20-01

Мұстафаның ұлы арманы

Көшім Есмағамбетов,
тарих ғылымының докторы, профессор

Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде халқының бостандығы үшін ғасырлар бойы қан төгіп, жанын пида еткен, осы жолда пендешілікке бой ұрмай, жан рақатын іздемей, өмірін сарп еткен ата-бабаларымыздың аманат ретінде қалдырған шығармашылық мұрасын зерттеп, зерделеудің, оны кең көлемде насихаттаудың маңызы ерекше.
Осындай тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай (1890–1941). Оның дүниетанымы батыс пен шығыс өркениеттерінің ең озық жетістіктері тоғысында қалыптасып, грузин, әзербайжан, татар және т.б. халықтардың ұлттық көшбасшылары, француз, ағылшын, неміс, поляк, орыс қайраткерлерімен қарым-қатынастары барысында шыңдалды. Дегенмен, Мұстафа көзқарастарының негізін Алаш және Жәдид қозғалыстарының жетекшілері ұстанған идеялық-саяси ой-пікірлер құрайды. Ә.Бөкейхановтың студент Мұстафаны Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы жанындағы кеңесші бюро құрамына ұсынуы, отарлық саясаттың мән-мағынасын түсіну үшін оған қоныс аудару саясатын талдап көруге кеңес беруі, 1917 жылғы қазақ съездерінің жұмысына қатысуға шақырып, үміт артуы, сонымен бірге жас кезінен Түркістандағы саяси оқиғаларға араласып, Жәдид қозғалысы радикалдық қанаты жетекшілерінің бірі болғандығы М.Шоқайдың қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік халықтарының ұлттық мүдделері үшін күрескен ортақ тұлға екендігін дәлелдейді. Мұны ол өз сөзімен де, ісімен де көрсетті.
М.Шоқай Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Топчибаши, М.Э.Расулзаде, С.Жантөрин, М.Бехбуди, А.Фитрат, Убайдолла Қожаев, т.б. қайраткерлермен тығыз байланыста жүріп, сан алуан саяси ағымдар мен мектептерден сабақ алды.

М.Шоқай – өзінің білімдарлығы, демократиялық ой-өрісі тұрғысынан әлемдік деңгейге көтерілген тұтас бітімді тұлға. Оның еңбектеріндегі ежелгі грек, рим авторларына, батыс философтары Кант, Гегель, Фихте, Спенсер, Сент-Бевке, орыс жазушылары Белинский, Гегель, Салтыков-Щедринге сілтемелер осы пікірдің бір дәлелі ретінде көрінеді. Қайтыс боларының алдында да ол Салтыков-Щедрин мен А.Мицкевичтің кітаптарын оқу үстінде болады.
Зайыбы Мария Шоқай Мұстафаны: «Саясат адамы болғандықтан, болып жатқан оқиғалардың шешімін табу үшін көп ойланатын. Тарихты беріліп оқитын. Париж кітапханасына баратын. Адамдар арасындағы қатынастарды зерттеуге үлкен мән беретін» деп еске алады.

Тәуелсіздік философиясы

М.Шоқай өмірінің альфа мен омегасы тәуелсіздік идеясы болып табылады. «Кеңес өкіметі және қырғыздар», «Қырғыз кеңес республикасы», «Қырғыздардың Ленинге хаты», «Қырғыздар Кеңес өкіметінің қоластында», «Қырғызиядағы ашаршылық» (қырғыздар – қазақтар. – К.Е.) және т.б. еңбектерінде өлкеде орнаған жаңа өкіметтің отарлық үстемдіктің бүркемеленген түрі екендігін, пролетариаты жоқ елде пролетариат диктатурасын орнатудың басқаша болуының мүмкін еместігін жан-жақты дәлелдеп берді. Алаш жетекшілері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов та солай пайымдаған.
В.И.Лениннің өзі де «Пролетарлық революция және ренегат Каутский» деген еңбегінде «Кеңестер – пролетарлық революцияның орыстық формасы» деп таныған-ды. Ал Сталин болса, 1921 жылы Х партия конференциясында: «Национальное самоопределение превратилось в пустой звук… Этого лозунга у нас больше нет в программе» деп кесіп айтады.
Түркістан Мұхтариятының аса қатыгез­дікпен жанышталуынан және Кеңес өкіметі басшыларының осы мәлімдемелерінен соң М.Шоқайдың өз халқының ұлттық мүд­делерін қорғау жолдарын іздестіруден басқа амалы қалмайды.
Ең алдымен ол «Ресейдегі револю­ция­­лық процестің біртұтастығы», онда «ұлттық мәселенің пролетарлық революция мүдделеріне бағыныштылығы» туралы лениндік теорияны жоққа шығарып, Түркістан мәселесін бір елдің ішінде азшы­лыққа айналып қалған халықтардың құқық­тарын қорғайтын «ұлттық мәселе» шеңберінде емес, «ұлттық-мемлекеттік мәселе» ретінде қарастырды. «Ұлттық мәселе» мемлекет ішінде өздерінің жағдайларын жеңілдетуге бағытталған реформаларды жүзеге асыруды білдірсе, М.Шоқай қойып отырған «ұлттық-мемлекеттік мәселе» метрополиядан бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құру үшін күрес жүргізуді мақсат тұтады. Жай ұлттық мәселе мен ұлттық-мемлекеттік мәселенің өзгешелігі осында.
Бұрын ұлттық жетекшілер земство­лық автономия туы астында әрекет етіп, кейін Қазан революциясының бас кезінде ұлттық-территориялық автономия жариялау жолына түссе, Түркістан Мұхтариятының жойылуы және Алашорда үкіметінің таратылуынан соң ұлттық мүдделерді қорғауда батыл қадамдар жасала бастайды. Өлке тұрғындарының ұлт-азаттық қозғалысында жаңа кезең басталады.
Мұстафа Шоқай Алаш қозғалысының негізгі идеяларын эмиграциялық жағдайда жалғастыра отырып, қозғалыстың стратегиясы мен тактикасын, яғни күрестің түпкі мақсаты мен оған жету жолдарын анықтайды.
Толық тәуелсіздік үшін күрес жүргізу жөніндегі пікірге ден қоюы М.Шоқайдың 1919 жылғы Париждегі Версаль конгресіне жолдаған радиотелеграммасынан-ақ бай­қалғанымен, бұл идея, ұлттық қозға­лыстың түпкілікті мақсаты ретінде, оның 1923 жылы 15 мамырда «Orient et Occident» деген париждік журналда жарияланған мақаласында жан-жақты нақтыланады. Онда автономия бағдарламасын ұлттық тәуелсіздік идеясымен ауыстыру мәселесі тұңғыш қойылады. Мақала Еуропа баспасөзінде Түркістанның толық тәуелсіздік жолында күрес жүргізетіндігі туралы да тұңғыш материал болатын.
М.Шоқайдың бұрынғы автономия туралы идеядан толық тәуелсіздік идеясына көшуі жалғыз түркістандықтардың ғана емес, бүкіл әзербайжан, татар-башқұрт, украин, грузин ұлттық қозғалыстары үшін де аса маңызды факторға айналады. Мақала бүкіл Еуропа жұртшылығының қоғамдық ой-пікіріне әсер етеді, себебі көптеген мәселелердің басын ашуға көмектеседі, халықты «тарихи» және «тарихи емес» деп бөліп-жарушы кеудемсоқ авторлардың түсінігіне өзгеріс енгізді, Түркістан халықтарының саяси тұрғыдан жетілгендігін көрсетті. Қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. түркі-мұсылман халықтарының өздерін «аға халық» ретінде есептейтіндер саясатының нысаны емес, тарих субъектісі екендігін орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк, түрік, шағатай, грузин тілдерінде жазылған еңбектерінде асқан шеберлікпен, бұлтартпас дәлелдермен жеткізді.
М.Шоқай ұлттық тәуелсіздікті ешбір баламасы жоқ, бәрінен де биік тұрған адамзат құндылығы ретінде есептеді және оны әр халықтың табиғи құқы ретінде санады. Себебі мемлекеттік билік халықтың толықтай өз құзырында болған жағдайда ғана оның ұлттық мүдделері жүзеге асады, сыртқы сұғанақтықтан қорғануға мүмкіндік туады.
«Табиғи құқық» дегеніміз – халықтың, ұлттың ажыратылмайтын құқығы. Оны мемлекет те, басқа құрылым да меншік­тене алмайды. «Табиғи құқық» идеясы Американың Тәуелсіздік декларациясы (1776), француздардың Адам мен азамат құқықтары декларациясында және басқа да актілерде көрініс тапты. М.Шоқай, озық заңгер, ойшыл саясаткер ретінде, оны осы мағынада ұғынды.
Халықтың өзін-өзі билеу құқын жүзеге асыруға ұмтылушылығы басқа халықтың құқын бұзуға бағытталмаған, алайда мет-рополия тарапынан оған қарсы сан алуан кедергілердің орын алуы отарлық үстемдікті қамтамасыз етуден ғана туындайды.
Халықтың өзін-өзі билеу құқы туралы мәселе М.Шоқайдың «Түркістандағы кеңес ұлттық саясатының теориясы мен практикасы», «Ұлттық мәселе төңірегінде», «Ұлттық күрес майданында», «Кеңес Одағындағы ұлттық мәселе» және т.б. еңбектерінде осы бағытта сараланады. «Автономиядан – тәуелсіздікке» деген еңбегінде: «Автономия – біздің басымыздан кешкен бір тарихи құбылыс. Бүгін біз оны еске түсірумен, ғана шектелеміз. Қайталамаймыз!
Ересек адамдар өздерінің балалық дәуірін еске алатыны – табиғи құбылыс. Бірақ ол сол дәуірге қайта ораламын деп ойламайды. Сол сияқты біз де ұлттық саяси өміріміздің балалық дәуірі болған Түркістан автономиясын тек тарихи құбылыс ретінде ғана еске аламыз» деп жазды.

Азаттыққа апарар жол

М.Шоқай Түркістан халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының түпкі мақсатын айқындап қана қойған жоқ, сонымен бірге жаңа жағдайда оған жету жолдарын, қимыл бағыттары мен сипатын белгілеп берді. Ол ендігі жерде Исатай мен Махамбет, Кенесары, т.б. бастаған, тіпті кең көлемде орын алған 1916 жылғы қарулы көтерілістердің де заманы өткенін, сол себепті бостандыққа бейбіт жолмен, Түркістан халықтарының күш-жігерін бір мақсат жолында біріктіру, ұлттық сананы ояту арқылы жетудің мүмкін екендігі туралы саяси жоспарын ұсынды.
Басмашылық та – ұлт-азаттық қозға­лысының құрамдас бір бөлігі екендігін айтып, бірақ «Өзара байланысы жоқ жергілікті сипаттағы мұндай бой көрсе­тулермен атамекенімізді құтқару мүмкін болмайтынын бір сәтке де естен шығар­мауымыз керек» деп ескертеді. Ол өмір бойы қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік халықтарының дербестікке қол жеткізуі олардың өз қолдарында, бірлесе білуінде екендігін түсіндірумен болды. Ғылыми тілге көшсек, М.Шоқай бұл халықтарды бір ұлт ретінде есептеп, оларды түркістандықтар деп, ал олар мекендеген аумақты Түркістан деп атады. Ол этникалық бірегейлікті қалыптастыру жолын ұстанды. Бұл мәселе бойынша өз көзқарасын М.Шоқай «Түркістан түріктері» (1932) деген еңбегінде былайша баяндайды: «Түркістанның болашағы «Тәуелсіз Түркістан» ұраны астында Ресейден бөлініп шығып, Түркістан мемлекетін құратын халық бұқарасының қолында… Біз бүгін ұлтты құтқару күресімізде, ұлттық құрылысымызда түркістандықтарды ру, ұлыстарға бөліп, іштен іріткі салатындарды Түркістан ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептейіз. Қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен… – бәрі бір кісідей жұмылып, Түркістанның ұлттық ұраны астына топтаспайынша, Түркістанның болашағын қамтамасыз ету мүмкін емес».
Ол Түркістанның тәуелсіздігі үшін күресін, оның, яғни Түркістанның түрікшіл­дігімен шатастыруға болмайтындығын ескертеді. Түрікшілдік – бұл этникалық шығу тегі, яғни этногенез бен мәдениет мәселесі, ал тәуелсіздік үшін күрес – күн тәртібіндегі мәселе.
Мұстафаның түрікшілдігі және оның бұл тақырып жөніндегі еңбектері Түркістанмен ғана шектелмейді. Ол, ұлттық түркілік мүдделерді қорғау қажеттілігі туындаған кезде, ешбір қиындықтан бас тартпайтын. Түрік республикасының жетістіктеріне шын жүрегімен қуанды, оны басқа түркі елдері үшін рухтандырушы күш ретінде санады. «Ресейде қоғамдық жүйенің әртүрлі болғанына қарамастан, олардың бәрі айналып келіп түрікшілдікке жау болатын… Ол сол арқылы Түркістан түріктерінің өзінің сүйікті Түркиясына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын суытып, ақырында жойып та жіберуді мақсат тұтады» деп жазды.
М.Шоқайдың: «Біз, түріктер, Түркияға қатысты мәселелерде аса абай болуға тиіспіз. Түркияның төл мүдделерімен, оның ішкі және сыртқы саясатымен қайшы келетін істерге бармауымыз лазым» деген өсиетін естен шығармағанымыз жөн.
М.Шоқай мемлекеттік тәуелсіздік үшін күрес формалары мен тәсілдерін теориялық тұрғыдан белгілеп қана қойған жоқ, оның ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастырды. Эмиграцияның аса қиын да күрделі жағдайында «Түр­кістан ұлттық бірлігі» саяси ұйымына бас­шылық етті, «Йени Түркістан», «Яш Түркістан», «Түркістан» журналдарын ұйымдастырды. Кремль қожаларының өзін мазасыздандырған «Яш Түркістан» басылымы он жыл бойына (1929-1939 жж.) шын мәніндегі азаттық жаршысына айналды.
«Прометей», «Яш Түркістан» журналдары, еуропалық басылымдар арқылы Түркістан ұлттық қозғалысының сипа­ты мен түпкі мақсаты, әділеттілігі жөніндегі ойларын әлем қауымдастығына жеткізіп, қоғамдық пікір қалыптастырды. Өз тарапында соңғы жағдай ұлттық азаттық қозғалысқа ғана емес, кейін өз тәуелсіздіктерін жариялаған ортаазиялық республикаларға моральдік қолдау көрсетуге алғышарттар қалады.
Бірнеше рет өздерінің ұлттық талаптары жөніндегі Украина, Грузия, Әзербайжан және солтүстік кавказдықтар өкілдерімен бірге Ұлттар Лигасының штабына меморандум тапсыру үшін Женеваға барды. Женева, Лондон, Париж, Берлин, Варшава қалаларында сұхбаттар берді. Әйгілі дипломаттар, саясаткерлер мен журналисттердің форумдарында түркістандықтардың саяси бағдарламасы жөнінде баяндамалар жаса­ды. Солардың бірінде, 1930 жылдың 8 қаң­­тарында «France-Orient» комитетінің жина­лысында: «Біздің барлық күш-жігеріміз Түркістан дауысын ең алыс қиырларға жеткізуді мақсат тұтады, халқымыздың атынан «Түркістан толық мемлекеттік тәуелсіздікті талап етеді!» деп бар дауысымызбен айқай салуға кез келген мүмкіндікті алғыс сөзімізбен пайдаланамыз» деген еді.
Мемлекеттік думаның бұрынғы мүшесі және Грузияның сыртқы істер министрі А.Чхенкели: «Мұстафаның Париждегі, Лондондағы, Женевадағы және Батыстың басқа да орталықтарындағы қызметінің сан алуандығы мен нәтижелілігі соншалықты, тіпті оны есепке алу қиынға соғады… Дала азнауриінен ол нағыз хылықтық-ұлттық Көсемге айналды» деп айтқан-ды. М.Шоқайға осы мағыналас баға А.Я.Шульгин тарапынан да беріледі. «Шын мәнінде ол байтақ елдің, бүкіл Орталық Азияның, бүтін Түркістанның нағыз көсемі болатын» деп ағынан жарыла, М.Шоқайдың қырқында сөз сөйледі.
М.Шоқайдың мемлекеттік тәуелсіздік туралы ой-пікірлері уақыт пен заман талаптарына сай нақтыланып, толықтырылып отырды. Бұл жағдай, әсіресе, ұлттық қозғалыстың негізгі күштеріне, одақтастар мәселесіне, қозғалыстағы жастардың, ұлттық кадрлардың, оның ішінде интелли­генцияның рөліне қатысты. Әрине, мұның әрқайсысы бойынша бір-бір еңбек жазуға болады.
«Ұлттық күрес майданында» деген еңбегінде (1931): «Біз жастарымыздың бола­шаққа деген үміті мен сенімінің сәл де болса кемуінен қорқамыз. Біздің болашағымыз, біздің ұлттық төңкерісіміз бен ұлттық мем­лекетіміз жастарымыздың үміті мен сеніміне байланысты» деп, жастардың ұлт­тық рухта тәрбиеленуіне зор мән берді. Қай­раткердің бұл аманаты да бүгінгі күні өзектілігін сақтап, еліміздің саясатынан көрініс табуда.

Түпкі мақсат – мемлекет

Болашақ Түркістан мемлекетінің саяси жүйесі, ішкі, сыртқы саясаты жөніндегі мәселелер М.Шоқайды ойландырмай қой­ған жоқ. Алайда ол түрлі себептерге байланысты: «Халқымыз мемлекеті мен қоғамдық өмірін өз қалауынша құру құқығына ие бола алмай отырған кезде, сыртқы ортақ жауға қарсы бірлікте күрес жүргізіп жатқан шақта, Түркістанның болашағы анадай немесе мынадай тайпаның қолында деп пайымдауға салынып жүрсек, мұның өзі ұлттық жауымыздың диірменіне су құйып, нанына май жағып беруден басқа ештеңе де болмас еді» деп 1932 жылы ескерткен.
Дегенмен, оның Түркістанда демокра­тиялық қоғам құруды армандайтыны Түркістан Мұхтариятының заң шығарушы, атқарушы органдарын құруға атсалысқан кезінен белгілі еді. Ресей құрамында болғанымен, Мұхтарият шын мәніндегі Орталық Азиядағы тұңғыш демократиялық ел болды. Оның саяси жүйесі жөнінде өз естеліктерінде М.Шоқай былай дейді: «Біз сол тұста автономияны былай түсінетінбіз: Түркістанның дербес ел басқаратын мекемелері мен атқару органдары, яғни заң шығаратын парламенті және іс жүргізетін үкіметі болуға тиіс деп ойлайтынбыз».
Тәуелсіздік алғаннан кейін М.Шоқай қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік халықтарының бір мемлекетке бірігіп, Түркістан Федерациясын құруды ұсынды. Зайыбы Мария Шоқайдың Мұстафа Швейцария мемлекеті тәріздес федерация құрғысы келді деуі сондықтан. Оған енетін бес халықтың бірде-бірі артықшылықпен пайдаланбайтын, тең құқылы болмақ.
Мемлекет құру – саяси мәселе, сондықтан да ол нәсілдік ерекшелікке емес, геосаяси факторға бағыт ұстағанды қалайды. Кейбір авторлардың мемлекетті түрік бірлігі негізінде құру жөніндегі ұсыныстарына орай М.Шоқай былайша түсіндірме береді: «Біз саяси және саяси-экономикалық мәселені талқылап отырмыз… Мысал үшін Қырымды, Түркістанды және Әзербайжанды алайық. Бұлар түрік өлкелері. Бұл өлкелердегі түрік нәсілдері өзара мәдени байланыста өсіп-өніп келеді. Өйткені олардың тегі, нәсілі бір – түрік. Ал олардың саяси мәселедегі бірлігі жөнінен алсақ, бұл басқа мәселе. Мәселен, Әзербайжан саяси және экономикалық жағынан, Түркістанға қарағанда, Грузия мен Кавказ ұлттарына көбірек байланған. Сол себепті оның Кавказ Федерациясына кіруі әбден табиғи. Қырым да сол тәрізді. Ол саяси, экономикалық жағынан бізден гөрі Украинаға жақын».
Мемлекет құруда жағрафиялық және содан туындайтын басқа да жағдайларды есеп­ке алу керектігі жөніндегі ой-пікір­лерін 1939 жылы жазылған «Түрік бірлігі жөнін­де» деген еңбегінде нақтылап, Ресей­ге қараған түрік дүниесінде тек Түркіс­тан­ның ­геосаяси жағдайы ғана оның түрік­тік талаптарына сәй­кес келеді деп қорытын­ды­лайды.
Мұнан алайда түркі мемлекеттері, геосаяси факторларға басымдық бере отырып, бір-бірінен мүлдем ажырасып кетуі тиіс деген ұғым тумайды. Түріктер кез келген уақытта және кез келген жерде бір-біріне рухани-моральдік көмек көрсетулері керек дейді.
Бірақ Мұстафа ешқашан да Анадолыдан Алтайға дейін бір түрік мемлекетін құруды көздеген емес. Сондықтан да оны түрікшілдіктің түркістандық бағытының негізін қалаушы деуімізге негіз бар.
М.Шоқай ұлттық мемлекет құруды, ұлттық болғанда, сол мемлекет барлық ұлттар мен ұлыстарға қызмет ететін мемлекет құруды армандады. Себебі ұлттық мәдениет тек ұлттық мемлекетте ғана өсіп-өркендейді, ол өз кезегінде халықтың ұлт болып қалыптасуын қамтамасыз етеді. «Атақты алман философтары Кант пен Фихтелер: халық бірін-бірі және өзін-өзі басқара алмайтын, басқалардың басқаруында ғана болатын тобырлар. Ұлт – басқаларға тәуелді болмаған, өзінің мекемелеріне ие және өзінің бірыңғай мүддесі бар халықтар жиынтығы. Философиясының тұжырымдауынша, халық – объект, ұлт – субъект» деп жазады М.Шоқай.
Тәуелсіздік алғаннан кейін отарлық саясаттың объектісі болып келген халықты өзін-өзі билейтін тарих субъектісіне айналдыру ұлттық интеллигенцияға жүктеледі. Себебі «Дүниежүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы болған емес».
М.Шоқай болашақ Түркістан мемле­ке­тінің саяси түзілімі жөнінде мәселені анықтауды халықтың өз қалауына қалдыр­ған тұстары болғанын да айта кеткеніміз жөн. «Рахым ангам тәубесіне келді» (1930) деген еңбегінде: «Мен, Мұстафа Шоқайұлы, Түркістан халқының өз қалауы, өз таңдауымен құрылған басқару аппаратына өз еркіммен қызмет етуге дайынмын. Өз пікірлестерімізді де осындай мекемелердің маңайына топтасуға шақырамын. Егер ол кезде Түркістан бұқарасы өздерінің ұлттық мемлекеті үшін кеңестік жүйені таңдаса, онда мен ол өкіметке шын ниетіммен адал қызмет етуге уәде беремін» деп мәлімдейді.
Дегенмен, М.Шоқай болашақ Түркістан мемлекетінде дінге де, нәсілге де еш артықшылық берілмейтініне, адамдарды ұлтына орай алаламайтындығына сеніммен қарап, зайырлы қоғам орнатуға ұмтылды. Ол өзінің саяси күресі мен қазақ, өзбек, түрікмен, тәжік, қырғыз халықтарының болашағы жөніндегі көзқарасы түпкілікті айқындалған кезде: «Алыстан да, жақыннан да бізге Түркістанның ұлттық-саяси жос­парларына сәйкес келе бермейтін ақыл-кеңес беріліп келеді. Олар үш сипатта. Бірі – Түркістан бүкіл Орта Азияны қамтиды, сол себепті ол Азияға бағыт-бағдар ұстауы тиіс; екіншісі – Түркістан – мұсылмандар мен мұсылмандар мәдениетінің елі, сондықтан да ол исламшылдық күрестің маңызды орталықтарының бірі болғаны жөн; үшіншісі, өз атауы көрсетіп тұрғандай, Түркістан – түркілердің елі, түркілердің бесігі, осы тұрғыдан ол түрікшілдік орталығы болуы қажет дегенге саяды» деп олардың бұл талап-ұсыныстарына демократиялық қоғам артықшылықтары тұрғысынан жауап береді.
Болашақ мемлекет үшін діни, нәсілшіл­дік қайшылықтарға әкелетін жолдардан аулақ болу керектігін, әр халықтың ұлттық құндылықтарына аса сақтықпен, құрметпен қараушылықтың маңыздылығын айтады.
Тәуелсіз Қазақстанда ұлттар мен ұлыстар жөнінде жүргізіліп отырған саясат та осы Мұстафа аманатына жетелейді.
М.Шоқай автократиялық, тоталитар­лық жүйелерді жек көрді. Гитлер мен Сталиннің бірі – «нацист», екіншісі – «интернационалист» деп аталғанымен, екеуінің де «саясат пен зұлымдықта дәрежелері бірдей» деп түсінді. «1936 жыл» деген еңбегінде, – «Кеңестік Ресейде бар нәрсе Сталинге байланысты. Шошқалар торайласа, сиырлар бұзауласа, бидай мен мақта мол өнім берсе – осының бәрі Сталиннің қызметі, Сталиннің істегені болып табылады. Демек, бұл елде Сталинсіз шошқа торайламайды, бидай өсіп-өнбейді» деп сынады кеңестік жүйені.
Бұл да – М.Шоқайдың үлкен демократ болғандығының бір көрінісі.
Мұстафаның Түркістанның толық тәуелсіздігі үшін күресі Ресейді жек көруден, не онымен барлық мәдени, экономикалық қатынастарды үзу идеясынан туындамайды. Осыған байланысты оның «Матэн» газетінің тілшісі Анри де Қорабтың «Түркістан – кеңестік Ресей үшін өмірлік маңызды өлке» деген мақаласына білдірілген пікірі бүгінгі күнгі тәуелсіз Қазақстан үшін де өзектілігін жойған жоқ. Француз журналисі кезінде В.Ленин Түркістанды Ресей үшін «өмірлік маңызды» деп есептеген, орыстар оны уысынан шығармауға тырысады дей отырып, М.Шоқайдың бірнеше нәрсені атап көрсеткеніне тоқталады.
А.де Корабтың тұжырымдары жөнінде мұрағаттан М.Шоқайдың қолжазба күйінде сақталған жарты беттік пікірі табылды. Онда Мұстафа: «А.де Корабтың мақаласы – менімен әңгімелесудің нәтижесі емес. Оның өтініші бойынша Түркістан туралы үлкен мақала жазып бергенмін. Ал ол оның негізінде менімен сұхбаттасқан болып, өз атынан мақала жазып шығыпты. Мақалада толып жатқан түсініспестіктерге жол берілген» деп көрсетеді. Олардың барлығына жауап бере отырып, М.Шоқай француз авторының оны қалай да Ресейдің мәңгілік жауы, Англияның досы ретінде сурет­теуге қарсылығын білдіреді. Ол А.де Корабтың бұл пікірін «мүлдем қате» деп, «Әркім де бір елге көзжұмбайлық жаулықпен, екіншісіне достықпен қарауының неге соқтыратыны жөнінде өзіне есеп беруі керек деп ойлаймын. Мен бір нәрсені білемін: Ресейге, ол қандай болса да, жаулық ұстанымда болу – біздер үшін ақылға қонбайтын саясат болар еді, ал Анг­лиямен арнайы достықтан біздің ұтарымыз шамалы» деп түйіндейді М.Шоқай.
Дегенмен, ол Ресеймен «достық» қатынаста болуды оның дегеніне көне берумен, өз тәуелсіздігін жоғалтатын саясатпен шатастырмайды. «Қандай Ресеймен болса да белгілі деңгейде біздер «достасуға» ұмтылуымыз керек. Бұл, әрине, біздердің ұлттық бостандығымыздан бас тарту емес. Қарсы жақтан шынайы достықпен қолдау таппайтын жауапсыз достық көп зиянын тигізеді. Мұның, әсіресе, халық бұқарасы саяси тұрғыда ұйымдаспаған, өзін әлі ұлт ретінде сезінбеген бізде, Түркістанда, есте ұсталуы тиіс» деп ескертеді.
Мұстафаның бұл сөздері ағылшын қайраткері У.Черчилль айтқан делініп жүрген «мемлекетте мәңгілік дос та, мәңгі­лік қас та жоқ, тек мәңгілік ұлттық мүдде ғана бар» деген афоризмді еске түсіреді.
Мұстафа тәуелсіздік алып, дербес мемлекетін құрғаннан кейін түркістан­дықтардың, жалғыз Ресейге байланып қалмай, көпвекторлы саясат ұстануын, әсіресе, өз дамуында алға кеткен батыс елдерімен тиімді қарым-қатынастар орнатуын қалайды.
Ол тарихтың қай кезеңінде де ұлттық мүдде төңірегінде топтасқан түркі­стандықтарға арқа сүйеумен қатар, ха­лықаралық қолдаудың маңыздылығына тоқталады. «Түркістанның ұлт-азаттық күресі ауыр да, азапты да жолдардан өтіп келеді. Бұл күресте біз мемлекетімізді құру мен бекемдеудің алғашқы кезеңдерінде сырттың көмегіне мұқтаж боламыз, бірақ «сырттың көмегін Түркістанның ұлттық тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеу шартымен ғана алуға тиіспіз» деп жазды М.Шоқай 1937 жылы.
Содан бері 78 жыл өтті: дүние өзгерді, империялар күйреп, жаңа мемлекеттер тарих сахнасына шықты… Бірақ ұлттық тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екендігі, оны қандай да бір саяси ойынның нысанына айналдыруға болмайтындығы жөніндегі заңдылық еш өзгерген жоқ.

anatili.kazgazeta.kz

Осы категориядағы басқа материалдар: « Би-ағаңнын ауылы Сұңқардай саңқыпдаган ер Сүйiнбай »

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту