20-01

Күйге көрсетілген құрмет

Тараз қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернатының ауласынан дәулескер күйші, дарынды композитор Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіш-мүсіні ашылды. Туынды авторлары Болат Құсайынов пен Елдар Исақов күйші бейнесін асқан шеберлікпен сомдап шыққан.

Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) – «Алтын таулар» операсы (Қ.Қо­жамьяровпен бірлесіп жаз­ған), «Достық жолымен» балеті (Л.Степа­новпен бірлесіп), оркестрге арналған «Ата толғауы», «Аққу» поэ­маларының, 40 шақты өлеңдер мен романстардың авторы. Ол 100-ге тарта спектакль, көркем және деректі, мультипликациялық фильмдерге музыка жазған.
Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының (1953-1961), Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің (1961-1964) бас дирижері болған. 1981 жылы Қазақ мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» ор­кестрін ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін оның жетекшісі болып қалды.
Сондықтан құрылғанына 10 жылдан асқан аталған мектеп оқушылары үшін бұл игі бастаманың ұлағаты мол болары анық. Ескерткіш мүсіннің ашылу салтанатына Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікеліні мен қызы Дінзухра және күйші мұрасы жанашырларының бірі Оралжан Масатбаев қатысты. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген аяулы майдангер күйші жайында тебірене сөз сөйледі.
Майталман өнер иесінің оркестр алдында шалқып тұрған сәтін еске салатын айшықты мүсіні бұған дейін тек қана Жамбыл баба бейітінің қасындағы күйші қабірінің басында болатын. Сондықтан Жамбыл облысының орталығындағы Нұрғисаның мү­сінін еліміздегі алғаш рет ашылып отырған ескерткіш деуге толық негіз бар.
Осы орайда ұлт өнерінің жанашыры, академик Ахмет Жұбанов 1945 жылы соғыс аяқталуға небары екі ай қалғанда елге демалысқа келген Нұрғисаны сол кездегі республика партия ұйымының бірінші хатшысы Жұмабек Шаяхметовке алып барып, елге домбырашылар қажет деп қолқа салып, алып қалғанын көбіміз біле бермейміз. Сондықтан ескерткіштің Жеңіс мерекесі қарсаңында ашылуы да тегін емес.
Кезінде Парламент Сенаты­ның әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ахан Бижанов Қазақстан Республикасы Үкіметінен Нұрғиса Тілендиевтің көзі тірісінде тұрған пәтерін оның мұражайына айналдыруды сұраған еді. Биыл атақты композитор, білікті дирижер әрі домбырашы, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 85 жыл толып отыр. Ендеше, игі шаралар легі үзілмесін!

Алаш ТҰРСЫНӘЛІ

Дереккөз: Ана тілі газеті

20.05.2010

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту