20-01

Ұят болды-ау...

Қазақты әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлы өзінің туған жері – Ақмола өңірінде неліктен елеп-ескерусіз келеді?

Қазақстанның бас қаласы Астананың батыс беткейінде 20 шақырымдай жерде орна­лас­қан Қажымұқан ауылының аты дардай болғанымен әлеу­меттік жағдайы сын көтермей тұрғаны ащы болса да ақиқат. Қайран, Қаж­екең­нің кіндік қаны тамған ауылда көз тоқ­тататын, ауыз толтырып айтар мәдени мүйіс, тарихи орны жоқтың қасы. Сонау өткен ғасырдың басында-ақ,  қа­зақ­ты төрткүл дүниеге танытқан тұлға туған жерінде құрмет тұғырына бір көтерілмей-ақ қойды.

Күпірлік болар, жоқ деп кесіп айтпайық. Ауылда шағын мектеп бар. Онда Қа­жы­мұқанның күрес әлемін­дегі жасындай жарқыл­даған сәт­тері туралы әр жылдарда газет-журналдарда, кітаптарда жарияланған мақалалар, бірді-екілі болмашы бұйым­дар жинастырылған. Сондай-ақ, мектептің ауласында атақ­ты спортшының осы жерде ту­ғанын білдіретін белгітас тұр. Басқа ештеңе жоқ.

Шір­кін-ай дей­мін, кешегі  социализм кезеңіндегі мол­шы­лықтың тұсында да Қа­жекеңнің аруағын сыйлаған бір азамат басшының та­был­­­ма­ғанын қа­ра­ң­ыз­шы. Осын­дай ойлардың жетегіне түс­кенде, аруағыңнан ай­на­лайын, Қажеке, өзіңіздің рухыңызбен сырласқым келеді…

Сонау нәубет жылдары “халық жауы” атансаңыз, әңгіменің жөні басқа еді ғой. Қайта боз кілемдегі нағыз ин­тернационалист сіз болған жоқсыз ба?! Қажет дегенде орыстың да, қазақтың да, жапонның да, түріктің де шашбауын көтермеп пе едіңіз. Есіміңіз дүние жүзінің спорт тарихында атақты балуан ретінде тасқа ба­сылған, Ұлы Отан соғысы ке­зінде қартай­ған шағыңызға қарамай, қа­йырымдылық танытқан сізге туған жеріңізде лайықты құр­меттің көрсе­тіл­меуі неліктен екен?! Әлде, сіздің тұлғаңыз ескерткіштің стандартына келмеді ме? Мүмкін алып бейнеңізді сомдауға қаражат қат болды ма?

Ойды ой қозғайды. 1993 жылы Алматыда дүркіреп өткен “Қажымұқан бенефи­сіне” қатысқанда, сол шараға куә болған түрік ағайындар “Қажы­мұқандай мықтысы бар халық бақытты” дегені әлі есімде. Сонда маған олардың сол сөзінде ұлттық мақ­та­нышқа деген қызғаныш та жоқ емес сияқты болып көрінді.

Иә, қайран баба, сіз сен­бессіз, бірақ жағдай осылай. Өзіңіздей өр тұлғаға еліміздің оңтүстігіндегі Шымкент ша­­һары мен сондағы Бөген ауда­нының орталығы Те­мір­лан кентінен басқа облыстар­да бір ескерткіш қоюға да дәр­мен болмай тұр. Че­м­пион­дардың чемпионы бол­саңыз да, кіндік қаныңыз тамған ауылыңыз ондаған жылдар бойы Бу­денный атанып келіп, әйтеуір еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін ғана Қажымұқан ауылы атанды. Бертін келе Аста­на­дағы ор­талық стадионға есі­міңіз берілді. Ақмола облы­сын әр ке­­зең­дерде бас­қарған басшы­лардың, аудан әкім­дерінің дәрмені осыған ғана жетті.

Тағы да ойлаймын… Осы стадионның алдында ескерт­кі­шіңіз тұрса ғой. Оның ішінде бәленбай шаршы метр бөл­ме­лер бар. Солардың бі­рін­де Темірлан кентіндегі сияқ­­ты сіздің өмір жо­лы­ңызға ар­нал­ған мұражай бол­са, қандай ғанибет болар еді.

Басқаны білмеймін, өзім Қажымұқан бабаны ойласам, боз кілемде буырқанған ал­ып­т­ы, халқының қайратын көр­сеткен қазақты елес­тетемін. Екі кісі белдесе кетсе, күрес туралы сөз қозғалса да, Қа­же­кеңнің құдіретіне сыйынып: “Аруақ”, “Аруақ!” деп қиқу сал­майтын қазақ кемде-кем шығар.

Жә, жарайды, өткен күннің өкінішіне несіне өкпе арта береміз. Одан да бүгінгі күннің ағымына тоқталып, келешектің көкжиегіне иек артып көрейікші. Қажымұқан ауылында бұрын 50-ге таман отбасы түтін түтетіп келген. Бүгінде жан-жақтан қо­ныс­танған жұрт көбейді. Бұл ауыл едәуір ел болып қалды. Бау-бақша шаруашылығы іске қосылды. Бірнеше мың гектар алқапта дән­ді-дақылдар өсіреді. Оның үстіне әр әулеттің мен­шігінде жылқысы, сиыры, қой-ешкілері жетерлік. Яғни, малын бағып, шаруасын жайлап отырған елдің, құдайға шүкір, қарны тоқ, көйлегі көк десе де болады. Ауылды көркейту, көгалдандыру жөнінен де шаралар жүзеге аса бастады. Егер осы ниет, осы қолдау жалғасын таба берсе, ертең-ақ алақандай ауылдың ажары ашыла түсетіндігіне күмән келтірмейміз. Тағы бір ескертетін жәйт, халықаралық маңыздағы “Алматы – Екатеринбург” авто­мобиль тас жолы осы ауылдың тура ортасын кесіп өтеді. Қазіргідей шалғайдағы еңсесі түскен елді мекендерден қоныс аударушылар Қажымұқан ауылына уық шаншып жатса, өрістің кеңейгені емес пе? Сөйтіп, ауыл тұрғындарының саны артып, осындағы шағын мектеп үлкен орта білім ошағына айналары сөзсіз. Сосын осы мектепте күрес секциясын ашу міндеті өзінен-өзі туындайды. Қажымұқан ауылынан сайысқа түскен балуан осал болмауға тиіс. Яғни, күрес сек­ция­сы нағыз шеберлер ұстаханасына ұла­сар еді. Байқайсыз ба, осы ша­руалардың өзі жүзеге асып жатса, елдің ертеңгі күнге сенімі, ауыл жас­та­рының болашаққа деген ұш­қындаған сезімі жалынға айналар еді ғой. Батыр бабаның ру­хы да алға ұмтылған ұрпағын жебемей қоймайды. Ауыл, аудан, облыс басшыларынан қолдау болып жатса, бұл алынбайтын қамал емес. Тек ниет керек.

Мемлекетіміздің елордасына айналған Астанадан таяқ тастам жерде болған соң Қажымұқан ауылын көруге ниет білдірушілер болмай қоймайды. Бүгінде Астана­да түрлі спорт кешендері, ста­диондар салынып жатыр. Алдағы уақытта бас қаламызда халықара­лық жарыстардың да жиі өтетіні белгілі. Қажекеңді тілге тиек етіп, қазақ балуан халық деп мақтанған­да, сондаймыз, ал сол Астанаға жарысқа келген спорт­шылар: “Ұлы Қажымұқан баба­ларың туған ауыл­ға барып келейік, күш атасының туған жерінен бір қуат алып қайтайық…” десе, қалай жауап бермекпіз? Қажымұқанды ұлы балуан деп таныған шетел­діктерге ауылдағы малдың тұяғы, егістіктің бітімі дүние емес. Олар келсе, күш атасының ең­селі ескерткішін, мәуелі мұра­жа­йын тамашалауға келеді. Ал бізде ол жоқ. Оқу бөлмелері, кітап­ха­насы, мұражайы, от жағатын орны бар төбенің астындағы мектеп қана бар. Әйтеуір, оның аула­сындағы “Осы ауылда Қажымұқан Мұңайт­пасұлы туған” деген бел­гітас тұр. Көңілге медет болар дү­ние әзірге осы ғана. Осыдан кейін рухың түспей көрсін. Бабаңның ұлы кү­рес­кер болғанын өрең жеткенше езеуреп, сөзбен дәлел­деуге тура келеді.

Міне, ендігі әңгіменің желісі осы ұлттық рух хақында болмақ. Егер біз Қажымұқанды қазақтың тұңғыш әлем чемпионы, “Дала батыры” деп танысақ, дара тұл­ға­ның кіндік қаны тамған ауылды қазақ спортының оймақтай ұясына айналдыруымыз қажет. Ол үшін осы ауылда спорт кешенін іске қосуды қолға алатын кез жеткен сияқты. Бұл шараны жүзеге асыру үшін алдымен ауыл ортасынан мә­дени-спорт кешенін тұр­ғ­ы­зу ке­рек. Он­да жарыс және жа­т­тығу өт­кізілетін зал,  мұражай, тағы басқа да қажетті бөлмелер болса жет­кілікті. Кешеннің ай­на­ласы кең бо­лып, әшекейленіп қор­шалса, ау­ла­сында ағаштар отырғызылып, гүл­зар­лар бүршік жарса. Мә­се­лен, Ас­та­на­дағы “Еу­разия”, “Ас­тана”, “Каспий” спорт кешендерінің үлгісінде шап-шағын етіп салса да жарай­ды. Содан кейін ескерткіш сомдалса. Егер осындай кешен пайдалануға берілсе, оның жұ­мы­сын атқаруға осы ауылдан “отымен кіріп, күлімен шығуға” дайын азаматтар табылары сөзсіз. Егер біздің ойымыздағыдай осы ауылда спорт кешені ашылып жатса, онда мұндағы жарысқа қатысушылар ауылға түнемей-ақ, іргедегі Астанаға келіп-ақ қонақтап жүре берер еді ғой. Бұл заманда 20 шақырым деген алыс жол емес қой.   Әрине, мұның бәрі айтуға ғана оңай сияқты болып көрінуі мүм­кін. Әйтсе де, республикалық, облыс­тық, аудан­дық спорт және туризм жөніндегі органдардың жетекші­лері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара қимыл көрсетсе алын­байтын қамал емес.

Халқымыздың бағына біткен күш атасы Қажымұқанның өне­ріне тәнті болған әлем жұрт­шылығы оған “Мұсылмандардың ең үлкен балуаны” деген атақ берген. Біле білсек, Қажекең төрткүл дүниені түгелдей аралап, қа­зақ ұлтының күшті екенін, қай­ратты екенін сан мәрте дә­лел­деген. Осындай біртуар тұлғаның туған жерінде қадірі неге төмен деген сауалға жауап беретін адам табылар ма екен? Болмаса, жұрты неге намыстан жарылмай жүр?

“Қажымұқан біздің бабамыз”, “Қажымұқан қазақ халқының ұлы перзенті” деп кеудеңді соққың-ақ келеді. Іштегі тұншыққан құрметте шек жоқ-ау. Әттең, көзге көрінер, тұғырға байланған құрметке не жетсін. Достың рухын тасытатын, дұшпанның мысын басатын айбар болмаған соң ұлықтың өзі кішікке айнала береді екен ғой.

Қажымұқан бабаның рухы туралы ойлай берсем, қолымдағы қалам су жорғалап тоқтар емес. Кезінде халқының абыройын ас­қақтатқан біртуар тұлғаның бағын қазақтан басқа кім ашады деймін өзіме өзім.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ, журналист, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Дереккөз: Егемен Қазақстан халықаралық республикалық газеті

27.01.2010

Осы категориядағы басқа материалдар: « Шанышқылы Бердіқожа батыр Қазақтың Қажымұқаны »

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту