20-01

БОКСТЫҢ ТАРЛАНЫ ЕДI

"Елдiң атын ер шығарады". Әбдiсалан Нұрмаханов – сондай ердiң бiрi әрi бiрегейi едi. Бокстан республиканың бiрнеше дүркiн чемпионын Одақтық спорт комитетiнiң басшылары iштарлық жасап, халықаралық аренаға шығармауға тырысса да, ол қарсыластарын айқын басымдықпен жеңiп, өзiн баршаға мойындатқан. Қазақ ұлтының даңқын аспандатты. Әлемдегi ең таңдаулы ауыр салмақты боксшылардың қатарынан орын алды. Оның туылғанына 75 жылдығына орай өмiр белестерiнен сөз қозғап, еске алуды жөн көрдiк.

Соғыстың соңғы жылы. Қожамбектiң iнiсi Әжiбай майданнан жаралы болып оралған. Ағасының қуанышында шек жоқ. Қолындағы аз ғана тұяқтан бiр лақты құрбандыққа шалып, Ақсарының тұрғындарына ас берiп, ақсақалдардан бата алды. Астан соң солардың бiразы ауыл сыртындағы төбеге шығып, әдеттегiдей әңгiме-дүкен құрып тоқ басқан. Үлкендердi төңiректеп, балалар да жиналып жатыр. Мұндайда Мәмбет шал балаларды күрестiрiп, жұрттың көңiлдерiн көтерiп қоятын. Ол бүгiн де әдетiне басты. Шеттеу тұрған ұзын сирақ Сағымбайды үйiне жұмсап, кемпiрiнен белге байлайтын көнетоз екi орамал алдырды. Әжiбай немiстiң ауыз сырнайын Мәмбетке берiп:
– Ақсақал, мынаны қай жеңгенi алсын, – дедi.
Сыртына алтын жалатқандай жылтырап тұрған сырнай балалардың көз жауын алды. Мәмбет шалдың әуен атаулыдан хабары болмаса да сырнайды аузына ұстап, тартып көрдi. Сыздықтай шыққан неше алуан үнiн айтсайшы. Балалардың аңсары ауып, қызығып-ақ тұр.
Сонымен күрес басталды да кеттi. Балалар алқалы топтың ортасына бiрiнен соң бiрi шығып жатыр. Бәрiнiң сырнайдан үмiтi бар. Жұрт белдескендерге тұс-тұстан кеу-кеулеуде.
– Жәнiбек, iштен шал, – дейдi бiрi.
– Сәмен, жамбасқа ал, – дейдi қарсыластың жақтасы.
– Шешелерi арпаның көжесiне тойғызбаған ғой мыналарды. – Алқалаған топ қыран-топан күлкiге батты да қалды.
Қырықбайдың он екi жасар баласы ешкiмдi өзiне шақ келтiрер емес. Белдескен балалардың бiрiнен соң бiрiнiң жауырынын жерге тигiзiп, күштiлiгiн танытуда. Ендi бiр сәтте онымен күш сынасатын бала да қалмағандай болды. Жақтастары: "Мәке, сырнайды Қырықбайдың баласына бер! Оған күшi тең келетiн бала жоқ" – десiп жатты. Бiрақ Мәмбет шалдың көне қояр түрi жоқ. Бiр шетте үйiрiлiп тұрған балалар жаққа мойнын бұрып:
– Әй, Нұрмаханның қарасы, сен неге күреспейсiң? Қорқып тұрсың ба? Қане, шық алға! – дедi өктем үнмен.
– Менiң Саланым одан үш жас кiшi ғой. Бойы да, салмағы да тең емес. – Нұрмахан ұлын қызғыштай қорып, ендi болмаса ортаға шығуға ұмтылып тұрған баласының қолынан ұстап, жiбермей тұр.
Мәмбет шал екiленiп:
– Нұрмахан, "Палуанға оң мен солы бiрдей" дегендi естiп пе едiң? Күрескiсi келiп тұрған балаңды неге сонша қызғыштай қорғайсың. Жығылса жер көтередi. Саланыңның талабын қайтарма, – дедi.
Нұрмаханның ұлын жiбермеуге амалы қалмады. Қара бала ортаға ытқып шығып, қарсыласымен шап берiп ұстаса кеттi. Қырықбайдың баласы iштен шалды, қара бала жығылмады. Жамбасқа алды, жауырыны жерге тимедi. Қанша әдiс-айласын жасаса да қара бала мiзбағар емес. Қайта қарсы амалға көшiп, күш алып барады. Жұрттың аузында тыным жоқ. Жарыса шулап жатыр.
– Нұрмаханның баласын-ай! Бойы кiшi болса да жығылар түрi жоқ қой?!
– Жығылмай қайда барады. Қырықбайдың баласы қазiр-ақ топ еткiзедi оны. Олар бiрiн-бiрi жыға алмай сүт қайнатым уақыт арпалысты. Әлден соң Нұрмаханның қарасы қарсыласының белiнен қапсыра ұстап, өзiне қарай көтере тартты да, жамбасқа алып жерге топ еткiздi.
– Әп, бәрекелдi! "Күш атасын танымас" деген осы. – Мәмбет шал қара баланың қолын көтердi. – Нұрмаханның қарасы жеңдi! – деп сырнайды қолына ұстатты.
Нұрмаханның мерейi үстем болды. Баласының бетiнен сүйдi. Бұл – Әбдiсаланның тұңғыш жүлдесi едi. Ауыл адамдары бертiнде болған той-томалақ, жиындарда сол екеуiнiң белдесуiн көпке дейiн айтып жүрдi.

* * *

Нұрмаханның отбасы Түркiстанға қоныс аударған. Әбдiсаланның бойы өсiп, дене бiтiмi шымыр тартқан. Өз қатарластарынан ересек көрiнедi. Мектептен жаңа достар тапты. Жоғары класс оқушылары оның қасынан айналшықтап шықпайтын болды. Доспын дегеннен аянып қалған емес. Өзiнiң де, жанындағылардың да есесiн ешкiмге жiбермейдi.
Бiр жолы әкесi оның тағы да бет-аузы көгерiп келгенiн көрiп, ашудан шарт кеттi.
– “Нұрмаханның баласы бұзық екен” деген жаман атымды шығардың-ау сен, – деп жақтан тартып-тартып жiбердi. – Ендi ел-жұрттың бетiне қалай қараймын?
Анасы Шолпан арашаға түстi.
– Әкесi-ау, бала болған соң бiр-бiрiмен шегiспей ме. Соған бола күйiп-пiсiп қайтесiң? Ес бiлген соң қояды да.
Әбдiсаланның қалың қабағы түйiлiп, үн-түнсiз үйге кiрiп, түпкi бөлмеге жатып қалған. Iле анасы да келдi. Баласының басынан сипап:
– Балам, енесi тепкен құлынның етi ауырмайды. Әкем ұрды деп қапаланба. Ол сенiң тәрбиелi адам болғаныңды қалайды, – деп аз уақыт үнсiз отырды. – Бұл жолы кiммен шегiсiп қалдың?
Әбдiсалан жастықтан басын көтерiп алды.
– Досым екеумiз мектептен қайтып келе жатқанбыз. Жолай бiзге Айсұлу деген кластасымыз қосылды. Темiр жолдағы өткелекте төрт жiгiт тұр екен. Қасынан өте бергенiмiзде әлгiлер Айсұлуға қылжақтап тиiсе кеттi. Ауыздарына не келсе, соны айта бастады. Олар шектен шығып бара жатқан соң, мен қарап тұра алмадым. "Ей, қызға қылжақтамай жайыңа жүрсейшi", – дедiм. Аналар екiленiп: "Өй, мына жаман не деп тұр-ей! Мұның мұрнын бет қылып жiбермесек болмас", – деп маған тап бердi. Олар төртеу, бiз екеу болып бiраз жұдырықтастық. Олар да, бiз де бiр-бiрiмiзден таяқ жедiк.
– Қыз баласын қорғағандарың жөн екен, шырағым. Мұны әкеңе өзiм айтармын, – дедi анасы риза кейiппен.
Спорт бапкерi Молдабек Құралбаев мұны бiраздан берi сырттай бақылап жүредi екен. "Мына жiгiттiң қолдарында ерен күш бар. Тәрбиелесе мықты боксшы шығады-ау". Өзiнiң аздап бокстан хабары бар едi. Бiр жолы кездесiп, боксты үйретпекшi болды. Ол кезде былғары қолғап қайда. Құралбаев iшiне сабан толтырылған қолғап тiгiп, алғашқы жаттығуларын жүргiздi. Қорғанысты, шабуылдауды өз бiлгенiнше үйреттi. Күзде Кентау қаласындағы спорт дүкенiне бокстың былғары қолғабы түскен екен. Соның екi жұбын сатып алып, Әбдiсаланмен жаттығу жұмыстарын жүргiздi. Сондай жаттығу кезiнде Әбдiсалан оң қолымен Құралбаевты қатты соққаны бар. Ол ағаш еденге ұзынынан сұлап, есiн жия алмай бiраз жатты. Әбдiсаланның өзi де мұны күтпеген едi. Қатты ұялғаны соншалық, ендi қайтып бокс деген бәлеге жоламастай болған.

* * *

1953 жылдың қоңыр күзi. Әбдiсалан Нұрмаханов – Алматы темiр жол техникумының студентi. Курстастары сабақтан соң қала бағына, кинотеатрларға барып, көңiл көтерiп қайтады. Ал Әбдiсалан жатақханаға барып, радиодан ән-күй тыңдауды әдетке айналдырған. Курстасының бiрi:
– Сен қалайша күй тыңдаудан жалықпайсың? Бiзбен бiрге жүр. Орталық баққа барып, қыздармен би билеп, көңiл көтерейiк, – дедi. Әбдiсалан иығын қиқаң еткiзiп:
– Биден гөрi күй тыңдағаным артық, – деп радионың тетiгiн бұрап, үнiн бiр ырғаққа келтiрiп, төсегiне жантая кеттi.
Жерлесi Әбсемет Оспанов университеттiң заң факультетiнде оқитын. Зерiккен кезде апта аралатып, соның жатақханасына барушы едi. Бүгiн де солай қарай бет алды. Бөлмесiнде бiрге тұратын жiгiттер көңiлдi-ақ. Әр алуан тақырыпта әңгiме-дүкен құрып, әзiл-қалжың айтып отырады. Әңгiме арқауы спорт тақырыбына ауысқан. Сол кезде республикаға танымал боксшылар Мақсұт Омаров, Ескендiр Хасанов, Геннадий Рожковтың жұртты тәнтi еткен шеберлiктерi жайында сөз болды. Бiр кезде Әбсемет:
– Әй, жiгiттер, мына менiң Әбдiсалан iнiмнен де мықты боксер шығады, – деп басқалардың назарын аударды. – Түркiстанда талай бұзықты тәубесiне келтiрген.
Ол ертеңiне Әбдiсаланды қоярда-қоймай атақты волейболшы Октябрь Жарылғаповқа ертiп барып, оны бокс бапкерi Константин Муллаевқа таныстыруды өтiнген едi.
Олар "Динамо" спорт кешенiне келгенде бiр топ жiгiттер жаттығып жүр екен. Араларында қазақ жiгiттерi тым аз. Зал ортасында қақшиып тұрған, жағасы мен қос қапталында ақ жолақ сызығы бар спорттық үлгiдегi тоқыма киген бапкер Жарылғаповты көре салып осылай қарай беттеген. Жылы жүзбен амандасты.
– Константин Михайлович, мен сiзге мына iнiмдi әкеп отырмын. Тәрбиелесеңiз, бұдан мықты боксшы шығады.
Жаттықтырушы оның тұла бойына көз жүгiрттi.
– Дене бiтiмi шиыршық атып тұр. Салмағы да айтарлықтай. Ендi ең бастысы, боксқа деген өз талабы болса қанеки. Мүмкiн кейiн бұдан чемпион шығар. Бiрақ бiр ескертерiм – бокс төбелес емес. Бұл – өнер!
Ол сол күнi-ақ жаттығу жұмыстарына кiрiсiп кеттi. Басқалармен бiрге үлкен залды айналып жүгiрдi. Зiлтемiрдi көтердi. Ұзын сапты батпандай балғамен дәу трактор балонын құлаштай ұрды. Қолына бокс қолғабын киiп, төбеден салбырата iлген жуан қапшықты бар күшiмен, бар жылдамдығымен соққылады. Тұла бойы терге шомды. Ертеңiне ауыр тартқан денесiн төсектен зорға көтердi. "Иә, бокс төбелес емес екен. Жеңiске жету үшiн қаншама тер төгу керек әлi". Тез киiнiп, техникумға тартты. Сабақ үстiнде бар аңсары жаттығуда болды. Кешкiсiн "Динамоға" қарай асықты.
– Әбдiсалан, сенi сынар шақ келдi. – Жаттықтырушы ұстаз оған тесiле қарады. – Бiлемiн, саған рингке шығу әлi ертерек. Соққының көп тәсiлiн игере қойған жоқсың. Алайда бiзде ауыр салмақта ешкiм болмай тұр. Алдағы аптада болатын "Ашық ринг" бәсекесiне түсесiң.
– Константин Михайлович, мен дайынмын. – Әбдiсаланның көздерi шоқтай жайнап шыға келдi. Оның жаттығуды бастағалы берi күткенi осы едi. Ұстаз жұлқынып тұрған жiгiттiң талабына риза болды ма, жымиып күлдi.
...Төрешi рингке Нұрмахановты шақырды. Ол алаңның қызыл бұрышына барып тұрды. Қаланың бокс сүйер қауымы ауыр салмақты қазақ жiгiтiнен көз алар емес. Көк бұрыштағы орыс жiгiтi де өзi құралпы екен. Гонг соғылды. Әбдiсалан бiрден қарсыласына ұмтылып, ауыр соққыларды қарша боратты. Қарсыласы мұны күтпесе керек. Қорғаныстан көз аша алмай, бұрыштан-бұрышқа қашумен болды. Екiншi раундта да осы жағдай қайталанып, қарсыластың секунданты алаңға сүлгi тастап, жекпе-жек тоқтатылды. Төрешi Нұрмахановтың қолын көтердi. Муллаев киiм ауыстыратын бөлмеге келген соң:
– Әбдiсалан, оны қалай жеңгенiңдi бiлесiң бе? – дедi.
– Жаттығудың арқасында шығар, Константин Михайлович.
– Жоқ, Әбдiсалан. Тек жаттығудың арқасында ғана емес. Сенде үш раундқа шаршамайтын төзiмдiлiк бар. Жаңа қарсыласыңды есепсiз соққының астына алдың. Мұны қазақта көкiректiк дейдi. Бiрi дөп тисе, бiрi ауа қармап жатты. Бұл күштi бей-берекет жұмсауға әкеп соғады. Әлi де дәл әдiс-тәсiлiңдi жетiлдiруiмiз керек. Әсiресе оң қолыңмен қарсыластың қапысын тауып соққы беру жағы сенде кемшiн.
Ол ұстаз ескертуiн қабыл алды. Кезектi жаттығуда сол тәсiлдi игеруге барын салды. Жаттығуға ден қойғаны соншалық, техникумдағы бiр-екi сабағын да жiберiп алған едi. Оқу iсiнiң меңгерушiсi Старикович бұлқан-талқан ашуланып:
– Нұрмаханов, сен Алматыға оқу үшiн келдiң бе, жоқ әлде күшiң тасып бара жатқан соң бiреулермен жұдырықтасу үшiн келдiң бе? – деп салған жерден айқайға басқан.
– Оқу үшiн.
– Ендеше сабақтан қалуға кiм рұқсат бердi саған? Мен бе, жоқ әлде директор ма?
– Мен жарыста техникум намысын қорғадым.
– Жоғарыдағылар ертең менен сенiң боксқа қатысқаныңды емес, оқудағы үлгерiмiңдi сұрайды. Мен сенi жуан жұдырық боксшы емес, шойын қолды тепловоз машинисi етiп шығаруым керек. Сен не оқумен бол, не боксыңмен бол. Екiнiң бiрiн таңда!
Нұрмаханов ес бiлгелi басынан сөз асырып көрмеген. Стариковичпен бұдан әрi тәжiкелесiп тұруға шыдамы жетпей, тiк кеттi.
– Менi оқудан кеттi деп санаңыз. Физкультура техникумына барамын. – Ол қолын созып, әлдене айтпақшы болып ыңғайлана берген меңгерушiге қарамай, бөлмеден шығып кеттi.
1958 жылдың жазы. Дондағы Ростов қаласында "Буревестник" бiрiншiлiгi өтiп жатыр. Мұнда Кеңестер Одағы бойынша сегiз ауыр салмақты боксшы қолғап түйiстiрдi. Нұрмаханов алғашқы қарсыласын ауыр соққылармен есiнен тандырып, жекпе-жекте уақытынан бұрын аяқтады. Содан кейiнгiлерiнен көп ұпай санымен басым түстi. Ақтық жекпе-жектi Мельбурн олимпиадасының жүлдегерi Лев Мухинмен түсетiн болды. Мухин – халықаралық жарыста талайлардың меселiн қайтарған тәжiрибелi боксшы. Оңай алдыра қоймайтыны анық. Нұрмаханов онымен шаршы алаңға шығатын күнi таңертең оңаша серуендеп қайтуды жөн көрiп, баққа барды. Түстен кейiн жаттықтырушы Ескендiр Хасанов екеуi Мухиннiң басқалармен жекпе-жегiн ой елегiнен өткiзiп, талдау жасады. Атағы демесең оның өзiнен асып бара жатқаны шамалы сияқты. Жарыс басталар алдында шешiнетiн бөлмеге келiп, бiраз қыздырынды. Хасанов қолына дәке орап, былғары қолғабын кигiздi. Сол кезде жеңiл салмақтағы боксшы Евгений Феофанов есiктен кiрiп келiп:
– Әбдiсалан, оны ауыр соққымен бiр-ақ ұрып құлатамын деп, сәтiн аңдып құр босқа жүрiп алма. Ол да талай жекпе-жектi басынан өткiзген әккi ғой. Оңайлықпен соққы дарыта қоймас. Екеуiңнiң жекпе-жегiң ұпай санымен шешiлуi бек мүмкiн. Ұпайды көп жинауға тырыс,– дедi шын жанашырлығын аңғартып:
– Женя, қалай қимылдарымды айқас барысы көрсетер, – дедi Әбдiсалан.
Спорт сарайының iшi көрермендерге лық толған. Шаршы алаңда – Нұрмаханов пен Мухин. Алғашқы раундта бiрi-бiрiнiң осал тұстарын аңдумен болды. Оларға төрешi ескерту де жасады. Екiншi раундта алма кезек шабуылға шықты. Кейде Нұрмахановтың, кейде Мухиннiң соққылары дөп тиiп жатты. Үшiншi раундта Нұрмаханов шабуылды үдеттi. Мухин қорғана жүрiп, бiрнеше соққы жасап, айласын асырды. Бас төрешi жанындағылармен ұзақ кеңесiп, Мухиндi чемпион деп жариялады. Нұрмаханов күмiс алқа тақты.
– Әбдiсалан, жеңiс сенiкi едi. Бас төрешi Мухиннiң атағын сыйлап, жеңiстi соған бұрып жiбердi, – дедi Евгений өкiнiштi үнмен.
Нұрмаханов басын шайқады.
– Женя, олар бұрған жоқ. Мухин қорғаныста жүрiп, шебер бокстасты. Жеңiс сонiкi. Ал маған әлi де тәжiрибе жинақтау керек екен. Одан есемдi қайтарар кез келер әлi.
1960 жылы мамырда Ленинградта бокстан КСРО бiрiншiлiгi өтiп жатты. Жеңгендерге Рим олимпиадасына жолдама берiледi. Нұрмаханов осы жарыста Лев Мухинмен тағы да қолғап түйiстiрдi. Айқын басымдылығын көрсетпесе төрешiлер жеңiстi тағы да Мухинге бұрып жiберетiнiн бiлдi. Оны үш раунд бойына ауыр соққыларының астына алып, қарсыласуға мұрша бермедi. Төрешiлер амалсыз Нұрмахановтың жеңгенiн мойындады. Шешушi айқаста Еуропа чемпионы, КСРО-ның бес дүркiн чемпионы Изосимов қана одан ұпай санымен айласын асырды.

* * *

Нұрмаханов Мәскеудегi КСРО чемпионатына жақсы дайындықпен келдi. Ел чемпионатына кiл марқасқалар жиналған екен. Алғашқы екi күндiк айқаста Нұрмахановқа ешкiм шақ келмедi. Оның ауыр соққыларына қарсыластары шыдас бермей, жекпе-жектер екiншi раундта-ақ секунданттардың шұғыл шешiмiмен тоқтатылып жатқан. Ауыр салмақтағы одақтың бiрнеше дүркiн чемпионы мәскеулiк Андрей Абрамов қарсыластары Шоцикас, Мунин, Яковенко, Романовты бiрiнен соң бiрiн айқын басымдықпен тiзе бүктiрумен болды. Оның Нұрмахановтан төрт-бес жас үлкендiгi бар және салмағы да ауырлау. Талай айтулы жарыстардың жеңiмпазы. Ол Саратовта өткен жарыста Нұрмахановтан бiр ғана ұпай басымдықпен жеңiске жеткен едi. Бокс мамандарын Нұрмахановтың рингтағы ширақ қимылы мен тынысының кеңдiгi қызықтырды.
– Мына қазақ жiгiтi болайын деп-ақ тұр!
– Әдетте Орта Азиядан ауыр салмақты талантты боксшылар шыға бермеушi едi.
– Ақтық айқасқа Абрамовқа осы жiгiт шығады-ау.
– Абрамовтың салмағы – 106 килограмм, ал Нұрмахановтiкi – 86 килограмм. Қазақ жiгiтi оның зiл батпан соққысына төтеп бере алар ма екен өзi?..
Пiкiрталастар осылай өрбiп жатты.
Мамандар қателескен жоқ. Ақтық жекпе-жекке Нұрмаханов пен Абрамов шықты. Абрамов пен жаттықтырушысы Нұрмахановтың осыған дейiнгi сайысын жiтi қадағалаған екен. Оңаша отырып, оның соққыларын талдады.
– Андрей, оны өзiңе жақындатпа. Ара қашықтықты сақтап, дәл соғу жағын қарастыр. Көрдiң ғой, салмағы сенен жеңiлдеу болғанмен соққылары өте ауыр. Бiрақ қорғаныс жағы босаңдау. Сенi бұл жекпе-жекте айла-тәсiл ғана алып шығады,– дедi бапкерi.
Гонг! Боксшылар қолғап түйiстiрiп, кейiн шегiндi. Абрамов шабуылға шықты. Ұмтылып барып екi-үш соққыны бiрiнен соң бiрiн жасады. Нұрмаханов қорғана жүрiп, қарсы соққы жұмсады. Анталаған жұрттың назары Нұрмахановта. Қайратты қара шашын кейiн қайырған қоңырқай өңдi, қою қасты жiгiттiң Абрамов атақты екен деп тайсалатын, жасқанатын түрi жоқ. Тiптен раунд соңында Абрамовты бұрышқа тығып, жұдырықтарын төпелеп те жiбердi. Гонг! Боксшылар бұрыш-бұрыштағы өз орындарына барып отырды. Абрамовтың бапкерiнен маза кеткен:
– Андрей, сенi гонг сақтап қалды! Ендi байқаған шығарсың. Бұл өткен жылы кездескен Нұрмахановың емес. Есесiн қайырғысы келiп тұрғаны анық. Өзiңдi жинақы ұста, – деп орамалмен желпiдi.
Нұрмахановтың секунданты Муллаев та қолдарымен түрлi тәсiлдер көрсетiп, дамылсыз ескерту жасауда.
– Әбдiсалан, шабуылдаймын деп қорғанысты ұмыт қалдырып жүрсiң. Абрамов соны екi рет ұтымды пайдаланды. Соқтың ба, бiрден кейiн шегiн. – Сүлгiмен терiн сүрттi.
Екiншi раунд. Боксшылар алма-кезек шабуылдауға көштi. Бiрде Нұрмахановтың, бiрде Абрамовтың соққылары дөп тиедi. Жұдырықтарын ауаға сiлтеген кездерi де аз болған жоқ. Абрамов мұның қорғаныстағы осал тұсын аңдып-ақ жүр. Нұрмаханов дес берер емес. Қайта өрге шапқан тұлпардай өршеленiп барады. Абрамовтың қолдары сәл төмен түсiп едi, Нұрмаханов сол қолымен шықшыттан соқты. Соққы тегеурiнiнен шалқайып бара жатқанда оң қолымен иек астынан тағы соқты. Абрамовтың қос жанары бұлыңғыр тартып, тәлтiректей бергенде Нұрмаханов тағы бiр соққы жасауға ұмтылды. Сол кезде төрешi ортаға килiге кеттi. Зал iшiн абыр-дабыр дауыстар кернедi. Нұрмахановтан мұндай жойқын шабуылды күтпесе керек.
– Стоп! – Төрешi қос қолындағы бүгiлген саусақтарын жазып санай бастады. – ..5-6-7-8... Арқасын керiлген ринг арқанына тiреген Абрамов есiн жиып, төрешiге басын изеп, айқасқа дайын екенiн бiлдiрдi.
– Бокс!
Нұрмаханов ес жиғызар емес. Тағы да бұрышқа тықсырып, бiрнеше соққы жасады. Гонг!
Боксшылар бұрыштардағы өз орындарына барды. Абрамовтың секунданты:
– Андрей, есiңдi жи, – деп төбесiнен салқын су құйып, сүлгiмен сүрттi. – Нұрмаханов әлi тың. Еркiнсимiн деп ауыр соққы жiберiп алдың. Қайталаймын, оның осал тұсы – қорғанысы. Қолайлы сәттi мүлт жiбермей соқ.
Нұрмахановтың секунданты да кеңес беруде.
– Әбдiсалан, сәттi шабуыл жасадың. Бiрiншi раундтағыдай емес, Абрамовтың арыны басылып қалды. Осы шабуылыңды тағы бiр қайталасаң жеңiс бiздiкi. Қорғанысты да ұмытпа. Бiзге айқын басымдық керек. Бәрiн өзiң бiлiп тұрсың ғой. Соңғы минутта барыңда салып, шабуылды үдет. – Ол Нұрмахановтың бұлтиған бұлшық еттерiн қолымен шапаттап, сулы сүлгiмен желпiдi. Көмекшi секундант қабағына май жақты.
Үшiншi раунд. Абрамов бiрден шабуылға шықты. Нұрмахановты бiр-ақ ұрып құлатпақ. Алайда соққылары ауа қармап жатты. Ойнақшыған Нұрмахановтың нысанаға iлiгер түрi жоқ. Абрамов босқа шаршады. Ендi қос қолымен басы мен денесiн тұтастай жауып, қорғанысқа көшкеннен басқа амалы қалмады да. Нұрмаханов атой салды. Қарсыласының қорғанысын жарып, иек астынан естен тандырарлықтай екi соққы жасады. Соққыларын үдете түспекшi едi. Сол сәтте төрешi тоқтатып, оның қолынан ұстап, рингтiң төрт жағындағы қазыларға қаратып, қолымен ескерту жасады. Нұрмаханов түкке түсiнген жоқ. Бокс тәртiбiн қай жағынан бұзғанын түсiне алмай дал. Жекпе-жек қайта жалғасты. Абрамовтың екi-үш соққысы оның қорғанысын бұзып өте алмады. Соңғы минут. Нұрмаханов тағы да шабуылға шықты. Абрамов бұрыштан-бұрышқа шегiндi. Төрешi жекпе-жектi тағы да тоқтатып, Нұрмахановқа екiншi рет ескерту жасады. Солай жекпе-жектiң уақыты бiткенше оған шабуылдауға мүмкiндiк бермедi. Гонг соғылып, үшiншi раунд та бiттi.
– Әбдiсалан, сен жеңдiң! – Секунданттың қуанышында шек жоқ. Құшақтап арқасынан қақты. Қазылар шешiмi шыққанша оның қолғабын шештi.
Бас төрешi сол бойда жеңiмпазды хабарламады. Жанындағы көмекшiлерiмен кеңесiп, бiраз уақыт тұрып алды. Зал iшi сiлтiдей тына қалған. Әлден соң бас төрешi дауыс күшейткiш қондырғыдан Абрамовтың жеңгенiн хабарлады да, төрешi соның қолын көтердi. Абрамовтың қуанғаны соншалық, бiр орнында секiрдi-ай келiп. Ал зал жым-жырт. Нұрмаханов әдiлетсiз шешiмнен өзегi өртене жаздап, рингтен төмен түскен кезде зал iшiнен әлдекiмдер:
– Нұрмаханов, жеңiс сенiкi! – деп дауыстағаны сол едi, бүкiл көрермен қошамет көрсетiп, қол соқты. Бұл қалың көрерменнiң берген бағасы едi. Ол сонда ғана Олимпиада секiлдi iрi жарыстарға тек орыс ұлтынан шыққандар ғана апарылатынын түсiндi.
Әбдiсалан Нұрмаханов КСРО құрама командасының қосалқы сапында Венгрия, Дания, Германияда өткен халықаралық жекпе-жектерде алтыннан алқа тақты. 1963 жылы Индонезия астанасы Джакартада өткен халықаралық жарыста Шатков, Засухин, Третьяк, Плотников секiлдi таңдаулы боксшылар алғашқы кездесулерiнде-ақ тiзе бүгiп, ел намысын тек Нұрмаханов пен Соболев қана қорғады. Ақтық айқаста ол салмағы 140 килограмм африкалық боксшыны алғашқы қырық секундта-ақ нокаутқа түсiрiп, жеңiмпаз атанды. КСРО-ның спорт мамандары мерзiмдiк басылымдарда оған үлкен баға бердi.
Оның аты әлемдiк деңгейдегi боксшылар қатарында тұрды.

Көлбай Адырбекұлы

Дереккөз: Халықаралық апталық сараптамалық "Түркістан" газеті, №15 14.04.2011 ж.

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту