20-01

«Жидебайдай ер қайда?!.»

«…Жидебай Қожаназарұлы (1713-1815) – қазақ халқының даңқты әрі аруақты батыры, әбжіл шешен, аса ірі шежіреші, қазақ жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде теңдесі жоқ ерлік көрсеткен қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері, асқақ Абылайдың сенімді серігі, жауқарақ басы, пікірлес досы әрі биі.

Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтеруге қатысқан кісі. Жидебай батыр Аңырақай шайқасына, Қаншеңгел, Ақсүйек соғысына қатысып ерлік көрсеткен. Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарқаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты азат еткенде – мыңбасы, Тарбағатай, Аягөз, Талдықорған, Құлжа, Алатау, Талғарды азат еткенде әскербасы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған. Жидебай батырды ақындар жырына қосып, жыраулар дастан қып жырлаған, бүгінгі жазушыларымыздың біразының романдарына басты арқау болған.
Қысқасы, Жидебай Қожана­зарұлы – қазақ мемлекеттігін қалып­тастыруда айрықша тер төккен, халқына қадірі асқан, туған жерін азат етуде ерлік көрсеткен, сөзімен елді аузына қаратқан, ісімен халқын ұйытқан өз заманының аса ірі тұлғасы, қазақ тарихының көрнекті қайраткері. Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Замана өтпес болсайшы. Жидекем өлмес болсайшы» дейтіні де, халқымыздың: «Сарыарқадай жер қайда. Жидебайдай ер қайда?» дейтіні де сондықтан…».

Азаттық үшін алысқан

Сар дала – Сарырақаның төріндегі Ақтоғай жерінде кешегі жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігімен ерекше көзге түскен қазақ халқының даңқты батыры, өзі шешен әрі би Жидебай Қожаназарұлының туғанына 300 жыл толуына орай ас берілді. Асқа жиналғандар алдымен баба басына барып тәу етті, Құран бағыштады.
Батырдың мерейтойына арналған салтанатты жиынды Ақтоғай ауданы­ның әкімі Ниқан Омарханов ашып, жүргізіп отырды.
Жиында негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Жидебай батырдың ұрпағы Рымбек Жүнісов жасады.
Сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Жұмабеков, республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, ақын Серік Ақсұңқарұлы, қоғам қайраткері Хамза Жұмабеков және басқалар батыр бір ауылдың немесе бір рудың ғана емес, бүткіл халықтың перзенті екенін еске алды. Бүгінгі ұрпақтың міндеті біртуар тұлғалардың есімін тарихта мәңгі қалдыру болып табылатынын атап өтті.
Жидебай Қожаназарұлы азаттық үшін алысқан даңқты батыр. Ол жөнінде Бұқар жыраудың толғауларында да айтылады. Ғұла­ма­ларымыздың бірі Мәшһүр-Жү­сіп Көпеевтің еңбектерінен де кез­дестіруге болады. Бәрінен бұрын әйгілі Қаздауысты Қазыбек бидің «Замана өтпес болсай-шы, Жидекем өлмес болсай-шы…» деп аһ ұра күңіреуінің өзі көп жайтты аңғартса керек. Бүкіл қазаққа мәлім атақты бидің аузынан мұндай көкіректі қарыс айыра айтылған сөз жайдан-жай шықпаса керек. Демек, бабаның бағасын, орнын жақсы біліп отыр. Халық арасында кеңінен тарап кеткен: «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда?!» деген сөздің де бүгінге дейін жетіп отырғаны батырдың шын мәнінде ұлтының қайсар да өжет, қаһарман перзенті болғандығын паш етеді.
Жидебай батырдың тағы бір ерекшелігі оның шешендігі. Елін, жұртын құлақ қойып тыңдамаса болмайтындай мағыналы да мәнді сөзімен дау-жанжалдан қорғай білген. «Жидекең былай депті», «Жидекең айтыпты» деген сөздер қазір де ел арасында жиі айтылады.
Енді батыр туралы нақтырақ білу үшін Жидекеңнің өмірінен жан-жақты хабардар бірқатар ғалымдардың сөздеріне көңіл бөлелік.

«Ел шетіне жау келсе, Атқа қонған Жидекем…»

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– …Жидебай Қожаназарұлы (1713-1815) – қазақ халқының даңқты әрі аруақты батыры, әбжіл шешен, аса ірі шежіреші, қазақ жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде теңдесі жоқ ерлік көрсеткен қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері, асқақ Абылайдың сенімді серігі, жауқарақ басы, пікірлес досы әрі биі. Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтеруге қатысқан кісі. Жидебай батыр Аңырақай шайқасына, Қаншеңгел, Ақсүйек соғысына қатысып, ерлік көрсеткен. Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарқаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты азат еткенде – мыңбасы, Тарбағатай, Аягөз, Талдықорған, Құлжа, Алатау, Талғарды азат еткенде әскербасы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған. Жидебай батырды ақындар жырына қосып, жыраулар дастан қылып жырлаған, бүгінгі жазушыларымыздың біразының романдарына басты арқау болған.
Қысқасы, Жидебай Қожана­зарұлы – қазақ мемлекеттігін қалып­тастыруда айрықша тер төккен, халқына қадірі асқан, туған жерін азат етуде ерлік көрсеткен, сөзімен елді аузына қаратқан, ісімен халқын ұйытқан өз заманының аса ірі тұлғасы, қазақ тарихының көрнекті қайраткері. Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Замана өтпес болсайшы. Жидекем өлмес болсайшы» дейтіні де, халқымыздың: «Сарыарқадай жер қайда. Жидебайдай ер қайда?» дейтіні де сондықтан.


                                                                                                               Рымбек Жүнісұлына көпшілік дән риза

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі:
– …Қазақ халқының рухани мұрасын жинауға айрықша үлес қосқан М.Ж.Көпеевтің «Қазақ шежіресі» еңбегінде мынадай мәлімет берілген: «Абылай хан үш жүздің баласы қазаққа хан болғанда Әлтеке Сарым Жидебай атақты батырының бірі болып, Абылай ханға қолбасы болған екен. Біржаққа аттанарда, қосын жүргізерде Үйсіннен ақ шабдар атты алғызып, Әлтеке Сарым Жидебайға мінгізеді екен. Жидебайға айсыз қараңғы түн тал түстей жарық, боран-соран ашық күндей, жан таба алмаған жерді көріп қойғандай табады екен». Егер осы деректі тілге тиек етсек Абылай ханның Жидебай секілді батырының болғандығын аңғарамыз.
…Ақын әрі шешен Жидебай қартайған шағында құрдасы Қарамендеге арнайы кісі жіберіп, қанша жетім бар деп сұратқан екен. Сонда Қараменденің берген жауабы:
Елі көшсе, бел жетім ,
Үйрек, қаз кетсе, көл жетім.
Ері жоқ ел жетім,
Елі жоқ ер жетім.
Жоқтаусыз кетсе, қыз жетім,
Жасы жеткен қарт жетім,
Парықсыз болса, сөз жетім.

Қойшығара Салғараұлы, ғалым, жазушы:
– …Абылайдың сайыпқыран батырларының арасында Жидебай батырдың да болғандығын ел ішіндегі сақталған аңыздар растайды. Әкесі Қожаназар деген кісі шапқыншылықта жау қолында қаза тапқан. Руы-Қаракесек – Әлтеке. Ерлікті ұрпақтан-ұрпаққа аманат еткен ардақты ата болған тәрізді. Өйткені Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қазақ шежіресі» кітабында әкесі Қожаназардың, атасы Достың да батыр болғандығын баяндайды. Ал Жидебай туралы: «Жеті сегізден жаңа асқан кезінде Дос батырдың қара шаңырағында отырған інісі Әлмұрат байдың үйіне Қаракерей Қабанбай батыр келіпті деген хабар Жидебайдың құлағына тиеді. Барсам-ау, көрсем-ау деп Жидебайдың түн бойы көзі ілінбей алас ұрды. Таң жаңа атуға сәуле беріп келе жатқан қарсаңда көзі ілініп кетіп еді. Бабасы Дос батыр түсінде аян берді.
– Балам, алғашқы аты шыққан Қабанбай батырдан барып бата алып қал, – деп. Шошып оянып, ұшып түрегеліп, үстінде боз жейдесі бар, құстай ұшып бара жатса, Қабанбай батыр да жорыққа аттанып, алаңқарақта жүріп барады екен. Алыстан немене екенін айырып, тани алмады. Еліктей ұшып келе жатқан бала екенін таныған соң, тосып тұра қалды. Бала жетіп келіп:
– Ата, маған керек бата, – деді.
– Түнде түсімде Дос батыр айтып еді. Жарайсың, жарайсың, – деп Қабанбай батасын береді.
– Төрт алмажайым бар еді. Біреуін саған байладым, ал балам, – деп Қабанбай батыр жүре береді. Сөйтсе төрт алмажайының бірі «қызыл түлкі» дегені болады екен. Сонысын беріп кеткен екен» деп жазады.

Мұхаммадғали Абдуов, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– …Елі мен жерін жаудан қорғауды басты мақсат етіп ұстанған Жидебай батыр Қожаназарұлының елу жылын ат үстінде өткізуі оның өз халқына сіңірген еңбегін айғақтап тұр. Ер есімін елі ұмытпайды, аңыз түрінде болса да бүгінгі таңға жеткізуі соның айқын дәлелі. Өмірінің кейінгі отыз жылдан астам уақыты ел бірлігін сақтауға атсалысумен өткен. Оған мына бір ел ішінде сақталған нақыл сөз дәлел бола алады:
Ел шетіне жау келсе,
Атқа қонған Жидекем,
Ел ішінде дау болса,
Таққа қонған Жидекем,
Қазағымның басына
Баққа қонған Жидекем.
Тағы бір мысал мынадай: Ағайын ішінде жер дауы болып, екі жақтың ел ағалары Жидекеңе жүгініске келеді. Сонда батыр:
– Жерге талассаң бірлігің кетеді,
Жесірге талассаң кіндігің кетеді,
Кіндікке тыйым керек.
Бірлікке ұйым керек.
Ынтымақ болса, ырыс қонады,
Арасы ағайынның дұрыс болады. – деп татуластырады. Жидебай батыр осындай шешендігімен, тілге шеберлігімен, талай түйіні қиын даудың шешімін тауып, төрелігін айтқан. Өмірінің соңына дейін ағайын-туысқандарымен, дос-жарандарымен хабарын үзбеген, байланыс жасап отырған.

Той тағылымы

Ас өткен Жосалы тауының баурайында алпыстан аса киіз үй тігілді. Қазақтың мұндай астары той деңгейінде өткен. Соның нақты дәлелін осы жолы да аңғаруға болар еді. Атақты «Тоқырауын толқыны» ансамблі әуелете шырқаған әндері, күмбірлете төккен күйлері арқылы жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Әрбір киіз үйде бас қосқан сыйлы қонақтар сөйлеген сөздерінде ерлік, елдік жайлы айтып, төңірегіндегілерді ұйытып отырды. Біз дәм татқан ағадырлық бауырларымыздың дастарқанынан осындай көңіл сүйсінерлік көрініске күә болдық. Уақытында Ақтоғай ауданына басшылық жасаған, қазір де ат үстіндегі ардақты азаматтар Махмұт Жарылғап пен Байзақ Әлмағамбетов ел, жер тарихынан хабарлары мол екенін аңғартады. Ел ішінде «Сары тентек» атымен мәлім айтыс ақыны Қуаныш Мақсұтов сөзге шешендігін тағы бір байқатты. Қолына гитарасын алып, өзі өмірге әкелген, салмақты ойларға жетелейтін «Қотыр тойлар» атты жыр-әнін тамсандыра орындады. Айтулы өнерпаз, Ақадыр аудандық мәдениет үйінің директоры Ардақ Мұқышев көпшіліктің сұрауы бойынша әлденеше әнді тамылжыта шырқап берді.
Астың алғашқы күні ақындар айтысымен басталды. Бұған белгілі ақын Абзал Бөкен бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Айтыс өз деңгейінде өтті. Нәтижесінде бас жүлде қарағандылық ақын Дидар Қамиевке бұйырып, ол автокөлікке ие болды. Бірінші, екінші, үшінші орындардан ақындар қызылордалық М.Ниязов, талдықорғандық Б.Имашев, павлодарлық А.Шұғатаев көрінді. Оларға ақшалай сыйлықтар берілді. Балуандар күресін тамашалауға да жұртшылық көп жиналды. Ақыр аяғында түйе балуан Қарағанды облысының Нұра ауданынан келген Бекзат Ахметбеков атанды. Бекзат финалдық белдесуде қарсыласы Олжас Шынкеевтің жаурынын жер иіскетті. Осы жеңісі үшін бас жүлдеге тағайындалған автокөлікті мінді.
Қандай да астың, тойдың көркі – аламан бәйге. Бұл жолғы ат жарысына қырыққа жуық сәйгүлік қосылды. Аламанды қызықтаушы көпшілікті ақтоғайлық Амантай Ыбышевтің «Роза» атты тұлпары алғашқы сәттен-ақ назар аудартты. Ол бірінші айналымның өзінде-ақ өзгелерден қара үзіп кеткен-ді. Отыз шақырымға созылған он айналымда да сол қарқынынан танбады. Сөйтіп, мәреге топ жарып келді. Көмбеден екінші, үшінші болып өткендер тараздық Ж.Қапановтың «Еркежан», Шет ауданына қарасты Ақжол кентінің «Айтұмар» атты тұлпарлары.
Баба тойына ақтоғайлықтардың ертерек дайындалғаны байқалады. Биылғы мамыр айының басында Жидебай селолық округінде батырдың ескерткіші бой көтерді. Ақындар мү­шәйрасы да өтті. Мерейтой қар­саңында Жидебай батырдың өмірінен мол мағлұмат беретін «Ер есімі – ел есінде» атты жинақ жарық көрді.
Қандай да игілікті істің басы-қасында жақсылыққа ұйытқы болып, көпке ортақ шаруаны ұйымдастырып жүретін білікті азаматтар болады. Біз бұл жерде батыр тойын ұйымдастыруда ерекше еңбек сіңірген ел ағасы Рымбек Жүнісов есімін ерекше атап өткіміз келеді. Көптің ықылас-пейілінің дәлелі болар осы шараны ұйымдастырудағы еңбегі үшін жерлестері оған қалың қауымның алдында жүйрік тұлпарды тарту етті.
Қайтар жолда серік болған осы өңірдің азаматы, құқық саласының ардагері Әсет Сәкенов:
– Мен туған топырағым ­– Ақто­ғайым­ды ерекше мақтаныш етемін. Ірі тұлғаларды өмірге әкелеген өңір бұл. Негізі ұлт үшін өмір сүр­ген ардақтыларымызды көкке көте­ріп, әспеттеп жатсақ, бұдан еш ұтылмай­мыз, кейінгі буын үшін мұның маңызы зор, – деген ойын білдірді.
Біздің де бұл сөзге алып қоса­ры­мыз жоқ. Елінің ертеңін ойлайтын қай халық та біртуар перзенттерін ар­дақтау арқылы жас ұрпақ бойына отаншылдық, елшілдік сезімді ұя­ла­туға ұмтылады. Демек, батыр ба­ба­мызға арналған бұл шараның тағы­лымдық, ғибраттық мәні өте зор.

«Ынтымақ болса ырыс қонады»

«Бірлікке ұйым керек»

Ел ішінде жер дауы болып, таласқан ағайындар Жидекеңе келіп жүгінеді, сонда, Жидекең былай деп татуластырыпты:
Жерге талассаң бірлігің кетеді,
Жесірге талассаң кіндігің кетеді.
Кіндікке тыйым керек,
Бірлікке ұйым керек.
Ынтымақ болса ырыс қонады,
Арасы ағайынның дұрыс болады!

«Сеңкең екі айтпайды»

Бір күні ел шетіне жау тигенін естіп, елден бұрынырақ Сеңкібай батыр өз қолымен аттанып кетеді. Соңынан келген Жидекең Сеңкібайдың қосынымен жауға кеткен естігенде былай депті: «Сеңкең екі айтпайды, айтқанынан қайтпайды, семсерін қынынан суырды дегенше, жау жапырылып қырылды десейші». Айтса айтқанындай-ақ Сеңкең жеңіспен оралады.

«Жасқаншақ болсақ…»

Бірде үлкен жиынның үстінде Абылай ханға Жидебай былай депті:
– Жасқаншақ болсақ, жаушыл болып неміз бар, қорғаншақ болсақ, қолшыл болып неміз бар, келіспесе екі жақ, ұзын сонар дау болар, біле-білген адамға, екі түрлі жау болар: көрініп келетін қауіпсіз жау бар – жекпе-жекке шығасың, күшің асса жығасың, ол да өзіңдей адам, несіне қорқып бұғасың; көрінбей келетін қауіпті жау бар – сенен де сақ, ұтып алар амалын тап, ақылдан түспе, ойланып істе, сақтанбасаң кетеріне мен кепіл, басыңда тұрған бақ.

«Жеңсек алармыз»

Бірде жаудың көп қолына кезіккенде Сырымбет батыр:
– Жоңғарды жойдық, шайқасты қойдық деп бел шешіп, жайғасуға бет бұрып едік, болмады, мына жауымыз іргелі екен, – дейді. Сонда Жидебай батыр:
– Іргелі болса белгілі болды, іргесіз жау емен ағашқа емінеді, іргелі жау күнде семіреді, қашсақ қор болғанымыз шайқассақ зор болғанымыз, көршің жаман болса, бас исең де бекіспейді, ал жақсы болса, шекіссең де кетіспейді, алдымен күш сынасып, байқасып көрейік, ерегіске іліксек шайқасып көрейік, басқа түскен баспақшыл, жеңсек алармыз, жеңілсек тағы да бір амалын табармыз, ­– деп жауап беріпті.

«Бұл қиянат болар»

Жидебай батыр бір күні бір замандасының үйіне келіп, дәм ішіп отырғанда, ауыл іргесінде жайылып жатқан малға қасқыр шауып, батыр тоқтаған үйдің бұзауын арам өлтіріп кетеді. Осы жағдайды естіген Жидебай ойланып отырып:
– Егер дәм тартпаса мен осы үйге келмес едім, мен осы үйге келмесем, бұзауды қасқыр жемес еді, үй иелері маған алаңдап бұзауынан айырылды. Бұл қиянат болар! – депті де, қасындағы жігіттердің біреуін өз ауылына жіберіп, бір бұзау алдыртып береді. Осындай әділ шешіміне риза болған көпшілік аузынан тастамай әңгіме етіп ел ішіне таратыпты.

Сөз – мүсін

Абзал Бөкен,
халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Жидеке, сөз айтамын сізді мақтап,
Өткізген жортуылмен күзді қатқақ.
Теңбілкөк тыпыршыған тақымыңда,
Әбзелі қылаң қайыс, тізгіні аппақ.

Келбетің қаңтардағы жараған нар,
Көз алмай тұрып қалған қарағандар.
Алтынды ер, асыл тасты өмірлік,
Жүргізген ақ күміске қара бағдар.

Нығызсың төбе сынды төрімдегі,
Тығызсың тоғыз таспа өмірдегі.
Артыңа тұра қалса атпал жігіт,
Алдыңнан қарағанда көрінбеді.

Мінгендей екі иығына екі кісі,
Мықтының жүре берер бекіп ісі.
Үйіріп үй жыққандай екпініңнен,
Ойраттың опат болған бекінісі.

Кірпігің сұрмергеннің жебесіндей,
Бір түгің сауытбұзар көбесіндей.
Дөңдей боп дөңгелендің жекпе-жекте,
Дулығаң Шам шаһардың төбесіндей.

Атандай алп-алп басқан бітімменен,
Айбарын асырып тұр бүтін денең.
Көксүгің қадалған жер көнектей боп,
Кететін қанға толып шүпілдеген.

Атаңыз Дос батырдың келе көші,
Еру боп есін жиған белең осы.
Тартпаса атасына немересі,
Бар оның немере боп неменесі?!

Жау тиген жанталаста тіреп иық,
Жүгірдің ақ беренді жүре киіп.
Бозбала қайта қозғап қоя алмады,
Батпандай сауытыңнан білегі ұйып.
Жайлауда балаусалы баспай шаңды,
Жалаулы жігіт болдың жастай сәнді.
Күрзіңді алып бермек болған адам,
Бір басын көтерді де тастай салды.

Тәңірім нәсіп еткен сізге көрік,
Жүретін төмен етек іздеп, өріп.
Ойлы көз, отты жанар, нұрлы жүзге,
Тұз түгіл қалатындай қыз бөгеліп.

Ел қайда Әлтекедей сізді берген,
Еншісі бөлінбейтін үздік ерден.
Өзің би, Өзің батыр, Өзің шешен,
Сөз тартқан суыртпақтап сызды жерден.

Қасына ап хан Абылай қондың атқа,
Келтіріп жер қайысқан қолды бапқа.
Түспедің ат үстінен отыз бес жыл,
Ашқанша соңғы қамал, соңғы қақпа.

Құзғын жау шыға келсе шапшып алдан,
Қылышың қылша мойнын қақшып алған.
Көп емес сіздей сардар Алтай, Арқа,
Алатау, Ақжайықтан ат суарған.

Желпіген жібек самал, желекті түн,
Жайланған рухына керек күтім.
Артыңда аруақты ер ұрпағың бар,
Оның да бойы биік, ерек бітім.

Тарихқа қашап салған өз белгісін,
Тарлансың түу биікті кезген құсың.
Рымбек жездең мүсін қойып жатса,
Қоямын мен өзіңе сөзден мүсін.

Кіл қорқау, кіл қарақшы саналған,
Заманның назын айтпау күнә маған.
Батыр жоқ,
Батыр туар жатыр да жоқ,
Зар боп тұр бір Жидеге мына заман.

Өсиет сіңіргендей санамызға…

Бақытжан Тобаяқов, ҚР Мәдениет қайраткері

Жиылдық Жидекеңнің жылғасына,
Әлеумет қауым болып қыр басына.
Дабысы кеткен батыр бабамыздың,
Шарықтап бір ғасырдан бір ғасырға.

Ғайыптан әулиені табамыз ба,
Үш ғасыр толды бүгін бабамызға.
Өзі де жүзге жеткен шандоз ерім,
Өсиет сіңіргендей санамызға.

Жырымнан жорғалаған тежелмейін,
Жекпе-жек батырлықта кезең дейін.
Алдын бір кес-кестеген Жидебайдың
Шүршіттің зор батыры Сезендейін.

Дегендей тұрпатын-ай марғасқаның,
Көрді жұрт қос батырдың арбасқанын.
Көк сүңгі найзаласқан быт-шыт болды,
Жидекең сілтеді енді алдаспанын.

Жоңғардың жойқын басы домалады,
Бұл еді қалың шүршіт сор алаңы.
Содан да Алаш туы желбіреген,
Қазағым жеңіспенен оралады.

Жидебай содан бетер байқастады,
Тұлпары талай майдан ойқастады.
Алдында күтіп тұрды небір зәумет,
Аңырақай, Ақсүйек шайқастары.

Босатты қазақ жерін үй мекендер,
Бойына бұла күші сыйды екен дер.
Шарқ ұрды шарболаттай шартарапта
Мыңбасы, әскербасы Жидекеңдер.

Қаптаса қалмақ біткен қалың қаптар,
Мақтаса баһадүрді бәрін жақтар.
Қасында Жидекеңнің Сеңкібайы,
Байғозы, Баян батыр, Жарылғаптар.

Санамды самсоз тартса сілкілейін,
Аталған оқиғалар ілкідейін.
Киесі бүркіт болса Сеңкеңнің,
Иесі Жидекеңнің түлкідейін.

Ғажап-ақ! Қызыл түлкі киесін-ай,
Тапқандай Жидебайдай иесін-ай.
Жортқанда жортуылда дем берген ғой,
Деп іштен бір сөзіңді түйесің-ай.

Осыны білген дейді хан Абылай,
Аңыздар шертеді сыр сан ағылай.
Бұл сырды нақтылаған Мәшһүр Жүсіп,
Қызыл түлкі киесін жаңағыдай.

Бір шеті Тарбағатай сілемдері,
Бір шеті Жетісу Күреңбелі,
Осынау қазақ жерін азат етіп,
Нар Жиде найзаларын білем деді.

Қайранда қайтпайтындай есем бүгін,
Айтпасам Жидекеңнің шешендігін.
Әділ би, әділ төре ғаділетін,
Көшелі ой тұтқасы көсемдігін.

…Дариға, баба жолы дастанға сай,
Сөйлейін осы мезет астарламай.
Жидебай абызымнан қуат алып
Құлпырған далам толсын жастарға бай!

Нұрперзент Домбай

Алматы – Қарағанды – АҚТОҒАЙ – АЛМАТЫ

ақпарат http://www.anatili.kz сайтынан алынды.

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту