20-01

ҒЫЛЫМИ НЕГIЗДЕЛГЕН КIТАП НЕМЕСЕ ЖЕТIРУ ТАЙПА БIРЛЕСТIГIНIҢ ТАРИХЫ

Қазiргi күнi республикамыз дағдарысты кезеңдi бастан өткерiп, қоғам өркениеттi даму жолына түсiп келе жатқан жағдайда тарих ғылымы дел-сал күй-ден қайта жанданып, өрлеу үстiнде. Осындай ғылыми жаңғыру республикалық “Алаш” тарихи-зерттеу орталығының жұмысынан да байқалады. Орталық “Қазақ ру-тайпаларының тарихы” ғылыми-зерттеу жобасының негiзiнде айтарлықтай iзденiстер жүргiзiп, қомақты нәтижелерге қол жеткiзуде. Орталық ғалымдары мен қызметкерлерi Кiшi жүздiң Жетiру бiрлестiгiндегi тайпалардың тарихын толығымен зерттеп, бiрнеше том еңбектер даярлап шығарды.
Зерттеулер “Атамұра” баспасынан барлығы он бiр кiтап түрiнде жарық көрдi. Атап айтатын болсақ, олар: “Тама” — 3, “Табын” — 2, “Кердерi” — 1, “Керейт” — 1, “Жағалбайлы” — 2, “Рамадан” — 1, “Телеу” — 1. Аталған кiтаптардың алғы сөздерiнде жалпы Жетiру тайпалар одағының тарихы, таңбалары, ұрандары т.с.с. кең көлемде баяндалған, сондай-ақ әрбiр тайпаның тарихына байланысты ерекшелiктер көрсетiлген.

Жетiру тайпа бiрлестiгiне енетiн Тама тайпасының тарихы I том үш кiтап түрiнде 2005 жылдың соңында баспадан шыққан болатын. «Тамалардың» өткенi жайындағы кiтаптар туралы бiз «Алаш» журналының 3 санында қазақтың көптомдық этникалық тарихының бастауы — «Тама» деген атаумен шағын мақала жариялаған едiк. Сондықтан да журналдың осы санында Жетiрудың қалған тайпаларының тарихы жөнiнде сөз қозғамақшымыз.
Аталмыш этникалық бiрлестiктегi Табын тайпасының сонау ерте ортағасырлардан ХХ ғасырдың бас кезiне дейiнгi жүйелi түрде жазылған тарихы ”Табын” деген атпен 2-томды құрайды. Бұл том екi үлкен кiтаптардан тұрады.
Табын тайпасының тарихы жайлы егжей-тегжейлi айтылатын оның 1-кiтабында Табынның ХIII ғасырға дейiнгi тарихы, кезiнде Орхон өзенi бойын мекендеген Үш Табындар тайпасы, Майқы бидiң Табын хандығының негiзiн салушы және билеушiсi ретiндегi рөлi жайлы, Алтын Орда дәуiрiндегi, сондай-ақ кейiнгi ортағасырлардағы Табындар тарихының мәселелерi, ХҮII-ХҮIII ғасырлардағы саяси жағдайдағы Табындардың рөлi деректер мен зерттеулердiң мәлiметтерiне негiзделiп қарастырылған.
“Табынның” 2-кiтабында ХҮIII-ХIХ ғасырлардағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысындағы Табындар тарихы, Табын тайпасының шежiресi, олардың қоныстануы, 1930 жылғы Қарақұм көтерiлiсiне Табындардың қатысуы жан-жақты әрi кешендi түрде зерттелiп жазылған.
Тарихымызда әлi де болса зерттеле қоймаған Үш Табындар, олардың шежiресi Табын Бөкенбай батыр, Жоламан Тiленшiұлы бастаған көтерiлiс, Бұқарбай батыр тұлғасы т.б. мәселелер халықтың бай мұрасы – дәстүрлi тарих айтудың деректерi, сирек кездесетiн кiтаптар қорындағы еңбектердiң желiсi негiзiнде жазылды. Зерттеу барысында Табындардың Жетiрудағы белдi тайпалардың бiрi болғандығы, тарихта өзiндiк орындары мен елеулi үлестерi бар екендiгi дәлелдендi. Тарихтың сонау тұңғиығында ұзақ уақыттар бойы тұншығып, бұрын ғылыми айналымға түспеген деректер, мәлiметтер талданып, Табындардың өткенi ғылыми дәйектелдi. Жүрегiнде ұлтқа, елге деген сүйiспеншiлiк, отансүйгiштiк қасиеттер ұялаған азаматтар үшiн “Табын” еңбегiнiң маңызы зор деп санаймыз.
Қазақ ру-тайпалары арасында Жетiру тайпалық бiрлестiгiне кiретiн Кердерiлер тарихының өзiндiк ерекшелiктерi “Кердерi” деген атаумен III том дара кiтап болып жарық көрдi. Онда көне заманнан ХХ ғасырдың бас кезiне дейiнгi тарихы көптеген деректер мен зерттеулердiң көмегiмен баяндалған.
Орта ғасырлардағы түстiк Арал аймағындағы Кердер мемлекетi, оны IХ ғасырға дейiн арабтардың жаулауы, Әбiлхайыр хандығы, қазақ-ноғай қатынастары, Қазақ хандығы тұсындағы Кердерiлер жағдайлары кiтапта жан-жақты көрiнiс тапқан.
Оқырманға ұсынылып отырған қазақтың Жетiру тайпа бiрлестiгiнiң белдi мүшесi Керейт тайпасының тарихы IV томда баяндалған. Ол көптеген тың деректер мен мәлiметтердiң негiзiнде жазылған. Керейттер тарихы сонау ғұндар кезеңiнен бастап баяндалады. Керейт-Керей болып бөлiнудiң күрделi тарихы, Шыңғысханмен байланысты тарих кiтапта терең зерттелген. Керейттердiң арғы тарихы туралы болжамдар мен көзқарастардан басталатын зерттеу олардың ХV-ХVII ғасырлардағы тағдырына ұласып, одан әрi патшалық Ресейдiң отаршылдық езгiсiне қарсы ұлт-азаттық күреске қатысуы, шежiресi, ХIХ-ХХ ғасырдың басындағы орналасуымен аяқталған. Кiтап қазақтың ру-тайпаларының көптомдық тарихын қалыптастыруда сүбелi еңбек болып табылады.
Айта кетерлiк бiр жайт, барлық он бiр кiтаптың соңында зерттелiп отырған тайпаның тарихына қатысты қосымша материалдар берiлген. Мұның өзi кейбiр тарихи мәселенiң мән-маңызын терең түсiнуге септеседi әрi баяндалған оқиғалардың дәйектiлiгiне көз жеткiзедi.
V том екi — жетiншi, сегiзiншi кiтап түрiнде жарық көрген – ол Жағалбайлылар туралы зерттеу. 2 кiтапта Жағалбайлылар тарихы өзiне тән ерекшелiктерi, дербес әлеуметтiк-этникалық сипаттары арқылы баяндалған. Тайпаның тарихын жазуда VI-ХIII ғасырларда “жағалдар”, онан соң Жағалбай атанған тарихи белестер нақты зерттелген. Екi кiтаптың ғылыми құндылықтары бiр төбе болса, “Қыз Жiбек” қиссасының нұсқаларын беруi бiр төбе деп айтуға болады. Бұрын жүйелi тарихы жазылмаған әйгiлi Жағалбайлы тайпасының тарихи баянының қазақ тарихын терең танып-бiлудегi рөлi баға жетпес.
“Қазақ ру-тайпаларының тарихы” ғылыми-зерттеу жобасы аясында жарық көрiп отырған алтыншы том – “Телеу” деп аталады. Бұл еңбекте ерте ортағасырлардан ХХ ғасырдың басына дейiнгi Телеу тайпасының тарихы баяндалған. Әртүрлi деректер мен нақты зерттеулердi талдау негiзiнде Түрiк қағанаты тұсында Батысқа жылжыған Телеулердiң арғы бабаларының тарихи тағдыры, олардың қыпшақ, башқұрт және ноғай бiрлестiктерiндегi, Алтын Орда құрамындағы, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы тұсындағы этникалық процестердегi орны мен рөлi көрсетiлген. Тарихымызда зерттеле қоймаған “ақтаңдақ” мәселелер — Телеулердiң этникалық тамыры, тайпаның шежiре деректерi, түркi халықтарында және қазақ жерiнде шашырай орналасуының себеп-салдары т.б. көптеген тың деректер негiзiнде жазылған. Қазақ ру-тайпалары тарихында тарихы аса күрделi, тарихи мәлiметтер өте аз кездесетiн және тағдыры жұмбақ бiрлестiктер де бар. Солай бола тұрса да олар қазақ халқын қалыптастыруға этникалық тұрғыдан үлкен үлес қосып, маңызды рөл атқарды. Сондай тайпалардың бiрi – Рамадан. Жетiру тайпалық бiрлестiгiнiң тарихи баянында Рамадан тайпасының тарихы VII том болып басылған. Еңбекте Рамадан этнонимiнiң тарихи тамырлары, олардың дулат-албан бiрлестiктерiндегi тарихы, Рамадандардың ежелгi дәуiрден ХХ ғасырдың басына дейiнгi тарихы жүйелi, желiсi үзiлмей зерттелген. Туындының тартымды тұстары оның шығу тегi, Дештi-Қыпшақтың этно-саяси өмiрiндегi рөлi, Рамаданнан шыққан тарихи тұлғалар — Жиренше шешен, Алдар Көсе жайында айтылатын тараулары.
Осыншама қыруар еңбектер “Алаш” ғылыми-зерттеу орталығында қолға алынған ғылыми жобаның аясында жасалды. Осындай тарихымыз үшiн аса маңызды ғылыми жобаның авторы және оны қаржыландырушы аталмыш Орталықтың Президентi республикаға тәуелсiз елдiң валютасы — теңгенi жасаушы, танымал сәулетшi-құрылысшы, әлеуметтiк ғылымдар академиясының құрметтi академигi — Хайролла Мағауияұлы Ғабжалилов. Ғылыми жобаның ғылыми жетекшiсi, Орталықтың директоры, республикаға белгiлi тарихшы, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков. Айта кеткен жөн, “Алаш” ғылыми-зерттеу орталығы алда да осы қарқынмен барлық қазақ тайпаларының ғылыми тарихын жазып шығуды көздеп отыр. Олар 100 кiтаптан тұрады деп күтiлуде.
Әзiрше, он бiр кiтаптан тұратын iргелi еңбектердiң дүниеге келуiне атсалысып, тиянақты зерттеулер жүргiзiп, салиқалы ой қорытқан, зерделi азаматтарға ой салған, Отан тарихының тың пiкiрмен толығуына үлес қосқан тарихшы ғалымдар – О.Мұхатова, Б.Кәрiбаев, Г.Хабижанова, А.Қалыш, Т.Қартаева, С.Тортаев, Е.Пiрiмбетова, М.Ноғайбаева, Ж.Арынов, Р.Жұматаев белсендiлiк танытуда.
“Алаш” ғылыми-зерттеу орталығы осындай кәсiби зерттеушiлер күшiмен қазақтың барлық ру-тайпаларының тарихын шынайы, дәйектi, тартымды жазу тәрiздi үлкен мақсат-мiндеттердi жүзеге асыруда.
Қорыта айтқанда Кiшi жүздегi Жетiру тайпа бiрлестiгiнiң тарихы баяндалған еңбектердiң маңызы өте зор. Олардың қазақ тарихын терең зерттеп, зерделеуде, халқымыздың өткенiн этникалық, саяси тарихи тұрғыда толықтырып, байытудағы орны алабөтен. Ұлтын ардақтаған азаматтың төрiнен осындай еңбектер орын алып жатса, ата-баба рухы жанданып, рухани қуат бергендей болар едi. Оның үстiне ұлттық тәрбиемiз оңалып, төл тарихымызға деген сүйiспеншiлiк, құрмет өсе түсер едi.
Аталған еңбектермен тереңiрек танысқысы, оларды сатып алғысы келетiн азаматтар мына мекен-жайға хабарласқандары жөн:
Алматы қаласы, 050008. Жандосов көшесi (Байзақов көшесiнiң қиылысы) 1/1.
Телефон/факс 8 (3272) 250 23 55.


Оразгүл МҰХАТОВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөз: Түркістан халықаралық апталық сараптамалық газеті

№30 (836). 29.07.2010

 

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту