20-01

Халық санағының астарлы сыры үн қатса... Халық санағының астарлы сыры үн қатса...

Халық санағының астарлы сыры үн қатса...
Қазақстан тарихында 1897 жыл мен 2009 жылдар аралығында он бір рет халық санағы өткізілген болатын. Халық санағының  бастапқы екеуі (1897, 1911 ж) патшалы Ресей заманында яғни бодандық қамыты мойынға ілінген отаршылдық кезеңде Ресей империясының мүддесі тұрғысынан жүргізілді.

Халық санағының астарлы сыры үн қатса...

 

Қазақстан тарихында 1897 жыл мен 2009 жылдар аралығында он бір рет халық санағы өткізілген болатын. Халық санағының  бастапқы екеуі (1897, 1911 ж) патшалы Ресей заманында яғни бодандық қамыты мойынға ілінген отаршылдық кезеңде Ресей империясының мүддесі тұрғысынан жүргізілді. Отарланған елдер арасында қазақтар арасында жүргізілген  халық санағы  әр отбасында орташа есеппен 5 адамнан болмағы керек деген мөлшерді ұстанды. Халық санағын өткізуде әр отбасы мөлшерін негізге алу жүйесі түрік халықтары тарихында көне дәуірден орта ғасыр кезеңіне  дейін белгілі болатын. Мысалы б.э.д. Үйсін қағандығында әр түтін басынан бір сарбаздан алу дәстүрі орныққан еді. Ал, осы көріністі 751 жылы Талас өзені бойындағы болған араб империясы мен Қытай империясы  арасында болып өткен сол заман үшін теңдесі жоқ қырғын соғысына Түркеш қағандығы да тікелей араласқан еді. Екі империя арасында қысымда қалған Түркеш қағандығы уақыт пен жағдайға  байланысты екі империяның біреуін жақтау қажеттілігі туды. Егер қытай армиясы жағына шықса, қытайлар кетпей жерге орнығып қалуынан сескенеді. Ал араб армиясын жақтаса, олар ислам дінін   ендіріп, армиясы кері кетуі себепті, Түркеш мемлекеті мүддесі үшін  таңдау арабтар жағына ауды. Осы себепті екі жақ  бір-біріне бата алмай тұрғанда қытайларға қарсы майданды Түркештер ашты. Осы Түркештер сарбазындағы шымыр тайпасынан 20 мың атты сарбаз қосылғаны тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Әлімғазы Дәулетханның «Түркештер» деген ғылыми еңбегінде аталып көрсетіледі. Түркеш армиясына әр отбасынан бір сарбаз алып отырған. Егер отбасында сарбазға жарарлық  жалғыз бала болса, ол отбасының түтіні өшіп қалмауы үшін сарбаздық міндетінен босатылатын дәстүр болған. Сонда  халық санын білудің тәсілі әр отбасынан алынған сарбаздар санына қарай анықталып отырған. 1897, 1911 жылғы қазақтар арасында Ресей империясы жүргізген халық санағында әр отбасында орташа есеппен 5 адамнан болады деген  мөлшерді негізге алған болатын. Бірақ 1897 жылғы халық санағында қазақтар жайлаған ұлан байтақ жерлер тұтас қамтылмаған еді. Әрине, шекараның ар жағындағы қытай, монғол қазақтары да есепке түспей қалған болатын. Осының өзінде Ресей қоластындағы қазақтардың саны – 3  787 000 адам деп көрсетілсе, 1911 жылғы санақта 4 692 000 қазақ болды. Яғни 15 жыл ішінде қазақтар 905 000 адамға көбейген. Әрине, бұл көріністен Ресей империясы қазақтарға жанашырлық қамқорлық жасалды деген ұғым тумасы анық. Ресей империясына бодан болған түрік халықтарының ішінде қазақтар мен ноғай және қырым татарларының тағдырына аса қатігездікпен қарап, оларды дінге шоқындырып, орыстандырып жіберу мақсатын қойды. Егер бұл саясатқа көнбесе жер бетінен сыпырып, жою мақсатын ашық қойғанына тарих куә. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін басу үшін Николай 2-патша өзінің ең сенімді аса тәжірибелі досы Куропаткинді Сырдарья губерниясының генерал-губернаторы қызметіне тағайындады. Орта-Азиядағы ұлт-азаттық көтерілісін түрлі саяси айла-амалдармен тұншықтырған генерал-губернатор өзі жазған күнделігінде жазылғандай Ресей саяси элитасының 1876-1916 жыл аралығында яғни 40 жыл ішінде қазақтар үшін жасаған саяси қортындысы – қазақтарды жер бетінен тұтастай жойып жіберу мақсатын ашық қойғаны әшкере болып отыр. Өйткені Ресей патшалығы Ш. Уәлиханов атап көрсеткендей қазақтар Ресейге бодан болған түрік халықтары ішінде ең саны көбі әрі болашағы зоры деп айтқанының үстіне олардың ұлттық санасының жоғары болып еркіндікке ұмтылуы шошытты. Ресей империясына халық емес, оның жері керек екенін жұртшылық ерте сезінді. XVI ғасырда орыстар 4 миллионға жеткенде  қырым татарларының саны 2 млн. болатын. Ал қазір орыстар 4 млн-нан 150 млн-ға жетсе, қырым татарлары өз жерінде жарты млн-нан әрең асып отыр.  Өйткені қырым татарлары жайлаған Қырым жері ең шұрайлы, курортты жер болуымен бірге стратегиялық жағынан аса қолайлы мекен болуы себепті Қырым өлкесін қырым татарларынан тазалауды Ресей алдына  мақсат етіп қойса, осы саясатты Кеңес өкіметі жалғастырып, мүлде азайып кеткен қырым татарларын 1944 жылы жер аударып, қырғынға ұшыратуы геноциттік саясаттың өзі болып шықты.

Кеңес өкіметі заманында 1917-1991 жылдар арасында жеті рет жүргізілген халық санағында  қазақтардың тағдыры басқа түрік халықтарының өсу деңгейімен салыстырғанда өсіп жетілудің орнына кері кетіп, 1916 жылғы 6 миллион қазақтың 1 900 000-ға шейін құлдырап,өз жерінде 82%-дан 29%-ға дейін мүлде азайып кетуінде қандай құпия сыр жатыр? Бір жағынан қарағанда Кеңес үкіметі мен Орталық Комитеттің саяси бюросында Ресей империясының ұстанған дәстүрді жалғастырушы болғанын Кеңес үкіметі кезінде алты рет өткізілген халық санағының нәтижесі нақтылы түрдеайғақтап отырса, қалайша үнсіз отыра алмақсың.

«Бетпақ жеңдім дейді, бишара көндім дейді», - деп халық мақалы айтқандай бишара болып шындықты ашпауға енді тәуелсіздік заманы көнбесе керек. Өйткені 1911 жылғы патшалық санақтан кейін қазақтардың саны 1959 жылға дейін жыл өткен сайын тұрақты түрде азайып оталып отырды.

Мысалы, 1916 жылы қазақтар саны 6 млн. Болса 1939 ж. халық санағында 3 099 000 адамға кеміді. Өз жерінде отырып, 21, 9% түсіп кетті. 1944 жылы қазақ саны 1 900 000-ға шейін азайды.

Қашан билік басына қазақ ұлтының өкілі Қонаев саяси бюро мүшесі ретінде ұзақ отырған кезден бастап қазақтар саны жыл өткен сайын молығып, тұрақты түрде өсу жолына түсті.

Күдік тудыратын мәселенің өзекті желісі – басқа түрік халықтары тұрақты түрде еселеніп көбейіп отырғанда, ноғай, қырым татарлары мен қазақ халқының кеңестік дәуірде жыл өткен сайын азайып, қазақтардың өз жерінде 29%-ке шейін түсіп кетуінде қандай құпия жасырын сыр жатыр?

Мәселенің түп төркіні осы сырға қанығып, оқырман көзін шындыққа жеткізуде жатыр. Түрік халықтары санының өсу, эволюцилық даму жолын салысытырып көрейік:

1897 жыл санағында                қазіргі күнде

1. Өзбектер                     2,2 млн.                                  12,36 есе өсті

2. Түрікмен                     0,8 млн.                                  5,6 есе өсті

3. Қырғыз                       0,5 млн.                                  5,7 есе өсті

4. Тәжік                           0,5 млн.                                  4,5 есе өсті

5. Ұйғыр                         43 мың                                   6 есе өсті

Немесе қазақтардың Орталық Азия халықтары ішінде пайыздық көрсеткіші:

1897 жыл   52, 5%

1911 жыл   57,5%

1926 жыл   37,5%

1939 жыл   28,2%

1951 жыл   27,1%

1970 жыл   26,5%

1979 жыл   25,5%

1989 жыл   23,3% – ға дейін құлдырап төмендеген.

Бұл пайыздық көрсеткіште қазақтар 90 жылға жуық мерзімде пайыздық көрсеткіші үнемі төмендеп, оталып отырған құбылысты көреміз.

Қазақтар Орта Азиялық халықтарға қарағанда саны жағынан үнемі тоқтаусыз азайып отыруының себебі неде? Орталықтың қысымы не себепті қазақтарға ерекше түсе берген?

Мәселенің мәні осы себепті ашуда жатыр. 1916 жылы 6 млн. қазақ өсіп өркендеудің орнына 1940 жыл 1 млн. 900 мыңға дейін құлдырап 3 еседен аса  азайған. Ал бұл кезде көршілес отырған өзбек, қырғыз, түрікпен, тәжік, ұйғырлар 5 еседен, өзбектер 12 есеге дейін көбейіп, үнемі өсіп өрлеу жолында болған. Бұл халықтардың бәрі де бір саяси жүйеде, бір мемлекет ішінде өмір сүрді. Бірақ қазақтар елден ерекше өсудің орнына өшіп, азаиып, саны жағынан төмен қарай құлдырап отырған. Осы мәселе тұрғысынан қарағанда атақты тарихшы, ойшыл ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің «... Жалпы тарихты қарап отырсақ, Кеңес өкіметінің тіршілік еткен бүкіл ғұмырында біздің ұлтқа ерекше мән беріп, қауіптеніп отырғанын  байқау қиын емес» («Үш қиян», 26.12.2008 ж), - деп мәлімдеуінде мәселенің түп төркінін дәл басып көрсетіп тұр. Осы қауіптен хабары бар ҚКП ОК-нің идеологиялық хатшысы Нұрымбек Жандильдин Мәскеулік студент Мақаш Тәтімовке «Студент бала! Егер өткенді Мәскеуде жүріп зерттемек болсаң, адамдардың (қазақтардың) санын емес, Қазақстандағы мал шығынын зертте»                     (М. Тәтімов. Ел басы және ел саны. Алматы. 2009, 42-бет), - деп халық санын зерттеуге құпия сырды ашып қояр дегендей шошына қарауы – Кеңестік үкіметтің саналы түрде қазақтар үшін теріс пығылды әрекетін біліп, содан зерттеушінің назарын басқа  жаққа аударып жіберуге тырысуы - көп нәрсенің астарлы  сырын аңғартса керек-ті. Өткенді танып білмей, алдыңды, бағыт-бағдарыңды нақтылы болжау қиын. Осы себепті өткенді білу қай кезде болса да қажеттілік, оны уақыт талап етеді. Тіпті, қазақ халқының республика қалаларына орналасу жағдайына дейін Мәскеудегі орталықтың үнемі қадағалап, назарда ұстап отыруы да бізге деген сенімсіздік саясаты. Анау-мынау емес, мүйізі қарағайдай КПСС ОК саяси бюросының белді мүшесі Соломонцовтың өзі ҚКП ОК бюросында желтоқсан оқиғасына байланысты сөйлеген сөзінде: «Бұл не деген сұмдық! Белгілі нұсқауларға қарамастан Алматы қаласындағы қазақтардың саны 20% ға дейін асып кеткен» деп әкіреңдей сөйлеуінің астарында қазақ халқы туралы арнайы түрде берілетін «белгілі нұсқаулардың» сырын ашып беріп тұр емес пе?

Соломонцев пікірі жанашырлықтың емес, саналы түрдегі қаскөйліктің пығылы. Оның тамырын іздесең өткен тарих желісінде жатыр. Мысал ретінде алатын болсақ ол – Кавказ бен Қырымды жаулап алған Ресей империясы ұстанған саяси мақсатымен ұштасуында жатыр. Кавказды жаулап алуға тікелей қатысқан атақты генерал Н. Н. Раевскийдің соғыс министрі А. И. Чернишовке жазған қызмет хатында «Американы алғаш жаулап алушы европалықтар үндістерді қалай қырғынға ұшыратса, біздің кавказдағы іс-әрекеттеріміз де содан бір де бір кем болмай отыр... Сондықтан мен кетемін. Мұндай сұмдыққа жаным төзе алар емес» (А. В. Фадеев. Россия и Кавказ. Москва, 1910, с. 302), - деп жазуы  Кавказ халықтарын соғыста қынадай қырған аяусыз жауыздыққа шыдай алмаған шындықтан туып отыр. Бұл ойлы генералдың пікірі болса, сол Кавказ соғысын көзімен көрген орыстың ұлы классик ақыны А. С. Пушкиннің «Отаршылдар жергілікті халықты: авар, құмық, қарашай, шешен ингуш, дарғын, балқар, кабарда, шеркеш, лезгін, адық, лак, ноғай, тукхум, тобасарандарды атамекендерінен қуып, бұл жерлерге ішкі Ресейден лек-легімен ағылған казачествоны қоныстандырды. Шеркештер көп қырылды. Кейбір тайпалар тұтастай жойылып кетті». (А. С. Пушкин соб. сочинений в десяти томах. Т. 7. Москва, 1984, с. 302) деп жазуы арқылы Ресей империясының жауыздық іс-әрекетін әлем алдында әшкерелеп отыр. Осы саясатты Кеңес өкіметі соғыс кезінде 1944 жылы Кавказ, Қырымдағы мұсылман халықтарды жерді тазарту үшін тұтас депортациялап, қоныс аудартып, қырғынға ұшыратты. Кеше ғана болып өткен шешен соғысында Ресей үкіметі үшінші рет шешендерді қанды қырғынға ұшыратса, осетиндер мен абхаздықтарды Грузиядан заңсыз ажыратып отыр. 1926 жылы Кеңес одағында 194 ұлт болса, ол 1991жылы 101 ұлт қана қалып, 93 ұлттың жұтылып, жоқ болып сіңісіп кетуі – мойны жуан Ресейдің дәстүрлі қатігез отаршылдық саясатының жалғастық табуында жатыр. Қазақ, ноғай, қырым татарлары Кеңес өкіметінің ерекше назарына алынуы – ұлттың тағдырына қасіретті өзгерістер әкелді. 1) Ресейдің өкпе тұсына орналдасқан ноғай хандығы құлаған соң, ноғайлар күшпен шоқыныдырылып орыстандырылды. Ақыры орыстарға сіңіп тарихи орныны жоғалтты. Ал қырым татарларын Ресей 1771 жылы жаулап алуына байланысты қырым татарларының  саны азайып ¾ парасы сыртқа қашты. Өйткені қырымның генерал-губернаторы Борозцин «а татарам велел уходить на четыре стороны» деп астамдық көрсетуі осының айғағы болатын-ды.

2) 1780 жылы қырым татарлары өз жерінде мүлдем азшылыққа айналып, саналы түрде қуғындауға түсті. Қырымдағы 680 село қаңырап бос қалды. Осы қасіретті көрген журналист: «...татарские семейства все, от стара до мала, пошли на кладбища сказать последнее «прости» своим похороненным предкам, эти изгнанники опускаются на колени, бьют себя кулаками в грудь и целуют землю. Ни воя, ни криков не слышно, тихо струятся слезы на их загорелых лицах» (Крым, Семферополь. 1930, с. 114) деп жазуынан халық қасіретін көзбен көргендей боламыз. Бұл қасірет қырым татарларына аз болғандай олардан қалған құтқан ұрпақтарын 1944 жылы түгелдей жер аударып жіберді. XVI ғасырда саны жағынан орыс халқының жартысына тең қырым татарлары бүгінде 0,5 млн.-ға жетпес халде тұр. Бір кезде Бақшасарайдай астанасы бар қырым татарларының мемелекеті құлап Ресей тарапынан қуғындалып, жер бетінен жойылудың алдында тұр.

3) Ресей империясының құрбандығына ұшырай жаздаған үлкен халықтың бірі қазақтардың да тағдыры бір кездері хал үстінде тұрды. Мың өліп мың тірілген қазақ халқының қасіретін танып білу, оны халық ретінде жер бетінен жойып жіберу жолындағы Ресей империясының қаскөй саясатын зерттеп, сана сынынан өткізіп отыруы - бүгінгі ұрпақ парызына айналып отыр.

Қазақ халқы орталықтың саналы түрде жүргізген  қаскөйлік әрекеті болмағанда, санымыз жағынан түрік халықтарының арасында ең көбі болып 30 млн-ға жетер едік. Санымыз асып өсудің орнына даму қарқынымыз 2-3 есе азайып оталуы – ұлттық қасіретімізге айналды. Неге? Не себепті бұлай болған?

Ресей империясының қол астында отарланған ел ретінде 1731-1917 жыл аралығында, яғни 186 жылдай бодандық ғұмырымыз өтті. Екі ғасыр оңай уақыт емес, небір дүрбелең оқиғаларға толы күңгейінен көлеңкесі басым жатқан шырғалаңы мол заман еді. Тәуелсіз билік тізгіні қолдан кеткен соң отаршыл үкімет орнатқан ел билеу жүйесі қазақтар үшін әдейі  «ұзын арқан, кең тұсауға» салынған уақытша биліктен, XIX  ғасырдың екінші жартысынан ауа «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» жүйесіне салынған билікке ауысқан заман келді. Отаршыл үкімет саясаты соғыс отарынан жер отарына ауысып, ислам дінін патша үкіметі уақытша қолдаудан 1967 жылдан кейін шоқындыру арқылы орыстандыруды мақсат еткен миссионерлік саясатқа шешуші орын берілді. Қазақтар үшін отарлаудың ең қатігез түрі скваттерстволық (отарланған жерге келімсектерді орналастыру арқылы үстемдік ету жолы) жолды ұстанды. Қазақ жерін мемлекет меншігі деп ресми түрде заңдастырып алған соң, келімсектерге шұрайлы, сулы жерлерді тартып әперу арқылы өздерінің саяси әлеуметтік тірегіне айналдырды. Жергілікті халықты тұрмыстық, ұлттық қанау арқылы құнарсыз шөлейт жерлерге ығыстырып аса қауіпті жағдайда қалдыруы себепті чиновник Балкашин сияқты ерекше тапсырма жүктелген чиновниктер «Империяға жер керек, қазақ қайда кетсе онда кетсін» деген сөзді ашық айта бастады. Қазақ халқын Ресей империясы мен Кеңес үкіметінің ерекше қысымға алып, жыл өткен сайын санын азайтып, отап отыруының белгілі себептері болса керек-ті. Менің пікірімде оның алты түрлі себебі бар деп қараймын. Олар:

1. Бұл әрекет, біріншіден, жер отарлау саясатының осындай жүгенсіз әрекетін өз көзімен көріп өскен ойшыл ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

Түбінде құруыңа елден ерек,

Мен айтайын болады жерің себеп, –

деп қазақ жерінің ит талаған терідей тоз-тозы шығып жырмалануы – халықтың жыл өткен сайын саны азайып, құрдымға түсіп құруына алып келерін сезгендіктен айтқан еді. Өйткені болып өткен соғыстардың бәрі де жер үшін болатыны талас тудырмаса керек.

2. Екіншіден, ұлан байтақ қазақ жерін, яғни апайтөс алып даланы Ресей империясы әр түрлі жолдармен бір жарым ғасырға жуық уақытта әрең жаулап меңгерді. Өйткені қазақ жері Азияны жайлаған басқа түрік-монғол халықтарының жау өтіне ұстаған темір қалқанына айналуы – отаршылдардың жолын байлап тұрды оларды қатты ашындырды. Қазақтардың белін сындырып, ұлттық рухын жаншымайынша түпкі отаршылдық – ұлы мақсатына жетуі неғайбыл екенін білді. Бұған Петр I патшаның сөзі айғақ. Осы себепті әрқилы саяси айла-шарғыларды қолдану арқылы  қазақтардың өсіп өнуіне жол бермей, оларды  біртіндеп санын қысқартып жыл өткен сайын отап отыру саясатына жол берді.

3. Үшіншіден, Ресей отаршылдары қазақ жерін жаулау арқылы Түркістан өлкесіндегі хандықтарды 1-2 жылда жаулап алып, бодандыққа түсірді. Олар екі елді (Қазақстан мен Түркістан өлкесін) салыстырып, Қазақтардың ұлттық санасы жоғары болса, Түркістандықтардың ұлттық санасы жоққа тән екенін көрді. Қазақ жеріне 150 жылдай шабуылдағанда, қазақ батырлары қарулы қолмен барлық жерде қарсылық жасап, басқыншылардың бетін қайтарып отырса, өзбек хандықтары бірінен соң бірі құлағанда, не өзбектің, не тәжіктің, не сарттың бір батыры да қарсылық көрсете алмауы  – олардың ұлттық санасының жоқтығын танытты. Ресейге ең қауіпті жау енді елін, жерін сүйген ұлттық санасы жоғары, еркіндікте өмір кешкен қазақ халқы болып шықты.

Қазақтар үшін Ресейдің ендігі ұстанар саясаты – олардың ұлттық санасын өшіріп, рухани тамырынан қол үздіру үшін, шоқындыру арқылы орыстандырып мәңгүрттендіру арқылы тобырға айналдыру және жыл өткен сайын санын азайтып отап отыруға бағыт алды.

4. Төртіншіден, қазақ халқының оқыған зиялы ұлдары 1905-1917 жыл аралығында Түрік бірлігін қолдап Алаш орда партиясын құрып, автономия сұрауы – отаршылдарды шоқ басқандай шошытты. Осы жылдары Думаның депутаты Марков қазақтарды Шыңғысхан мен Темірланның ұрпағы ретінде американдықтар қызылтерілі индеецтерді қалай қырса, солай қырып тауысу мәселесін Думада көтерді. Ал генерал-губернатор Куропаткин бұл идеяны орыстың саяси элитасы қырық жылдан бері бір байламға, яғни, қазақтарды жер бетінен сыпырып тастау керектігіне оның күнделігі куә.

Қорыта айтқанда, Ресей империясының  қазақтардың санын саналы түрде азайтып, қолдан келсе жер бетінен жоғалтып, ұлан байтақ ата қонысын мәңгілікке иемденуден басқа мақсаты болған еместігі айдан анық мәселе.

Заман өзгеріп, патшалық құрылыс құлап, билікке 1917 жылы қарашада большевиктер партиясы келді.

Өмірге ұрандата келіп, таптық саясатты ұстанған кеңестік үкімет пен большевиктер партиясы басты кемшілігі сөз бен ісінің алшақтығы болатын. Халықтар достығын ұрандап, ақыры патша үкіметінің орыстандыру саясатын  жалғастырушы мұрагеріне айналғанын тарихи өмір ағысы айғақтап жатты. 1920  жылы өткен БК (б) ОК X съезінде қаралған ұлт саясаты туралы іргелі шешімдері Сталиннің билікке келуімен жүзеге аспай, қағаз бетінде қалды.

Кеңес үкіметінің қазақтар туралы ұстанған саясаты патша отаршылдарының ұстанған саясатының дәстүрлі жалғасының өзі болып шықты. Мұны кеңес үкіметі кезінде әртүрлі мақсат тұрғысынан 7 рет өткізілген халық санағының қортындылары айғақтап отыр.

5. Бесіншіден, бүкіл түрік халықтарын қол асытнда ұстаған Кеңес үкіметі өміршең жасампаз, дархан көңілді қарапайым қазақ халқына не себепті ерекше көңіл бөліп, қауіптене қарады. Бүтін бір халыққа бұлай қараудың белгілі себептері де болуы керек-ті. Біздің байқауымызша, саяси-әлеуметтік тартыстарды түрік халықтары арасында қазақтардың қоғамдық ой-санадағы бірлігі мен рухани тұтастығы және қазақ саяси отбасының деңгейі биік күрескерлік қабілеті жоғары болуы билікті сескендірсе керек. Өйткені 1917-20 жж арасындағы саяси билік жолындағы күресте қазақтар Алаш Орда партиясын құрып, Ресей қоластында ұлттық автономиясын жариялап үлгерсе, 1924 ж. Түркістан республикасын ұйымдастырып, оның төрағасы ретінде Т. Рысқұлов мәселені Мәскеудегі орталыққа ұсынады. Міне, Қазақстан мен Түркістандағы осындай зор саяси-әлеуметтік өзгерістердің басында негізінен қазақ саяси элитасының басшылық етуінен орталық сескене бастады. Түркістан өлкесіндегі түрік халықтары одағын  ыдыратып, бөлшектеу саясатын ұстанды. Ал Мәскеудегі орталық Қазақстанда билік тізгінін Голощекинге беріп, соның қолымен ашаршылық ұйымдастырып, халықтың тең жартысын қырып салды. Ой-сананың ұйытқысы болған қазақ зиялыларын тапшылдық саясат негізінде бірін-біріне саналы түрде айдап салу арқылы олардың көзін тұтастай жойды. Келешек жастарды рухани тамырынан ажыратып, орыстандыру арқылы мәңгүрттендіруді қолға алды. Ол үшін қолданыстан жазу таңбасын екі рет әуелі араб жазуы таңбасынан латын жазу таңбасына ауыстыру (1930 ж), екінші рет он жыл уақыт өтпей-ақ латыншаны кирилицаға алмастыру (1940) арқылы көздеген мақсатына жетті. Қазақтардың өз қолымен от көсеу принципін ұстанды. Кирилицаны Ы. Алтынсарин арқылы іске асырып латыншаны Н. Төреқұлов қолымен жүзеге асырды. Қазақ саны жағынан ойсырап түсуін 1920, 1926, 1937 жылғы халық санағының нәтижесі тайға таңба басқандай көрсетіп берді.

6. Алтыншыдан, зорлап колхоздастыру мен 1932 жылғы ашаршылықтан ұрпағын аман сақтап қалу мақсатымен қазақтар шетелдерге жаппай қаша бастады. Өсіп-өнуі жағынан олардың  саны жыл өткен сайын көбейіп 5 млн-ға дейін жетіп отыр. Олардың млн-ға жуығы туған ата-жұртына оралса, қалғандары әлемнің  40-тан аса  мемлекеттерінде өмір сүріп жатыр.

Шетелде жасап жатқан қазақтардың бүгінгі күндегі саны 4,5 млн. Оларды түрлі саяси-әлеуметтік сапырылыста қазақ жерінің бір бөлігі жырмаланып, Ресей, қытай, Өзбекстанға қосылып кетуі себепті, ол жерде жасаушы 3 700 000 қазақтарды диаспора ұғымынан бөлектеу қараймыз. Бұлардың бәрі де өзі туып өскен ата мекенінде отырса да, ол жерлер Ресей, Қытай, Өзбекстан мемлекеттерінің қол астында қалып кетуі себепті де оларды диаспара ретінде қарауға болмайды. Ал 40-тан астам  шет елде жасап отырған  800 000 – дей қазақтарды ғана біз шын мәнінде диаспара ретінде қараймыз.

 Шетел қазақтары қандай да саяси-әлеуметтік сапырылысқа түссе де саны жағынан баяу түрде біркелкі өсу жолында болғанын байқаймыз. Ал Қазақстанда өз жерінде жасаған қазақтар Орталықтың тікелей бақылауында болуы себепті қашан көштің басы түзелгенше саны жағынан ұзақ жылдар бойы (1917-1957) үнемі азайып, оталып отыруының өзі-ақ аңғартып тұр. Патшалық Ресей водворения саясатын, яғни, жаулап алып отарланған жерге орыс шаруаларының санын асыруға бар амал айласын қолданудан тартынбады.  Мұндағы мақсаттың бірі – келімсектердің саны артқан сайын бұратана халықтарға жерін иемденуде үстемдігі артып, оларды шоқындырып, орыстандыру процесін де жылдамдату болатын. Осы мақсат тұрғысынан  таза миссионерлік мақсатқа құрылған аралас (орыс түземдік) мектептер де қызу атсалысты. Ал дәл бүгінгі тәуелсіздік күнде түрік халықтары арасында ашылған аралас мектептер саны таусылуға бет алса, ол Қазақстанда өрлеп келеді. Қазақстан республикасындағы ірілі-ұсақты 8 мыңдай мектептің 1777-і таза орыс тілді мектеп болса, 2068-і аралас мектеп болып тұру әуселесі нені көрсетеді? Қазақтар өз жерінде бүгінде 67%-ға жетсе де таза қазақ тілді мектебі 50%-дан аспай отыруы да мәселенің түп төркінін айқындап тұр. Тәуелсіздік жылдарында жаңадан 900 қазақ мектебінің ашылуы – біздің үмітіміздің бағдары айқындалды деп болашағымызға сенуліміз.

Пікірлер  

# Самал Байкеева 2016-01-28 14:53
ауылдағы балалар Мекемтас Мырзахметұлымен сұхбаттасқысы келеді, ғұлама ғалыммен кездесуді онлайн арқылы ұйымдастыруға болады ма? (рахмет)
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту