талқылауға қатысты...

    Қазір сізді сағынамыз, іздейміз... Сұм тағдырға амал нешік?.. Жазмышқа не шара?!. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Жаныңыз жәннатта болсын!..

    Тұла бойы  кішіпейілділік пен қарапайымдылықтан жаратылған, адами қасиеттің озық үлгісін көрсеткен  қасиетті жанның  жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады! Бойыңыздағы дарыныңызды аямай, ұрпақ үшін аяусыз тер төктіңіз, өзіңіз еккен білім дәні тұла бойымызда өсіп - өніп, өзіңіз салған сара жол бізге әрқашан бағыт сілтеп,   өзіңіз мәпелеген шәкірттеріңіз ғылыми істеріңізді жалғастыра бермек! Өзіңіз қалдырған ғылыми еңбектеріңіздің әрбір парағындағы қолтаңбаңыз, даусыңыз, асыл сөздеріңіз  мәңгі жаңғырып  естіліп тұра береді!...

Ғалымның шәкірті  -

Көшекова Айнұр Арғынтайқызы

қазақ әдебиеті кафедрасының

аға оқытушысы

ТҰНЫҚ ОЙДЫҢ ТҰМАСЫ

 

         Өмірдің өткіншілігін тағы бір дәлелдегендей боп, менің досым Болатжан Абылқасымов та бұл дүниені тастап кете барды. Ол өзі де осы әлемнің тәркілігі жайлы скептиктерше сөйлеп қоюды ұнататын. «А-а... ол солай ғой...» деген тәрізді мәлім ақиқатпен ертеден таныстығын сездіретіндей лебізді жиі қайталаушы еді. Жас күнінен-ақ ересек жандар сияқты көрінетін. Тәрізі, көп нәрсені жан әлеміне салып, тәжірибе жасағандай күй кешіп, сосын бәрін түсінуге болатынына көз жеткізген соң, сөйтетіндей. Мінез, жаратылысы сондай кемелдікке қатарластарынан бұрын жеткен ойшыл, уайымшыл адамның жасандылықтан алыс бір қыры содан байқалатын. Шынын айтсам, мен осыны іштей талқылап жатпаппын, дәл қазіргідей баға да бермеппін, тек Бөкең туралы күтпеген, мүлде қалаусыз естелікпен айналысқан сәтте, әркім үшін де философияға бейімі бар қалам өз-өзінен сыр шертіп кеткен іспетті ахуалда отырғандаймын.

         Ол ойшыл екенін аңғартқысы келмейтін. Ал уайымшыл екенін тіпті мойындамас па еді. Дәл болжай алмаймын. Бірақ сыр жасыруға құмар болатын. Онысын жетістікке санайтын. Бұл қосылуға, қолдауға керек шындық. Маған ақыл да айтқан. Мұндай ақылын мен құп көргенім сондай, сыр сандыққа салып қойып, ашқым да келмеген. Расында да, бір адамның  сізге сеніп айтқан сырдай шыны, шындай сырын неге біз өзгелерге жариялауымыз қажет!? Ол сізге сенді ғой. Демек, өзіңізге деген сенімнің қадірін кетірмеу дұрыс.

         Болатжан бірде-бір рет тіс жарған жоқ, мен сұрамаппын. Әйтпесе оның өлең жазуға келетін нәзік табиғатын сезуге болатын еді. Ол тіпті өлең жазбаса да, маған қазір ақынжанды боп көрінеді. Әркімге емес, өз көңілі ұйыған адамға ғана ақтарылғысы келетін Бөкеңнің. Соның өзінде түгел ашылдым  деп ойламайтындай. Өйткені шектен тыс сыр шашу кісілікке жата бермейтінін білетіндей. Мен, мысалы, Бөкеңнің жеке тіршілігіне қатысты кейінгі кезеңдегі сырларынан хабардар емеспін. Сырттағы адамдардан естимін. Өзін қажауды ыңғайсыз көрдім. Жанын жаралап аламын ба деп қауіптендім. Дегенмен, күрделі тұлға боп көрінді. Өзіне де түсініксіз ой-қиялдың шырмауында жүрген шығар. Ал жан-жары Үмітке деген құрметін «Ондай адам жоқ» деген бір ауыз сөзбен білдірді, жас жарына көзқарасын кішкене нәрестесіне сүйіспеншілігінен танығандаймын. Екі жанұясының бір-бірімен араласып тұратынын, кенжесі үлкен үйіндегі балаларының ертедегі киімдерін қанағат тұтатынын естігенде, Бөкең үшін іштей тебірендім. Үміттің ақылына тәнті болдым. Кіші жеңгеміздің де тағлым-тәрбиеден құр алақан еместігіне ырза едім. «Жақсы ғой бәрі, тамаша!» деген тәрізді әзілге жығатындай кезекші сөздермен шектелсем де, көңілімдегі тілектестік күй кернеуі мол еді. Ашып айтсам, Бөкең оны шын көре ме, әйтпесе сынай немесе жорта сөйлегенге сая ма деген ойға бас иіп, жайсыздау әңгімені соза бермедім. Ол ертеңіне Астанаға, Еуразия университетіндегі жұмысына ұшатын еді. Шынында, әншейінде момын, бірқалыпты өмірді сүйетіндей Болатжанның махаббат романтикасымен жең ұшынан жалғасып кетуі көпшілікті таң қалдырған.

         Басқа біреу жайлы болса, Бөкең «Сезім ғой, оны кінәлай алмайсың» дер еді. Әдетте ол өмірдегі осы сияқты оқшау құбылыстарға мейлінше әділетті қарайтын. Байыбына бармай, өзгені сөгуден қашатын. Аты жер жаратын үлкен ағаларымыздың ерекше шешімдерін осылай бағалайтынбыз. Сөйтіп жүргенде, Бөкең өзі де бірталай болжам, әңгімелердің жұмбақ кейіпкеріне айналды. Болатжан бәрібір, бақытты жан еді. Бақыт туралы да арнайы сөйлеспеппіз. Саттар Ерубаевты жеке-жеке оқығанымыз содан білінеді. Әйтсе де, біз өзіміздің алдымыздағы көрнекті ғалымдардың ірі жетістіктеріне тамсанып, бақыттың негізгі қонысы еңбекте ме дейтіндей пікірмен қайта-қайта қол алысқандаймыз.

         Университеттегі жылдары, одан соң да пәтерден-пәтерге көшумен болдық. Осы ретте бізден жасы үлкен белгілі жазушы Нұрқасым Қазыбектің ертедегі күндері «Заслуженный квартирантпыз» деген сөзі ойға түседі. Рахаттанып күлгенбіз.

         Қазір Семей өңірінде тұратын ақын Мейрам Ораловпен бірге оқып, бір пәтерде тұрып қалдық. Оның «Прометей оты» атты өлеңінің түкірігі жерге түспейтін шақ. Сол Мейрам жерлесі – филфакты бітіруге таяған Болатжан Әбілқасымовтың сыншыл реализм хақында диплом жұмысын жазып жүргенін айтты. Әлгі тақырып айрықша жаңа көрінеді. Мейрам Бөкеңнің аудандық газетке поэзия туралы мақала жазып, жаңа буын, жас төлді сипаттағанда «жауыннан кейін жайқалып өскен қалың құрақтай» боп келетін өзгеше тіркестерін келтіргенде, әңгіме қаһарманы Робин Гудтан кем соқпады. Ақыры танысқанда, Болатжанның өздеріміз сияқты қарапайымдығына шүкіршілік қылғандаймын. Білімді екен. Реализм жайлы кітаптары бар Петров, Днепров, Сучков есімдері тың естіледі. Осы «сыншыл реализм» деген көркемдік әдіс дүниені ұстап тұрғандай екен. Осы ойды мен қазір есейген назармен, біраз жаңартып барып қабылдауға әрдайым дайын тұрамын. Бірақ терминдер мен шындықтың арасы алшақтап кетті ғой.

         Әйткенмен, болашақ жас досымның «сыншыл реализмнің» жілігін шағып, тобығын жұтуға әзір екендігі ғылымға деген ықыласыма от құйып жіберді. Әлде бір уақытта бұл мәселе жайлы мақаласының «Қазақ әдебиетінде» жарық көруі Болатжан Абылқасымов бейнесін Ертөстік дәрежесіне жеткізгендей.

         Кейіннен мен Бөкеңнің пәтеріне сұранып бардым. Талай әңгіме-дүкен құрып жүрдік. 8-ықшам ауданда тұрдық. Ол университетті бітіріп, Ғылым академиясынан басқа жерді ұнатпайтынын жасырмастан, сол академиядағы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына аға лаборант боп әрең орналасты. Менің де осы жолды қууыма Болатжан мысалы әсер етті. Бұл институттың магиясы күшті еді. Әйгілі адамдардың ұрпақтары, аса белгілі оқымыстылар қызмет атқаратын. Естігенде, аузымның суы құриды. Олардың «Таулы қыратқа» барып, қызылша тергені де таусылмайтын қызық іспетті. Әлгі ғалымдар қандай қарапайым деп ойлаймын. «Болатжан да ер ғой, солардың ішінде жүрген» деп қоямын.

         Бөкеңнің қурстас достарынан Шәкір Ыбыраевтың, Омарханның келгендері жадымда. «Матра» дейтін коньяк ойымда қалыпты. Шәкең жайлы «Бізден кіші курста әдемі қызы бар, үйленгелі жүр, өзі де өңді емес пе» деді бірде Бөкең. Бұл оның өзіне тән әділеттілігі мен адалдығы еді. Сейілғазы атты жиен бауырымен кездесіп жүрдік. Қазір белгілі қаламгер. Бөкеңнің болашақ жары – Үмітті де осы пәтерде көрдім. Жайлы, көкейге қонымды махаббат өріс жайғанын білетінмін.

         Лермонтов, оның келешектегі жазагері Мартыновпен бала кезінде таныстығы, бірін-бірі ойнап, қорқытпақ болғаны туралы оқығанымды әңгімелесем керек. Бірде кешкісін сабақтан оралып, төргі бөлмеге өте бергем. Қараңғыда біреу табалдырықтан аттай бере оң жағымнан бас салды. Көз қиығымды салсам, беті бүркеулі, ақ киімді, тұтас бейне. Үні жоқ. Мойындау керек, қатты үрейленгенім рас. Сөйтсем, ақ жамылғы оранып алған Болатжан екен. Қайтер екен депті. Әрине, күлкінің реті келіп жатыр. Дегенмен, сыннан өте алмадым. Болатжан атақты Қабанбай батырдың ұрпағы еді. Қылығы батырлық дәстүрден хабар береді.

                          «Сол шетке қондырыпты Қабанбайды

                            Ондай жан дүниеде жаралмайды.

                            Дұға қыл, қол көтеріп, Қабекеңе,

                            Өзге жан жау шебінде қала алмайды.

                            Жау шетінде пана боп сол жатпаса,

                           Бұл қазақ Сарыарқаны ала алмайды», - деп, ұлы сардарды жырға қосқан Әзімбай Бижанұлының осынау жолдарын оқығанда, табиғи шынайылыққа, қалың елдің риясыз құрметіне тәнті боласыз. Есіме Болатжан Абылқасымов оралады. Бәкең батыр тұлғалы болғанымен, бейбіт заманда өмір сүрді. Ашуынан ірілік танылса да, бекерге қылыш сермеудің жөні жоқ еді. Тағы да тауға шығып, алма теріп жүргенімізде, бір биіктен өзгеміз желе жортып түсіп кеттік те, Әдебиет және өнер институтында болашақ ғалым-хатшылыққа дайындалып жүрген Бөкеңнің төмен қарай қозғала алмағаны. Қолын біреуге созып, құйрығын жерге тигізбей отыр. Жүзі қызарып кеткен. Бір қолын жүрек жағына апарып, «қысып барады» дейді. Шағаланың баласы кейіптес көрінді. Бойшаң қалыпта, қанат қағатындай. Мен жеңілтектік жасап, күлген едім. Жүрегі ауыратынына сенбеген едім. Қайта бұрылып, Бөкеңді қауіпсіз беткейге жеткіздік. Өзі және кеңкілдеп күледі. Бәріміз күлеміз. Әдебиет және өнер институтындағы жастық шағымызда алаңсыз қызықтар мол еді.

         Осы институттағы Ләйлә Мұхтар қызы Әуезова мен Шәмшия Қаныш қызы Сәтбаева ұлы ғұламалардың тірі  көшірмесі тәрізденетін. Таң қаламыз, әсер бөлісеміз. Иә, бақыт деп, сол жерде ғылымға қызмет етуді ойладық па екен? Әйгілі жазушы, партизан, ғалым Әди Шәріпов болса, біздің бәрімізге әкедей қамқор. Академик М.Қаратаев - өз алдына бөлек тұлға. Әбілда Тәжібаевты қайтесіз. М.Дүйсенов, Е.Лизунова, Ә.Дербісалин т.б. Мұнда Кеңестер Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин қызмет атқарған! Болатжан Мәкеңнің шахматқа құмар болғанын айта беретін. Р.Бердібай, М.Базарбаев, Ә.Нарымбетов, Т.Әбдірахманова, Б.Наурызбаев, Б.Уахатов, Б.Адамбаев, Н. Төреқұлов, К.Сейдехановтар ше! Бәрі де қазір Атлантида заманының алыптарындай кесек көрінеді. Қазіргі академик Сейіт Қасқабасов Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғалым-хатшы болғанымен, институтпен тамырлас. Оның қатарласы Едіге Тұрсынов пен Сейіт Асқарұлы жастар үшін еліктеуші тұлға болатын. Екеуі де фольклортанушы. Болатжан да «Жамбылтану» бөлімінде жұмыс істегендіктен, фольклористика саласына ауысты. Есмағамбет Ысмаиловтың сыншылық мұрасына арналған алғашқы тақырыбын (кандидаттық диссертация үшін) өзгертті. Содан беріде сыншыл реализм жайлы зерттеулер де көркейе қойған жоқ. Ал Б.Абылқасымов Мәскеудегі Әлем әдебиеті институтынан екі жыл тағлымдамадан өтіп, қайтып келген соң, диссертациясы негізінде «Қазақ әдебиетіндегі толғау жанры» деген орысша кітап жариялады. Бөкең орысша жазуды үйреніп келді. Ғылыми жетекшісі көрнекті оқымысты Н.Стеблева екен. Алматыда қорғады. Ғылым кандидаттығы, ғылым докторлығына диссертация қорғағанда да келеңсіз іркілістер пайда болып, бәрі орнына келгенін білемін.

         Өз еңбегінде Б.Абылқасымов бірінші рет толғау жанрын монографиялық деңгейге көтеріп қарастырды. Оған дейін мұндай ой ешкімге келген жоқ. Толғаудың жанр ретіндегі басты ерекшелігі еркін әрі мол ауқымды, сан алуан тақырыпты қозғай алатын көркемдік табиғатында екенін дәлелдеді. Автор осы тараптағы шығармаларды ішкі мазмұны, пішіндік бедері тұрғысынан жете жіктеп, түрлі құрылымдық өлшемдерге бөлді. Әдеттегі ғылыми ойды әсерлеп айту немесе қарадүрсін баяндап сөйлеу үрдісін мансұқ етті.  Жеке авторлық өзгешеліктерді топтастыра  зерделеу нәтижесінде ортақ қасиеттер, типологиялық түзілім заңдылықтарын көрсете білді.       Зерттеу ұйқас, ырғақ қана емес, тұтас мәтін жүйесін кешенді тұғырнамалық тұрғыдан қамти жүргізілді. Әсіресе жас ғалым жырдағы тұрақты қайталанымдардың эстетикалық, стилистикалық мәніне зор көңіл бөлді.

Ол ғылым төңірегіндегі әңгімелерге тым қатал еді. Жалпы, фольклортанушылардың сырт көзге шамалы нәрсені айрықша әспеттеп, жаңалықты қарапайым  түрде ұйымдастырып, өте-мөте ықыласпен дәріптейтін ерекше мінезі Бөкеңде де болатын. Қалай дегенмен де, сөз ғылымының математиктеріне  ұқсайтын жандарды бағалап жүретініңізді білдіріп қою артық емес еді. Әркім өзі араласатын білім саласын айрықша санауы әділ  де шындықпен төркіндес. Сондықтан болар, Бөкең ғылыми стильдегі эпитетке жаулықпен қарайтын. Өзі нақты терминологиялық оралымдары көп сөйлемдерді ұнатты. Сөз, ұйқастарды, қайталану құбылыстарын санауды, мейлінше дәл болуды қалады. Нәрлі тіл көріністерінен де толық құтылып кете алмайды. Бірақ асыра сілтемейді. Дәстүрлі, мағынасы жатық тіркестерді тың байламдарының тәртесіне жекті. Оңды нәтижесі мамандарға мәлім. Мәселен, таяуда ғылым докторы, фольклортанушы Бақытжан Әзібаеваның осы кітапқа, оның орысшасына сүйсініп тұрғанын көрдім.

         Тегі, Б.Абылқасымовтың филология ғылымын ғарыштық есептеулерден кем санамайтынын қадірлейтінмін. Өзім де қосыла жырлап тұрғандай болатынмын. Әдебиеттану мен фольклортану біздің тағдырдан алған еншіміз екенін іштей сезінетінбіз. Барлық ғылымның өкілімен төс қағыстыруға әзір мен Бөкең әдебиеттануға қырын қарамас деп ойлайтынмын. Ең жақын бауырын алаламас деген тұжырымға тоқтағым келетін.

         Болатжанның ой жағынан ерте есейгенін мен оның студент кезімізде-ақ «марксизм – ленинизм, ол – дін» дейтін қағидасынан аңғаруға болатынын кешірек  ұғындым. Саяси ағымдарды дінмен салыстырады. Белгілі бір дәрежеде рас нәрсе. Түгел құптамасаңыз да, кеңестік дәуірде өз ұясынан өзі түлеп ұшқан толғамның өміршеңдігіне, өткірлігіне кепіл жетерліктей.

         Б.Абылқасымов 1993 жылы «Атамұра» баспасынан «Телқоңыр» (Қазақтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклоры) атты монографиясын жариялады. Докторлық диссертациясы осы бағытта жазылды. Көп сөз болмаған, айтылса да, жан-жақты сараланбаған, жүрдім-бардым әңгіменің өзегіне айналған этнофилософиялық мәселелердің ең ұтымды кілтін табуға ұмтылыс байқалатын. Зерттеуші өзіне дейін пікір жүгірткен адамдардың атақ, беделіне қарамастан, олардың ғылыми жіктемелеріндегі ағат тұстарды жасырмайды, түрлі концептуалдық версияларға қосып-ала отырып, өзіндік бітімі зор тұжырымдарын ұсынады. Әсіресе проблеманың тарихнамасына, сан алуан көзқарастар тоғысында жатқан ой асылының терең болмысын тануға ұмтылады. «Қазақтың ғұрып фольклорын саралау мәселелерін» бір ізге түсіргендей болатын ғалым «Бәдік», «Арбау», «Бақсылық және бақсы сарындары» сияқты тақырыптар төңірегіндегі ұзақ уақыттарды қамтитын толғаныстарын ортаға салады.

         Автор бір ғана болжамның жетегінде кетпейді. Сан алуан мысал, ойлардың иелерін де іріктеп көрсетеді. Бар жүкті ғылыми сілтемелерге арқалатады. Біршама салыстырмалы зерделеу үдерістерінен кейін барып, оқшаулығы, байыптылығы басым, екі жаққа бірдей қарайламайтын, мейлінше сенімді байламдарын мөрдей басып сөйлетеді.

         Ауызекі әңгімеде эпитетке тоң-торыс болып жүретін Бөкең қазақша жазылған бұл кітабында ажарлы сөз тіркестерінен, кейде тіпті сәтті метафоралық оралымдардан сырттап кете алмайды. Мәселен, «Әрине, ойынның режиссері де, басты орындаушысы да - бақсының өзі. Сан-салалы өнердің басын түйістіретін, көгендейтін ортақ желі – бақсының сарыны. Ол әртүрлі хрестоматиялардан, жинақтардан орын алып жүргендей шолақ, қортық өлең нұсқасына тіпті де жатпаса керек» немесе «Екінші белгі – оның «көш» сөзімен тоқайласа, тоқым қағыстыра ірге қонатындығы» тәрізді фразалар әредік кездеседі. Қазақ санасына өгей құбылыс емес. Қайта авторлық ойлау жүйесінің мол қабаттылығына, энергетизміне айғақ. Болатжан өзі суқаны сүйе бермейтін эпитетті («шолақ», «қортық») де дәл осы жердегі тапқыр қызметіне орай арқасынан қағып қоятындай.

         Б.Абылқасымовтың ұйқастарға тән морфологиялық түзілімді статистикалық тәсілмен талдауы – тың қадам. Автор фольклорды әдебиет құрамына қосудан қашса да, сөз өнері санатына жатқызатынын жасырмайды. Әрине, фольклор – күрделі құрылым. Болатжан оны этнография, антропология ілімдерімен байланыстыруға ынта білдіретін. Түсінетін мамандар бұған наразы емес.

         Бөкең Әдебиет және өнер институтынан соң Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында факультет деканы, кафедра меңгерушісі боп жемісті қызмет атқарды. ҚР Жоғары аттестациялық Комитетінің сарапшылары құрамында жұмыс істеп жүргенімізде оның ғалым-хатшы ретінде шаршағанына қарамай, еңбек торысының қамытын тастамайтынын байқағам. Сол кездері жүрегі шынымен сыр берді.

         Әр кезде өзіне дәріс оқуға не түпкілікті ауысуға шақыратынын еске алып,  реті келгенде мен де оны ҚазҰУ-ға, әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасына келуін сұрадым. Бізге қызығушылығын аңғартқан. Алайда, ол: «Қап, сәл ертерек айтқаныңда, ойланар ем, қазір басқа бір жұмыспен келісіп қойып едім», -   деді. «Кейін білесің өзің» деді. Сөйтсем, ол Астанадағы  Еуразия ұлттық университеті екен. Ұстазымыз Р.Нұрғали ағамыз Бөкеңді тағы бір бауырына басқысы келген екен. Өзі «ауасы тамаша» деп қуанумен жүрді.

         Кейінгі ауырғанында да хабарласып тұрдық. «Әлі сексеніңді де тойламайсың ба!» дегенімде, ырза боп, балаша сықылықтап күлгенін естіп тұрдым. Даусымызды бірден танитынбыз. Бірден жылыұшырап жататынбыз. Үнінде бір сыр айтуға бейім әуен байқалатын.

         Ол әрдайым астары қалың дүниенің тосын мінездеріне таң қалудан жалықпайтын. Маған кейде оны мұң етіп, кейде философиялық түйін етіп, көбінесе құпиялап жеткізетін. Менің Бақытжан дейтін інім бар. Сонсоң ба, іш тартып тұрамын деуші еді. Отбасы, бала-шағасы, ағайын-туғаны, дос-жараны, әріптестері Болатжан есімін дәріптей берері анық. Бірақ ол, дәріптеуді де,ұнатпайтын. Мейлінше қарапайым көрінгісі келетін. Ал қайсыбіреу шалқайса, қатты назаланатын, оқыс айтып та салатын.

         Болатжан қайтыс болғанда оны тірі сияқты көрсеткен бір адам – інісі Бақытжан. Аумай қалған. Сөзі, сөйлеу мақамында өзгешелік болса ше. Бой-бітімі, көз қарасы, мінез-қимылы да айнымайды. Ер пішінді анасы да шыдап бақты ғой, деп іштей тебіренемін.

         Біздің арманымыз биікте болатын. Өмірге қарап еңкейдік. Енді сол өмір Болатжан Абылқасымовты басқа өлшемге көшіріп, бізге екінші өмірінің төлқұжатын ұсынады. Қай заманнан бері қартаймайтын, жүзі сазарған шындық бізбен тағы да келісімге отырмақ.          

Бақытжан Майтанов,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің Әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі,

профессор.

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту