20-01

Күйші Сейтек Күйші Сейтек

Кеңес өкіметі қазақтарға дербестік беріп, ұлттық мемлекет құруы қазақтың оқыған терең білімді зиялыларының тегеурінді іс-қимыл әрекетінің әсерінен болды. Ондай білімді жүздеген қазақ жастары патшалық Ресейдің оқу орындарынан алды, ол бұратана халықтарға білім беруге мүдделі болып оқытқанының көрінісі. Қажеттілігіне қарай білім алуы үшін әдейі стипендия төледі. Онысы құзыретті қызметкерлердің қарауымен шешілді.
Осы орайда деректі құжаттарға сүйеніп екі мысалды келтіремін.

Ішкі Қырғыз Ордасын басқаратын Уақытша кеңестің төрағасы генерал Новицскийдің Астрахань губерниясының губернаторына 1903 жылдың 18 шілдесінде №671 санды жазған қолдау хатында Қамыс – Самар бөлімінің әкімі Мұқанәлі Шынтеміровтің баласы Ғұмарды, Астрахань гимназиясын аяқтаған Сейітгерей Нұралыхановқа төленіп келген (действительный Статского Советника Тимашева) нақты статс кеңесшісі Тимашев атындағы жылдық 181 сом 20 тиын стипендияны Қазыналық қордан төлетіп, сол гимназияға оқытуды сұраған. Шынтеміров табысымен баласын оқытуға мүмкіндігі болмайды, өйткені жанұясында адам саны көп дей келіп, ол кісінің сұранысына құрметпен қарауға тұрарлық деген ұсынысын жолдаған. Сұраныс бойынша Шынтеміровтің жанұясындағы дәулетінің мүмкіндігін қарау жөнінде губернатордың №4019 санды 13 қыркүйектегі хатына жауабын жалғаған. Онда 1900 жылғы соңғы санақта Шынтеміровтің жанұясында 11 адам, бәріне ортақ 42 бас түйе, 60 бас жылқы, 100 бас сиыр, 300 бас қой бар. Басқа құнды мүліктері жоқ. Мал тұрақты байлық көзі бола алмайды, мал азығының тапшылығынан және басқа жағдайларға байланысты шығынға ұшырауы мүмкін деп көрсеткен.
Екі құжатқа да Новицский қол қойған. Бұл мал баққан қазақтың тұрмыс жағдайы жан-жақты қаралып, орнықты шешім қабылданғанын көрсетеді.
Келесі жағдай. Осы ізбен Қалмақ бөлімінің 7-старшинасының тұрғыны қазіргі каторга жұмыстағы ­Сей­тек Оразалиевтің әйелі Закираның 10 жасар баласы Исхайырды Астрахань гимназиясына оқыту үшін қазыналық қордан стипендия төлеу жөніндегі тілегін қарау жөніндегі құжаттар. Закира Оразалиеваның меншігінде тек 8 ірі қара барлығын көрсеткен. Бұрыннан босаған екі стипендияға Әскери-старшина ұлы Ниязов Ахметке келесі Талов бөлімінің 3 старшина тұрғыны қырғыз Габбасов Бектастың ұлы 13 жасар Габдулгазизге беріліп қойғандықтан, Қалмақ бөліміндегі учаскелік мектепте оқитын Исхайыр Оразалиевті бірінші босаған стипендия­ны тағайындауға тізімге кірістіріліп оқыту жөнінде шешімге ұсыныс жасаған. Ішкі Қырғыз Ордасының Уақытша кеңесінің төрағасы генерал ­Новиц­ский қол қойған қатынас жолданған. Астрахань мұрағаты 1–қор, 335–іс, 8-11 б, 2 тізімдеме. Санамыздағы қасаң ұғымның қателігіне көзіміз жеткендей. Қазақ елінің әр бөлімінде 1900 жылдары учаскелік мектептің жұмыс жасағаны каторгаға айдалған кісілердің жанұясына қамқорлық жасалып, балаларына білім алуға жағдай туғызылғанын түсіндік.
1 январь 1895 жылы Бөкей Ордасында 9 училище жұмыс жасаған. ГААО.ф13, опись 10, дело 3200 л.75,79.
2-кластық училище: 1 Хан ордасында – 49 бала.
2. Үлкен Ганюшкино – 51 бала.
1- кластық : Қалмақ қисымында – 21 бала, Камыс Самарда – 42 бала, Нарында – 21бала, Талапта – 38 бала, Торғында – 32 бала, Қыздар училищесінде – 32, мектепте 21 бала. Қыздар мектебі 1883 жылы ашылған.
Жұмысшы мен шаруалар және қызыл әскерлер билігін орнықтырған Кеңес өкіметі, оның жетекшісі большевиктер партиясы Алаш азаматы ұлт зиялыларын қынадай қырып, олардың жанұясын, ұрпақтарын жоюдың шарасын алды. Тек олардың өздерінің баласы емес, ағайын-тумаларының балаларын «Байдың құйыршығы», «Халық жауының» ұрпақтары деп ешбір оқу орнына қабылдамады. Жалпы білімділердің түп-тамырымен солып, жоқ болуын ұйымдастырды. Зымиян істерін жылтыр сөзбен бүркемелеп тұмшалады. Барлық үгіт-насихат бұқаралық ақпараттық құралдарын түгел қосып, ол үшін сан мыңдаған адамдарға жұмыс жасатып, халықтың санасын улап өздерінің идеясын орнықтырғаны Кеңес өкіметі тарап, егемендік алған тұста анықталды.
Ел аузынан атын естіп жүрген, оқыған әдеби кітаптардан жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Сейтек сарыны» деректі баян кітабында және профессор Тымат Мергалиевтің «Жаңа дәуір жыршысы» атты музыкалық зерттеу кітабындағы бас­ты образы Сейтек күйшінің баласының деректері мұрағатта кездескендігі тың ой салды. Сейтек күйші жөнінде ізденіп өмір жолын, музыка әлеміне сіңірген еңбегін білуге деген ынтызарлық туындады. Ол кісіні күйші деуіміздің астары өзі күй шығарды және өзінің де басқаның да туындысын шебер орындаушы.
Күй – ұран.
Күй – ғашықтар жыры.
Күй – көңілді назды демалыс сәті.
Күй – қайғы, оны сергіту, көңіл айту.
Санай берсек, сан алуан қырынан көрінетін қанымызға сіңген өнерді дүниеге әкелуші кісілер де жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар. Олардың өздеріне тән күйді шығару тәсілімен, алуан түрлі әуендік құрылымдармен ерекшеленеді. Күй өнерінің шеберлерінің алдыңғы қатарында басқаға ұқсамайтын өрнегімен дараланған Сейтек күйші жөнінде біліміміз аса терең еместігін сезіндім.
1991 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының орталығы Сайхында Сейтектің туылғанына 130 жыл толуына орай шара ұйымдастырылды. Қазақстанның Батыс өңірінен, көршілес Ресейден күй дәріптеуші өнерпаздар шақырылып, Сейтек күйлерін және басқа туындыларды орындаушылар сайысы өткізілді. Біздің ауданнан орындаушылық қабілеті жоғары Махамбет Долдашев қатысты. Бекітілген ережеге сай ­Сейтек күйшінің «Сексен ер» деген күйінің орындалуы міндетті шарт болатын. Күйдің музыкалық туынды ретінде өзіндік әуендік, сарындық ерекшеліктерімен қатар аңыздық желісі болатын.
Қазан төңкерісі кезінде ­М.Тұн­­ган­чин­нің бас­шы­лы­ғы­мен құралған қазақ­тың бірінші ерікті атты әскер полкінің Бисен Жа­некешов басқарған эс­­кадро­ны­ның қапыда қолға түсіп, шәйт болған сексен қызыл әскердің қазасына ар­налған күй екені айтылды.
Оқиға көңілге тоқылғандықтан ба, сексен ерді тыңдағанда ысынып, суынып қанды қырғын болған жайт көз алдыңнан көлбеңдеп өтіп жатқандай сезіндік. Күй авторының шеберлігіне таңдай қаға тамсандық. Көрермендер орындаушыға да, авторға да ризашылық сезімдерін білдірді. Сол сәттен алған әсер ме мұрағаттан Есқайыр жөніндегі құжаттар кездескенде тоқтала қарап, оны ерекше көретіндей дәрежеге жеткізген Сейтек күйшіге бас иіп, өнерін сыйлағандығымның белгісі деп есептедім.
Сейтек Оразалиев 1861 жылы Бөкей Ордасына қарасты Хакки сорының шығыс етегінде белгілі ноғайлы Шамақ байдың тұрақты қонысының шығысында Нарынның Жасқұс құмының қатқыл етегінде орналасқан, төленгіттердің қонысында, қазір «Сейтек қыстауы» атанатын жерде дүниеге келген. Атасы Байшора Жәңгір ханның ордасында қызметшілік атқарған. Мыңғыраған малды болмаса да, бір басына жетерлік дәулеті болған. Оның бізге белгілі ұлы Оразәлі де, әкеден қалған енші мал-мүлікпен қатар, ауылына жақын орналасқан Хан жәрмеңкесінің қызметшісі, кейде сатуға малын әкелген құм қазақтарының малын жайғап, көмек жасап нәпақасын тапқан. Кейіннен Басқұншақтағы тұз көлдегі кәсіпке араласып жалданып, жалақымен күнделікті тұрмысын күйттеген. Оның үш ұлы Шошақ (Сұлтанғали), Сейтек (Сейтқали), Мәнкей (Нұрғали) атты ұлдары ата кәсібін жалғастырған азаматтар. Малды шаруасын және тұзды кәсіп еткен үлкен ағасы мен інісінің ортасында өнерге жақын Сейтек жастайынан серілік құрып, әнші, күйшілер арасынан табылады. Әкесі ертерек өмірден өткенде бүкіл әулеттің жүгі ағасы Шолақтың мойнына түседі.
Сейтектің өр мінезді, өз дегені болмаса көне бермейтін бір беткейлігіне орай ірі денелі, қайраттылығы туа біткен қасиеттің көрінісі болғандай. Анасы Бәтима Сейтекке аяғы ауыр кезінде қасқырдың жүрегіне аусары ауыпты дегенді айтады. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын ашып айта алмаспыз. Жалпы нағашы жұрты Ысықтар екені анық сияқты.
Өнерге құштар жас, елгезек аң­ғарымпаз болып өседі. Қазақи салт дәстүрде той-топыр жиындар жиі болып тұрады. Бір ауылдың қызығы сол маңдағы қанаттас отырғандардың ортақ мерекесіндей өтеді. Алыс-жақыннан келетін домбырашы, әнші мен жыршылардың шеберліктеріне тәнті болып таңдай қағысқандардың арасындағы бала Сейтек тамашалаумен қатар сиқырлы әуенді көңіліне қондырып іштей қайталап отыратын. Үйіне келгенде оңашаланып құлаққа қонған сазды қос ішекте қайталап ойнатуға машықтанды.
Інісінің домбыраға әуестігін байқаған ағасы Сұлтанғали өзінің білетін өнерін үйретті. Үлкендік қамқорлығын жасап, алғашқы ұстазы болды. Ауылдағы Әлікей, Салауат, Тұрып, Мақар сынды білікті домбырашылардан дәріс алуына жағдай жасады. Олар арқылы Дәулеткерей күйлерінің шеберлік танымдарын игерді.
10 жасқа келгенде «Күйші бала» атанып, халық алдында есімі шықты. Сейтектің жағымды, келістігі жағынан ел арасына тараған әңгіме нағашыларының құлағына тиеді. Әжептәуір дәулеті бар, ортасында беделді, ашып айтар билік иесі нағашы атасы Дәулетияр, «Жиеннің жақсылығы нағашыдан» дегендей сырттай марқайып риза болып жүреді. «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей талабы алдындағы жасөспірімді көнекөз Қариялар мен танымал өнерпаздарды жинап, жиенін сынату ниетімен әдейі шақырып, тиісті құрметін жасайды. Жиналғандар қонақасыға риза болып, маңдайлары тершіп, қолдарының майын саптама етікке сүртіп, арасында қамшыларын майлаған, тістерін шұқып, іргеге сүйенісіп отырысқан сәтте нағашысы: «Жиенім елдігіңді көрсет, қонақ қаде бер, мына отырған жақсылардың өзіңе көрсеткен ауылдың алтыауызының қарымтасын қайтаршы» деп алдын ала әдейі даярлаған домбыраны ығыстырып қолына ұстатты.
Жиналғандар көп нәрседен хабары бар дала сарапшылары, балаға жақсы бағаларын жамыраса беріп, ризашылықтарын білдіреді. Олардың пікірлері бір арнаға тоғысады.
Асығып аптықпайды, Құрман­ғазының дауылды, жүрдек күйлеріне құлқы шамалы. Дәулеткерейдің сезімге толы үзіліп, талықсыған лирикаларына да көп бара бермейді. Бірақ төкпе күйдің табиғатынан ауытқымай, оған өз өрнегін енгізуге тырысқан көңіл күй әуендері баршылық және әр шығарманы орындағанда белгілі бір ойды түйіп-түйіп тастағанды ұнатады. Бірақ одан туынды тұтастығы үзілмейді, қайта сабақтасып, қайрымдағы негізгі тақырыпты мезгіл-мезгіл ойға оралтады, буын араларын үзбестен жалғап отыратындығын бағалайды.
Теңіз маңы округіндегі нағашылар ауыл арасы шалғайлау болса да, Сақмадағы ұлы күйші Құрманғазыға Сейтекті бата алу үшін апарады.
Бұл жөнінде Тымат Мерғалиев «Жаңа дәуір жыршысы» кітабында «Осы кездесуде Құрманғазы күй тартудың небір ғажайып үлгілерін көрсетіп, әр шығарманың характеріне қарай орындау ерекшеліктерін Сейтекке уақыттың тығыздығына қарамай үйретуге тырысып бағады. Сол жолы Сейтек Құрманғазының «Қайран шешем», «Сарыарқа», «Қызыл қайың» сияқты күйлерін оның өзінен үйренеді» деп жазған.
Албырт жастың өнерге құш­тарлығы артып, Еділ-Жайық арасы, Ішкі Бөкей Ордасын аралап, барын елге беріп, халық арасындағы құндылықтарды бойына сіңірді. Бұл орайда іргелес Қалмақ қырына Түрікмен құмдарына асып, ел кезген жиһангердей ұзақ сапарларда жүрді. Домбыра әуенінің қыр-сырын игере отырып шыңдалып, талай өнер саңлақтарымен сайысқа да түскен. Ордада жылына екі рет болатын Хан базарында Берғали, Мырзакерей сынды күйшілермен өнер жарыстырған. Сол кездегі елді күймен тәнті еткен Көлборсындағы (Волгоград маңы) Жақиямен кездесіп, күй қағысып бағын сынаған.
Өнер шыңына шығып шыңдалған сәт­терден бастап, өзі де артына өш­пестей із қалдырар күйлер шығарды.
Жұлдызы жанып, даңқы елге тарап, мерейі асқан жас жігітке сұқтанған сұқ көздер қадалып, іштарлық жасаушылар да табылады. Жолдас, ынтымақты дос жинаса, дұшпандары одан екі есе көбейді. «Ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайдының» кері келді. Қызғаныштың қызыл иті жүріп, Сейтекті сүріндіруге ниет етушілердің саны көбейді. Қызу қанды, тасы өрге домалаған Сейтек кей реттерде арандап қалған.
Ауыл арасы қазақи «барымта», «сындырымталардың» аяғы дауға айналып, он тоғыз жасар Сейтек алғаш Орда түрмесіне қамалады. Халықтың ара түсуімен шыққан. Дау қуған пәлеге, өткеннің кегін қуамын деп жыл айналып 1882 жылы Үркіт түрмесінің дәмін татады. Одан кезекпен айдалып 1883 жылы Астраханьға қамауда, 1885 жылы Черномер түрмесінде болады. Ісі оңынан шешіліп, босап елге келген азаматтың мал ашуы, жан ашуы ұласқан жанжал жер дауына тіреледі. Ағайын арасында көзтүрткі болып жүруден жалығып, ата қонысын тастап, ол кездегі табыс көзіне айналған тұз кәсіпшілігін сағалап Богда тауын іргелей қоныстанады. Жұмысшылар қатарына қосылып, тұз өндіру саласында еңбекке араласады. «Ат айналып қазығын табады» дегендей, ата қонысынан да қол үзбеді. Ешкімге бас имей өз дегенімен жүріп, есесін жібермейтін еркіндігі атқамінер әкімдерге ұнамады. Бұрынғы «барымташы», «ұры» атағына, «Жергілікті басшыларға бағынбайтын басбұзар» деген айыпты артына ілестіреді. Елді өнерімен сүйсіндіріп және бүкпей сөйлейтін өткірлігімен халық арасында беделі артқаны билікшілер тобына жайлы болмады. Жер мүлкіне де қызығушылар табылып, Сейтекті елден аластауға мүдделі адамдар көбейеді. Оны старшин Бестібаев дегеннің Сейтектің 1894 жылы Ордадағы ставка түрмесіне, одан Москвадағы Бутыркаға жауып, сол жылы Сахалинге каторгілік жұмысқа жіберген шағында «Жерім тапшы, малымның басы көп, жайылым жетпейді, сол себепті Оразалиевтің жерінен шабындық жер алып беріңіз» деген арыз жазғаны айқын дәлел бола алады. (ҚР ОМА, қор-78, тізбе-2, іс-3712,парақ-2). Оның соңғы ұсталуында елден біржола аластауды ойластырған белсенділер «Орыс үкіметіне», «Ақ патшаға қарсы» ұйымдасқан жұмысшылардың арасындағы қозғалысқа қатысы бар деген айыпты бұрынғы қылмыстарына қосты.
Саяси тұтқын ретінде 1894 жылы Сахалинге айдалады. Каторгідегі өмірі 1905 жылғы орыс-жапон соғысы кезінде аяқталады.
Бізге жеткен деректерде революционер Василий екеуі қашып шыққан делінсе, жергілікті өлкетанушы ­Өтеп­берген Әлімгереев олардың үшеу бол­ғандығын дәлелдеп жазады. (Ө.Әлімгереев «Дүлдүлдер дүбірі», 2012 жыл. «Арыс» баспасы).
Тоғыз жыл айдауда болып аңсап келгенде, абзал анасы және бас кө­тер­ген баласы дүниеден озған. Үлкен қайғы еңсесін түсіріп, жабыр­қатқан күйінде күн кешеді. Ел арасында жүрсе көзге түсіп, атқа-мінерлердің түрткісіне ұшыраудан сақтанып, өмір бойы опа таппаған Орда маңын тастап, Еділ жағалап Қарабайлы, Қызылжар аумағын тұрақ етеді. Қалмақ қырына шығады. Қайда барса да өнерін құрметтегендер қарсы алып, орталарынан орын береді. Ол да тілмен айтылмаған іштегі мұңы мен зарын, булыққан қаһары мен ызасын домбырадан күй етіп төгілдіреді.
Қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алу жөніндегі Патша Жарлығының елде туғызған дүрбелеңі халық наразылығын бейнелейтін «Он алтыншы жыл» күйін шығарған.
Қай заманда да алымды басшы­ның етегінен тартатын арыз тоқтау таппаған. Соның бір көрінісі Торғын бөлімінің 2 болысының қырғызы Рүстем Исмагуловтың старшина Оразалиевтің заңға қайшы қылықтары жөнінде жазылған арызын, Хан ставкасының атқару комитетіне 1917 жылдың 16 сәуірінде Губерниялық комиссар 2764 санды қатынас қағазымен жолдап, шара алуын сұраған. (Астрахань мұрағаты, 1094-қор; 1-тізімдеме, 33-іс, 191-бет ).
Езілген халықты теңестіреміз деген ұран көтерген 1917 жылдың Қазан төңкерісі қарапайым адамдардың көңілінен шығып жаппай қолдауға ие болды. Сейтектің де жаңа үкіметті қолдап, оның жұмысына белсене араласқандығы көрінеді. Шонайдағы кедейлер комитетінің мүшесі болып сайланып, белсенді қызмет жасайды. Осы тұста «Бостандық», «Он жетінші жыл», «Партсъезд» күйлері өмірге келеді. Бастапқы ұрандарынан іс жүзінде тез қайтқан большевиктер партиясының саясатынан секем алып, жаңа үкіметтен қашықтау жүруге тырысады.
Осы тұста Астрахань гимназия­сындағы оқуын тәмамдап, білімін дәрігерлік оқумен тереңдетіп жалғастырған баласы Есқайыр Қызылжардағы (Красный Ярдағы) учаскелік аурухана дәрігері болып жұмыс жасаған. Сейтек те үлкендікті қабылдап, баласына келіп тұрақтайды. Адамның жасы ұлғайса да өнері қалмайды, үйінде отырып ойнаған домбыра үні ауыл-аймаққа түгел тарайды. Жиын-тойға шақырылып, өнерін көрсетіп, сұраушылардың көңілін қайтармайды. Ауыл, аудан басшыларының көзіне түседі. 1923 жылы Бүкілодақтық көрмеге қатысып, өнерін көрсетті, бірнеше туындыларын ойнап, көрермендер құрметіне бөленді.
1933 жылдың 20 шілдесінде безгек ауруынан қайтыс болады.
Сейтекті дәріптеуші, аты-жөні беймәлім азамат Харабайлы ауданының басшылары арқылы 1977 жылдың 10 мамырында күйшінің басына ескерткіш қойды. Қаңылтыр темірден жасалған ескерткіш дүлей табиғат құбылысына қарсы тұра алмай, жылдар тізбесінің астында мүжіліп тапталып, аяқ асты болған. Өшкенімізді жандырып, өткенімізді түгендер сәт келді. Әр қиырда жатқан ұлыларымызды дәріптейтін, ұлттық рухы жоғары азамат Мұхит Ізбановтың белсенді еңбегінің нәтижесінде басы қарайтылып тастан бейіті тұрғызылды. Саналы азаматтың салауатты бастамасын қолдаған барлық ұлтжанды жігіттерге Қазақ елі ризашылығын білдіреді.
Сейтек Оразалыұлының күйін талдауды мамандар еншісіне қалдырғанды жөн санадық. Күй тектен-тек шықпайды, әр туындының өзіндік аңыздары бар. Шығармалары қазақ халқының еркіндікті аңсаған, қапастағы бұғаудан шығуға ұмтылған кездегі туындылар.
Елдің басына түскен нәубеттен құтылуды аңсау. Ол тарихи жағдайларға тікелей байланысты. Біздің халқымыздың екі ғасыр жоңғарлармен күресі аңыз-ертегіде қалмақтар болып үнемі кездесетін. Одан кейінгі Ресейге бодандық сол кездегі көркем шығармалардың қай-қайсысынан да тыс қалмаған.
Сейтек ару қызға деген адал көңіл, ақ тілегіне айғақ етіп «Бұлбұл Айша» күйін шығарған. Қазақ қыздарының ақ жарқын, тілеуқор, бауырмал қасиетіне тәнті болып «Бес қыз» күйін тарту еткен. Ер қанаты атына арнап «Торы ат», «Ортпа» күйлерін күмбірлеткен. Алғаш беттескен зорлық пен қиянатқа деген қынжылысын «Арпалыс» атты күймен білдірген. Адал дос, арқа сүйер азаматтарға арнап «Ақ Еділ» күйін тартқан. Қайда барса ақ жарылып алдынан шығар қонақжай ел, жұртына ризашылығы ретінде «Балқаймақ» күйін арнаған. Бас еркінен айырылып, жанына араша таппай күйзелген шақтарында «Түңілдім», «Айдау» атты күйлерін азынатқан. Қорлық пен зорлықты белшесінен кешіп айдаудан оралғанда, қос төмпешік болып жер томпайтып жатқан асыл анасы мен бауыр еті перзентінің күйігі «Ғазиз» күйі болып күңіренген. «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» дегендей кер заманның қия бас­тырмас нәубеті «Заман-ай» күйі болып сұңқылдаған . . .
Осының бәрі басы жұмыр пенде Сейтектің өмір дерегі, бастан кешкен ғұмыр шежіресі болғанымен, сол нақтылы дерек, сол ақиқат айғақ күйші Сейтектің домбырасы арқылы уақыт үнін жеткізіп, замана тынысын сездіргендей әсер береді. Сейтек күйшіміздің атағын сол дәуірдің жыршысы дәрежесіне көтерген шығармалары, қазақ халқының өнеріндегі мәңгілік мұралар қатарынан орын алды.

Өмірзақ Қажымғалиев,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Атырау облысы
Құрманғазы ауданы
Ганюшкино селосы

ақпарат http://www.anatili.kz сайтынан алынды.

Осы категориядағы басқа материалдар: « Жыр тұйғыны Таңжарық «Жидебайдай ер қайда?!.» »

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту