20-01

Сұңқардай саңқыпдаган ер Сүйiнбай

«…Сүйінбай ақын – өмірі ат жалында өткен ереуілді заманның хас батырларын көзімен көріп қана қоймай, өзі де сол батыр туған бағлан ұлдардың бірі ретінде Қоқан шапқыншыларына … »

«…Сүйінбай ақын – өмірі ат жалында өткен ереуілді заманның хас батырларын көзімен көріп қана қоймай, өзі де сол батыр туған бағлан ұлдардың бірі ретінде Қоқан шапқыншыларына қарсы шығып, жанын шүберекке түйіп жүріп айқасқан жолбарыс жүректілердің бірі. Сүйінбай сөзінің рухты келетіні де сондықтан. Ол – ел арқасын аяздай қарыған езгі мен қорлыққа, зорлық пен зомбылыққа қарсы тұруға қара жұртын жалынды жырларымен үндей білген, елін ерлік жолына бастай білген ақын. Тіпті қайсыбір деректерде ақын бес қаруын сайлап, атқа қонып, Сұраншы, Саурықтармен қатар жүріп, әлденеше жорықтарға қатынасқан деп те айтады. «Қарасай батыр», «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр»,  «Жабай батыр», «Қараша – Қараш ұлы екен» дейтін толғаулардың соншама нанымды, әсерлі болып өрілуі де өзі қатысқан, көзімен көрген сол қанқырғын жорықтардың әсері, ықпалы болуы әбден мүмкін».

Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай!
Сырлы, сұлу сөздері –
Маған тартқан сыйындай!
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап
Қара дауыл құйындай, – деп жырға қосқан ұлы ақын Жамбылдың даңқты ұстазы, жыр дүлдүлі, халық ақыны Сүйінбай Аронұлының туғанына биыл 200 жыл толып отыр. Ақиық ақын мерейтойына орай елімізде және шетелде ауқымды мәдени шаралар жыл басынан бері өтіп келе жатқаны көпшілік қауымға белгілі.
Сүйінбай өлеңдері түрік тілінде Анкарада басылып шықты. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сүйінбайдың екі томдық академиялық жинағын жарыққа шығарды. Сүйінбай жылына арналған барша ұйымдастыру, мәдени-көпшілік шаралардың тынысын ашу мақсатында Алматы облысының Жамбыл ауданында «Сүйінбай» қоғамдық қоры құрылды. Ақынның туған ауылы Қарақыстақта атқарылған жұмыстар да сан алуан. Елді мекеннің орталық көшелері абаттандырылып, адам танымастай көркейіп, құлпырды. Ақынның осындағы әдеби-ескерткіш мұражайы, ауыл шетіндегі кесенесі қайта жөндеуден өткізілді. Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының алдына ақын ескерткіші орнатылды. Міне, Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына арналған осынау іс-шаралар өткен сенбі күні ақиық ақынның тал бесігі мен жер бесігі – Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ ауылында өз мәресіне жетті. 

Жырмен халқына жігер берген

Қазақтың маңдайына біткен от ауызды, орақ тілді ақындарының бірі, Мұхтар Әуезовше айтқанда «айтыс өнерінің алтын діңгегі» Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония­сында «Сөздің пірі – Сүйінбай» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға қатысушылар алдымен филармония алдындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қойып, тәу етті.
Конференцияны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижан кіріспе сөзбен ашты. Ақынның жауһар жырларынан үзінділер оқып, жиынның маңызы мен мәніне тоқталып, кешті ерекше шабытпен жүргізіп отырды.
Алғашқы сөзді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек алды. Қала басшысы ақын шығармалары бүкіл Орта Азияға ортақ екеніне тоқталып, жақында ғана филармонияның алдына Сүйінбай бабамыздың ескерткіші орнатылғанын тілге тиек етті. «Біз – бақытты ұрпақпыз, Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясаты арқасында өткенімізді біртіндеп жинап келеміз. Тәуелсіздік алғаннан соң ғана біз біртұтас ел болып, алдағы бақытты болашаққа нық қадам жасаудамыз» дей келе, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың конференцияға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Онда: «…Уақыт араға жылдар салып, заман алға ұмтылған сайын есімі ел есіне, туған халқына жақындай түсетін ұлы тұлғалар болады. Кезінде жыр дүлдүлі Жамбылдың өзі пірге балаған, елдің тәуелсіз болуын армандап, қиын заманда жырмен халқына жігер берген Сүйінбай сондай сүлейлердің санатынан еді. Әдетте үлкен ақынды да заманның өзі тудырады. Сүйінбай халқымыздың Қоқан хандығының, Ресей империясының тізесі батқан күрделі заманда өмір сүрді. Сондай кезде өзінің ақындық қуатын туған халқына бағыштады… Бүгінге оның тәуелсіз елі есімін ардақтап, ескерткіш тұрғызып, шығармаларын жарыққа шығарып, ауыл, көше, мектептерге атын беріп, лайықты құрметтеп, қошемет көрсетуде. Ақынның есімі әрдайым халықпен бірге» делінген.
Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жа­қыповтың құттықтауын У.Қалижан оқыды. Сондай-ақ Анкара қаласының мэрі де өз құттықтауын жолдапты.
Мінберге көтерілген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Сүйінбай Аронұлының еңбектерінің халықтық сипат алғандығын, елдің бірлігі мен ынтымағы, арман-мақсаты, мүддесі ақын жырларының басты қағидасы екендігіне тоқталды. Халық арасынан шыққан батырлардың сыртқы жаумен шайқасын, тәуелсіздік үшін қалай күрескенін талмай жырлағанын, сонымен қатар түркі халықтарының эпостық жырларын да жатқа біліп, шәкірттері арқылы кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырғанын сөз етті.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев облыс көлемінде аталып жатқан шараларға тоқталса, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі мәдениетінің аса ірі тұлғасы Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойы Түркия елінде де кеңінен аталып өтіп жатқанын, Сүйінбай апталығы өтіп, Анкарада ақын атындағы саябақ ашылғанын, түрік тілінде жыр кітабы жарық көргенін жеткізді.

Сүйінбай ақын туралы терең жазып жүрген қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков мінбеге көтерілгенде халық зор қошеметпен қарсы алды. «Жамбыл өмір бойы Сүйінбайды ұстаз, пір тұтқан, ірі айтыстарда Сүйінбайсыз сөз бастамаған. Сүйінбай бір ғана Жамбыл емес, өзінен соңғы ақындарының бәріне де ұстаз. Сондықтан да аяулы білімпаз Мұхтар Әуезов Сүйінбайды Жетісу ақындарының алтын діңгегіне теңеген.
…Жырды домбырамен бастап, қыза келе құлағын бұрап термелеп, құйындатып төгіп айтады екен. Қыза келе айқай салғанда жанында тыңдап отырған кісіні селк еткізетін зор дауысты кісі болған. Сүйекеңді көрген, білген, естігендер өлеңнің қызыл желі деп бағалайды. Мұның мәнісі мынада: Сүйінбайдың тілінен құты қашқан Тезек төре айтыстырып бір сүріндірмекке арқадан Түбекті шақыртады. Түбек жол-жөнекей түс көріп, түсінде Сүйінбай үздіксіз соққан қызыл жел болып көрініп, онсыз да атағынан именіп келе жатқан Түбек қаймығып, айтысқа шықпай қояды.
Сүйінбайдың салған жерден сөйлеп кеткелі тұрған ақындық келбетін, қайталанбас сұлу бітімін талантты суретші марқұм Әбілхан Қастеев өте дәл әрі әдемі бейнелеген. Суреттің дәлдігі, образдың жандылығы сонша, мен өзім көрген сайын ақынның семсер жырларын өз аузынан тыңдағандай әсер аламын.
Жетісуда қылышынан қан тамған хан Тезектің сағын сындырып, бетін қайтарған үш ұлы өнерпазды білеміз. Олар: Сүйінбай, Бақтыбай, Бөлтірік» дей келе, жырдың тұтас әлемі – Сүйінбай жырларында жатқандығын тілге тиек етті. «Өз сөзімен айтқанда, Сүйінбай – қынаптағы қылыш, аспаннан түскен жасын, соғып тұрған құйын, ескен қызыл жел, жүйріктей жалын тараған, күніне шауып жараған, айтысқанды шаңына көмген жүйрік; ол – айтысқанның басынан өлең асырып, миын шайқаған жырдың боранды ақпаны, қияқты сұңқары. Сүйінбай жырларының оның алмастай өткірлігі де, тайпалған жорғалығы да, қанатты тұлпарлығы да, даңғыл жыраулығы да айқын көрінеді» деді. Қазіргі айтыстың жай-күйі туралы пікірін де ашық айтты. «Құдайға шүкір қазір айтыс көбейді, бірақ соның сапасына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Айтыс өзінің табиғатынан айырылып қалды, шоуға айналып кетті» дей келе, «Қазақ айтысының 7 томдығын» Сүйінбай, Жамбыл музейлеріне және Әдебиет институтына сыйға тартты. Тәуелсіздіктің туы – елдің бірлігі, ынтымағы екенін, елге рухани байлық берер мұндай тойдың көптік етпейтінін тебірене сөйлеп, батасын берді.
Конференцияда негізгі баяндаманы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин жасады. «Сүйінбайдың ақындық әлемі» атты баяндамада халқымыздың жадында ғажайып жыр сүлейі, ақтаңгер ақын болып бекіген Сүйінбай Аронұлы – өзінің өлмес өлең-толғауларымен, сұңғыла айтыскерлігімен ұлттық жырымызды биікке көтерген, бітімі бөлек, жаратылысы жойқын, тұғыры теңселмес ұлыларымыздың бірі, бірегейі ретінде баяндалды.
– Ұлы тарихы үш мың жылдан асып жығылар ата жұртымыздың арғы-бергі дәуірлердегі ақтаңдақ кезеңдеріне тіл бітіп, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп» жатқан Тәуелсіздік дәуірі елдігіміз бен ерлігіміздің қаншама қазыналы кезеңдерін қайыра тұғырына қондырды. Көп заманалар бедерінде батыс пен шығыс елдерінің жабулы мұражайлары мен тас қараңғы қоймаларында тұншығып, хатқа түсіп, қатталып, ондаған ғасырлар бойына шаң басқан ескі сөрелерде іздеушісін сарыла күтіп, сарғайып жатқан тарихи жәдігерлеріміз жадымызды жаңғыртып, Ұлы Далаға қайта орала бастады.
Жыртығымыз бүтінделіп, үзілгеніміз қайта жалғанды.
Шүкір!
Өткенге деген құрмет пен ата тарихымызға деген ықылас ойымыз бен бойымызды билеп тұрған осындай бір ерекше кезеңде қарт Алатаудың бөктерінде, Алаштың ұлы шаһары Алматының төрінде қазақтың «от ауыз, орақ тілді» ұлы ақыны – Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойының өтіп жатуы көкірегімізге қанат бітіріп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлтқа межелі мақсат етіп ұсынған Мәңгілік Ел кейпінде саналарда дүр сілкініп оянған ұлттық рухымызды асқақтата түскендей, аспандата түскендей күй кешу үстіндеміз.


…Сүйінбай ақын – өмірі ат жалында өткен ереуілді заманның хас батырларын көзімен көріп қана қоймай, өзі де сол батыр туған бағлан ұлдардың бірі ретінде Қоқан шапқыншыларына қарсы шығып, жанын шүпірекке түйіп жүріп айқасқан жолбарыс жүректілердің бірі. Сүйінбай сөзінің рухты келетіні де сондықтан. Ол – ел арқасын аяздай қарыған езгі мен қорлыққа, зорлық пен зомбылыққа қарсы тұруға қара жұртын жалынды жырларымен үндей білген, елін ерлік жолына бастай білген ақын. Тіпті қайсы бірі деректерде ақын бес қаруын сайлап, атқа қонып, Сұраншы, Саурықтармен қатар жүріп, әлденеше жорықтарға қатынасқан деп те айтады. «Қарасай батыр», «Өтеген батыр», «Сұраныш батыр», «Жабай батыр», «Қараша – Қараш ұлы екен» дейтін толғаулардың соншама нанымды, әсерлі болып өрілуі де өзі қатысқан, көзімен көрген сол қанқырғын жорықтардың әсері, ықпалы болуы әбден мүмкін.
Кез келген тарихи тұлға биігіне көтерілген ақынның, батырдың, көсемнің, шешеннің ұлт санасында орын тепкен өз бейнесі болады. Ол бейнені жасаушы – халық. Халық жадында Сүйінбай ақын ұлт рухын асқақтатар мінезді жырларымен сақталған. Ақын «толғауы тоқсан қызыл тілдің» құдіретін мейлінше молынан пайдаланады. Соның нәтижесінде ақынның сөзі асқақ естіліп, рухы биіктен көрінеді! Ол дауды – сөз, жауды – батыр алатынын біледі. Бұл –оның өміріне серік, өнеріне көрік берген ұстанымы!
«Хандарың отыр қысылып,
«Көппін» деп маған айтпай-ақ
Баймын десең жетпей ме?!
Асқаралы тау мен едім,
Адырмақ тау сен едің.
Тартылған бұлақ сен едің.
Айдын шалқар көл мен едім!
Меніменен айтысып,
Қатаған, сенің қадамың
Әуел бастан оңған жоқ.
Алдаспанға жолықтың,
Түбіңе жетпей тынбаймын!» деп ақиық қырандай құйылып келіп, даланың жел ілеспес сәйгүлігіндей құйын-перен көсіліп, құйғыта шабуында осы мәнер, осы ұстаным жатқанын аңғарамыз. Сүйінбай – Жырдың қуаты алпыс екі тамырыңызды кезіп, ішіңізде әлдекім сарыала тілін салқитып тандыр өртеп жатқандай күйге бөлейді. Сондықтан да:
«Сөз бастаған бұлбұлмын,
Топ бастаған дүлдүлмін!
Судан шыққан сүйрікпін,
Бәйгеден озған жүйрікпін!
Шығарма енді үніңді.
Есіңе сақта құлаған,
Қанатың сынған күніңді.
Қырғыз, қазақ жиылып,
Жалпылдатпа мұныңды!» деген атақты Қатағанмен болған айтыстың ең шешуші сәтіндегі бейнелі сөз бен бедерлі ойға оқырман назарының еріксіз ауарына еш күмән жоқ…
Жалпы тұлға сипатын анықтар осы бір көркем сөз, кемел ой, терең білім дейтін ұғымдардың Сүйінбай жаратылысын тануда, даралауда айрықша рөл ойнайтынын байқау қиын емес. Бұл орайда, ақын аруақ, ел, рух секілді тарих қалыптастырған сана кеңістігін, уақыт кеңістігін, осы бағыттағы өзге де өрісі кең, бай атрибуттарды өз шығармашылығында шебер әрі орынды пайдаланады. Орнымен қолданылған тарихи ұғымдар құлпырып, қунақ тартып, ақын сөзі демде арқаланып шыға келеді. Оқырманын ойлантады, тыңдаушысын ұйытады.
…Замана ағысын жан-жүрегімен сезінген ақынның қырғыз-қазақ арасында шиеленіске кімдердің май құйып, нендей мақсат үшін Кенесары басының жадыға түскенін аңғарғаны кейін қырғыз ақыны Қатағанмен болған атақты айтысында анық көрініс тапқан. «Бөліп ал да билей берге» әбден дәніккен орыс отаршылдарының қазақтың соңғы ханын өз қолдарымен өлтірмей, қырғыз манаптарының қолымен көзін жойғызуында үлкен есеп бар еді… Қырғыз жерінде болған бір үлкен Астың үстінде ақ қалпақты ағайындардың жағымен жел үйіріп, дауыл тұрғызар үлкен ақыны Қатаған өз сөзін ежелден белгілі сөз бастаудың әзілі мен оспағын, қыжыртпа қалжыңын аралас­тыра айтып, ағайын жұртпен амандасқан Сүйінбайға бірден тарпа бас салады. Неде болса, қазақтың сөзге шебер, қарсыласын алып та, шалып та жығар ерен жүйрігін салған жерден сындырып алу үшін «Кенесары төренің басын кесіп алғанмын, сен кегіңді алғанша ішіңде кетер арманың…» деп мықтымсып, андыздай шабады… Сүйінбайды сөз-сүңгімен түйіп әрі өтеді, түйіп бері өтеді. Қазақтар жағы шынында да әуелгі де сағы сынып қалады. Араға аз-кем үнсіздік салып, Сүйінбай атқа қонады. Қатаған ақынның отына қарсы от ала жүгірмей, әріден толғап, «төскейде малы, төсекте басы қосылған» екі ел арасын шабындыға жібермей, сабыр дейтін биіктен көрінуге шақырады.
«Әуеліде ер Дәуіт,
Ұстаған екен көрікті.
Затсыз туған Қатаған
Мұнша неге желікті?!
Жетпіс екі кісімен
Шейіт болған Құсайын,
Өлімге солар көніпті.
Шейіт болған адамды
Тәңірім артық көріпті.
Он сегіз мың ғаламды
Кезіп жүріп қыдырған
Әзірет Әлі де
Есігіндегі құлынан…
Олар да шейіт болыпты.
Өз мойныңа, Қатаған,
Бұл сөзімнің жазасы.
Шек келтірдің өлімге,
Ол Құдайдың қазасы.
Қанішерді мақтайсың
Халыққа жоқ мазасы…» деп отырып, айтыс дейтін жанып тұрған қып-қызыл өрт сынды өнердің өрісін кеңейтіп, бірте-бірте биікке асқақтай көтеріледі. Осы бір екі ел арасындағы дау-жанжалға апаруы мүмкін «нәзік» тақырыптан сұңғылалық мінез көрсетіп, шебер өтеді. Ақынның жаратылысындағы кең қалып, кенен білімдарлық Қатағанмен болған айтыс–ты аталмыш өнердің теңдессіз биігіне көтереді. Екі елдің екі дүлдүлі алма-кезек айқасып, шынайы көркем жырдың ғажайып үлгісін, ­жазба әдебиеттің тілімен айтқанда, суырыпсалма жыр айтысының «шедеврасын» тудырады. Әлденеше нұсқада қазақ пен қырғыз арасына кең тараған осынау ғажайып айтысты оқып отырып, көз алдыңызға өткен ғасырлардың қайталанбас суреттері келеді. Екі иықтарын жұлып жеп, домбыра мен қомызғы жабысқан екі ақынның құйын-перен ағысы, дүлей шабысы елестейді. Құдды аренаға шыққан Рим гладиаторларының алапат айқасы секілді! Сөздің айқасы! Ойдың айқасы! Білім мен парасаттың айқасы! Көпғасырлар бойы қалыптасқан қуатты жырдың құдіретін танытар алғырлық пен тапқырлықтың айқасы! Айтыс соңы әсіре мақтау мен артық даттаудың салдарынан сүрінген Қатағанға қалың қырғыз тоқтау айтып, жеңістің туын Сүйінбайға ұстатады…
Міне, ел жадында бір жарым ғасыр уақыт бойы сақталып келе жатқан аталмыш айтыс үлгісі көнеден бізге жеткен түркілік тұмса өнердің тұғырлы биігіне осылай көтерілді. Жеңген Сүйінбай да, жеңілген Қатаған да өлмес өнердің кеңістігіне шықты!
Сүйінбай Аронұлының айтыскерлігі де, жыраулығы да, төгіп-төгіп жыр саулатар қайталанбас ақындық ерен жүйріктігі де оны өз дәуірінің биігінен тұрып сөйлеуге дағдыландырған. Ол өзіне Алланың берген ұлы сыйы – ақындықты еш жерде, еш ортада, байлықтың да, биліктіңді де алдында аласартпай, өлең-сөздің иығын бермей өткен.
Сүйінбай – құдіреті жырдың иесі, аруақты ақын!
Ол қай жырында да, қандай айтысында да арғы-бергіні тереңнен суырып тартар сұңғылалығымен дараланып, өлең-жырдың архитехникасын құбылтып отырады. Бірде қара өлең, енді бірде ұйқасы шымыр төгілмелі ақ өлең үлгісінде келетін түйдек-түйдек екпінді жырды қарша боратады, қара нөсердей толассыз саулатады. Ақын аруақ шақырғанда уақыт дейтін ұлы кеңістікті көктей өтіп, арғы-бергі, алыс-жақын дәуірлерді өз толғауларында шебер пайдаланады.
…Халқымыздың арғы-бергі тарихында замана мінезіне көнбей, өз ойын өлеңнің ыстық өртімен өрген жолбарыс мінезді, арыстанойлы, тұлғалы жырдың тұғырлы жүйріктері аз өтпеген. Арғысын айтпағанда соңғы бес ғасырдан асып жығылар уақыттың ішінде «сөзге тоқтаған» құймақұлақ жұрттың көзін жұмғызып, ауызын аштырған, ерге қондырып, жауын састырған өрен сөздің ерен шабысты сәйгүліктері тарихымызда жетіп артылады. «Мен жыраумын, жыраумын, шөп басында қыраумын. Хан қасында төремін, ханға кеңес беремін. Би қасында биікпін, ел ішінде иықпын» деген Сыпыра мен «ел жағалай қонбаса, бетегелі бел ғаріп, қаз-үйрегі болмаса, айдын шалқар көл ғаріп; мұритін тауып алмаса, азғын болса, пір ғаріп, ата жұрты бұқара өз қолында болмаса, қанша жақсы болса да, қайратты туған ер ғаріп…» деп өткен Асан қайғының; «Бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес!» деп аңыраған Доспанбет пен «бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқан» қайран Қазтуғанның; «баулуы жетпей бөрі алмас, бидайықтан алғыр құс болмас, бұйырмаса, екеуі түгіл, бірді алмас» деп төгілген Шалкиіз бен «жауға шаптым ту байлап, шепті бұздым айқайлап, дұшпаннан көрген қорлықтан жалынды жүрек қан қайнап, ел-жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап» деп бар өмірі ат үстінде өткен Ақтанберділердің жалғастарының жалғасы болған Сүйінбай Аронұлы ел өрісін өлеңмен кеңейткен, екі тумас, шашасына шаң қондырмас, Әуезов сөзімен айтқанда, «айтыс өнерінің алтын діңгегі», қазақ жырының тұғыры биік тұлғасы!
Сүйінбай – тамырында қазақ дейтін қайыпберен мінезді ұлы жұрттың қаны мен жыры қатар ойнаған, заман тудырған ұлы тұлға. Оның алмастай асыл, жасындай өткір жырлары туған халқының жүрегін мәңгілікке мекен етері хақ! – деді баяндамасында Н.Оразалин.
Конференция барысында Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы ұлттар институтының профессоры Хуаң Жоңшяң қазақша баян­дама жасады. Ол өз сөзін «Менің ұлтым қытай болғанымен, қазақ әдебиетін, тілін зерттеп жүргеннен кейін өзімді қазақ деп сезінемін» деп бастап, Сүйінбай бабаның тойына шақырту алғанын ерекше ықыласпен қабылдағанын жеткізді. «Қазақ-қытай әдеби байланыстарының тамыры тереңде. Сонау сақ-ғұн заманынан басталған бұл ежелгі рухани байланыстар Ұлы Жібек жолы заманында жалғасып, атағы жер жарған Шыңғыс хан дәуірінде айқын көрініс тапты. Қытайда түсірілген «Шыңғыс хан» сериалын естеріңізге түсіріңіздерші. Осы фильмдегі жар-жар жырының тамаша көрінісі қазақ фольклорының ерекше бір жанрын бүкіл әлемге танытты емес пе? Рухани тамырластық деген осы ғой» дей келе, қазақ эпостарына, оның ішінде «Алпамыс» батыр жырының ру-тайпалық сипатына тоқталды. Ұлы Сүйінбай ақын да бұрынғының жыраулары сияқты көптеген эпостық жырларды, соның ішінде «Алпамыс» жырын жатқа біліп, ел арасына таратқандығын сөз етті. 100 томдық «Бабалар сөзін» жата-жастана оқып жүргенін, фольк­лорист ғалым ретінде қазақтың болашақ өркениетінің зор екендігін тілге тиек етті.
Сүйінбай поэзиясының тілі жайлы академик Өмірзақ Айтбайұлы, «Сүйінбай ақын және қырғыз әдебиеті» жөнінде Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Акбар Рысқұлов, «Сүйінбай және түркі әлемі жайлы» Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Нергис Бирай және т.б. ғалымдар Сүйінбай шығармашылығының тарихи негіздері мен ақын мұрасына, оның қоғамдық ортадағы рөліне тоқталды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы «Сүйінбай-толғауын» толғады.
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында жыр алыбы Сүйінбайға арналған мерекелік концерт өтті. Оған елімізге белгілі өнер шеберлері қатысты. Олардың арасында мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» ансамблі де бар.

«Халықты тілмен қорғадым»

Халықты тілмен қорғадым,
Сөз шындыққа келгенде,
Бас кессе де болмадым.
Құтылып жарлы жеткенше,
Зорларды сөзбен торладым, – деп жырлаған халық ақынының туған жері Қарақыстақта өткен шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Серік Үмбетов, Ләззат Тұрлашев, Серікбай Нұрғисаев, елімізге белгілі әдебиет, өнер майталмандары, БАҚ басшылары қатысты.
Мерейтойға келгендер алдымен Қа­рақыстақ маңындағы ақын кесенесінде жыр сүлейінің рухына құран бағыштады, ауылда күрделі жөндеуден кейін жаңарған Сүйінбай мұражайында болып, ондағы жәдігерлермен танысты. Ауылға ерекше сән беріп, келбеттендіре түскен Сүйінбай Аронұлы саябағының ашылуына қатысты. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен ҚР Мәдениет және спорт министрі ­Арыстанбек Мұхамедиұлы саябақта орнатылған Сүйінбай ескерткішінің жамылғысын ағытты. Саябақ төріндегі салтанатты жиында сахна мінберінен ақын туралы келелі пікірлер кеңінен қозғалды.
Жетісу өңірінің басшысы Амандық Баталов көпшілікті ақын мерейтойымен құттықтады:
– Алаштың арқалы ақыны Сүйінбай тойы халықаралық деңгейде сән-салтанатымен өтуде. Бұл ұлы ақынға деген халықтың риясыз құрметі, елдің елдігі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің қасиетті жерімізді ықылым заманнан Ұлы дала деп, ал бабаларымызды Ұлы даланың ұрпағы, мұрагерлері деп атап өткендей, қазақ халқы өзінің кемеңгер дана тұлғаларымен ұлылығын танытып келеді. Сүйінбай Аронұлы жырлап өткен елдік идеясы ХХІ ғасырға нық қадам басқан Қазақстанның Мәңгілік Ел мұратымен үндес. Оның бөрілі байрақ астына исі қазақ баласын біріктіру идеясы бүгінгі таңда орындалып отыр. Ұлы ақынның алмас жырлары халықты тұтастыққа, бірлікке шақырады. «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» атанған Сүйінбай бір жырында өзін айдарлы алтын барыспен теңеген екен. Сол барыс Жамбылда қызыл жолбарыс бейнесіне ұласады. Сонау сақтардан бері үзілмей жалғасқан алтын барыс Тәуелсіздік таңы атқанда қуатты қазақ елінің бедерлі берекесіне, айбарлы ұранына айналды.
Атадан балаға жалғасқан ақын­дық, шешендік өнер Сүйін­байға дарыды. Қаршадайынан қолына домбыра ұстап, өлеңді өмірлік серік еткен жыраудың алпыс жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз шығарған мұрасы ұшан-теңіз. Сүйінбай айтыс өнерін жаңа биікке көтерді. Толғауларында батырлық рухы, қайсар мінезі сұлу жыр болып төгілді. Заманы қайшылықтарға толы бабамыздың Қарасай, Сұраншы, Саурық, Өтеген батырларға арнаған тарихи жыр-толғаулары ерлікті, бірлікті жырлады. Тезек төре, Жантай, Қатаған, Арыстанбекпен айтысы аңыз болып қалған шығармалар. Бабамыз ел руханиятына қуатты серпін берген ақындардың бірнеше буынына бағдар болды.
Сүйінбайдай бүкіл түркі жұртына ортақ тұл­ғаның рухани мұрасын ұлықтау елдік идея­ны асқақтата түседі. Ендеше, бүгінгі ­руха­ният тойы – Сүйінбай ақын тойы құтты бол­сын, ағайын! Ұлы даланың ұрпақтары аман болсын! Ақын рухы, ақын жыры асқақ­тасын! –деген Амандық Ғаббасұлы көп­шілік алдында Сүйінбайдың ұрпағы, профессор Сұлтанғали Садырбаевтың жұбайы, қарашаңырақ анасы Садырбай келіні Зүкен апаға сый-құрмет көрсетті. Зүкен Кеңшілікқызы ақынын ардақтаған ел басқарған азаматтарға ризашылығын білдірді. Облыс әкімі Анкара қаласында осы жазда ашылған Сүйінбай саябағына келесі жылы ескерткіш орнату ниетін жеткізе келе, Қарақыстақ ауылындағы ақын мұражайына арналған автокөліктің кілтін мұражай директоры Аяужан Сәдуақасоваға тапсырды. Сондай-ақ жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омарұлы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов мерейтойға орай ой-пікірлерін ортаға салды. Ақынның бүгінгі ұрпақтары атынан Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, академик Төлеген Қожамқұлов ақын мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған азаматтарға алғыс лебізін білдірді. Анкарадан келген қонақ, Кечнөрен муниципалитеті халықаралық қатынастар департаментінің директоры Мустафа Арач түбі бір түрік жұртының жалынды сәлемін жеткізді.
Жиын соңы концерттік бағдар­ламаға ұласты. Ақынның 200 жыл­дығына орай көпшілікке берілген астан кейін Көкбастау атшабарында ұлттық ат спорты ойындарынан жарыс өткізілді. Ақын тойы құрметіне мұнда қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу және аузымен құс ілген сәйгүліктердің дүбірлі додасы ұйымдастырылды. Құнан жарысында Жамбыл ауданы, Беріктас ауылынан Ұлан Омаровтың «Берікқарасы» бірінші келді. Топ бәйгеде Қарасай ауданынан Жанқойлықовтар әулетінің жүйрігі «Бүркіт» топ жарды. Жорға жарысында Мыңбаев ауылының тұрғыны Асылбек Бөкебаевтың «Жойқынқара» атты су жорғасы алдына қара салмады. Жүйріктің жүйрігі сынға түскен Аламанда қарасайлық Болат Назарбаевтың «Тасқыны» еш сәйгүлікті өзінен оздырмады. Шығыс Қазақстан облысынан Мәлік Мусиннің тұлпары Аламанда екінші болып келді. Бәйгеге тігілген бес автокөлікті осылар ұтты. Бұдан кейінгі жүлделі орындарды жеңіп алғандар да ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Айтыс өнерінің  алтын діңгегі»

Алматы облысы әкімдігінің ұйымдасты­руымен Талдықорғанда «Сөздің пірі – Сүйінбай» атты халықаралық ақындар айтысы болып өтті. Айтыстың облыс орталығындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтуінің де мәні бар. Неге десеңіз, Сүйінбай есімін алғаш елге танытушылар ішінде белгілі фольклорист-ғалым Ә.Диваев, ардақты ақын С.Сейфуллинмен қатар, қазақ поэзиясының құлагері І.Жансүгіровтің де еңбегі зор. 1935 жылы І.Жансүгіров пен Ф.Ғабитова алғаш рет «Сүйінбай ақын» атты жинақты құрастырып шығарғаны тарихтан белгілі.


Халықаралық ақындар айтысын Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев құттықтау сөз сөйлеп ашты. Одан кейін сахна төріне айтыстың ардагері Надежда Лушниковаға шығып, тойға жырдан шашу шашты, ақындарға сәттілік тіледі.
Айтысқа Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Сырым Әуезхан, Дидар Қамиев, Жандарбек Бұлғақов сынды еліміздің саңлақтарымен қатар Қырғызстан, Моңғолия, Қытай Халық Республикасынан ақындар қатысты. Жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы бастаған ақын-жазушылардан құралған қазылар алқасы сөз өнеріне өзіндік бағасын берді.
Сүйінбай поэзиясы терең философиямен, ойдың тұнығымен, сөздің сұлулығымен, ақын тіліндегі поэтикалық өрнек-айшықтарымен ерекшеленген. Халық ақынының Тезек төремен, қырғыз ақыны Қатағанмен айтыстары қазақ айтыс өнерінің классикасы десек, артық айтқандық емес. Осы ретте, ақындар айтыста ел бірлігін, Жетісудың әсем табиғатын, Сүйінбай ақынның шығармашылығын өлең-жырға қосты.
Алғаш болып, айтыс сахнасына жетісулық Айбек Ережеп пен Моңғолиядан келген ақын Ерлан Дәулетұлы шықты. Ақындар елдік пен ерлікті, қоғамдағы түйткілді мәселелерді жырға арқау етті. Ал Айнұр Тұрсынбаева мен Шұғайып Сезімханұлы арасындағы сөз сайысы әзіл-қалжың айналасында өрбіді. Жандарбек Бұлғақов пен қырғыз ақыны Азамат Болғонбаевтың сөз тартысы Сүйінбай мен Қатаған айтысы негізінде өрістеп, бір кездегі тарихи сәтті елдің көз алдына әкелді. Ақтық сынға 4 жұп шықты. Солардың арасынан табылған Сырым мен Жандарбек, Айнұр мен Балғынбек әдемі әзілдерімен жиналғандардың көңілін жадыратты.
Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлдеге жетісулық ақын Жандарбек Бұлғақов ие болып, жеңіл автокөліктің кілтін алды. Ал бірінші орын Астанадан ат арылтып келген Сырым Әуезханға (1 млн. теңге), екінші орын Жамбыл облысының атынан сайысқа түскен Айнұр Тұрсынбаеваға (700 мың теңге), қос үшінші орын Аягөз Серікқызы мен Қытай елінен келген Арзыгүл Қайымбекқызына (әрқайсысына 500 мың теңгеден) беріліп, жүлдегерлер мен басқа да арнайы сыйлық иелеріне қаржылай сый-сияпат ұсынылды. Көршілес Қырғыз елінен келген ақын Азамат Болгомбаев «Сүйінбай атындағы сыйлықтың» иегері атанды. Осылайша Талдықорғанда өткен халықаралық ақындар айтысы жұрт көңілінен шығып, ел қуанып тарқасты.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА,
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Сұлтан ҚАДЫРБЕК

Осы категориядағы басқа материалдар: « Мұстафаның ұлы арманы

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту