20-01

Жыр тұйғыны Таңжарық

Жыр тұйғыны Таңжарықтың (1903-1947) тұлғасы сан қырлы. Ол – композитор, сахнагер, араб-парсы, қытай өркениетін терең меңгерген білімдар ақын, ұлттық поэзияның жауһарларын ғажайып әсем дауысымен құлпырта жырлаған майталман жыршы, орындаушы, халық санасын оятқан саяси оқу-ағарту, мәдениет, әдебиет саласын жандандырған жалын жүректі күрескер.

Таңжарық өлеңдерінде Қытай қазақтарының мінез-құлқы, тұрмыс-салты, барлық болмыс-бітімі ап-анық тұр. Таңжарықты оқығаннан кейін Қытай қазақтары қандай екен деп Іле бойлап Құлжаға, Алтай асып, Тарбағатайға бару шарт емес. Бәрі өзіміз, бәз-баяғы қалпымыз. Өмір тіршілігі, мінездегі ұлттық ерекшелігіміз де қаз-қалпында. Таңжарық бейуақтың бейбақ бұлбұлы тәрізді. Қанша нажағайдай жарқылдағанымен, ол түнгі нажағай еді. Шіркін, Тәкең – жалған дүниеден таңы атпай өткен, арманда кеткен Таңжарық болды.

Зейнолла ҚАБДОЛОВ

* * *
Ақын лирика, толғау, мысал өлеңдер, дастан, өлең роман, қисса, айтыс өлеңдерден халқына отыз мың жолдай мұра қалдырған. Осы туындылары арқылы ол Абайдың, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандардың Қытайдағы қазақ бауырлар арасынан көктеген рухани жалғасы, салалы бұтағы екендігін танытты. Қытайдағы қазақтардың жазба әдебиетінің негізін қаласып, көш бастаған аймүйіз серкесі болды. Әлеуметтік, қоғамдық, өзге де өнегелі жұмыстарының нәтижесінде олардың бүгінгі дамыған баспасөзінің, оқу-ағартуының да негізін қаласты. Таңжарық ақын, қоғам қайраткері ғана емес, әнші, композитор, халықтың сал-серілік дәстүрін жалғастырушы.
Қалдарбек НАЙМАНБАЕВ

* * *
Қазақ әдебиеті деп аталатын мәуелі бәйтеректің сәнді де ерен бұтақтары Қытай мемлекетінде, ұлттың рухы мен дәстүрін сақтаған ақын-жазушылар ғой. Олардың ішінде Таңжарықтың орны алабөтен. Күнестегі ескерткішіне гүл шоғын қойып, шәжда қылғанда Таңжарықтың азаматтық санасы, халықтың жаны, ешуақытта көнермейтін ақындығы ат басын еріксіз бұрғызған еді. Мұндай рухани күшке ие болған дарын ешқашан қазақ жадынан ұмытылмайды.
Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ

* * *
Таңжарықты бастан-аяқ түгел оқыған адам оның қазақ поэзиясына құйып жатқан ұлы арналардың бірі екеніне еш шүбә келтірмейді. Таңжарық түрме туралы жырларында тек өз қасіретін ғана айтып қоймай, өзімен тағдыр-талайы бір Ахмет пен Міржақыптың, Мағжан мен Ілиястың, Сәкен мен Бейімбеттің де сыртқа шығара алмай кеткен кекті ашуын қоса жырлағандай әсер қалдырады.
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ

* * *

Ұлт үшін, ұрпақ үшін өмір сүріп, өлең жазған таңғажайып тағдырлы Таңжарық ақын құрметтің қандайына да лайық екені дәлелді керек етпейтіні ақиқат. Ал ақиқатты құрметтеу, ақиқатты бағалау – ұлттың өзін-өзі тануы мен өзін-өзі бағалауының жарқын көрінісі екені даусыз.
Нұрлан ОРАЗАЛИН

Таңжарықтың тағдыры – ай­қа­сып-шайқасып, алысып-жұлысып өткен, қорлық пен зорлықтың, жауыздық пен зұлымдықтың, бейнет пен азаптың небір сойқанды жолдарынан өткен жанкешті халқының күрделі тағдырына ортақ деуге болады. Ұлтының көкейтесті ізгі арманы, асқақ мұраты жолында жастық дәуренін құрбан еткен, басын бәйгеге тіккен ер. Ұлтжанды күрескер ақынның көл-көсір шығармашылық мұрасында кеңестік қиын-қыстау кезеңнің зобалаңы, жантүршігерлік азаптаулары шынайы шыншылдықпен, кемел көркемдікпен кестеленеді. Ақын Таңжарық Үрімжі абақтысында қамауда отырса да:
Өлсек те өлмес біздің атағымыз,
Белгілі істеп жүрген «шатағымыз».
Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,
Болғанмен қазір түнек жатағымыз, – деп күндердің күнінде өзінің ардақ­талатынына сенімін білдірумен болған еді.
Рухы биік, көргені жақсы өршіл ақын жалған дүниеде «не тұрлаулы, не тұрлаусыз» екенін дәл түсінген. Ақын 1926 жылы Іле түрмесінде шығарған «Арманым менің» атты өлеңінде: «Көксеген арманыма жетіп өлсем, шірімес қабірде де тәнім менің!» деп толғаныпты. Бұл – кісілік, адамгершілік қасиеттерден туындаған даналық тағылым. Ақыл-ойдың, сезімнің жемісі, іс-әрекеті, қимылы, ой-пікірі бір жерден шыққан ай мүйізді серкенің сөзі. Пәни дүниенің ең басты нәтижесін, негізін таныған ақылы айдын ардагердің сөзі.
Дүниені, болмысты сипаттап сөй­летудегі суретшілік, бейнелілік, өр­нектілік, ой-сезімін, жан тебіреністерін күмбірлетіп жеткізерлік қабілеті, қиял байлығы, тіл байлығы – Таңжарықтың тұтастай шығармашылығына тән. Еркін көсіледі. Тілдің майын тамызады, нені болмасын тамырынан, түбірінен қозғайды. Түрмеде туған жырлары – асқақ шабыттың, рухтың, ерліктің, білім-біліктің миуа-жемісі. Иә, үстінен тас құлатса да, қолына кісен салса да, қолқадан тепкілесе де, басына құрсау салса да, бүрге мен қандалаға талатса да, «тамырда ашулы қан орғыса да» жезтаңдай Таңжарық жырдан ­дауыл тұрғызып, сұлулық пен ізгіліктің біртұтас әлемін жасайды. Бұған «Түрме тарихы» дейтін туындысы дәлел. Абақтыда алты жыл бойы көрген азабын қайран сабаз жырмен баяндайды:
Сарғайып жапырақтай жүзім солды,
Созылып жалғыз жаным қылдай
болды.
Талықсып жан шығарға таяғанда,
Сұрақшы жалақтайды «қой, – деп қолды!»
Осындай бастан кешкен сұм­дық­тардың тағы да адам айтқы­сыз ауыр түрлерін «Түрме халі» толғауында:
Көтеріп екі қолдан көкке созып,
Бірінен сұрақшының біреуі озып.
Табанға темір сүмбе сұғылғанда,
Басыңа бір-ақ шығар қаның қозып.
Тік тұрып екі аяғың кеткен ісіп,
Тамшыдан сары су ағып жерге түсіп,
Балбырап балтыр етің сасығанда,
Секілді қалған жемтік, өлген үсіп, – деп суреттейді.
Символикалық-поэзиялық бей­­нелілік, ой-сезім, қиял, шабыт әлемі, рухани дүниесіндегі әсем­дік, гармонияның, логиканың заңды­лық­тары, ұлттық, философиялық дүниетаным мәселелері Таңжарық шығармаларында «дүние» сөз образымен беріледі. Ұлттық сипаты айқын – «таным», «тағдыр», «уақыт», «дәм» сияқты ұғымдарды сиғызады.

Көрсетіп бір күн ішін, бір күн сыртын,
Бұл жалған сылдыраған қандай қылап.
(«Жұманға»)
Сенде бір, іші қуыс қурай да бір,
Үрлеген сыбызғыдай қабыңды аршып.
(«Дүние, саған неге болдым таңсық»)

Келеріңде дүние,
Гүл бақшадай бұралған.
Кетерінде дүние,
Құр арнадай суалған.
(«Екі жоқтау»)
Дүние бір диірмен тұрған зырлап,
Адамзат сол зауытқа келген қонақ.
(«Дүние зырлап»)

Аумалы, опасы жоқ, жалған дүние,
Біз тұрмақ бұрынғыдан қалған дүние.
Жалмауыз секілденіп жеті басты,
Әлемді әуелі ақыр алған дүние.
(«Дүние»)

Алдап жүріп аларсың,
Ақыр бір күн дүние-боқ…
…Жанып тұрған сұм көңіл,
Жанып тұрған қызыл шоқ.
(«Ойласам, айғайға ерген…»)

Едігені екі күн, Жиреншені жеті күн жырлайтын Еділдің қызыл же­ліндей аңқылдаған ақиық ақын Таң­жарық көшпелі елдің ғажайып сұлулығын кестелеп киіз үйінің сән-салтанатын бейнелейді:
Ақ үйлер шағаладай оюлы, әсем,
Әтір май үйге иіс жағылуда.
Тіреулі алтыбақан сырлы, ойма,
Қыздары кәмшат бөрік, сұлу тұлға.
(«Нүптебектің асы»)

Иә, қазақтың киіз үйін VII ғасырда қытай ақыны Го-Узюй де керемет ақындық қабілетпен жыр тілінде сөйлеткен ғой. Ақын жырлары мен қисса-дастандарында қазақ қызының жайқалған жас құрақтай бекзат болмысы, перизаттай сәулеті, айнадай жарқыраған ақмаңдайы, майға еріген қорғасындай мінезі, нұрдай толқыған жүзі көркем де ажарлы теңеулер арқылы беріледі.
Ей, қалқам, тоты құстың түріндейсің,
Жайқалған бәйшешектің гүліндейсің.
Сипатың тауыс пен сандуғаштай,
Изеннің жаңа шыққан бүріндейсің.
Немесе:
Ай-шеше, Анар соның жалғызындай,
Жездесін жаңа көрген балдызындай.
Ия, болмаса:
Секілді сопылардың тәспиық тасы,
Аршын төс, алма мойын, сұңқар иық.
Көрінер ақтамақтан ішкен асы,
Талма бел, нәзік саусақ, балғын бармақ,
Аршыған шидей қолдың он саласы.
Келбеті бір басына біткен толық,
Анықтап байқағанға жоқ шаласы.
Ақыл-ой, білім, пікір бәрі сонда,
Адамның сондай болар бір баласы.
Кәмшәтін қырын киіп, қиғаш тұрып,
Біртүрлі ойын толғап көзқарасы,
Бұралған тал шыбықтай нәзік белі,
Мөлшермен айтқан жанға төрт-ақ елі.
Жайдары, ашық-жарқын мінезі бар,
Аузынан балдан тәтті шыққан лебі.
Мінезі майға еріген қорғасындай,
Қыздардың асып туған кемеңгері.
(«Анар-Сәуле»)

Таңжарық жырларында халықтық поэзияның дәстүрі де берік сақталған. «Алманың сабағындай үзілген» сұлудың сыртқы сымбатымен қатар, ішкі жан дүниесінің нұрлылығы да әсерлі қамтылған.
Таңжарық «Садық пен Сәлиқан» дастанында киіктің лағындай Сәлиқан қыз бейнесін ғажап сұлулыққа бөлендіре толғайды:
Сәлидің басқа қыздан түрі бөлек,
Секілді бойы сандал шынар терек.
Міні жоқ он төртінде туған айдай,
Ақылды һәм оқыған, аса зерек…
Қол жетпес әуедегі ол бір алма,
Секілді қара шашы торғын желек.
Уылжып, жаңа пісіп келе жатыр,
Көзге түсер көріктей елден ерек.
Шырын сөз, қарақат көз, күміс маңдай,
Дариға-ай, айтып-айтпай неге керек?!
…Шолпандай қалың жұлдыз ішіндегі,
Толықсып нұрдай балқып келе жатқан.
Маралдың бұзауындай бауыры жарап,
Жел тарап қара шашты қойған тарап.
Ары қарай ақын «жаңа ашылған гүл едің», «миуа ағаштың бүрі едің», «жиһанның жасыл нұры едің» деп түрлендіреді. Әйел затының гүл жайнаған сұлулығына қатысты ұлт тілінің сөздік қорындағы неше алуан поэзиялық сипаттауларды еркін пайдалана отырып, өзіндік оралымдарды да толқыта туындатқан. Айталық:
Толықсып, ыстық тартып сызылады,
Қалайы ақ табаққа құйған майдай.
Ұлттық поэзияда «төрт тұяғы құйған болаттай, төрт аяғы төрт діңгектей, мойны сала құлаш, жауырыны кез, екі көзі шырақтай, жалы жібектей, құйрығы қынаптан шыққан қылыштай» жел жетпес тұлпарлар образы жасалғаны баршамызға мәлім. Олай болса, дала перзенті ақын Таңжарық «алмастай ағып тұрған болат жүрек» Сәулебектің Сұркүлігін былайша төгілтеді:
Сұркүлік сағымдай боп самғағанда,
Көресің анда-санда тозаң шаңын.
Келеді ұшқан құстай жер бауырлап,
Айтқызбай жетемін деп ертең таңын.
…Ақ көбік Сұркүліктен бұрқырады,
Сағымдай қызған сайын сырқырады.
Тамшылап үлпершектен төгілген тер,
Суындай тесік шелек ыршылады.
… Гулейді заулағанда жел дауысы,
Бірдеме айналдырып үйіргендей.
Неше сай, неше қырқа белден асты,
Зырқырап темір ұршық иіргендей.
Таңжарық ақынның көркемдік ойлау дәрежесін, философиялық дүниетанымын, болмысты эстети­калық қабылдауын, суреткерлік шеберлігін көрсететін бір қасиет бар. Бұл – метафора, ұлы ақынның буыр­қанып толқын атқан ойынан, қиял өрісінен, дария сезімінен, дүниеге көзқарасынан, шеберлігінен туындайды.
Денең – сарай, ақылың – тәннің кілті.
«Өлкелік үкіметке»

Тісің – тас, тілің – балға,
көмей – көрік.
«Өткен күн»

Жыландай бірін-бірі ыммен арбап,
Уымен махаббаттың іштен шыққан.
«Анар-Сәуле»

Гауһардай таза алтыным,
Асылдан қалған сарқыным.
Бағымнан ұшты бұлбұлым,
Шылбырын үзді дүлдүлім.
«Бишаның жоқтауы»

Жігіттер, ақыл – серік, елші – жүрек,
Дертіне дауа табар емші жүрек.
«Сәнуар патша»

Сайраған тілім – бұлбұл,
көңіл – сарай,
Гулеткен тынысымды көмей – көрік.
«Нүриламен айтысы»

Сайраған тілім – тоты, ділім – сарай…
Тауда өскен бөктер көрмей көк бөрімін…
«Ұлжалғаспен айтысы»

Ақын ой-пікірін жеткізу барысында оған поэзиялық сипат дарытады, яғни әсірелеп әрі көркемдеп отырады. «Нүптебектің асы» дастанында сөз кестесі, ой кестесі былайша өріледі:
Әр үйге неше жерден бие байлап,
Күрсілдеп қара саба тұр құйылған,
Сауыншы жігіттер жүр көнек алып,
Дауысына сауған сүттің жер ұйыған.
Сабадан қымыз құйса тегенеге,
Үйрек, қаз шолпылдайды ұшып қонған.
Таңжарық ақынның асыл лебізі, асыл сөздерімен суретті ойларының негізі – табиғат, жаратылыс туралы толғауларында айқын көрініс табады. Табиғаттың жыршысы һәм тамыршысы Таңжарық ақынның «Іле ­сипаты» атты өлеңінде сұлулық суретін сөзбен кестелеген ақынның осынау шығармасында көркемдік шеберліктің үздік үлгілері, буырқанған бояулар әлемі, ассоциациялық байланыс­тар жүйесі, оймақтай оюлы-ойлы, айрықша айшықты, түйінді де түйдекті сөз тіркестері бар.
Тұтас бір тап-таза, нәп-нәзік сұлулықтан құйылған жанды сурет. Таңғажайып таңғы жаратылыстың ғаламат сырын:
Іленің тауы биік, ені жалпақ,
Жамылған жасыл көрпе,
баста ақ қалпақ,
Жіберіп екі бұтын екі жаққа,
Көсіліп жатыр жайға, кеуде шалқақ, – деуінде тау келбеті осы ертегідегі алып дәу кейіптес.
Жамылған түлкі ішігін бәйбішедей,
Шынтақтап жатыр көлбеп, төсін ашып.
Қалқайған қасындағы қара шоқы,
Отырған баласындай етін қасып.
Жартаста жалбыраған жапырақтар,
Жалаудай жалпылдайды қойған асып,
– деп тапқырлық таныта жырлайды. Судағы балықтардың әрекетін «тиіп-қашып шымшыласқан қыз­дарға» ұқсатады. Жар басын, су қасын, құрақты жерді әрқашан жи­нақы, мұртын басқан шалға балайды. «Ыдырап тұрған бұлт көк теңізше, жер жүзін жасыл ала пүліш жапқан» деуінде де буырқанған бояу бар. Аспан менен жерді тұтас бірегей суретке айналдырған. Құздан қарғып аққан бұлақты «еміз деп енесіне жас баладай, ыңырсып қойныңды аш деп бұраң қаққан» дегенінде суреткерлік қолтаңба бар. Ақын ғажайып табиғаттың ерекше қызық құбылыстарын құштарлықпен мөлдірете суреттейді.
Бүркеліп ақ пердемен таудың басы,
Күнменен шағылысқан
қарсы тасы.
Жағалай қатар шыққан
балапан тал,
Сықылды сұлулардың қара қасы.
Астынан ақ перденің
көгерген шөп,
Кәдімгі қыз баланың самай шашы.
Басқаға қарағанда қарағайлар,
Секілді барлығының ата-анасы.
Тастамай жазы-қысы қара тонын,
Мұңайып, дерт толғандай
айналасы.
Бұлт шығып, күн тұтылып,
өткінші өтсе,
Тамшылап қан аралас көзден жасы.
Үһлеп самал тисе ыңыранады,
У болып тұрған шалдай ішкен асы.
Тағынып қара түйме, қабақ түйіп,
Ырғалып, ызғарланып күшін жиып.
Долданған дәу перідей гу-гу етіп,
Әрең тұр қара тонға әрең сыйып.
Таңжарық табиғат дүниесіндегі неше алуан дыбыстарды, құбылыс­тарды, бояуларды, ақындық түйсік-қуатпен қабылдайды, яғни ақынша естиді, көреді, салыстырады. Оған жан жүйесінің толғаныстары, қанатты қиялы, дария көңілі, ақын­ның тамылжыған тілі қосылып сим­воликалық-поэзиялық сұлулыққа қанық сом сурет мүсіндейді емес пе?! Задында, «Іле сипаты» толғауы – сұлулыққа бөленген көркем теңеулер алқасы. Мәселен:
Байқасаң Іле жердің ортасындай,
Егерде дене болса қолқасындай.
Тауы – алтын, тасы – күміс,
ағашы – жез,
Сулары – еркек қойдың сорпасындай.
Өлкесі – бәйбішенің денесіндей,
Мұхиттың кеудесі бар кемесіндей.
Барлығын бауырына алып тұр тербетіп,
Өсірген өз қолымен енесіндей.
Көкірегі көк теңіздей тулаған, көк нөсердей буырқанған, тоты құстай шырқаған, алмас тілді ақын Таңжарық жайнаған жаратылыстың барлық құбылыстарына көркемдік мінездеме беріп, оған тән үйлесімді, жарасымды сәулет дарытып, жанды күйге енгізіп, шабыт отын маздатып, сезімге әсер еткен. Мысалы, жіпке тізген маржан тасындай бүлдіргенді, сұлулардың сырғасындай сылдыраған жақұттай жарқыраған тау бұршақ пен қарақатты, желбірлі қызыл ала көйлек киген қайыңды, кестелі кимешекті ұрғашыдай долананы, керіліп кербез қыздай сылаңдаған жас талды, шәрбәттай таза ауаны, барлық әлемді нұрына балқытқан күнді әсерлеп, мәнерлеп, көсілте сипаттай келіп, сызылып таң белгісі көрінгендегі ай мен жұлдыздың бозара бастағанын былайша өрнектейді:
Тұйғыннан қашқан қудай ай барады,
Құлдилап алды-артына қарамастан.
Кірпігін анда-санда бір қағады,
Жұлдыздар қатын құсап қара басқан.
Ақындық мәдениеті жоғары, өрі-қыры бірдей Таңжарық ғашықтық отына өртенгендердің қимыл-әрекеттерін қоса жырлайды. Ұлттық тілдің мейлінше нәзік, мөлдір, терең сырларын, сөздің әуезділігін, поэзиялық мәнін, көркемдік қасиеттерін ашуға сұлу жаратылыс пен көркем табиғат суреттері (әлбетте, Таңжарықтай құдіретті ақын үшін) ұйтқы болса, екінші жағынан, шығарманың көркемдік сапасын, ішкі мазмұнын, өрнектілігін кемелдендіреді, кемел келісім тудырады. Ересен ерлікпен теңдессіз рухтың жыршысы, ар мен намыстан жаралған тумысы бөлек, табиғаты ерек Таңжарық оқу өнерін де, сөйлеу өнерін де, жазу өнерін де, тыңдау өнерін де толық игеріп меңгерген дара тұлғалы сұңғыла өнерпаз. Тілдің жазбаша, ауызша түрлерін нағыз әдеби тілдің дәрежесінде қолдану – қас шебер суреткердің ісі, машығы. Ол «Іле сипатын» Қапес зәңгінің сұрауымен 1943 жылы Үрімжі түрмесінде хатқа жылдам түсірген. «Өнер желмаясы – Иса» сияқты Таңжарық ақын да тосыннан жүректі елең еткізген құбылыстарды, нәрселерді, оқиғаларды тілге тиек, сөзге жиек етіп, тапқырлықпен, кемел келісіммен сипаттап, таңдай қақтырып отырған. Ақынның шабытты шығармашылық өмірбаянында мұндай мысалдар көп кездеседі.
Таңжарық Жолдыұлы ой-сезім, сырлы толқындарын күйлі, қуатты жеткізеді. Сұлулыққа, көркемдікке іңкәр ақындық жүрегі қашан да көрікті теңемелерді жүйріктікпен тізбектейді. Әрине, табиғи қасиеттерімен жаныңды баурайды. «Кеңес» дейтін толғамында жан сарайыңды нұрландыратын мынадай әсем, мағыналы теңеулер көңіл сергітіп, ой-сана дүниесін нұрға, сырға кенелтеді:
Ұлпадай біздің қазақ үлпілдейді,
Жорғадай алға түсіп бүлкілдейді.
Ойнаған ор киіктей қайран қазақ қасіретті тарихындағы қуғын-сүргіндерді айшықтап кестелейді.
Ақынның өз сөзімен айшықтар болсақ «қайнаған қасіреттің қазанында», тұзақтың отына жанып, тәні мен жаны азапталып, көкірекке шер байланып, торға шырмалып жүрсе де ұлттық поэзияға ұшан-теңіз жаңалықты құбылыстар, сыбызғының күйіндей сырлы ағыстар, меруерт толқындар қосыпты-ау! «Жыр деген сарқылмайды жырлай берсем, сыр деген таусылмайды тыңдай берсең!» деген сөзі дариядай толқыған ақындығынан сыр шертеді.

Жыр тұйғыны Таңжарық
Ұлтының даналық тағылымға ие тамаша ойлар мен сөздерін, кесек толғамдарын көкірегіне тоқыған Таңжарық ақын да шалқыған ойды оймақтай ғып кестелеп, шегелеп, тұжырымдап жеткізетін нақыл сөз үлгісін де орнымен қолданады.
Тағасы бар жылқының,
Тасқа жайма шашасын.
Дәмін алсаң ғылымның,
Тағы да аузыңды ашасың.
«Оқы, жастар, қалам ал!»

Өсек айтып, өрт қойып,
Бір-біріңмен алыспа.
Мансап десе шапқылап,
Пара беріп пұл шашпа.
«Қазаққа арнау»

Ақын нақыл-ғибрат сөздерінде өмір, дүние, жаратылыс сырларын, ар-намысқа қатысты ой-пікірлерін, ақыл мен сұлулықтың тұтас құйған құймасындай түйінді тұжырымда­рын шебер сыйғызып береді. Таң­жарықтың сөз саптауы, ой толғауы осындай. Көркемділік – мазмұн мен пішін бірлігінен, поэтикалық байланыстарының сәйкестігінен туа­ды. Күллі суреттегіш-бейнелегіш құралдар жүйесінің ішкі жарасым-үйлесіміне тәуелді эстетикалық сапа-қасиеттер суреткердің интеллектілік мәдениетіне, көркемдікті сезінудегі оның ақындық қабілетіне, шығар­машылық тәжірибесі мен парасатына тәуелді. Ақын «аюдай гүрілдеген» антұрғандардың небір құқайын көрсе де жыр-толғауларын құйқылжыта төккен, әділетсіздердің ісін сөккен. Ақынның «Түрме тарихы», «Уа, жігіттер!», «Түрме халі», «Кілтшіге», «Гоминдаңға», «Өткен күн» тәрізді трагедиялық сарында айтылған толғауларында романтикалық ерекше бір әуен бар.
Әсілі, Таңжарықтың ақындығы – поэзиялық сұлулық пен көркемдіктің кепілі. Ұлт тілінің қазынасын ақындық сұңғылалықпен, өнерпаздық қабілетпен, ақыл-ойдың, сезім қуа­тымен ақтарған.
Сондықтан да сұңқар дауысты, тұлпар шабысты, от лепті Таңжа­рық­тың тамаша жырлары, өзі айтқандай, «заты пәк жаратылыстың», «жазу кесте, оқу өнердің» қастерлі белгісіндей жаңғырып-жасарып, жақұттай жайнап, жердей көктей бермек.

24-мамыр күні Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Алаш идеясы және Таңжарық Жолдыұлы мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және «Шын тілек» атты әдеби-танымдық кеш өтеді.

Серік НЕГИМОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы

ақпарат http://www.anatili.kz сайтынан алынды.

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту