20-01

ӘКЕМ ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ ТӨЗБЕЙТІН

Әкем жөнінде көп жазуға болады. Бір жазушы айтқандай, бір адамның өмірі – тұтас бір роман. Бұл дұрыс та шығар, бірақ, менің ойымша, адамның бүкіл іс-қимылын,  ішкі дүниесін, ой-ниетің қалай бір кітапқа сыйғызуға болады?! Ол тек қана Алланың періштелеріңің құзырында болса керек.
Біздің мақсатымыз – әкемнің өнегелі өмірінің кішкентай үзінділері болса да болашақ ұрпағына естелік ретінде қалса, олар аталары туралы сұрақтың жауабын осы естеліктерден тапса деген ниет.

Тереңөзек ауданына қарайтын Майлықұм деген жерде «№9 бекет» деп аталатын кішкентай ғана ауыл бар. Ежелден топырағы киелі жер. Біздің Сырдың бойында Жалайырлар көп болмайды. Жүз түтінге жетер-жетпес Жалайырлардың бірсыпырасы сол №9 бекетте тұрған. Жуырда ғана әкемнің апасы қайтыс болып, сол кісіні соңғы сапарға шығарып салуға бардым. Топырақтың бір ерекшелігі, майлы болғанымен, киімге жұқса бір қаққаннан қалмайды. Апамды жерлеуге барғанда зират басында үсті-басымыз шаң болды. Жастар кішкене қынжылып жатты. Үсті-бастарының топырағын қағып, әбігерге түскен жастар мен жанымдағы жамағатқа қынжылудың түкке қажеті жоқтығын айттым. «Бұл – киелі топырақ. Бұл топырақтан 5 министр шыққан. Басқарма бастығы, департамент директоры дегендерді қоспағанның өзінде, 3-4 әкім шыққан», – дедім. Сол жерде менің қасымда облыстық денсаулық сақтау басқармасын көп жыл басқарған Ернияз Омаров деген азамат та тұр еді. Міне, осы киелі топырақтан мен шықтым, менің әкем шықты.

Киелі дегенде оның киесі жерінде ме, суында ма, ауасында ма, білмеймін. Біздің ауылда Иса Тоқтыбаев деген кісі болған. Ленинградта Красный Восток деген университеттің ректоры болған, ағарту саласы бойынша халық комиссары қызметін атқарған үлкен азамат. Біздің ауылдың балаларын алғаш оқуға тартқан да сол кісі. Мыңға жетер-жетпес қана түтіні бар кішкентай ауыл. Ағамыз ауыл балаларын оқуға алып кетеді. Оның ішінде іліп әкеткендері бар, оқи алмағандары да аз емес. Ауылдағы аталарымыз бен әжелеріміз балалардың оқуына байланысты неше түрлі әңгіме айтып, күлдіріп отыратын. Бір бала оқи алмай, ауылға қайтып келіпті. Әкесі екеуі көшеде кетіп бара жатса, әуеде ұшақ ұшып бара жатыпты. Қанатында жазу бар екен. «Балам, сен оқып келдің ғой. Ұшақтың қанатында не деп жазылыпты?» – деп сұрапты әкесі. «Эс-эс-эс-эр» деп баласы ежіктеп әрең оқып беріпті. Әкесі сонда баласына риза болып, «қарала сиырдың құны қайтты ғой» деген екен. Міне, осындай да қызық болған.

Жердің қасиеті шығар, балалардың дені оқуға талпынған. Достарының айтуы бойынша, әкем үздік оқыған. Үлгілі оқып, зеректігімен көзге түскен. Әсіресе, математиканы мықты меңгерген екен. Математика сабағында есепті ең тез шешетін және дұрыс шешетін екі бала болыпты. Оның бірі менің әкем екен де, екіншісі Райс деген кластасы екен. Әкем өзінің қабілет-қарымын пайдаланып, оқуға түседі. Өзінің айтуына қарағанда, оқуға түсерінің алдында түс көріпті. Тура оныншыны бітіретін кез екен. Кластастарымен бірге бір снарядты көтеріп келе жатады. Алдарынан өткел кездеседі. Сол өткелге келгенде әкем снарядты көтеріп өтіп кетеді де, басқа балалар қалып қояды. Түсінің расқа айналғаны шығар, бір мектепті бітіріп, оқуға барған оншақты баланың ішінен әкем ғана оқуға түседі.

Кішкентай ғана ауыл мектебінде, кейін Қызылордадағы 1 Май мектебінде оқыған әкем қасындағы балалардың институттарына барып, емтихандарын тапсырып беріп жүреді екен. Алғыр болады. Жоғары оқу орнында да жақсы оқиды. Институтты бітіргеннен кейін елге келеді. Негізінде, институт басшылары әкемнің аспирантураға қалғанын қалаған екен. Бірақ, отбасының жағдайын ойлаған әкем елге қайтады. Еңбек жолын қатардағы инженер-технологтан бастап, аз ғана уақыт ішінде зауыт директорлығына дейін көтеріледі. Өзі жаңалыққа құштар болады. Автокөліктер мен тракторларды жөндеуден өткізетін кішкентай ғана зауытты аз уақыт ішінде іргелі мекемеге айналдырады. Жеке цех салдырады, жаңа технологияны енгізеді. Сөйтіп, заман талабына сай үлкен өндіріс орнына айналдырады. Сол еңбегінің жемісін өзі көп те көрмейді. Ол кезде бәрін обком шешеді, облыстық партия комитетінің хатшысы «тағы бір зауыт керек» деген желеумен, әкемді жаңа зауытқа ауыстырады. Тек қағаз жүзінде ғана бар зауытқа жібереді де, дайын дүниені алып қалады. Әкем партияның айтқанын екі етпей орындайтын қып-қызыл белсенді болатын. Бір сөзге келместен, жаңа қызметіне кірісіп кетеді.

Әкем әрқашан жұмысты беріліп істейді. Партияның тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Соншама уақыт маңдай терін төккен зауытты тастап, кішкентай ғана цехы бар кәсіпорынға барады. Еңбекқорлығының, ізденімпаздығының арқасында сол кішкентай ғана зауытты одақ көлемінде танымал кәсіпорынға айналдырады. Мәскеуге шапқылаумен болады. Ақырында дайын өнім шығарып, оны Куба, Болгария, Вьетнам мемлекеттеріне экспорттайды. Міне, әкемнің еңбекқорлығына бір ғана мысал.

Ес білгелі білетінім, әкем еңбектің адамы еді. Сол замандағы көп азаматтар секілді балаларға көңіл бөлуге, үйдің шаруасымен айналысуға уақыты болмады. Азаннан кешке дейін зауытында жүрді. Өндірісті көтеруге күш салды. Зауыт әкемнің екінші үйі сияқты еді. Бұл, әрине, біздің тәрбиемізбен мүлдем айналыспады деген сөз емес. Әкем бізді сөзбен емес, іспен тәрбиеледі. Еңбекқорлығымен, адалдығымен үлгі болды. Қыстыгүні кешкілік бәріміздің басымыз қосыла қалатын. Ондайда әкем қазақтың мақал-мәтелдерін, қанатты сөздерін айтатын. Бізге сол арқылы тәлім берді. Адамның ойынан шықпайтындай, санасына мықтап орнығып алатындай, адамның ұраны боларлықтай сөздерді көп айтушы еді. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» дегенді, қателеспесем, 11-12 жасымда айтты ғой деймін. Сол сөз менің өмірлік ұстанымым боп кетті. «Жаманменен дос болсаң, басың бәлеге душар болады. Жақсылармен дос болсаң, ілтипаты тиеді» деуші еді. Бұл да менің санама сіңген сөздерінің бірі.  

* * *

Кезінде саясаттың буымен «Оқы, оқы және оқы» дегенді Ленинге теліп жүрдік қой. Асылы, бұл қасиетті Құран Кәрімде жазылған сөз. Қасиетті кітап дәл осы «оқы!» деген сөзбен басталады. Әкем де біздің жақсы оқығанымызды қалады. Алғашында менің де сабағым тәп-тәуір еді. Кейін ортам әсер етті ме, бозбала шақтың желігі ме, сабағымды ақсатып алдым. Жетіншіні бітірген жылы қоныс аударған едік, басқа мектепке ауысқанымның да әсері болды ма, сабағым нашарлап кетті. Бірақ, бір жақсысы, сабақтың орнына әдеби кітап оқуды әдетке айналдырдым. Адам өз өмірінде орта есеппен екі мың кітап оқиды дейді ғой, мен сол екі мың кітапты 15 жас пен 18 жастың арасында оқып тастаған шығармын деп ойлаймын кейде. Көп оқитынмын. Институтқа түстім. Алғашқы кезде сабаққа ден қоя қоймадым. Жаңа қала, еркіндік, қол бос. Қадағалап отырған әке-шешең тағы жоқ. Сөйтіп жүріп, бірінші, екінші курстарда оқуымды шамалы әлсіретіп алдым. Әркім өзі жетіліп, санасы өскеннен кейін өзгереді дейді ғой. Сол рас екен. Мен де бір кездері саналы түрде оқымасам болмайтынын түсіндім. Басқаша айтсам, әкемнің сөздері санама сол сәтте жетті.

Әкем жұмыс барысымен Мәскеуге жиі баратын. Мен Ақтөбенің медициналық институтында оқыдым. Бірде Мәскеуге бара жатып, жолай әкем соғып кетті. «Әке, неге маған оқу керектігін жай айтып қана қоймай, қатаң талап қоймадың, неге қатты ұстамадың?» – дедім сол кезде. Кейбіреулер балаларын ерте бастан оқуға баулып, үйірмелерге апарып жатады ғой, соны алға тартып, маған неге талап қоймағанын сұрадым. Әкем ұрыспады да, ақыл да айтпады. «Балам, өзіңнің санаңмен сезінсең, сол дұрыс», – деді. Расымен де, сол кезде оқымасам түк шықпайтынын білдім. Көзім жеткеннен кейін шындап кірісіп оқыдым. Үшінші курстан бастап кірістім, төртінші, бесінші курстарда менің бір «төртім» болған жоқ. Оқымасам, үйренбесем, жақсы дәрігер бола алмайтынымды ұқтым. Уақытымды бекерге жіберіп алғаныма өкініп, мықтап кірісіп оқыдым. Одан жаман болған жоқпын, күні бүгінге дейін соның жемісін жеп жүрмін.

Ер жетіп, ақыл тоқтатып, енді-енді қызметке ілініп жүрген кезімде әкемнің айтқан тағы бір сөзі есімде қалды. Басқарма бастығы болып істеп жүргем. «Балам, дүниеге, қызметке қызықпа. Дүниені тартып алады, бүгін бар да, ерте жоқ. Ол саған байланысты емес. Қызмет те қолдың кірі. Ол да адамның бағы емес. Бүгін болғанымен, ертең көзден бұл-бұл ұшуы мүмкін. Білімге қызық. Білімің мен ақылыңды ешкім тартып ала алмайды. Ол сенімен бірге кетеді. Қандай жағдай болса да, білімің мен ақылың алып шығады. Ақылың болса, отбасыңды да асырайсың, өмірде де адаспайсың», – деді. Күні бүгінге дейін осы сөзі жадымнан шыққан емес. Ол талай рет алдымнан шықты да. Әкем секілді мен де қызметке ерте араластым. Қызмет те толқын сияқты ғой. 28 жасымда Қызылордадағы ең үлкен аурухананың бас дәрігерінің бірінші орынбасары болдым. 34 жасымда сол кездегі өлшем бойынша ең жас денсаулық сақтау басқармасының бастығы болдым. Қызмет бірде келді, бірде кетті. Күндердің күнінде жұмыссыз қалдым. Әртүрлі жағдайлар болды. Сол кезде тағы да әкемнің айтқанына көзім жетті. Білімімнің арқасы шығар, Алматыға келіп, хирургия институтына жұмысқа тұрдым. Хирург болып істедім. Отбасымды асырадым. Қайтадан қызметке іліктім. Құдай өзі ретін келтірді.

* * *

Әкемнің мінезі өжет еді. Ол кісі туралы досы Әбдіжәлел Бәкірдің 60 жылдығында жазған естелігі бар. Ол кезде балалар төбелеседі ғой. 1 Май мектебіне ауысып келген кезі, балалардың әдеті ғой, қыр көрсетеді. Жаңа кластың атаманы мінез көрсетіп, тиісе бастайды. Көпшілігі ауылдан келген балалар, атаманға қарсы шыға алмайды екен. Әкем соған төтеп береді. Екеуі төбелеседі. Балалардың барлығы қоршап тұрады. Әбдіжәлел аға айтады, екеуі де қайтпай, бет-ауыздарының қан-жоса болғанына да қарамай төбелеседі. «Сонда мен оның өжет, қайтпас қайсар мінезіне таң болдым» дейді Әбдіжәлел аға.

Әкемнің өжеттігіне қатысты әртүрлі оқиғалар көп. Әкем оң мен солға, үлкен мен кішіге қарамайтын, әрдайым әділдік жағында болатын. Әділетсіздікке жол берілсе, қайдан шықса оннан шықсын деп, қойып қалатын. Зауыттың директоры болып тұрған кезінде Мәскеуден көп қонақ келетін. Бір күні комиссия келіп, комиссия мүшелерінің бірімен әкем сөзге келіп қалды. Ана кісінің аузынан қандай сөз шығып кеткенін кім білсін, әкем әлгіні қойып қалды. «Ойбай, жұмыстан кететін болды» деп жұрт шу-шырқан. Ештеңе болған жоқ. Анау кісі өзінің артық кеткенін сезді ме, білмеймін, әйтеуір іс насырға шапқан жоқ.

Әкем әділетсіздік болғанын білсе, адамның қызметіне, сатысына, деңгейіне, дәрежесіне қарамайтын. Қажет болса, төбелесіп те кететін. Шешем «әкеңнің оққағары бар» деп отыратын. Жаңағыдай жағдайлардан кейін жұмыстан кетпей, аман қалу оңай болмаса керек. Кім біледі, бәлкім шынымен де оққағары бар шығар. Қауіпсіздік комитетінің дүрілдеп тұрған кезінде қауіпсіздік қызметінде істейтін бір полковникпен менің көз алдымда боқтасып қалғаны бар. Неге екенін қайдам, екеуі шыр-пыр болды да қалды. Шешем байғұс шошып, «соттайды, қудалайды» деп еді. Адам болған соң зияны тие ме деп қорқады ғой. Шынымен оққағары бар ма, мәмілеге келді ме, білмеймін, әйтеуір жабулы қазан жабулы күйінде қалды.

«Ит егесіне тартады» деген рас сөз болар. Әкемнің Майлыаяқ деген иті болыпты. Кішкентай кезінен асырапты. Көршінің иті туып, әкесімен барып, бір сары күшікті таңдап алған екен, сол кейін жақсы ит боп өседі. Әжемнің әңгімесі. Ит өскеннен кейін арбаға еріп жүреді. Әжем арбамен бір ауылға барады. Есекпен барады, ит ере жүреді. Ауыл иттерінің әдеті, басқа ит келгенде жамырай үріп, шәуілдеп, талайды ғой. Жан-жақтан иттер жиналып, топтаса бастайды. «Итімді талайтын болды ғой» деп әжем қатты қобалжиды. Бірақ, иттің өжеттігі сондай, айбат шегіп, бірде-бір итті маңайына жолатпайды. Хайуан да болса, көзінен от шашып тұрғанын олар сезсе керек. Әкемде де сондай қасиет болған.

Әкеме өжеттік текпен келді деп ойлаймын. Әжем де батыр, өжет адам еді. Кезінде қасқыр ұрып алған. Бірде ауылға қасқыр шауып, қорадағы малға тиеді. У-шу болып жатқаннан кейін қораға кірсе, Майлыаяқ пен қасқыр тістескен күйі сіресіп қатып қалыпты. Сонда әжем қар күрейтін күректі алып, қасқырды басынан ұрып өлтіреді. Ер адамның өзі бара алмайтын ерлік жасайды. Үлкен қасқыр екен. Кейін терісін үйге іліп қойғанда ауыл адамдары таңқалысыпты. Құйрығы жерге тиіп тұрған көрінеді. Бірақ, ол кезде үйлер биік те емес қой... 

* * *

Әкем туралы кітап жазып, біреумен бақталасайын, тайталасайын деген ойым жоқ. Тағы да қайталап айтайын, бұл кітап бірінші кезекте біздің әулетке керек. Әрине, әкемнің замандастары, жора-жолдастары, танитын адамдар қызығушылықпен оқитын да шығар. Дегенмен, мен әкемнің өнегелі ғұмырының немерелеріне, шөберелеріне, олардың ұрпақтарына үлгі болғанын қалаймын.

Ойланып қарап отырсам, Дәулетбай атамыз көзден ғана емес, көңілден де кете бастағандай. Ол кісінің өмірі, өнегесі, балаларына қандай тәрбие бергені, қалай өмір сүргені бүгінгі ұрпағына беймәлім. Дүниеден өткенінде жоқтаған адамдардың өздері де бүгінде бақилық болған. Атамыз туралы айтылған азды-кемді естеліктер де ұмытыла бастады. Тасқа қашалмағаннан кейін солай болады екен. Әкемнің де көңілден кеткенін қаламаймын. Менің әкем жақсылы-жаманды бір әулеттің ұйтқысы болды. Өзінен кейінгі іні-қарындастарының барлығын дерлік өсіріп, жетілдіріп, бүгінгі күнге жеткізді. Балаларын да қатарға қосып кетті. Әкем артында қалған ұрпағы мақтанатындай, үлгі ететіндей өнегелі ғұмыр кешті. Әрине, кім өзінің әкесін жаман дейді?! Әркімге де әкесі ыстық. Дегенмен, жақсының жақсы екеніне бұлтартпас дәлел керек. Ал ондай дәлелді әкемнің өмірінен жүздеп, мыңдап табуға болатынына өз басым кәміл сенімдімін.

Әкем кез келген тығырықтан шығудың жолын білетін. Мінезді еді. Болған жағдайды саралап, талдап-таразылап, бір шешімге келетін. Бұл әкемнің табандылығын көрсетеді. Қызметте абыройлы болды. Жетекші, басшы ретінде қоластындағыларға ешқашан қиянат жасаған жоқ. Адал қызмет ету арқылы артындағы ұрпағына үлгі көрсетіп кетті. Қиындыққа төзе білетін қажырлы да еді. Басына іс түскенде мүжіліп, қара жамылып отырып алмайтын. Қайратына сенетін. Бұл да ұрпағына үлгі.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз тектен-текке айтылмайтын болса керек. Ұя деп отырғанымыз – туып-өскен шаңырағы. Әкем әкесінен көргенін істеді. Жасынан жетім қалғанына қарамай, өзінің артындағы іні-қарындастарын қамқорлығына алды. Атамыз ауызбіршілікті бәрінен жоғары қойған адам екен, әкем де сондай болды. Кейде ауызбіршілік үшін іштен тынатын кездері де аз болмайтын. Бұнысы да бізге үлгі болды. 

* * *

Әкем балажан еді. Балаларға, отбасына қамқорлығы ерекше болды. Құранға жүгінсек те, қазақы тәрбиеге салсақ та, әйел менен еркектің өзіндік міндеттері бар. Бүгінгі күні жастардың көп қиындыққа шыдамай, тез ажырасып кетіп жататыны сондай міндеттерді орындамауда, жауапкершіліктің жүгін сезінбеуде жатыр ма деп ойлаймын. Әр адам отбасын құрмас бұрын өзінің мойнына белгілі бір міндеттер алады. Ер адамның міндеті – отбасына қамқоршы болу, қорғаныш болу, асыраушысы әрі панасы болу. Өкінішке қарай, бүгінгі күнгі жастардың түсінігі сәл басқаша. Батыстық мәдениетке еліктейміз деп, тамырымыздан ажырап бара жатқан жайымыз бар. Жастардың көптеп ажырасуының бірден-бір себебін де өз басым осы арадан іздеймін. Біздің отбасының дәстүрі бойынша, әрдайым ер азаматтың орны жоғары болған. Атамыз Сыздық ұдайы балаларына, бауырларына қамқор болған екен. Атамның екі бауыры да ерте қайтыс болады, біреуі соғыста мерт болады, біреуі соғыстың алдында көз жұмады. Жеңгелері жесір қалады, балалары жетім қалады. Сонда атам соларды көзінен таса қылмай, шағындау болса да үй тұрғызып беріп, қамқорлығына алады. Тапқан-таянғанын бәріне тең бөліп береді. Бауырларының балаларын да қатарға қосады. Сыздық әкеміз ұлы Абайділданы, яғни біздің әкемізді қатты жақсы көріпті. Көп еркелетіпті. Соған қарамастан, қажет кезінде қатты да ұстаған екен. Көп адамдар «барға қанағат» деп жүре береді ғой. Біздің атамыз ұдайы алға ұмтылған. Балаларын қатардан кем қылмауды көздеген. Бауырларынан айырылып, өзі тоғыз жасында жетім қалса да, атамыз еңбекке ерте араласады. Теміржол бойында жұмыс істеп күнелтеді. Еңбекқор адамға Алла тағала да берекесімен береді ғой. Бірде Сырдың суы тартылып, үлкен жайын суда қалып қояды. Атамыз соны ұстап алады да, жайынның етін сатып, сол ақшаға мал сатып алады. Сөйтіп тіршілігіне тірек жасайды. Сондағы ойы байып кету емес, балаларына, бауырларына көмектесу. Әркім өзінің әкесінен үлгі алады десек, әкемнің де өз әкесінен алған үлгісі мол болатын. Ондайды үнемі айтып отырушы еді. Сондай естеліктің бірі менің де есімде.

Әкемнің алты-жеті жасар кезі екен. Атамыз теміржолда істейді. Бірде жұмыстың барысымен Ташкентке баратын болады. Әкемді ертіп алады. Сөйтсе, әкемнің аяқ киімі жоқ екен. Ташкентке жалаңаяқ алып барып, сол жерден аяқ киім алып береді. Әсілі, жалаңаяқ баланы сүйрелемей-ақ, аяқ киімді өзі сатып әкеп бере салуына да болар еді. Бірақ, менің ойымша, атам ұлының ел көріп, жер көргенін, ой-өрісінің кеңеюін ойлаған секілді. Шағын ғана разъезде тұрған, көретін көп дүние де жоқ қой сонда. Атамыз қазақ «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деп тегіннен-тегін айтпайтын болса керек.

Сол кездің өзінде көзі ашық қазақтар балаларын қалада оқыта бастайды. Интернаттарға орналастырады. Балаларының қалалық жерде оқығанын қалаған Сыздық атамыз қаладан үй алады. Ол үйді кредитке алады және. Үйдің ақысын төлеу оңайға соқпаса керек, атамыз балаларына «отыз жыл өкіметке кредит төледім, сендер кредит дегенге жоламай-ақ қойыңдар» дейді екен. Сол несиенің шет жағасын менің әкем де төлеген сияқты. Атамыздың сондағы мақсаты – балаларын көзден таса қылмау. Әйтпесе, интернат бар, қалада туыстарымыз да аз емес еді. Бірақ, атамыздың балаларына деген махаббаты ерекше болған. Солар қиналмасын деп, қарызға кіріп, үй алған. Өзінің енесін балаларға қамқорлық көрсетіп, қастарында болу үшін қалаға көшірген. Дәл сондай қамқорлықты біздің әкеміз де өз балаларына жасай білді.

Кеңес өкіметінің кезінде декреттік демалыс үш-ақ айға берілетін. Үш айдан кейін яслиге беріп, жұмысқа шығуы керек. Шешемізге жұмыс істеу керек болады, әкемнің де жұмысы бар. Бағатын адам жоқ. Апамыз бен әжеміз ауылда тұрады. Содан алты айлығымда мені яслиге береді. Әкем бірде жол жүріп кетеді де, келе сала балабақшаға барады. Тұңғышын қатты сағынған болса керек. Сөйтсе, мен әкеме қарамайды екенмін. Кемсеңдеп, өксіп жылаппын. Өкпелеген түрім болса керек. Мұны көрген әкем қатты қапаланады. Шанаға отырғызып, мені үйге алып келеді. Үйге жеткенше қарамай қойыппын. Осыдан кейін әкем «бүйткен балабақшасы бар болсын!» деп, ауылдағы малдың барлығын сатқызып, әжемізді алдырып, мені бақтырады. Міне, балаға деген махаббат!

Кішкентай кезімнен көз алдымда қалғаны – әкем қайда барса да, базарлықсыз келмеуші еді. Ойыншығын, тәтті-пәттісін ала жүретін. Жаңа жылға қатысты әр баланың есінде өзінше бір естелік қалады ғой. Менің көз алдымда қалған, ойымнан кетпейтін нәрсе, жыл сайын жаңа жылдың алдында әкем бір жәшік мандарин, бір жәшік венгер алмасын алып келуші еді. Соны ерінбей, ауырсынбай, Мәскеуден көтеріп келетін.

Бірде әкемді қалалық атқару комитетіне жұмысқа шақыртты. Қызметтен бас тартты. Бірақ, сол жолы әкем жол апатына ұшырап, ұзақ уақыт ауруханада жатты. Біз кішкентаймыз. Қарындасым бар ол кезде. Екеуміз бірге ойнаймыз. Сондағы балалық махаббатымызға әлі күнге дейін қайран қаламын. Екеуміз өзімізше ауруханада жатқан әкемізге тамақ жасаймыз. Банканы алып, нанды салып, ананы-мынаны қосып, шама-шарқымыздың келгенінше бірдеңе жасап, әкеме апармақ болғанымыз есімде қалыпты. Сол кезде мен бес жастамын да, қарындасым үште.

Өмір болғаннан кейін күнгей менен көлеңке қатар жүретіні белгілі. Әкем үшін өмірдің көлеңкелі жақтарының бірі қарындасымның науқасымен байланысты болды деп ойлаймын. Бұл туралы мамамның естелігінде де бар, әкем қызды болғанында қатты қуанады. Әкем қарындасымды ерекше жақсы көретін. Өзі де әкеме ұқсаушы еді. Сабырлы, салмақты болатын. Өзге қатарластары секілді шошаңдауды білмейтін. Кітабын оқып, үйден шықпайтын қарындасымды әкем ерекше жақсы көрді. Қарындасым бойжетті, тұрмысқа шықты, нәрестелі болды. Сол кезде лейкозға шалдықты. Диагнозын ести сала, Алматыға ұшып кеттім. Қаланың ауруханасына жатқызып, өзім жүгірдім. Дәрігерлермен сөйлесіп едім, Мәскеуге алып бару керектігін айтты. «Емдеуге шамамыз жетпейді» деп ашып айтты. Содан Мәскеуге алып кеттім. Әкем барлығын маған сеніп тапсырды. Мәскеуге барып, профессорлармен өзім сөйлесіп, қарындасымды Мәскеудің ауруханасына жатқыздым. Сондағы әкемнің қамқорлығына қайран қалмасқа шарам жоқ. Мәскеуден пәтер жалдап, анамды қарындасымның қасына отырғызып қойды. Өзі ай сайын барып тұрды. Әр барған сайын етін, майын, өзге де азық-түлігін көтере баратын. Метромен, жаяу-жалпылап таситын. Ет жүрегі елжіреп, қатты қиналды. Іштей әкемнің қатты қиналғанын сезетінмін. Бауыр еті баласы ауыр науқасқа шалдығып жатса, әке жүрегі қандай болады?! «Анализдері жақсарып қалды» десе, қуанып қалады. Жағдайы нашарласа, қамығып қалады. Әкем қатты қиналды. Соның өзінде қиналысын бізге білдіргісі келмейтін.

Сол қиын күндерден есімде қалған тағы бір жайт бар. Мәскеуде қонақүйде жаттық. Сол жерге Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Біз жатқан қонақүйге тоқтады. Ет жақын адамың қиналып жатқанда, қалайда көмектесуді ойлайсың ғой. Сол кезде қарындасымды Германияға апарып емдетуге болатынын білген едік. Бірақ, оған өте көп ақша керек болатын. Бүкіл дүние-мүлкімізді сатсақ та, ондай ақшаны жинай алмасымыз анық еді. Содан әкеме айттым: «Әке, Назарбаевтан көмек сұраңыз. Баламды Германияға апарып емдетуге қаржы керек деп айтыңыз», – дедім. Әкем баспады. Қиналғанда өзім барғым келді. Сол кезде министрліктен квота бөлінетін. Көмек сұрағым келді. Баласын қатты жақсы көргеніне қарамастан, әкем көмек сұрамады.

Сол кезде қарындасымды аман алып қалудың тағы бір мүмкіншілігі бар еді. Яғни, медицина тілімен айтқанда, «пересадка костного мозга» дейді. Мен жан қарындасым үшін ондай қадамға да дайын едім. Алайда, апам қарсы болды. Алла тағаланың маңдайға жазғанынан асып, ешқайда бара алмайсың деген рас екен. Қарындасымнан ерте айырылып қалдық…

* * *

Әкемнің әкесі өте сұсты адам болған екен. Қаталдығына қарамай, балаларын әкелік махаббатпен жақсы көріп, еркелетіп өсірген. Әсіресе, әкемді ерекше жақсы көріпті. Соншалықты жақсы көріп, еркелетумен қатар, қажет болған жағдайда тәртіпке де салып алады екен. Әкем де әкесін қатты жақсы көрген. Бірақ, бірдеңені бүлдірсе, сазайын тартатынын да жақсы білген. Әкем ол туралы көп айтатын. Ылғи мысал келтіріп отыратын. «Ер баланың тәрбиесі қолға қылыш ұстағанмен бара-бар. Бос ұстасаң, өзіңе зиянын тигізесің» деген тәмсілді үнемі келтіретін. Атам әкемді қалай ұстаса, әкем бізді солай ұстады, солай тәрбиеледі. Мектепті бітіргенге дейін сағат тоғыздан кешікпей үйді табатын едік. Одан кешіксек, сазайымызды тартқызатын.

Бес-алты жасар кезінде атамыздың өзін Ташкентке алып барғанын әкем үнемі айтып отыратын. Ондағы атамның көздегені тәрбиелік мақсат болса керек. Баласының жаңа дүниені өз көзімен көргенін, ой түйгенін қалаған сияқты. Бұл сапар әкеме ерекше әсер еткен. Тіпті, кейіннен мектепті бітірген уақытта әкемнің Алматыға да, басқа жаққа да бармай, тура Ташкентке тартқаны да тегіннен-тегін болмаса керек. Атамыз «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген қағиданы ұстанған. Дәл осы қағиданы әкем мен оның бауыры да қалт жібермеген. Балаларын өздерімен бірге аңға, демалысқа, өзге қалаларға ертіп барып, жаңа дүниемен таныстырған. Өздерінше ой түюіне ықпал еткен. Өмір мектебінен өтсін дегені шығар, біздерді қонаққа, әртүрлі мерекелерге жиі алып баратын. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген халық даналығы да бекер айтылмаған. 13-14 жасымда әкем мені өзімен бірге курортқа ала кетті. Сочиге бардық. Есімде қалғаны – мен ауырып, жұқпалы аурулар ауруханасына түсіп қалдым. Әкем тынбай тамақ тасыды, «жазылып кетесің» деп дем берді. Адамның тағдыры өзінің қолында деп есептейтін әкем. Жақсы нәрсені ойласаң, жақсылық болады дейтін. Ерік-жігерің мықты болуы керек деуші еді. Ауруханадан шыққаннан кейін Азов теңізінің жағалауына, Бердянск қаласына бардық. Демалыста жүрсе де, жұмысын бір сәтке де есінен шығармайтын әкем әдейі сол қалаға соққан екен. Сол сапарда Бердянскідегі зауытпен кран жеткізу жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Ол заманда бәрі тапшы. Көтермелі кранды сол кезде бірінші рет көрдім. Мені зауытқа алып барып, өндіріспен таныстырып, ненің қалай жұмыс істейтінін тәптіштеп түсіндірді. Әкемнің осы өмір сабағы менің өндірісшілерге деген сый-құрметімді оятты. Күні бүгінге дейін өндірісте жұмыс жасайтын адамдардың еңбегін ерекше бағалайтыным да содан болса керек. Жоқтан бар жасап, дайын өнім шығарып, оны пайдаға жарату – үлкен еңбек. Мен мұны сол кездің өзінде түсінгендей едім. Ол заманда өндірістің орны бөлек болатын. Өндіріске деген құрмет те ерекше еді.

Бердянскіден кейін Мәскеуге бардық. Ол заманда Мәскеуге барған адам Лениннің мавзолейіне соқпай кетпейтін. Лениннің мавзолейін көру одақ көлемінде арман сияқты болатын. Мәскеуге барып, қонақүйге орналастық. Ол заманда мавзолейге кіру қияметтің қияметі. Таңнан кезекке тұрсаң, кешке жетуің неғайбыл. Содан әкем метро ашыла салысымен, түннің бір жарымында кетіп қалды. Сондағы ойы – ертерек барып, кезекке тұру. Маған қай жерден қандай метроға отыратынымды, қандай стансадан түсетінімді тәптіштеп түсіндіріп, сызбасына дейін сызып берді. Ондай есепке жүйрік болатын. Қонақүйдің кезекшісіне мені сағат нешеде ояту керектігіне дейін ескертіп қойды. Шаршамасын, ұйқысы қансын дегені. Сөйтіп, әкемнің табандылығының арқасында мавзолейге кіріп, Ленинді көргенмін.

Сол күні қатты шаршағанымыз есімде. Мавзолейден шығып, Кремльге бардық. Қару-жарақ палатасын, Қызыл алаңдағы мұражайларды тегіс аралауымыз керек болды. Күн кешкіріп қалған, қару-жарақ палатасының алдында кезекте тұрғанбыз. Әбден шаршаған болсам керек, мен талып қалыппын. Көп нәрсені көрсін деген оймен әкем ары-бері жүгіртіп жүргенде дұрыстап тамақтанбаған да болуымыз керек. Есімді жисам, қару-жарақ палатасының жабылуына жарты-ақ сағат қалыпты. Басқа біреу болса, дереу қайтып кетеді ғой. Әкем ойына алғанын орындамай тынбайтын. Ақыры есіктегі кезекшімен сөйлесіп, ол мені қолымнан жетектеп алып, зырылдап көрсетіп шықты. Не көріп, не көрмегенім есімде де қалмапты. Ал әкемнің мені бірдеңе көрсін деген ниетпен қаланы аралатқаны, сондағы табандылығы мәңгілік есімде қалды.

Әкем алдына мақсат қойса, жолындағы кедергілерді бұзып өтіп, қалайда көздегеніне жететін. Әкесінен дарыған осы қасиетін әкем біздерге дарытты.  

* * *

Әкем өзінің Майлыаяқ деген иті туралы да көп айтушы еді. Кішкентай кезінде ит таңдауға барса, бір күшік өзіне қарапты да, әкеме келіпті. Соны бағып алыпты. Ол үлкен ит болып өсіпті. Осы нәрсе қазір менің де бойымда бар. Ит таңдағанда көп күшіктің ішінен өзіме қарағанын аламын. Балалық шағы туралы айтқан бір әңгімесі осы Майлыаяқ туралы болатын. Ол заманда күнде жаңа киім ала бермейді. Бірде әкеме жаңа костюм алып беріпті. Мектептен келсе иті иісін білмей қалған ба, әкемді қауып алыпты. Өзіне зақым келсе де, ешкімге зиянын тигізбейтін әдетімен әкем итін жазаламапты.

Жетпісінші жылдары мен де бір күшік асырадым. Үлкен ит болып өсті. Үйді күзетеді, жақсы ит болды. Аты Жолбарыс болатын. Бірақ, қатты қабаған еді. Оның қабаған болуына өзім кінәлімін. Жиен ағам Сәкен екеуміз «кімнің иті қабаған?» деп бәстестік. Ол қолына кірпіш алып, біздің үйге келді. Итті ұрып, ызаландырды. Содан итім ызақор болып кетті. Әсіресе, Сәкенді үйдің маңайына да жолатпаушы еді. Жалпы, сол үйдегі жиендеріміз келсе, ырылдап, кіргізбеуші еді. Әбден қабаған болып алған Жолбарыс көршілерге маза бермеді. Көрші-қолаңның арыз-шағымынан әбден шаршаған анам итті беріп жіберу керек деп шешті. Әкемнің қарындасы, марқұм Ұлбала апам өзінің бір әріптесімен келісіп, олар итті алып кететін болды. Жексенбі болатын. Өзін алып кетуге келгендерін сезді ме, Жолбарыс шынжырын жұлып, босанып кетті. Өз қолыммен алып барып, көліктің жүксалғышына салдым. Бірақ, көзімнен жас парлап, жылап тұрмын. Итті жібермеймін. Мамам «жібер де жіберге» басып жатты. Әкем терезеден қарап тұрған. Бір кезде далаға шықты да, «итті қалдырыңдар» деді. Әкем адамның жаны қиналғанда шыдай алмаушы еді. Сол кезде менің бала көңілімді қимағаны да күні бүгінге дейін есімде қалды.

* * *

Мектепте оқып жүргенінде әкем қатты науқастанып қалыпты. Қатты ауырғаны соншалық, жүдеп, тіпті жүре алмай қалыпты. Денесінің қызуы көтеріліп, үстіне жара шығып, әке-шешесінің естерін шығарыпты. Тұңғыштары шетінеп кеткен атам мен әжем қатты қорқып, күні-түні Алладан перзенттерінің амандығын тілепті. Ауылда дәрігер жоқ. Сонда ауылдағы емшілікпен айналысатын бір кейуана келіп, Құран сүрелерін оқып отырып, әкемді аяғына тұрғызған екен. Кеңестік идеологияға, атеизмге қарамастан, әкемнің жүрегінде бір Жаратқан Иенің бар екеніне деген сенім ешқашан жоғалған емес. «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» дегенді біздерге үйретті, немерелерінің де құлағына құйып кетті. Ұйқыға жатар алдында немерелерінің барлығы дерлік кәлиманы айтып жатады.

Сыздық атамыз бала тәрбиесінде еңбекке көп мән берген. Әкемді де кішкене кезінен есегіне мінгестіріп, шөп шабуға алып барады екен. Еңбекке бейімделсін деген ойы. Әкем атамнан да көп шабады екен. Жас баланың үлкендермен қатар пішен орғанына көпшілік қайран қалатын көрінеді. 

Сыздық әкем мықты селекционер болған болуы керек. Ол кісінің бордақылаған қойлары баспақтай болады екен. Жіліктеп сатқанда, құйрығының өзі қырық келіні тартқан екен. Атамның баққан қойының тұқымын  Қанипа апамыздың үйінен көргенбіз. Тұңғыш қызына енші ретінде атамыз қызыл қой беріпті. Ол қойдың ерекшелігі, егізден туатын.

Әкем алты жаста. Атам қойды бордақылайды да, қалаға сатуға апарады. Тоғызыншы разъезден Қызылордаға дейін отыз шақырым. Атам жетектеп, әкем артынан итеріп отырады екен сонда. Жолай оныншы разъездегі немере бауырларымыздың үйіне қонып, ертесіне қалаға барып, қойын сатып, қажетті дүниелерін алып қайтады екен. Еңбекпен тәрбиелеудің маңызы зор екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Ауылдағы еңбек мектебі әкемнің болашақтағы өмір жолына үлкен ықпал етті. Төзімділік, іскерлік секілді қасиеттердің негізі де сол кезде қаланған болар деп ойлаймын.

Сыр өңіріндегі танымал азаматтардың бірі Балтабай Майтанов әкем туралы үнемі айтып жүрген әңгімесін ол кісі мәңгілік сапарға аттанған кезде тағы да қайталап айтқан еді. Әкем алтыншы сыныптан бастап Қызылордада оқи бастайды. Майтановтар әкемдермен көрші болады. Ал Балтабай аға – әкемнің құрдасы. Төрт-бес қыздан кейінгі жалғыз ұл болғаннан кейін еркелеу болса керек. Сонда Балтабай ағаның әкесі «адам болатын бала Сыздықтың баласындай-ақ болсын» деп отырады екен. Еркелеу өскен құрдасы әкесінің мұнысына ренжісе керек. Сонда Майтановтың әкесі менің әкемнің іскерлігін, жүгіріп жүріп жұмыс істейтін елгезектігін мақтайтын көрінеді. «Біз де істеп жүрміз ғой», – деп бала Балтабай кейігенде әкесі: «Балам, сен айтқанды істейсің. Ал ол айтқызбай, өзі біліп істейді», – дейді екен. Осы сөздің мәнінің зор екенін өзім қызметте жүргенде күн сайын сезінемін.

Ұяда көрген еңбекқорлықты әкем ұшқанда да іліп, өмірлік ұстанымы етіп өтті. Бізді де сол жолмен тәрбиелеуге тырысты. Әкем, сондай-ақ, өсиет айтып қана қоймай, өзі өнеге бола білді. Бізге айтқан ақылын алдымен өзі ұстанатын. Осы орайда ойыма Имам Әбу Ханифаның басынан өткен бір жайт түсіп отыр. Бір күні Әбу Ханифаға бір әжей келіп: «Имам ағзам, немеремді жалғыз бағып отырмын. Күннен-күнге бағуым қиындап барады. Балам балды жақсы көреді, күн сайын бал сатып әперуге менің мүмкіншілігім жоқ. Сол себептен немереме балды жеуге болмайтынын түсіндірші», – дейді. Әбу Ханифа бір айдан кейін келуге бұйырады. Бір айдан кейін келсе, немересінің басынан бір сипап тұрып: «Сен енді бал жеме», – дейді. Бірнеше күннен кейін кейуана имамға қайтып келеді. «Сізге мың да бір алғыс, балам бал жемейтін болды. Бірақ, сіз мұны неге ертерек айтпадыңыз? Неге бір ай күткіздіңіз?» – дейді. Сондағы Әбу Ханифаның айтқаны: «Мен өзім де балды жақсы көруші едім. Бір ай бойы мен бал жемедім. Баланың басынан сипаған уақытта Алладан дұға қылдым. Алланың тілегімді қабыл еткені де содан болар», – дейді. Әкем осындай ұстанымды ұстанатын.

Әкем кемшіліктен аулақ болды деп айта алмаймын. Арақты аузына алмады десем, оным өтірік болады. Темекіні де көп шекті. Бірақ, өзінің кемшілігін біліп, біздің алдымызда ақталғандай болатын. «Осы жаман әдеттерімді тастай алмай жүрмін. Бұл менімен кетсін, сендер жоламай-ақ қойыңдар», – дейтін. Әр пенде сияқты әкемнің жақсылығымен қатар, кемшілігі де болды. Бірақ, бір артықшылығы, әкем өзінің кем-кетігін біліп, Алла тағаладан кешірім күтетін.

* * *

Әкем іні-қарындастарына, жалпы ағайын-туғанға қамқор бола білді. Туғаным, туысқаным, немерем деп бөле-жарған жоқ. Қолынан келгенше үлкенге де, кішіге де көмек көрсету, жәрдем жасау әкемнің өмірлік қағидасы болды. Кең пейілімен, шын ниетімен көмектесті. Қарындасы, марқұм Ұлбала апамызды бәріміз тәте дейтінбіз. Тәтемнің ұлы Ғалымжан жол апатына түсіп, қайтыс болды. Әкемнің айтуына қарағанда, бірде Ұлбала тәтем бауырына келіп, сырын айтыпты. Әдетте әйел баласы әкесіне, ағасына сыр айта бермейді ғой. Бірақ, тәтем ағама келіп, былай депті: «Әйел баласы үшін ең үлкен құндылық – бала. Бір ұлым көз жұмды, жалғыз ұлым қалды. Енді мен жасым келіп қалса да, дүниеге сәби әкелмекшімін». Сол кезде тәтемнің жасы қырықтан асып қалған. Өзі гинеколог дәрігер болатын. Әкем қарындасының жанын түсініп, батасын береді. Ақыры Ұлбала тәтем дүниеге егіз перзент әкелді. Ол екеуінің атын Бақберген, Тәңірберген деп әкем қойды. Сол жолы перзентханада тәтеме қан құяды. Қан құйған уақытта ол кісі сары ауру жұқтырып алып, содан ауырып, ақыры қайтыс болды. Осы әңгіме есіме түскен сайын мен әкемнің кеңдігіне қайран қаламын. Адам ішкі сырын кез келгенге аша бермейді ғой. Өзіміз де біреуге бірдеңе айтпас бұрын дұрыс түсіне ме, бұрыс түсіне ме деп ойланамыз ғой. Тәтем бауырының адам жанын түсінетін осындай кең пейілін білгеннен кейін сыр ашқан шығар деп ойлаймын. Әкем әр сөзді орнымен қолданатын, кез келген адамға қажетті сөзді қажет уағында айта білетін. Әсілі, мұндай қасиет әкеме анасы Зағирадан дарыса керек. Ол кісі адамды тыңдауды білетін. Біз көп жағдайда адамды тыңдай білмейміз. Біреу басымен қайғы болып отырса, біз өзіміздің жұмысымызды ойлап отырамыз. Ал адамның ішкі мұңын түсініп, оған жұбататын сөз тауып айту – ерекше қасиет. Осы ерекше қасиет менің апамда және әкемде болды. Ол ұдайы ақылын айтатын, керек сөздерді айта білетін. Ақылды адам ақыл айтады да қояды. Ал парасатты адам оны жеріне жеткізіп айтады.

Әкеме ақыл сұрай келушілер көп болатын. Марқұм Ұлбала тәтемнің басынан өткен тағы бір жайт есіме түсіп отыр. Ол кісі Қызылордада біраз жыл гинеколог дәрігер болып жұмыс жасады. Біраз жыл болғанымен, Қызылорданың өлшемімен алғанда, бас дәрігер болуға жеткіліксіз мерзім. Жергілікті жерде ондай қызметке көтерілу үшін көп жыл қызмет ету керек. Ал тәтем өзінің іскерлігімен көзге түседі. Сосын ол кісіні әйелдер кеңесіне бас дәрігер етіп қоймақ болады. Бірақ, жеме-жемге келгенде басқа біреуді тағайындау туралы сөз шыға бастайды. Айтқанынан қайтпайтын тәтем әкеме келеді. «Мені бас дәрігер етіп бекітпек еді. Естуімше, бұйрыққа басқа адамның аты-жөнін жазып жатқан сияқты», – деп ашуланады. Кіммен сөйлескенін қайдам, әкем ықпал етіп, тәтем сол жолы бас дәрігер болып тағайындалды. Бұл арада, біріншіден, әкемнің беделін, сөзінің өтімділігін айтқым келеді. Екінші жағынан, әкем түк шықпайтын адам үшін ешқашан ештеңе сұрамайтын. Ал сенім артса, онда көмегін беруден аянбайтын. Қарындасының қабілетіне, іскерлігіне, жауапкершілігіне сенгендіктен көмектесті деп ойлаймын. Тәтем ол еңбегін ақтады. Талай-талай жиналыстарда «Ұлбала Сыздыққызы» деген аты аталып, алғыс естіді. Іскер жан, кәсіби дәрігер және шебер ұйымдастырушы ретінде танылды. Әкем іні-қарындастарының белгілі бір жұмысқа араласуына жәрдем жасаған уақытта  да әділдікке жүгінетін. Буынсыз жерден пышақ ұрып, анда-мында тықпаламайтын. Өзінен кейінгі бауыры Нұрділданың да үлкен өмірге араласуына жол ашты. Әрине, бауырының жерге қаратпайтынын сезгеннен кейін жәрдем жасады. Менің өзімді де бірге оқыған досы Тұрғанбай Махановқа алып барып, «сүйегі – менікі, еті – сенікі» деп қолына тапсырған. Мен әрдайым әкемнің атына кі<

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту