20-01

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА Алматы облыстық мем. мұрағатында сақтаулы А.Асқаров туралы құжаттар не дейді?

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

Алматы облыстық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы

Асанбай Асқаров туралы құжаттар не дейді?

Мұрағат – халықтардың өткенінен мол ақпарат беретін зор кеніш, шежіре, өшпеуге тиіс мұралардың көзі. Оның сансыз қолат-қойнауларына үңілер болсаң, талай беймәлім асыл қазыналарға жолығасың. Мұрағатшылардың мақсаты – осы сырлы әлемді жинақтап, сақтап қана қоймай, дерек көздерімен ғылыми қоғамды хабардар ету. Мұрағаттағы деректер небір ұлы адамдардың өмірлері жайлы сыр шертеді. Осындай ұлы тұлға, халқымыздың біртуар ұлдарының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысы ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Асанбай Асқарұлы Асқаровтың біраз құжаттарын зайыбы Фатима Ғалиқызы Асқарова Алматы облыстық мемлекеттік мұрағатқа тапсырған еді. Асыл азаматтың жарық дүниеден озғанына үстіміздегі жылы бес жыл болды. Өзі дүниеден озса да, артына қалдырған рухани дүниесі тозбайды. А. Асқаровтың мол мұрасы келешек ұрпақ тағылым алар Отан байлығына, халық қазынасына айналды. Келесі әңгіме осы құнды құжаттар төңірегінде болмақ.

            А. А. Асқаровтың мұрағатқа тапсырылған құжаттары толығымен ретке келтіріліп, ғылыми өңдеуден өткізіліп, оларға тізімдеме құрылды. Осы тізімдеме бойынша алдымен өмірбаяндық құжаттарын парақтасақ, ұлы адамның жүріп өткен жолының өзі көпке үлгі боларлықтай екендігін аңғаруымызға болады.

            Асанбай Асқарұлы 1922 жылы 15 қыркүйекте Жамбыл облысына қарасты Мерке ауданындағы Тәті ауылында дүниеге келеді. Әкесі Асқар 1930 жылы қайтыс болып, анасы он бір баламен қалады. Түркістан-Сібір темір жол құрылысында жұмыс істеген ағасы Құлназар оны Шу бекетіндегі орыс мектебіне оқуға береді.  Алғашында ағасының танысының үйінде тұрып, кейін интернатқа ауысады. 1936 жылы 7 сыныпты бітіргеннен кейін, Фрунзе педагогикалық училищесінде оқып, білім алады. “Мен өте жақсы оқып, жоғарғы стипендия алатынмын”,- деп жазады өзінің 28 беттік (артқы бетімен) түрмеде жазған ғұмырнамасында, – әйтсе де, жазғы каникул кездерінде үйге анама келіп, колхозда жұмыс істейтінмін. Сөйтіп, он төрт жасымнан бастап еңбекке араластым. Анам мен ағама үлкен семьяны асырау өте қиынға соқты. Аштық жылдары төрт бауырымнан айрылдым. Қалғандарымыз әрең-әрең аман қалдық. Адамдардың қалай аштықтан өлгендерін өз көзімнен көрдім...”.

Ол 1939 жылдан бастап  Фрунзе облысында орта мектептің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ел басына күн туғанда Отанын қорғады. 1942 жылы мамыр айында Қарулы күштер қатарына шақырылды, полк мектебін, әскери-саяси училищесін бітіріп, офицер шенін алды. Соғыстан 1946 жылы туған жеріне оралады. “Менен бұрын соғысқа кеткен үш ағамның ішінен Құлназар ағам ғана қайта оралды... Жоқтықпен өткен балалық шақ, жақын адамдардан айырылу маған қиынға соқты. Сондықтан да мен осындай моральдық қазаның орнын адал еңбегіммен толтыруға тырыстым, өзімді еңбекке арнадым...”, - деп еске алады /1/ (Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты, 1252-қор, 1 (қос) тізімдеме, 5-іс, (келесіде АОММ деп қысқартылып көрсетіледі).

Сөйтіп, әскерден келген соң, алдымен Мерке аудандық комсомолының бірінші хатшысы, бір жылдан кейін Жамбыл облыстық комсомолының идеология жөніндегі хатшысы қызметтерін атқарады. Қызмет пен оқуды бірге алып жүрген Асанбай Асқаров 1950 жылы Мәскеудің КОКП Орталық комитетінің жанындағы Жоғарғы партия мектебінде оқып, оны 1954 жылы үздік бітіріп шықты.

Содан кейінгі жылдары Мерке аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық жастар комитетінің хатшысы, облыстық жастар комитетінің хатшысы бола жүріп, ол өзінің ақыл ойы мен білімін, жастық жалыны мен жігерін жастардың дүниеге көзқарасының дұрыс қалыптасуына, жан-жақты жетілуіне, рухани дәрежеге көтерілуіне арнады. 1954-1958 ж.ж. Жамбыл облысының Красногор және Мерке аудандық пария комитеттерінде бірінші хатшы қызметтерін атқарды. 1958 жылы Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағалығына тағайындалып, мемлекеттік басқару жұмысының жаңа сатысына көтерілді. Жас басшыға жаңа міндеттермен қатар үлкен жауапкершілік те жүктелді, халық пен мемлекет сеніп тапсырған бұл міндеттерін абыроймен орындап, 1959-1965 ж.ж. Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды /2/( АОММ,  1252-қор, 1 тізімдеме, 3, 12, 73 -істер).

            1965-1978 жылдары Алматы облысы партия комитетінің бірінші хатшысы және Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі қызметін атқара жүріп, Кеңес Одағы Компартиясының Орталық комитеті жанындағы қоғамдық Ғылым академиясында дәріс алып, “Экономические проблемы интенсификации животноводства (на примере овцеводства юга-востока Казахстана)” деген тақырыптағы диссертациясын өте жақсы қорғап, Ғылымдар академиясы алқасының 1968 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен экономика ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды /3/ (АОММ,  1252-қор, 1 тізімдеме, 7-іс).

1978-1985 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Ол жиырма үш жыл бойы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, жиырма екі жылдай Кеңес одағы коммунистік партиясы  Орталық комитетінің пленум мүшесі, жиырма жеті жыл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті құрамының мүшесі және он бес жыл жастар істері жөніндегі комиссияның төрағасы болды. Ал 1985 жылы құрметті демалысқа шыққан соң, Алматы қаласына көшіп келді  /4/ (АОММ, 1252-қор, 1 тізімдеме, 11-іс).

“Жалпы алғанда, әскерден келгеннен бері комсомол, партия жұмыстарында 40 жылдай еңбек еттім, - деп жазады А. Асқаров, – оның 25 жылында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқардым... Қай жерде жұмыс істемесем де, партиялық, мемлекеттік тәртіпті сақтауды өзімнің борышым деп есептедім. Тіпті әскерде курсант, сержант, офицер дәрежелерінде болған кездерімде де, тәртібіме жаза қолданылып көрген емес /5/ (АОММ,  1252-қор, 1 (қос) - тізімдеме, 5-іс).

Осындай жігерлі, азаматтық еңбегі мен талабына сай қызмет атқарған Асанбай Асқарұлы кейін халқымыздың мейіріміне бөленіп Жамбыл, Шымкент облыстарының “Құрметті азаматы” атақтарына ие болды. Бірақ халқының мейіріміне бөленгенмен, желкеден жекіп тұрған Мәскеу оған мейірімін төге қоймады. Қырық жылдай халқына аянбай еңбек етіп, құрметті демалысына шығып, еңбегінің зейнетін көретін шағында жалған айыптар тағылып, қамауға алынды. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі Мәскеудің ұлт басшыларының ішінен “ұлтшылдарды” іздеп табу науқанында қарауылға бірден алғашқы болып ілінуі де ол кісінің қоғамдағы салмағын анықтаса керек.

Жоғарыда айтылған тізімдемеде басқа қор құрушыларда кездесе бермейтін, зерттеушінің назарын тез аударатын бір бөлім бар, ол “А. Асқаровтың жазықсыз жазаланғандығы туралы құжаттар” деп аталады. Осы құжаттар адал да асыл азаматтың басына қара бұлт үйірілген кезеңдер жайында сыр шертеді. Құжаттарды оқи отырып, небір төбе құйқаңды шымырлатар әділетсіздіктерге куә боласың. Асекеңнің жары Фатима Ғалиқызының жазбаларынан біраз шындықты көруге болады: “...Мен А. Асқаровты ұстап әкеткен соң, ес-тұсты білмей ауырып қалдым. Ес-түс жоқ болып жатқанда, үйдің ішіндегі заттарды түк қоймай, шыраққа дейін кесіп алып кетті. Қараңғы үйде қалдық. Балалар біраз күн майшаммен отырды... Гаврилов (тергеуші) айтады: 160 мың сом берсең А. Асқаров ертең-ақ үйде болады. Ол қамауда отырып жылап отыр. Сені бала-шағаңмен қосып қамаймыз. Күйеуіңнің өлген жерін де таппайсың, ойлан деп қорқытады. Біз не айтсақ, соны орындайсың, сені кәрі екен деп ойламаймыз, қамауға аламыз. Өзбекстанды білесің ғой, түгел семьясымен қамап жатырмыз. Сені де сондай тірлік күтіп тұр...” /6/. (АОММ,  1252-қор, 1 - тізімдеме, 21-іс). Бұл үзінділер Фатима апамыздың мықтылығын тағы да бір айғақтай түскендей болады.

Ал Асанбай ағамыздың бұл кезде қандай күй кешкенін оқи отырып,  жан дүниең тебіренгендей болады. Пайғамбар жастан асқанда төрт жарым жыл бойы ауыр азап пен тар қапасты басынан кешірді. Оны өз естеліктерінен байқауымызға болады: “...Мәскеудің изоляторында да тергеуден тергеу, қорқыту мен үркіту жалғасты. Маған әр түрлі тергеушілер келіп, әрқайсысы мені бірдеңелер айтып қорқытып, үркітуді өздерінің міндеттері деп санады... Бірде маңызды істер жөніндегі тергеуші В. И. Калиниченко маған былай деді: ”Сізден барлығы бас тартты. Сіз бізге жеуге берілген бір түйір етсіз. Біз қалай қаласақ, солай болады. Сіз әлі өкінетін боласыз”. Мен өмірімде бұндай тіл тигізуді ешқашан естіген емеспін... Менің қасыма камераға 23 жылға сотталған бір баскесерді орналастырды. Ол мені ұрып, қорқытып қорлай бастады... Көзіңді ойып аламын, сенен тірілей котлет жасаймын деді...” /7/

( АОММ,  1252-қор, 1 (қос) - тізімдеме, 5-іс).

Бірақ “Ер мойнында қыл арқан шірімейді” демекші, қиындыққа мойымай, тағдырдың сынағына төзе білді. Осындай жағдайда отырып, отбасы мүшелерін жігерлендіріп, балаларына ақылын айтып, хаттар жолдап отырды. Осы тұста біз жары Фатимаға жазған сол хаттарынан үзінді келтіргенді жөн көрдік: “Алтыным, жаным Фатима! Денсаулық жақсы ма? Балалардың, немерелердің бетінен сүйіп қой, Дәлел бұзықты екі рет сүй. Құдай соны көрсетіп, бетінен сүйгізіп, иіскетер күн туса болар еді... Балаларға сәлем айт. Әкесі таза, ақ. Мен үшін ұялмасын. Если весь казахский народ стоит за меня, это что-то значит. Сүйемін, өзіңді сақта. Бізге тірі кездесу керек. Ол үшін ақыл, сана, шыдам керек. Оның бәрі менде бар. Еш нәрсе уайымдама... Айтқаныңның бәрін түсіндім. Жігіттерге қүлкен рахмет. Жұмысты сол бетінше жүргізе беріңдер. Жылқыбайға, Арыстанға үлкен жүректен сәлем айт. Қилыбайға да сәлем. Басқа ағайынға, жолдастарға сәлем айт. Өзіңді сақта, ауырып қалма... Камераға неше түрлі адамдар келіп жатады. Көбінше сурет салып, өлең жазып, газет оқып көп сөздеріне құлақ салмаймын”. Келесі хат балаларына арналады: Амансыздар ма, менің қымбаттыларым! Бұл істің қашанға дейін созылатынынан бейхабармын. Денсаулығым мәз емес. Бірақ бәріне шыдап, өмір үшін күресемін. Менің арым бәрінің алдында таза. Мен ешқашанда ешкімнен пара алған жоқпын. Мамаларыңа қарайлаңдар, күтіңдер. Сендерді құшақтап, сүюші папаларың”.

Қазақтың қай батырын алсақ та, әрдайым адал да асыл жарының демеуі сеп болған. Асанбай ағамызға Фатима апамыздай жардың кез болуы да тағдырдың бір сыйы шығар. Басына қиындық туған шақта балалардың басын біріктіріп, белді бекем буып, ерін қорғауға жан аямай атсалысты. Жылқыбай Аралбаев өзінің естелігінде: “...Кешегі нәзік, биязы мінезді Фатима осынша қиыншылықтарда жасымай, қайта қайраттана түсті. Батыл істеріне таң қалдым. Кешегі Асанбайдың басына түскен қиянат халқымыз үшін сын болды десек, Фатимаың басынан өткен ауыртпалығы өз алдына. Бұл сынды үлкен ерлікпен көтере білді. Үйде жылап-сықтап отырмай, жанды шүберекке түйіп, белсеніп күреске шықты. Замандастарына, құрбы-құрдастарына, сіңлі бола білді”, -деп жазады /9/ (АОММ, 1252-қор, 1 - тізімдеме, 109-іс).

Асанбай Асқарұлына тағы да демеуші болған, қиын-қыстау кезінде көмек беріп, тіпті түрмеден шығарып та алған өзінің туған халқы еді. Халқы Асанбайын жамандыққа қимады. Қырық жыл Асанбайы халқына қызмет етсе, халық үшін де азаматын қорғайтын кез туды. Халық қол қусырып отырмады. Сот жүріп жатқан кезде де, одан бұрын да Кеңестік Социалистік Республика Одағы мен Қазақ Кеңестік Республикасы, Қырғыз Республикасы басшыларына, Қырғызстан Жоғарғы сотының атына мыңдаған хаттар келді. Жамбыл, Шымкент облыстарындағы “Асқаровты құтқару комитеттері” ұйымдарынан, сондай-ақ өз бетінше өткен митингілерден, халық жиындарынан, қоғамдық ұйымдардан, тіпті қарапайым тұрғындарынан да көптеген қаулылар, ашық хаттар, өтініштер мен үндеулер санын есептеу мүмкін емес еді /10/ (АОММ, 1252-қор, 1 - тізімдеме, 23-25-істер).

Сонымен бірге қазақтың біртуар азаматтары, қоғам қайраткерлері, ақындары мен жазушылары, соғыс және еңбек ардагерлері де Асқаровты қорғауға жанын салып кірісті. Кеңестік Социалистік Республика Одағы халық депутаттарының, Қазақстан мен Қырғызстан жазушыларының, тіпті шетелдік қайраткерлердің сұраулары өз алдына бір төбе болды. Осыны растайтын құжаттардан, түрмеге жазылған хаттардан үзінді келтірген жөн шығар. Мәселен, “Ардақты аға Асеке! Жаратушы Құдырет үстінен жалақор арыз түскен Иов деген пайғамбарды сынамаққа неше түрлі азапқа салған. Ақыры ақ екеніне көзі жетіп, бақытты ұзақ өмір сүрген. Құдырет Сізге шарболаттай төзім, қайсар қажырлық бергей деп тілейміз. Ақиқатқа көз жеткізу қиын әрі ұзақ болса да шыдамыңыз таусылмаса екен, баяғы батыр бабалардың рухы қолдап, әділеттік жеңгенше мойымасаңыз екен деген үміттеміз. Достарыңыз тілеулес. Дұшпандарыңыз Сізді қажып-қалжырап, пенде болғаныңызды қалайды. Ендеше досқа күлкі, дұшпанға таба болмас үшін де шыдап бағыңыз. “Қызыл Жебенің” соңғы кітабының алғашқы тарауларын беріп жібердім. Қолыңызға тисе, бәлкім, аз да болса қуат берер деп едім. Сізге Құдыреттен жігер тілеуші – Шерхан Мұртаза” /11/( АОММ, 1252-қор, 1 - тізімдеме, 31-іс).

“Қымбатты Асанбай аға! Денсаулығыңыз қалай? Халқыңыз бәрін біліп отыр, тек жекелеген адамдар болмаса. Бірақ түбі бәрі орнына келеді, мен бұған сенемін. Әйелдерді ұйымдастырып хат жазып, барам ба деп отырмын. Аға, тек өзіңіз берік болып, саулығыңызды күтіңіз. Уаым ететіндей Сіздің қылмысыңыз жоқ қой. Сондықтан да ыңылдап ән салып, Әділеттің жеңетініне берік сеніп жүріңіз. Біз Сізбен біргеміз. Аман қауысалық, аға! Бетіңізден сүйдім. Сәлем жолдаушы қарындасыңыз – Фариза (Оңғарсынова)” /12/ (АОММ, 1252-қор, 1 - тізімдеме, 30-іс).

“Бір күні күтпеген жай болды”, -деп әңгімелейді Асанбай Асқаровтың сотындағы қоғамдық қорғаушы Бекбосын Көбеев, – сот залына жас шамасы сексеннен асқан, таяққа сүйенген ақсақал кемпірін жетелеп кірді де, айыпталушылар отырған жаққа беттеді. Қос қапталда тұрған солдаттар бөгемек болып қоғала бергенде, шал бір қолын созып: “сынок, не стреляй”,-деп отырғандарға жақындап барды да: “Шырақтарым, Асанбай Асқаров қайсысың?”, - деп көздерін сығырайтып жағалай қарады. Асекең орнынан тұрып: “Асқаров менмін, ақсақал. Ел-жұртыңыз аман-есен бе? ”, - деп қолын ұсынды. Қария сәлемін алып: “Шырағым, мына жаман кемпірім екеуміз Қордай ауданындағы Сұлутөрден өзіңді іздеп келдік. Елдегі жақсы істеріңе бұрыннан құлағым қанық. Өзіңді бір көрсем деп жүруші едім. Құдайдың жүздестіргеніне мың да бір шүкір. Жаны ізгілер түрмеде жатпауы керек. Қолыңды жай, қарағым! Батамды берейін!”, - деп тілегін айтты. Залда отырғандардың бәрі қолдарын жайып, беттерін сипап, “әумин” десті. Қария кемпіріне бұрыла қарап: “Әй, кемпір, сөлпимей әкелген құрт-майыңды берсеңші”, - деді. Кемпір қолындағы орамал түйіншегін Асқаровқа бермекші болып, қалбалақтап тұрғанда, оны солдаттар алып бір шетке қойды. Шал қоштасып, “Алла тілеулеріңді берсін, шырақтарым! Енді біз жарық барда елге жетіп алайық”, - деп аяңдап есіктен шығыр кетті. Асқаров қарақан басын ойлаған басшы болса, еліне еңбегі сіңбесе, халқының қамын ойламаса, қыстың көзі қырауда таяққа сүйенген қарттар ит арқасы қияннан іздеп келер ме еді?” /13/ (АОММ, 1252-қор, 1 - тізімдеме, 32-іс).

“Қиянаттың да қиянаты бар”,- деп жазады Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекқожин А. Асқаровтың сотын жүргізуші Н. Ибрагимоваға, – жеңеді деген ұлы халқымыздың сөзі бар ғой. Дәлелсіз жала жабудың қажеті не? Асанбай Асқаров ары, жаны таза еңбекқор азамат еді ғой. Асекең жайлы жан-жақты барлығын жазбақ едім. Бірақ сырқатым шыдатпай қаламымды ұстауға халімді келтірмей отыр. Асекеңнің қазіргі тағдыры қарағым-қызым Нәйлә Әлімқызы, өз қолыңда”.

Сот жүріп жатқан кезде де халық хабарсыз тыныш отыра алмады. Сот барысы туралы хабардар етуді сұраған халықтан редакцияларға көптеген хаттар келіп түсті. Сөйтіп, елдің өтініштері бойынша газет беттерінде сот барысы жайлы мақалалар жарияланып тұрды. Сондай-ақ, А. Асқаровтың бостандыққа шығуына достары Жылқыбай Аралбаев, Арыстан Өтеулин, екі рет Еңбек Ері С. Оңғарбаева, Батыр Ана Дариға Жантоқова, белгілі журналист-қаламгер Жақсылық Сәтібеков сынды азаматтардың сіңірген еңбектері зор болды.

Келесі хатты Қазақстанның халық ақыны Әбділдә Тәжібаев жазады: “Қарағым, аса құрметті қызым, әділ биім Нәйлә Әлімовна! Мен осы 80-нен асқан жасымда жалғыз-ақ қасиетіме ырзамын. Ұзақ өмірімде жалған сөйлеп көрген емеспін, адал достардан жанымды аяп қалған емеспін... Мен, Сіздің алдыңызда іні досым болған Асанбай Асқаровтың жаны жайсаң, халық үшін ғана туған аса парасатты кемеңгер азамат екенін растап ант етемін. Сеніңіз, қызым, менің аталық антыма!..  Аса білімдар, гуманист, барынша ақын жанды, ғалым, адамшылық арын биік ұстайтын Асқаровты парақор қатарына қосу – шегінен асқан ұятсыздық. Мен, қызым, әділ сотым, сізден ерлік-әділдік күтіп алдыңызда аппақ шашты басымды иемін” /14/. (АОММ, 1252-қор, 1 - тізімдеме, 24-іс).

Ақ шашты Тәжібаев ағамыздың басы иілгенмен, Ибрагимованың басы иілмеді. (Осы хаттарға көз қырын салды ма екен?) 17 айға созылған сот процесінің нәтижесінде А. Асқаровты бас бостандығынан айрыуға 11 жыл үкім кесілді. Бірақ осымен бәрі біткен жоқ. Халық бұл үкіммен келіспеді. Сот үкіміне наразылық білдірген митингілер, ашық хаттар, өтініштер, үндеулер толассыз айтылып, жазылып жатты.

“Біз, Жамбыл облысы Свердлов ауданының тұрғындары А. Асқаровтың төрт жыл түрмеде отырғанына қарсылық білдіреміз... Әділеттік жеңетініне сенеміз”.

“Жамбыл, Шымкент облыстарының тұрғындары мен А. Асқаровтың ары мен абыройын қорғайтын қоғамның өкілдері өткізген митингісінің қарары: Біз, А. Асқаровқа шығарылған Қырғызстан Республикасының Жоғарғы соты алқасының үкіміне наразылық білдіреміз... А. Асқаровтың  ісін қайта қарауды талап етеміз”.

“Қымбатты Акаев Асқар Акаевич! Біз әр ұлттың әйелдері, Қазақстандағы Шымкент облысының белсенділері Сізге А. Асқаровтың ісі бойынша хат жолдап отырмыз. Қырғызстан Республикасы Жоғарғы сотының үкімі және А. Асқаровқа берілген жаза әділетсіз болып табылады... Біз, әйелдер-аналар әділеттілік түсінігіне аса көңіл бөлеміз. Бәрінен де ауыр тиетіні, мұндай үкімді әйел соттың шығарғаны... Егеменді Қырғызстан Республикасының  Президентінің билігімен Сізден А. Асқаровты түрмеден босату шараларын қолдануыңызды өтінеміз”/15/. (АОММ, 1252-қор, 1 - тізімдеме, 23-25-істер).

Шымкент облысы еңбекшілерінің айыптаушы Романюкке жолдаған үндеуіне Балықшы ауылдық Кеңесінің 105 тұрғыны қол қойыпты. Мұндай хаттардың бәрін бірдей жариялау мүмкін емес. Осындай құжаттар ерін қорғайтын ел бар екендігін, ел арасында бірлік бар екендігін айқындағандай.

Ақыры халқының қолдауымен 1991 жылдың 31 тамызында Асанбай Асқарұлы түрмеден босатылды. Әділеттік жеңіп, тағылған айыптардың  негізсіздігі анықталып, 1995 жылдың 23 тамызында Қырғыз Республикасының Жоғарғы соты төралқасының шешімімен толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді. Сөйтіп, Тәуелсіздік таңымен бірге ұлтымыздың ұлы қайта оралды.

Асекеңнің сүйікті жары Фатима Ғалиқызы: “Біз ешкімге  ренжімейміз, сол жылдар өзі бірін-бірі аңдыған кез еді ғой. Құдай өзі қолдап, Қазақстанымызға басшы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, көрші ел Қырғызстанның Президенті Асқар Ақаев арасындағы татулық жылылығы жақсылық күнге жеткізді. Тозақ отынан келгендей күй кешкен Асекеңнің жан жарасы көпке дейін жазылмай жүрді. Қайта қарап отырмай, іштегі шер толқынын кітап етіп жазып шықты”, - деп еске алады /16/. (АОММ, 1252-қор, 1 - тізімдеме, 111, 112-істер).

“Мен сондай қорлықты көрсем де, сол жерде жатып, елімнен ешбір күдерімді үзгенім жоқ, - депті Асанбай ағамыз бір әңгімесінде, – Мен халқымнан айналайын. Халқым үшін керек болса, қазір де садаға болуға дайынмын. Халқымнан басқа күннің де, түннің де маған керегі жоқ. Халқым аман болса, мен де аманмын. Мен халқымның арасындағы бір қауызымын. Халқым парықтайды. Түрмеден мені шығарып алған да осы халқым деп ойлаймын”.

Қолжазба бөлімінің құжаттарын парақтай отырып, Асанбай ағамыздың ақталғаннан кейін де қоғамдық істерге қайтадан белсене араласқанын көреміз. Айталық, 1996-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысындағы “Бәйдібек-Сыланды” қоғамының Президенті және Мұхаммед Хайдар Дулати қорының Президенті болды. Сонымен бірге мұрағатта Асанбай Асқаровтың Санкт-Петербургтегі Халықаралық Акмеология Ғылымдар Академиясының мүшесі болғандығын айқындайтын құжаттар кездеседі.

Асанбай Асқарұлы Асқаров әдеби шығармашылық саласында да айтарлықтай еңбек етті. Көзімен көрген, ойында қалған, басынан кешкен өмір құбылыстары туралы бес кітап  жазып, баспадан шығарды. Олардың ішінде “Тағдыр”, “Жұмақ пен тозақ жырлары”, “Көзқарас” секілді еңбектері қалың елдің қолына тиіп, құрметпен ұстайтын кітаптарына айналды. Асанбай Асқарұлы Асқаров қариялылық өмірінде де данагөйлік көзқарасымен Тұран даласының перзенттері туралы “Ұлы Тұранның ұлдары” атты қомақты кітап жазды.

Сондай-ақ, мұрағатта Асанбай Асқаровтың оңашада отырып салған суреттері де бар, бұл оның тағы бір талантын байқатады. Әсіресе, абақтыда отырған кездегі салған жоғарыдан құлап келе жатқан қыран құстың суретінің үлкен маңызы бар. Суретте өзінің мынадай өлең жолдары жазылған:

“Ақиық аспандағы – құс төресі,

Қапаста топшысынан жерге түсті.

Тағдырдың жазғанына айла бар ма?

Күші жоқ енді мұның қорғануға” /17/. (АОММ, 1252-қор, 1 - тізімдеме, 20-іс).

Ол кісінің қолынан шыққан табиғат этюдтері, әкесінің, анасының, сүйген жары Фатима Ғалиқызының, балаларының бейнелері отбасылық қорында сақтаулы тұр.

Сонымен бірге, қолжазба бөлімінде А. Асқаровтың Д. А. Қонаев, Н. Ә. Назарбаев, М. Бейсебаев, Ө. А. Жолдасбеков, А. Ш. Жомартов т.с.с. жайлы жазған естеліктері, мақалалары, журналистерге берген сұхбаттары, өлеңдері, поэмалары жинақталған.

Тізімдеменің соңында Асанбай Асқаровтың көзін көрген, тәлімін алған, сыйлас-пікірлес болған замандастарының, жазушылардың, еңбек және соғыс ардагерлерінің, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің, қарапайым еңбек адамдарының естеліктері және журналистердің мақалалары топтастырылды. Бұл құжаттар ресми сипаттағы құжаттарға қарағанда Асқаров сынды алып тұлға жайлы тереңірек сыр шертеді. Д. А. Қонаев бір әңгімесінде: “...Асанбай Асқаровқа мен толық сенім арттым. Ол жоғарғы нәтижелерге қол жеткізген ең тәжірибелі басшы, ол осы облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына көп үлес қосты”, - деп еске алады.

Қазақ мемлекетінің нығаюына, Еуразия аймағында қоғамның демократиялануына, гуманистік бағытта жаңарып жаңғыруына Асанбай Асқарұлы Асқаровтың қосқан үлесі шексіз. Оның кешегі істеген істері, еңбектері бүгінде ел игілігіне айналса, қазақтың біртуар азаматының сол еңбектеріне дәлел болатын, кешегіні бүгінгідей етіп көз алдыңа әкелетін құжаттары да тарих игілігіне айналса, қазақтың біртуар азаматының сол еңбектеріне дәлел болатын, кешегіні бүгінгідей етіп көз алдыңа әкелетін құжаттары да тарих игілігіне айналып, ешқашан өшпек емес.

“Мен елімнің перзентімін, гүлімін,

Арқа сүйер азаматы, ұлымын.

Еліме мен аямаймын, жұмсаймын,

Ғұмырымның мағыналы шырынын”, - деп жырлап қана емес, халқына өмірін арнап өткен осындай ел азаматына қалай ғана бас имейсің.

Мұқашева Зайра Кәрімғалиқызы,

Алматы облысының Мұрағаттар мен құжаттаманы

басқару жөніндегі Басқармасының жетекші маманы  

Пікірлер  

# проф.Совет-Хан Ғаббасұлы 2016-01-28 15:08
Совет Хан Ғаббасов.
Жазушы, фантаст, драматург,
Медицина және Педагогика ғылым. докторы,
КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі,
Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты,
Халықаралық М.Нострадамус атындағы
проскопиялық академиясының академигі,
ПРОФЕССОР.

Ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесінде.

Тәуелсіздік құдіретімен алғаш рет ашылған білім конгресі ұрпақ тәрбиесі мен білім беру түйінін шешуде, жалпылама сөз бен жаттанды ұғымдарды тыйып, жаңаша түсініктерге жол ашқаны жөн. Үш жүз жылғы бодандықпен –«зомбыланған рухымызды» тіктеп, әлем халқын адастырып отырған «Европацентризм методологиясының» жалғандығын ашатын мезгіл жетті. Оның тікелей ықпалымен, бүкіл адамзат қауымы азып отыр. Олай болса, бірден «Европацентризмнің» ең негізгі кемшіліктеріне тоқталмақпын.
Біріншісі, адамда бар үш жүйенің – Тән – Жан – Рух – үндестіктерін әдейі үндестірмеу арқылы, бүкіл өркенниетімізді, тек тән тәрбиесіне байлап, жан мен рухтың тәрбиесі түгіл, тіпті оның өзінің не екенін ұғындырмауға тырысты. Бүгінгі шәкірт түгіл, ұстаздардың өздері Жан мен Рух – дегеніміз не десе, нақты жауап бере алмайды. Ендеше айтыңыздар шы, жаны мен рухы тәрбиесіз адамнан не күтуге болады ?..
Екіншісі, Джон Локк, Песталецц, Макаренкодан бастап, «баланың миы дүниеге келгенде ақ қаздай аппақ болып туады» деп жалған айтумен қоса, тіпті Джон Локк «идея врожденная» деген Рена Декартқа қарсы шықты. Сонда қалай? Ойланыңыздар шы? Бала ана құрсағында – «бір клеткадан мынау адамдық формаға дейін жетіліп, жүрек, бауыр, зат алмасу қызыметтері қарқынды жүріп жатқанда, мидың еш қимылсыз болуы» «ақ қағаздай аппақ күйі» тууы мүмкін емес қой. Ендеше, Рене Декарттың «идея врожденная» деуінің астарында телегей теңіз сыр жатқанына сенбеске болмайды. Джон Локктың «жалған үкімін» пайдаланған «Европацентризм» бүгінге дейін бізді алдап келді. Осыншама қасиетсіздіктің салдарынан адамзат қауымы «ана құрсағындағы тәрбиені» білмегендіктен, ұрпағымыз Жан мен Рух тәрбиесінен мүлдем қағаберіс қалып отыр. Себебі, жан мен рух тәрбиесі де, және ол екеуінің үндесуі де, тек «ана құрсағында» ғана жүретіні ғылыми дәлелденген құбылыс! Ендеше, ұрпақ тәрбиесіндегі, осыншама апаттың үлескері де, «европацентризм методологиясы» болып табылады.
Үшіншісі, бүгінгі біздер пайдаланып жүрген педагогикада, «европацентризмнің» қалыптастыруымен дүниеге жаңа келген баланы «тұлға» деп түсіндіреді. Бұл да өрескел өтірік. Бұған сену мүмкін бе ? Қараңыздар шы ? Халқымыздың данышпаны ұлы Абайдың тұлғаға жету жолын, кемеңгер жазушымыз М.О. Әуезов төрт томдық эпопея етіп жазуы, тіпті де бекер болмаса керек. Кешегі Ахмет Байтұрсынов, Барлыбек Сырттанов, Мұстапа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Әлихан Бөкейхановтардың азаматтық жолдары мен тұлға болып қалыптасу кезеңдерін өздеріңіз де жақсы білесіздер ?!.. Ендеше, туасалған баланы тұлға деу «европацентризмге» не үшін керек болды екен. Өйткені, «европацентризм методологиясы» әуелбастан ақ «империялизмнің ілімі» болып қалыптасқандықтан, олар үшін адамзат ұрпағының дұрыс жолмен тәрбиеленуі еш қажеттілікке баланбады. Мінеки, «европацентризмнің» басқа қателіктерін айтпай ақ, ең өрескелінің өзі апат екені ешкімге құпия емес. Ендеше, мынау мәртебелі форум, «жарамсыз методологиядан» құтылып, табиғат «бос кеңістікті» сүймейтінін ескеріп, бұл мәселе тез арада шешілуі тиіс.
Сонымен, бүгінгі Педагогика мен Психологияның ғылыми – Методологиясы – Жүйесі – Негіздері – жоқ екеніне, сындарлы түрде қарайтын мезгіл жетті. Егер Аристотель мен Фарабидің ғылыми класификациясына құлақ ассақ; «...Кезекелген Пәннің негіздері, оның ішінен шықпаса, ол ғылыми Пән болып дамый алмайды,» деп үзілді кесілді үкім айтады. Ендеше, айтып жүрген Педагогиканың негіздері – оқыту – білім беру – тәрбиелеу – деген ұғымдардың сырттан келіп тұрғаны айдан анық. Өйткені, бала тәрбиесіндегі «түйсіктік ақыл мен түйсіктік тәрбиенің» - 80%-ы ана құрсағында» қалыптасатындықтан, іште жатқан жан иесіне – «оқыту, білім беру» тіпті де мүмкін емес екендігі, ғалым түгіл қарапайым адамғада түсінікті. Осындай сорақылықты анықтағаннан кейін, не істеуіміз керек? Әрине, сөзсіз тіршілік заңына сүйене отырып, ұрпақ тәрбиесінің дұрыс жолын табу қажет...
Олай болса, тәуелсіздікпен бірге келседе, көшірмеліктің көлеңкесінде қалған, «Адам тәрбиесінің жаңа ілімін» осы конгресте талқылауға ұсынамын. Оның бұрын соңды айтылмаған екі сатылы Методолгиясы – «биологиялық индивид (түр)» және «сананы жетілдіру» болса, осы екі сатыдан шығатын екі жүйе – «Жүрек тәрбиесі» мен «Ақыл тәрбиесі» деп жүйеленсе, пәннің ішінен шығатын – «Жеті түрлі Негіздерінің» тек әрқайсысының өзіне тән тәрбие тәсілдері ұсынылады. Мұндағы екі сатылы – Методология – Жүйелер – Негіздер – ойдан алынбаған, тіршіліктің тұрақты заңдылығынан шыққан табиғаттың өз үлгісі. Осы методологиямен адамзат ғасырлар бойы ажырап қалған Жан мен Рух тәрбиелерін – іске қосып, келещек ұрпақ мүлдем басқа деңгейде, құпия ілімдерде айтылатын 6-шы Рассаның кеңістігіне шығады. Адамзат қауымы бүгінгі өзегі өрт өзімшілдік пен құлдыққа тән құмарлық атаулыдан құтылып, нағыз адамдықтың арманы имандылық пен ізгіліктің жолына түседі.
Бұл «адам тәрбиесінің жаңа ілімінде» айтылатын жаңалық өте көп. Соның ішінде, тәрбиенің іргетасы болып саналатын, «түйсіктік ақыл мен түйсіктік тәрбиенің 80%» - тек ана құрсағында ғана жетілетіні анықталды. Сонымен қоса, санаға бағынбайтын « Жанның 12- арнасы: түйсік – ұят – сүю – зерде – табиғи қабылет – мінез – жігер және ішкі бес сезім (көкірек көзі, телепатия, дәм, ішкі сезіну, иіс) – бұлар да тек ана құрсағында ашылады. Міне бүгінге дейін, адамзат қауымы «ана құрсағындағы тәрбиені» білмегендіктен, нағыз құдіретті қасиеттер ашылмай, азғындаудың ауыр азаптарын тартуда?! Адамдағы – «Жан тәрбиесі мен Рух тәрбиесінің» үндеспеуінен, ұрпақ жетер «6-шы және 7-ші Рассаның» барлық сипаттары тоқырап тұр. Жоғарыдағы айтылған тәрбиенің технологиясы мен механизмдері, менің монографияларымда – «Ізгілік әліппесі», А.1991; «Халық педагогикасының негіздері», А.1995; «Халық педагогикасы мен психологиясының негіздері», А. 2005; «Педагогика мен психология негіздері»,А.2008; – толық түрде, егжей тегжей жазылған. Кезінде бұл ілімге сеніп, дүниеге ұрпақ әкелген ата аналардың алғыстары көп. Мысалы, 1992 жылы өмірге келген алғашқы «үш баланың» туған сәтінен бастап, қадағалауға мүмкіншілік болды. Оған дәрігерлік мамандығымның тигізген көмегі мол. Әсіресе, таңданбауға болмайтын, мынау бір оқиғаны айтқан жөн сияқты. Екінші күні емізуге әкелген бала, жан жаққа жүгірген көздерін әзер ұстап, алғысқа толы сезіммен күлімсірей анасына қарағанда, бүкіл денем шымырлап кеткені әлі есімде. Басқа балалар лар шу боп жылап келсе, бұлар да қыңқ деген дыбыс болмайды. Мұны, тіпті жанындағы басқа аналар да өздері байқап, жиі жиі әңгімелеп жүрді. Кейін үшеуіде он бір жылдықты, он төртінде «алтын белгіге» бітіріп, грантпен университеттерін үздік аяқтады. Бұл жағдайды айтып тұрған себебім, «адам тәрбиесінің жаңа ілімі» тек теория жүзінде емес, оның іс тәжрибеден өткендігі де шындық.
Педагогика мен психологияның жаңа методологиясындағы ішкі негіздері – тіршіліктің биологиялық заңдылығына ғана бағынған, адамның физиологиялық кезеңдерінен шығады. Бұл кезеңдер табиғат шебердің өзі қалыптастырған тұрақтылық екенін түсіну шарт! Оны бұрмалауға болмайды. Ендеше, адамдағы өзгермейтін физиологиялық жеті кезеңнен, тәрбиенің, немесе, педагогика мен психологияның жеті түрлі негіздері қалыптасады.
І. Халық педагогикасының бірінші негізі, немесе, «Отбасын құруға
дайындық және ұрық тазалығы».
ІІ. Халық педа ның екінші негізі, немесе, «Ана құрсағындағы тәрбие».
ІІІ. Халық педагогикасының үшінші негізі, немесе, «Нәресте кезеңі».
ІУ. Халық педагогикасының төртінші негізі, немесе, «Балбөбек кезеңі».
У. Халық педагогикасының бесінші негізі, немесе, «Сәбилік кезеңі».
УІ. Халық педагогикасының алтыншы негізі, немесе, «Балиғат кезеңі».
УІІ. Халық педагогикасының жетінші негізі, немесе, «Кәмілеттік кезеңі».
Мінеки бүгінгі адамзат қауымының пайдаланып отырған Педагогикасы мен Психологиясында, осынау жоғарыда аталған негіздер жоқ. Бұл негіздердің ерекше ескеретін қасиеті сол, әр негіздің басталуы мен аяқталуы бар уақыт кесіндісінен тұрумен қоса, тек өздеріне ғана тән тәрбие тәсілдері бар. Мәселен, уақыт кесіндісіне мысал келтірсек, ана құрсағындағы кезең 9-ай, тоғыз күннен тұрса оның өзіне тән тәрбие тәсілін Ана мінәжаты мен тілегін көз алдына келтіру арқылы жүргізеді. Осы тектес барлық кезеңдердің де, тәрбие тәсілдерінің өздеріне тән ерекшеліктерін ескеру ауадай қажет. Адам тәрбиесінің жаңа іліміндегі, ерекше бөліп айтпаса болмайтын тағыда бір жаңалығы, әр негіздер мен физиологиялық кезеңдердің этнопедагогикалық сипаттары беріледі.

ТҮЙІН СӨЗ.

Осыдан келіп, мынандай қағидалар ұсынылады;

- Халық педагогикасы дегеніміз – адамның Жан дүниесін зерттейтін және тәрбиелейтін ІЛІМ –десек, Этнопедагогика – материалдық және этнографиялық заттар арқылы (ұлттық киім, тамақ, үй мүліктері т.б.) Тән тәрбиесін жүргізуге бейімделеді.
- Олай болса, адам тәрбиесі үшін – Халық педагогикасы мен Этнографиялық педагогика – медальдің екі беті тәрізді сипаты бар.
- Қазіргі Халық педагогикасы мен Этнопедагогиканы – екі бөлек ұғынып жүрген түсініктер қате екенін ашып айтқан жөн.
- Кейбіреулердің Этнопедагогика– ЭТНОС–тан шықты деуіде бекер.
- Этнопедагогиканы алғаш айналымға енгізген Г.Н.Волковтың өзі, бұл ұғымды «Этнографиялық заттар» сөзінен алғанын, «Этнопедагогика» М. 1972ж. – атты монографиясында ашып жазады.
- «Адам тәрбиесінің жаңа ілімін» Мемлекеттік деңгейде Халық болып қолға алуды кешеуілдете бермей, сара жолына түсіру барлығымыздың да азаматтық міндетіміз.

Алматы 2011ж.
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту