20-01

Жұртының жадындағы жарқын бейне

…Міржақып Дулатұлы қаламынан туған сондай бір сөз-шақпақ азаматтың намыс отын тұтатып, қайраттандырғанын сөзіміздің тиісті тарауында айтқан едік. Қазақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегенді бекер айтпаған ғой. Шын ақын сөзі ұрпақтармен бірге жасасып, олардың қайғы-мұңын қозғап, жалпы көңіл күйін шертетінін үлкенді-кішілі жиындарда айтылған сөздерден, олардың тыңдаушыға әсерінен көріп, куәгер болып жүрміз…

Алғашқы танысулар: Зорманшылар қосында

Әсіп ағам жылда көктемде бір ай зорман аулауға, қыстың басында бір ай түлкі, қарсақ, күзен аулауға шығатын. Басқалардай ауыл маңайын шарлап, ерте кетіп, кеш келіп жүру әдетінде жоқ. Аңның қалың «ортасына» түсіп, жақыннан қағу үшін қосын күншілік алысқа барып тігеді. Атсоқты аңшының от жағып, ошақ асуға қолы тиюші ме еді деп Ықыш апамды ала кетеді. Биыл да солай. Қар «ұйықтамай» еріп соқталанып жатқан кезде-ақ жүк салып, Қарағашқа барып қонған.
Сол жылы ауырып, қыс ортасынан былай қарай оқуға бара алмай қалған мен де жас босанған апама көмекші, аңшылардың бірі болып шыға келгенім бар емес пе. Бұрын тиіп-қашып болмаса салынып аң аулап көрмеген Тикіл ағай да бұл жолы зорманға Несіп жеңгей екеуінің жан дегенде жалғызы Аманғазысын ала шықты. Екі қос Қарағашта бұрма біткенше бір аптадай, Өтепбай қопасы мен Көттен тышқан бидайығының арасында тағы сонша отырып, зорманы сирегеннен кейін Қашқынның қарсаңындағы Шахан бөгетінің басына барып қонған.
Екі қостан екі зорманшы – Әсіп ағам мен Тикіл ағай күнде таңертең бірі атқа, бірі өгізге қонып кеше жайып кеткен қапқандарын қарауға аттанады. Олардың көмекшілері – Несіп жеңгей екеуміз қостарымыздың іргесіне отырып алып кеше әкелген зормандарды союға кірісеміз. Несіп жеңгей ыңылдап өлең айтып отырушы еді. Сөзінің бірін түсінсем, көбісін дұрыс естімегендіктен мән бермейтінмін. Бүгін дауысы көтеріңкілеу шығып, сөздері ап-анық естіліп тұрды. Әсіресе, «Сөйлесін сұлу Жамал жанымдағы!» деген сөздер құлағыма тым жылы тиді. Қыз бен жігіттің айтысы немесе «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» сияқты ғашықтар сырын шерткен жыр болар ма? Қалайда жеңгейге қайталап айтқызып, тыңдап көрейінші деген ой келді де терісі шала сыпырылған зорманды тастай салып қасына бардым да:
– Жеңеше, жаңағы бір өлеңіңді қайталап айтшы, – дедім.
– Айтайын. Зормандарыңды алып кел де менің қасыма отыр.
Мен қостың іргесінде төбешік болып үйіліп жатқан зорманды алып келіп, қой терісі бөстегімді астыма төседім де пышағымды қайраққа екі-үш жанып алып, үйреншікті жұмысыма кіріспеймін бе. Соны күткен жеңешем:
– Ал енді екі көз, екі қолың зорманда, құлағың менде болсын, – деп өлеңін бастап кетті.
Ал сөйле, келді кезек енді, Ғали.
Керілмей ұста қолға домбыраны!
Рух бер мәжіліске, қызмет көрсет,
Сайратып тіл мен жақты болса халі.
Өнерің болса ішіңде шығар сыртқа,
Бұл жерде жасырудың болмас мәні.
Қандырып құлақ құрышын тыңдаушының,
Жарайды, міне, жігіт десін пәлі!
Секілді райхан гүл бақшадағы,
Уылжып жігіттіктің тұрған шағы.
Таба алмай айтар орын жүруші едің,
Естіртші жат елдердің болса әні
Нақышпен сандуғаштай жүз құбылтып,
Даусынды түрлендірсең келер сәні.
Жастықта сауық-сайран еткен күнің,
Емес пе жігіттіктің раушаны.
Тыңдаушы алсын сөзді табылғанда,
Айтушы тартынар ма және тағы.
Қадірлес құрбыларың жиналғанда,
Тарқасын разы болып сынбай сағы.
Жасымнан елде жүрмей өстім шетте
Демесін кәне елді сағынғаны.
Құрбыңа жатырқамай аш сырыңды,
Жүйріктей бауыр жазып бабындағы.
Ұмытпа мысалды да деп айтылған,
Түлкіні тазы алады табындағы.
Болады не нәрседен және де ескер,
Жігітке абыройдың табылмағы.
Емес пе екі жүрек бірдей келсе,
Арада махаббат оты жағылмағы.
Мінекей, домбыраңыз, тоқтадым мен
Сөйлесіп сұлу Жамал жанымдағы!
Несіп жеңешем осыны айтып, бір тыныстап алғысы келгендей тоқтады да ақсары жүзі сәл қызғылт тартып күлімдеп маған қарады:
– Қалай, Ғалидың сөзі ұнады ма! – деді.
– Ұнағанда қандай! Өлеңнің төресі екен. Жеңеше, тағы бір қайталап жіберші.
Жеңешем тартынған жоқ. Қайта бастап кетті. Мен бар зейінімді сала тыңдап, әрбір сөз, әрбір жолын жеңгеге ілесе іштей айтып отырдым. Ол бір қайырып тастады да:
– Осы жете ме! – деп сұраулы үн қатты:
– Тағы бір қайталасаңыз жетіп қалар.
Жеңешем меселімді қайтарған жоқ. Қайталап айта беруге жалықпайтын сияқты. Тыңдаушысын тапқанына риза болғандығын аңғартқысы келгендей:
– Сапан, сенің сөзді ұғатының жақсы, – деп мақтап қойды.
Десе дегендей, оқығанымның бәрі дерлік жадымда жатталып қалатын, естігендерімді бірін қалдырмай құлағыма құйып алатын әдетім болушы еді. Соны білетін жеңешем бетіме барлай бір қарап алды да:
– Жаттап алдың ба? Айтып көрші, – деп қолқа салды. Мен іле-шала: «Ал сөйле, келді кезек енді, Ғали!» деп бастап айта бастадым. Кейде тиісті сөз есіме түспей қалып сәл мүдіргенде жеңешем ол мынадай деп аузыма сөз салып жіберіп отырды. Енді бірде жанымнан қосып жіберген сөзді алып тастап, қолма-қол түзетіп қойды. Солай Ғали сөзін бастан-аяқ жатқа айтып шығып едім, жеңешем:
– Тағы бір тыңдап ал, – деп қайталап айтып берді.
– Жамал қандай жауап қайтарды! Енді соны айтыңызшы.
– Жамалдың сөзін де жатқа білуші едім. Айтып жүрмеген соң ұмытып қалыппын. Үш-төрт ауызы жадымда қалды ма, жоқ па. Айтып көрейін:
Емес пе едім, япырым-ау, кеше бала,
Білетұғын жастықпен есті шала.
Белгісі жоқ екен ғой, өткен күннің,
Қатар түзеп қыз болдық, міне, қара!
Қыз байғұс ел жұртына келген қонақ
Мысалы, қызғалдақтай ғұмыры ұзақ.
Күн келер өз басынан ерік кетер,
Қалалық осындайда күліп-ойнап,
Сөйледі Ғали мырза жігіт жайын,
Әркімнің халі өзіне тұрар дайын.
Қыздарды жігіттермен салыстырып,
Тыңдаңыз мен азырақ сөз қылайын.
Жеңешем осыны мүдірмей әндетіп айтып тоқтады да:
Бар есімде қалғаны осы, – деді.
«Жамал қыздың жайын қалай сөз қылды екен?» деген сұрақ тамағыма таянып тұрып алды.
– Жеңеше, тағы бір есіңізге түсіріңізші, – дедім. Ол басын шайқады.
– Қай кітаптан оқыдыңыз? Өзім тауып алайын.
– Бізге кітап оқу қайда? – деді жеңешем жүзі сәл салқын тартып. – Саужой мектебінен оқып сауат ашқанымыз кеше ғана емес пе?!
– Ендеше, жаңағы өлеңді қалай жаттап алдыңыз?
– Қыз күнімде ағаларымнан естігенмін.
– Шығарған кім екен?
– Мадияр Міржақыптың тасқа бастырып таратқан сөзі көрінеді. Ағаларымыз жаттап айтып жүретін.
1916 жылғы наборға қарсы көтеріліс, елдің бірі ақ, бірі қызыл болып қырқысқаны, Кеңес өкіметі және оның жаулары туралы сөз болғанда Міржақыптың аты жиі аталушы еді. Кітап шығарғаны жайында сөз болмайтын. Анықтап алғым келіп:
– Жаңағы Міржақыбыңыз Мадияр Міржақып Дулатов емес пе? – деп қалдым.
– Болса болар. Мадияр Міржақып екені анық. Уақыт 1941 жылдың көктемі еді.

ҚОСТАНАЙДА АШЫЛҒАН «ҚҰПИЯ»

1944 жылдың жазы мен күзінде Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінің редакциясына жаңадан екі адам қосылды. Бірі, облыстың оңтүстік бір қиырындағы Торғай ауданының Ақкөл деген жерінен келген, бұрын газетті оқығаны болмаса оған хат-хабар жазып көрмеген Түсен Қаппасов деген жігіт еді. Екіншісі, 1942 жылдың күзінен 1943 жылдың 7-қаңтарына дейін аудандық газет редакциясында есепші болып жұмыс істеп, «босаға көрген» мен едім. Редакторымыз Хайыржан Бекхожин, орынбасары Арзымбет Есімов. Аудармашы әрі «ақсақалымыз» сол жылы жасы қырыққа толған Хасен Өзденбаев. Жауапты хатшымыз майданнан жараланып келген Көбен Қожабергенов, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Сырбай Мәуленов, өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Мақаш Қасымова еді. Ауыл шаруашылығы бөлімі мен тілшілер бөлімі меңгерушілерінің орындары бос екен. Қарашаның басында Түсен солардың соңғысын басқаруға тағайындалды. Арада бір апта өтер өтпесте қатарымызға тағы бір адам – менің құрдасым әрі туысым, 19 жастағы Хамит Бощин қосылды. Біз жер-жерден келген хаттарды қорытып, өзіміз де бірдемелер жазып, жауапты хатшыға «өткізіп» жатамыз. Екі басшы – Хайыржан, Арзымбет ағаларымыз қолжазбаларымыздың бет-аузын шиедей қылып жалықпай шимайлап түзетіп отырады. Газет уақытылы шығып жатады.
Сол қарбалас күндердің бірінде қабырға газетінің кезекті нөмірі шықты. Онда Сырбайдың тілшілер бөлімінің жұмысы туралы сықақ өлеңі жарияланды. Хаттардың «жүрісін» суреттеу арқылы бастықтарымыз бен Хасен ағамыздан, машинисткалар мен корректорымыздан басқаларымызды «шапалақпен» бір-бір тартып өтіпті.
Тілшілер бөлімінде былық көп,
Сумаң етеді хаттар шығып кеп.
Қаппасов қалбалақтай ұстап,
Нөмір соғады қырық деп.
Одан соң хаттар Көбенге түседі,
Көбенге түскен хат тереңге түседі.
Одан соң жылжып Мақашқа жетіп,
Құлағы саңырау, кереңге түседі.
Сапабекте хаттар бұттап жатады,
Бірі шыжып, бір быжып құрттап жатады.
Одан соң хаттар Хамитқа түсіп,
Мені жаз, мені жаз деп құнттап жатады.
Осы бір «қалбалақтаған» Қаппасов Түсен газет шаруасына олақтау болғанмен кәрі құлақты, естігендерін есінде жақсы сақтап айтып жүретін әдеті бар жігіт екенін кейін білдік. Руы Үмбетей, аталары Торғай оязы нашандігінің басын жарып итжеккенге айдалып кететін атақты Байтұрсынның емшектес туысы екен. Оның баласы Ахмет те он үш жасында әкесімен бірге жазаланып, Сібірдің дәмін татып келген. Бұл да ата-бабаларының жолын қуып, патша әкімдерінің озбырлығына қарсы шыққан. Соның дәлелі есебінде Ақаңның:
Қаз едік, қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
He қалды денемізден шарпылмаған, – деген өлеңін айтқаны әлі есімде. Сонда отырғандардың бірі:
– Байқа, мынауың саясатқа томпақтау келіп жүрмесін, – дегенде Түсен еш қысылмай:
– Бұл өлеңді Ахмет патша заманында, оның отаршыл әкімдерінің озбырлығын айыптап шығарды емес пе. Оның еш томпақтығы жоқ, – деп жауап бергені тыңдаушыларға орынды көрінген. Сол Түсен енді бірде Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабы хақында айта келіп:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі
Пайдалан қажетіңе жараса Алаш.
Қаламнан жылап аққан қара сия.
Жазылып бұл сырымды жұртқа қыл паш, – дегені бар емес пе.
Басқалар мұны бұрын естімеді, «Оян, қазақ!» кітабын білмеді дей алмаймын. Менің құлағыма тигені осы еді. Ойпаң жердегі аласа ағаштың жемісі де көп емес екендігін айта келіп, оны жарты жаңқасы қалғанша Алаш мүддесіне жұмсайтыны қайран қалдырды. Жалынды сөз деген осындай-ақ болар. Кейін Түсеннен:
– Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабындағы өлеңдерінен басқа да білетіндерің бар ма! – деп сұрағанда:
– Ол кітапты оқу былай тұрсын, қолыма ұстап та көрген жоқпын. Бір ауыз өлең әркімнің айтқандарынан есімде қалған ғой, – деді.
Мағжан Жұмабаевтың ақын екенін естігені болмаса өлеңін оқып көрмеген, Сәкен Сейфуллиннің ауылына келген жалғыз кітабы «Tap жол, тайғақ кешуді» кезегі жетпегендіктен оқи алмай қалған, талай хиссаны жаттап айтып жүрген кешегі «жыршы» бала, бүгінгі газет қызметкерінің «Оян, қазақ!» кітабын оқуға, Міржақып жайында көбірек білуге құмартқанын айтып жатпасақ та болады.

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАМАЛДЫ ЖҰТҚАН ЖАУЫЗДЫҚ

1945 жылдың көктемінде денсаулығым бұзылып, қаламым қолымнан түсіп кете берген соң Хайыржан Бекхожин ағаның орнына редактор болып қалған Арзымбет Есімовке кірдім. Қабағы қатулы отыр екен. Суық көзімен қарап:
– He шаруамен келдің? – деді.
– Ауырып сүйек-сүйегім сырқырап жүр. Демалыс берсеңіз ауылға барып қымыз ішіп келер едім.
– Ауырсаң демалыс емес, емделу керек. Арызыңды жаз. Жұмыстан босатайын.
Облыстық газеттің босағасына отыра беріп қайта шығып қалдым да жол жөнекей машинаға жармасып Амангелді ауданындағы ауылыма тарттым. Үшінші күні ұлы бесін кезінде Бижан Қарасуында отырған қараша ауылдың орта тұсындағы қараша үйден жүгіре шыққан Өскей әжем мен Ықыш апам, қарындастарым Бөжітай, Нұрипа құшақтарын жайып аймалап жатыр. Қара итім – Майтабанымның сағынышы да кем емес екен. Бірі алты, бірі төрт жасар Сәлиха мен Тойкеннің бетінен сүйгізбей басыма шапшып, бет-аузымды жалап мәз болды. Көршілер де жиналып, ауылыңмен аман қауышқаның құтты болсын деп жатыр.
Ауылдық кеңестің төрағасы, Амангелдінің ақыны атанған сарбаз ақын Сәт Есенбаев бізден бұрын жетіп, әжемді қуантып қойған екен. Қой сойылып, самаурын қойылып қалыпты. Ауылдың үлкендері біздің үйге жиналды. Сәкең тамағын бір кенеп, оңтайланып отырып алып бір әңгімені бастап кеп кетпесі бар ма.
«Өткен қыс шаруаға жеңіл болғандықтан мал күйлі, бие ішті болып, Көктал қыстаған Құрман деген атаның ауылы жылдағыдан жайлауға ерте шығып еді. Екі ауылнай елдің жайлауы Саумалкөлге жағалай ауылдар қонып, былтырғы жұрттарына үй тігіп, көп ұзамай бие де байлады. Қыстай бір-біріне араласпаған адамдар сағынысып, қашаннан астас, тойлас болған ғадеттерінше бір ауылды бір ауыл ерулікке шақыра бастады. Бозбалалар аралап қымыз ішеміз деген болып, тәуір киімдерін киіп, жақсы аттарына мініп, қызды ауылды қырындап жүрулері көрініп, балалар да асау тайларын үйретпекте еді…».
Бұдан әрі Сәкең түс кезінде ауылға стражник пен поштабай, шандатып шауып келіп, крестьянский начальникті қарсы алып, үй тігу, қонақасы дайындауды тапсырғанын, оның қалай өткенін біраз әңгімеледі. Төрені көруге жүздей кісі жиналғанын, ауылнай Бекжанның «өзімді бек мақтады» деп қалай жайрандағанын әңгімеледі. «Сүйінші, Сәрсеке! Шолпан жеңгем аман-есен босанып, тақия тігіп беретін тапты, – деді. Сол уақытта жастар «Сәрсеке» деп, үлкендер:
– Сәрсенбай, қуаныш қайырлы болсын, Алла ұзағынан сүйіндірсін, әйел бала демеңіз! – десті. Сәрсенбай:
– Жоқ, олай демеңіздер, мен қайбір ұл-қыз таңдайын деп жүрген кісі, – деп орнынан тұрып, атына мініп үйіне қайтты». Дегенді естіген үй толы адам сол топқа құйғытып ­шауып келіп сүйінші сұраған жігітті, жұрттың қалай қуанып, Сәрсенбайға қайырлы болсындарын жаудырысқанын көзімен көргендей әсерленіп:
– Ой, пәлі. Тыңдарлық әңгіме екен, – деп ризалығын білдіріп еді. Сәкең әңгімесінің желісі енді Сәрсенбайды таныстыруға тартылды.
Ол ғылым оқымаған, малсақ, момын шаруа екен. Соның арқасында жылқысы жүзден, қойы үш жүзден асып бай болмаса да ауқаттылар қатарына қосылған, кәдімгі кісі түсетін, дастарқаны берекелі үй болған. Құдайдың осынша ырыздығын бергеніне Сәрсенбай да, көп жыл отасқан жұбайы Қалампыр да риза. Сонда да бір кемдігі көзге ұрып тұратындай. Әйелі пұшпағы қанамайтын бедеу болып шықты. Алдантып етектен тартар баласы жоқ үй қайтіп базар болсын. Ерлі-зайыптылар көңілінің аспанын кейде суық бұлт торлайтыны бар. Бір шарана – жас иісті аңсайды.
Әзіл-қалжыңы таусылмайтын, сол бір әдетті сылтауратып құрбы-құрдастары тілімен шағып, жүдеу жүрек жарасына тұз себетіндер қашан да болған ғой. Солар кейде қалжындаған болып Сәрсенбайды «Әй, қубас» дейтін. Малды жинауын жинап, оның рақатын көруді білмегенін бетке басатын. Зекет те бермейсің. Қажыға да бармайсың деп қыжыртатын. Қалампырдан қорқып тоқал да ала алмай жүрсің деп келекелейтін. Бала, тоқал өзінің де ойында бар еді. Бір күні ауыл ақсақалдарын үйіне шақырып, ақыл-кеңес сұраған болып тоқал алғысы келгенін айтқан. Қалампырға қарап рұқсат беруін сұраған. Қалампыр қайда барсын. Ұнатпаса да көнген. Сол күнде қырық екі жасқа келген Сәрсенбай 15 жасар Шолпан деген қызды айттырып, қалыңмалын түгел беріп алып келген. Манағы «тақия тігіп беретін» бала сол Шолпаннан туған-ды. Жүрегі жарыла қуанған отағасы аста-төк той жасады. Қызының атын Жамал қойды…
Шай ішіліп, дастарқан жиналды, төрде, ақынның оң жағында отырған Шөкен ата сөз бастады:
– Бұл әңгімең құлағымызды ұйқысынан оятқандай болды. Бұдан 20-30 жыл бұрын жұрт бірде күліп, бірде жылап отырып тыңдаушы еді. Жаңағы Жамалдың жырын қайта жалға, – деді.
– Мен де соны айтқалы отыр едім, – деп Баймағамбет шал оны қостап қойды.
– Сәт, енді сен әңгімені суытпа, – деп Ермағамбет ата тіке кетті.
– Басталған әңгіменің түгел айтылғаны жақсы, – деп үйді жағалай отырғандар ауылнай Сәт Есенбайұлына кәдімгідей қолқа салды.
Сәрсенбай мен Шолпан, үлкен шешесі Қалампыр үшеуі бірдей құлынымдап үстіне түсіп, Жамалды өбектеп, еркелетіп өсірді. Ауылға молда алдырып, қара таныттырды. Еркек балаша киіндіріп, ат ұстарым осы десе де өрімдей боп өсіп келе жатқан қыз бала жұрт көзіне түсе берді. Ойын-тойларға қатынасып, әзілмен тиіскендерге өлеңмен жауап қайтарып та жүрді. Ақын Сара өсіп келеді. Мұның Біржаны қайдан табылар екен дейтіндер де болды. Көрші ауылдардың біріндегі дәулетті Байжан өзінің ақымақтау Жұман деген баласына айттырмақшы болды. Сәрсенбай бұған ризашылық білдірсе де Шолпан көнбей:
– Жамалды өзінің теңіне береміз. Байжанның баласы жаман дейді, атасының байлығы не керек, – десе де Сәрсенбайдың құлағына кірмеген соң:
– Екі дүниеде Жамалдың обалы саған болсын, би болмақ тұрсын, патша болатын болсаң да Жамалды неғып сондай жаманға қиып бермекші боласың, – деп көзінен жас төгіп, үйден шығып кетті. «Қыздың шашы ұзын, ақылы қысқа» деген осы деп, Сәрсенбай басқа сөз айтпай, ішінен мыңқылдап отырып қалды… дегенде Шөкен әке бір қозғалып:
– Қызын теңіне емес, малға бергендер осылай мыңқылдап қала беретін еді ғой. Сөзің дәмді, Сәт. Айта түс, есімізге түсір, – деп қостап қойды.
Сәкең бірқалыпты көтеріңкі үнмен, сөздің, оқиғаның ыңғайына қарай оң қолын бірде жоғары көтеріп, сермеп қойып, төмен түсіріп, мүдірмей нақпа нақтап сөйлеп отыр. Жас­тар бас қосқан жиын. Қыз, бозбаланың бір-біріне өлеңмен соқтығып, қағысуы. Жамалдың тапқырлығы, өткір сөз, әдемі әуені тыңдаушыларды ұйытып тастағандай еді. Сонда бір жиынға Ғали деген жігіт қатысып, Жамалмен қатар отырып қалмасы бар ма. Сол бір сәтте, сонау 1941 жылғы көктемде Несіп жеңгемізден естіген әңгіме есіме түсе кетті. Қайтер екен деп ішімнен тынып тыңдап отырмын. Сәкең Жамалдың қасында отырған Ғалидың өлеңін әндетіп айтып келіп:
– Сөйлесін сұлу Жамал жанымдағы, – деп бір сәт тыныстап алды да:
– Ғали бұл арада айтып болдым, – деп домбыраны Жамалға ұстатқанда, отырған халық: «Мырза тағы да айта түсіңіз» деп өтініш айтқан соң, Ғали тағы да мынау өлеңді айта бастады:
Жақсы қыз баға жетпес бір гауһар тас,
Он алты, он жетіге жеткенде жас.
Жаннаттың пісіп тұрған алмасындай,
Қол жетсе қандай жігіт ләззат алмас.
Сұлу қыз рақаттың кілті емес пе?
Қолыңа түсіре алсаң бардағы аш.
Тізілген меруерттей отыз тісі,
Нұрлы жүз, жайнаған көз, қиылған қас.
Шекеде кәмшат бөрік кигені асыл.
Сылдырлап алтын шолпы, иықта шаш.
Бұралған тоты құстай мүшелері,
Бозбала сұхбаттасқан болмай ма мас
Қатасыз осы айтқандай болып тұрса.
Жолында сондай қыздың қияр ем бас.
Болатын мақсұт қасыл жол табылса,
Тәрк етіп қандай жігіт малын салмас…
– О пәлі, айта түс. Өркенің өссін, – деп Ермағамбет ата Сәтке қарай ұмсына түсіп ризашылығын білдірді. Қанаты жазыған ақын одан әрі сермеді. Ғали мен Жамалдың өлеңмен жазысқан хаттары тыңдаушылардың құлағынан кіріп, «кейі зауық, кейі мұң» дертін қозғап жатқандай болып еді. Міне, Ғали, Жүніс, Нұрмаш үшеуі жетегіне ерттеулі ат алып уәделі жерге келді. Көп кешікпей Шолпан мен Жамал да осында жетті. Ғали мен Жамал қосылып қалаға жол тартты. Фатхолла бай бұларды көп сақтай алмады. Ғали нағашыларына барып паналады. Сол жерде ауырып, көп ұзамай дүниеден өтіп кетті. ­Байжан байдың кісілері Жамалды зорлықпен алып кетіп, жаман Жұманға қосты. Ол «кегін алу» үшін сынықтан сылтау тауып ұрып-соғып күн көрсетпеді. Жаны күйзеліп, тәні ауыр да жиі соққыдан көкала қойдай болған Жамал шыдамай Байжанның таң асып тұрған атына міне салып қашып бара жатқан жолында адасып, боранда үсіп өлді. Шөкен ата:
– Қайран дүние-ай, – деп күрсініп алды. Өскей әжем:
– Жазықсыз Жамалдың өлімі жауыздарды жібермес, – деп көзінің жасын жаулығының шетімен сүрте берді. Ықыш апамның да иегі дірілдегендей болды. Ермағамбет ата:
– Жақсы әңгіме айттың, Сәт, саған рахмет. Сапанның аман-сау келгеніне қуанысып, бір желпінісіп қалдық. Таң атып келеді, жататын да уақыт болды, – деді. Жұрт тарады. Далаға бірге шығып:
– Сәт аға, бұл айтқаныңыз Міржақып­тың шығармасы емес пе? – дедім.
– Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз ­Жамалы» ғой. Сен оны қайдан білдің?
Мен осыдан төрт жыл бұрын Несіп жеңгейден Ғали мен Жамалдың өлеңдерін естігенімді айттым.
– Қарай гөр, – деді Сәт аға, – Міржақып сабаздың сөзі Несіптердің жадында жүр екен ғой.
– Сіз кітаптың өзінен жаттадыңыз ба?
– Өзінен, әрине. Кезінде бір ат беріп сатып алғанмын.
Менің ел аузындағы Міржақып Дулатов шығармаларымен алғашқы «танысуларым» осылай басталған еді.

ҚАЙРАТТАНДЫРҒАН «ҚАЙТЕР ЕДІҢ?»

Көпті көрген көнелерден: «Керуен басы жақсы болса, көлік азбайды. Ақсақалы жақсы болса, ауыл азбайды» дегенді жиі естуші едік. Жақсы болу, ақылды болу әркімнің маңдайына жазыла бермейді. Жазылғандарының өзіне сұрқай тобырды жарып шығып, керуен басы немесе үлкенді-кішілі ауыл ақсақалы «лауазымын» алу оңайға соқпайды. Өйткені жақсылардың жаулары қашанда көп. Бірі жағасына жармасып, енді біреулері етегінен тартып адымын аттатпауға жандарын салып бағады. Көбіне сүріндіріп, аяғын әлтек-тәлтек бастырып, «жүрісін» бәсендеткенін місе тұтпай «алып ұрып» басынан аттап кететін кездері де болады.
Бір жақсылығы: дұшпандарынан бірде жеңіліс тапқандардың бәрі бірдей «жер жастанып» қалып қоймайды. Қайта тұрып қатарға қосылады. Алдына қойған үлкен мақсаты үшін қайта бел шешіп, білек сыбанып күреске шығады. Азаматтың тастаған тасы ылдидан өрге домалап, бір уақыт ықпалы өзі ойлағандай пәрменмен жүріп тұрады. Сондай күндердің өзінде күншілдері қас қақпайды. Қолынан келсе шалып құлатып, оның сәті түспегенде сүріндіріп тауын шағу үшін қастандықтарын қамдап жатады. Өршіл азамат сонда да тынбайды. Қираған арбасын жөндеп, өлгелі жатқан өгізін айырбас­тап алып тағы жолға шығады.
Қыста жел алдынан шығып, қақаған аяз бетін қарытқан, жаздың самалы артынан соғып сары масасына жаудай талаттырған тағдырына мойымай өмірлік мақсатына жеткен айтулы ағалардың бірі Торғай өңіріне белгілі азамат Шіменбай Бақтыбайұлы Әлшорин деп білемін. Сөзіміздің бұл бөлігі соның ерлік өмір жолына арналмақ.
Ұлы Отан соғысы жылдары сол Амангелді ауданындағы «Ақсуат» колхозында есепші болып жұмыс істеген, кейін аудандық жер бөлімінің бас есепшісі болған Шіменбай Әлшоринді 1946 жылдың көктемінде аупартком «Жаңа ұйым» колхозының төрағалығына ұсынды. Колхозшылардың жалпы жиналысы бұрынғы басшы, жасы қырықтан асқан қырма сақал Боранбаев Шәукенді орнынан босатты да 31 жастағы жігітті сайлап алды. Содан кейін орнынан екінші рет тұрған ол айтар сөзін:
– Менің жасым көбіңізден кіші, – деп бастады. – Қатар-құрбылар аз да, ағалар мен жеңгелер басымырақ. Құдайға шүкір, әкелер мен шешелерді де көріп тұрмын. Ата-бабадан қалған дәстүр бойынша мен сіздерді сыйлап, құрметтеуге міндеттімін. Шама-шарқынша оны орындайтыныма сеніңіздер. Ал жаңадан сайланған басшы, осы колхоздың шаруашылығына, колхозшылардың тағдырына жауапты адам есебінде мен сіздердің бәріңізден үлкен ағамын, артық көрмесеңіздер әке десеңіздер де болады. Сондықтан менің сөзіме сергек құлақ асып, айтқандарымды сөзбұйдаға салмай, жоқтан өзгені сылтауратып кейінге қалдырмай уақытында орындауға күш салыңыздар. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Қате-кемшіліктерім болса ашық сынасаңыздар алғыстан бөтен айтарым жоқ. Осыған келісеміз бе?
Жаңа басшы жұрттың көңіл күйін барлағысы келгендей отырғандарды жағалай бір қарап өтті. Әр жерден:
– Дұрыс айтасың…
– Бастай біл, біз ере білейік.
– Отызында орда бұзар ораздының баласы екеніңді білеміз. Қадамың құтты болсын! – деген сөздер естілді.
Шіменбай аға ауыл тізгінін қолына алды.
Көп кешікпей жаңа бастық ауыл адамдарын жинап алды да осы жазда істелетін жұмыс жоспарын жайып салды. Олардың бастылары:
Колхоз басқармасына кеңсе салу еді.
Бұрын колхозда болып көрмеген клуб үйін салу еді.
Ескі қораларды жөндеп, «жамап-жасқауды» былай қойғанда жаңадан бір сиыр қора, бір қой қора салу еді.
Айтпақшы, жаңа бастыққа жаңа үй салу еді.
Осылардың бәріне керекті бөрене, сырғауылдар мен тақтайды сонау Аманқарағайдан тасып жеткізу еді.
Бастық тапсыруын тапсырды. Жұрт іске жұмыла кірісіп кеп берді. Сол 1946 жылғы күздің басында «Жаңа ұйым» колхозының жаңа табыстарын баяндайтын «Береке бірлікте» атты көлемді мақала Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінде жарияланды. Арада үш айдай уақыт өтер-өтпесте, желтоқсанның ортасында сол газет жақсы тәжірибені жан-жақты насихаттап, тарату мақсатында «Жаңа ұйым» колхозы мол табысқа ие болды» деген жалпы тақырыппен арнайы бет берді. Онда Шіменбай Әлшорин бастаған бір топ малшы, сауыншы, құрылысшы өздерінің табыстарын айта келіп, жақсы іс, жақсы ойларын ортаға салды. Алғашқы мақаланы жазған да, соңғы арнайы бетті ұйымдастырған да бөтен біреу емес, жиырма бір жастағы тілші өзім екенімді бүгінгі оқырманның есіне салғаным теріс болмас.
Сол жылдары Шіменбай ағаны жақтап, «Жаңа ұйымдағы» жақсы істі мақтаған бір мен емес, әрине. Сартал ауылдық кеңесіне үш шаруашылық «Еңбек», «Жаңа ұйым» және Крупская атындағы колхоздар қараушы еді. Үшеуінің де партия ұйымы бірге болатын.
Депутаттар кезекті сессияларында, коммунистер өздерінің жиналыстарында жылы лебіздерін білдіріп, өзгелерді «Жаңа ұйымдағы» жақсы істерден үлгі алуға шақырып жататын. Жақсы дегенді қанша жиі естісе, адам жаны сонша жайланып семіре беретіні айтпасақ та түсінкті.

Жұртының жадындағы жарқын бейне
Аудандағы тарихи жерлердің бірі – 1916 жылғы көтеріліс кезінде Амангелді сарбаздарының патша әскерлерін «қарсы алған» Құмкешу ауылында ұйымдастырылған колхоз Сергей Миронович Кировтың есімімен аталған-ды. Оның басшысы тәжірибелі коммунист Әбішев Мәулен Ұлы Отан соғысы жылдарында үлкен ұйымдастырушылық талантымен танылды. Майданға ет, астық арттыру жоспарларын жылма-жыл артығымен орындап, бүкіл облысқа даңқы жайылды. Колхозшылардың тұрмысы басқалардан жақсырақ болды. Бірқатары желілеп бие байлап, сары қымызды сапырып ішуге қолы жетті. Мәулен үйіндегі Қамбар жеңгей қолы ашық әйел екен. Үйінен күндіз-түні кісі үзілмейтін. Басқаларды былай қойғанда Хасен Өзденбаев, Сырбай Мәуленов, Ехсан Есетов ағаларымыз Қостанайдан курортқа емес, Құмкешуге тартатын. Мәулен мен Қамбар арнайы үй тігіп қарсы алатын, бал татыған қымыз бен марқаның уыз етін ауыздарына тосатын. «Қалада көк су ішкен қатпа немелер» (Нұрхан Ахметбеков) осылай бір тойынып, шыр бітіп, естерін жинап қайтып жүретін.
1946 жылды Киров колхозы бұрынғыдай жемісті аяқтай алмады. Экономикалық көрсеткіштер бұрынғыдан төмендей бастағаны байқалды. Өсек қоңырауы Мәуленнің мазасын кетіріп, абырой-беделіне кәдімгідей көлеңке түсіріп те үлгірген еді. Аудан басшылығы оны басқа жұмысқа ауыстырды да орнына адам іздеді. Таңдау жақсы атағы алыс-жақынға жайылып үлгерген ақылды да жігерлі ұйымдастырушы Шіменбай Әлшоринге түсті. Киров колхозшылары оны ықыласты қабылдады.
Шаруашылығының қиюы қашып басынан бағы тайған ауылды Шіменбай аға 1947 жылдың көктемінен 1951 жылдың сәуіріне дейін басқарып, аудандағы 55 колхоздың алдына қайта шығарғанын айтып жатпасам да болады. Аудан ғана емес, облыс деңгейіндегі жиындарда талай мақталғанын, омырауына алтын орден таққанын сол жылдардың жастары, бүгінгінің қарттары әлі ұмытқан жоқ. Аудан ауылдарының бетке ұстар бір топ азаматының басына қара бұлт үйіріліп, қарғысқа ұшырағаны да естерінде. Саны да аз емес. Амангелді аудандық партия комитетінің бір күнгі бюро мәжілісінде он бір колхоздың төрағалары партиядан шығарылды. Істері прокуратураға берілді. Көп ұзамай тұтқынға алынып, сот құрылды. Солардың қатарында Шіменбай аға да жиырма жылға кесіліп, итжеккенге конвоймен айдалып кете барды. Басқалардан бір ерекшелігі: бұл үшінші рет «қараланып» қолға түсіп, өзіне таныс Колымасына үшінші рет «аттануы» еді.
Арада тағы бір төрт жыл өтті. 1955 жылдың жазында Шіменбай аға жиырма жылдық жазасын мерзімінен бұрын өтеп туған жерге аман-есен оралды. Сағынып, сарғайса да азбай күтіп үйренген алтын жары Күлнәзиясы мен тұла бойы тұңғышы Бақытжамалы жүректері жарыла қуанып қарсы алды. Бақтыбай әке екі сиырының бірін сойып той жасады. Алыс-жақын ағайын, дос-жарандар аман-сау оралғанына құтты болсын айтып жатты. Сол қуанышты күндердің бірінде аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, сонау 1946 жылдың жазында аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторлығына келгеннен бергі жылдарда Шіменбай ағамен қадірлес болып жүрген Қожагелдин Көбен екеуміз тілектестігімізді білдіруге барғанымыз естен кетпейді.
Естен кетпейтін ерекше жөні бар. Әдетте, мұндай «алыс жолдан» келгендер ол жақта шеккен азабы мен түрмеші-қарауылшыларынан ғана емес, өздері сияқты тұтқындардан көрген қорлықтарын жыр қылып айтушы еді. Естігендердің құлағына түрпідей тиіп, жүйке тамырларыңды шымырлататын. Ал Шіменбай аға мүлдем басқаша сайрап бермесі бар ма. Оның айтуынша, тұтқын лагерінде кәдімгі тәртіптен өзгерек жақсы тәртіп бар. Жұрт белгілі бір уақытта оянып, жуынып таранып алады. Физруктың бұйрығымен сапқа тұрып, 10 минут зарядка жасайды. Саптың серуендеуіне де уақыт берілген. Жапа-тармағай, үздік-создық жүре бермей, қатарын бұзбай таңертеңгі тамаққа барады. Одан шыққаннан кейін күнделікті жұмыстарын бастайды. Түскі үзіліс, кешкі тамақ уақыттарының бәрі белгіленіп қойылған. Оны ешкім бұзбайды. Жиналып отырып радио тыңдайды. Кітапхананың есігі белгілі бір уақытта ашылып қойылады. Біреулер кітап, біреулер газеттер мен журналдар оқып ынталы, талаптылары білім көкжиектерін күнде кеңейте береді. Оның бәрі аз болғандай жақын қаладан, облыстан, кейде одан да жоғары жақтан лекторлар келіп баяндамалар жасайды. Халықаралық жағдай, елдің ішкі саясаты, экономикалық дамуы, оған «қайта тәрбиеленушілердің» қосқан үлесі жөнінде лекциялар оқиды.
Осы әңгімені тыңдап отырып менің еліккенім сонша: – Шіменбай аға, мынауыңыз тұтқын лагері емес, үлкендердің мектеп-интернатына ұқсап барады ғой, – деп қалдым. Ол мырс етіп күліп алды да:
– Дұрыс түсінген адамға шыны солай, – деді. Көбен екеуміз бір-бірімізге ризашылықпен қарап күлімсіреп, бас изесіп алдық.
Әңгіме осы жерге жеткенде маған Шіменбай аға бұдан бұрын да итжеккенге барып келіп еді-ау, сонда да осылай, тұтқындағы өмірдің де күнгей жағын әсірелей айтушы еді-ау деген ой келмесі бар ма. Пендеге пенде болудың өзі оңай шаруа емес. Тұтқын болудың жөні бір басқа. Кәдімгі Құдай басқа бермесіннің нағыз өзі ғой. Міржақып Дулатовтың «Қайтер едің?» сыни-өлең сұрағы осы азаматқа арналып айтылғандай көрініп кетті. Бұл да ертеңіне үмітпен қолын созып, аудандық соттың 21 жасар хатшысы болып, көп ұзамай бидің өзі болам деп жүргенде жолын тағдыр кесті де «қақпанға» түсіп қалды. Ақталып шыққанша екі жылдай уақыт өтті. Өз ілегінің алдыңғы қатарына тұрып, көп істі біліп қызу қолға алып біліп жүргеннің өзінде біреулердің содан зор мін тапқанын қайтерсің. 1937 жыл ғой. Тағы да айдалып кете барды. Екі жылдан кейін тағы да аман-сау елге оралды. Осылай тоқталса қане!
Жоғарыда айтылғандағыдай, 1951 жылдың көктемінде Міржақып – Жақаңның сол сыни-өлең сұрағы «Қайтер едің?» Шіменбай ағаның алдына қайта қойылды. Үмітпен созған қолын тағдыр жай қағып қана қойған жоқ. Солға тартқанда арбасын сындырып, оңға тарқанда өгізін өлтіріп тастады. Қираған арбаны қайта жөндеуге де, жаңасын жасап алуға да болатыны белгілі деп білген ол өкініштен өзегін өртеген жоқ. Ұлы Ақан сері айтқандай: «Мал бітер басы енеге деген сөз бар, өзімнің тәубе қылдым тірлігіме-ай» деп «өгізінің өлгеніне» де көп қиналмады. Жан саулығын да, тән саулығын да сақтай білді… Міржақыптың сол бір тағдыршешті сұрағына Шіменбай аға өз өміріндегі өнегелі істерімен, нақтылы жауап беріп, үш айдауда да сынбай, мұқалмай аман келгенін келістіре мадақтап бірер сөз айтқым келіп қанша оқталсам да бата алмадым. Көбен екеумізден басқа үш жігіт отыр еді. Әр адамның артында алты сауысқан бар екенін көріп те, біліп те жүрміз. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоя білгенге не жетсін!
Тағдырдың Шіменбай ағаға әзірлеген сыбағасы сол үш тұтқындалу, айдау азабын тартумен бітпеген екен. Иманов атындағы қой совхозының бір фермасын дөңгелентіп, жеңіс жалауларын желбіретіп жүрген күндерінде, жасы елуге еңкейіп қалғанда жары Күннәзия мен Бақытжамал бірінен соң бірі дүние салды. Қайратты аға бұл ауыр қайғыны да қайыспай көтере білді. Төсегін жаңғыртып, алтын асықтай сәбилерін аймалап мауқын баса бастады. Азамат еңсесін көтеріп жұрт алдына қайта түлеп шыға келді. Ол туралы Уәли Хайруллин екеуміз 1969 жылы Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетіне «Алтынды тот баспайды» деген тақырыппен мақала-мадақ жазып жариялағанбыз.
1972 жылдың күзінде Алматыда Медеу шатқалымен жоғары өрлеп биік таудағы мұз айдынына барар жолда жолаушыларды қас қақпай ұзатып тұратын «Алатау» санаторийінде демалып жатқан Шіменбай ағаға сәлем беруге бардым. Әңгіме арасында 1955 жылғы кездесуде келген ой есіме түсіп:
– Шіменбай аға, Сіз Міржақып Дулатовтың «Қайтер едің?» деген өлеңін оқып көріп пе едіңіз? – деп қалдым.
– Оқығанда қандай! Мен оны жатқа білем.
– Қазір айта аласыз ба?
– Ұмыта қоймасам керек, айтайын.
Үмітпен созған қолыңды тағдыр қақса,
Біліп еткен ісіңнен зор мін тапса.
Оң дегенің теріске һәман шығып,
Арбаң сынып өгізің өліп жатса.
Жан ашыған сөзіңді дұшпан көріп,
Қоқырайып достарың салқын тартса.
Суық жылан араңнан кесіп өтіп,
Сөнбейтұғын өсектің отын жақса.
Жаның сүйіп барғанда сенен безіп,
Жоқтай болса дұшпаны сенен басқа.
Тіршіліктен көңілің неғып қайтпас,
Еңбегің болса егіндей еккен тасқа.
Адаспаса иесін табар бұл сөз,
Мағынасы шақырып, дабыл қақса.
Қайтер едің, жігітім сырынды айтшы,
Бақытыңа кез болса мұндай һаста?
Шіменбай аға осы жолдарды тігісін жатқыза, нәшіне келтіріп айтып шықты да бізге жымия қарап:
– Қалай, ұнамады ма? – деді. Біз Марат Бөркітов екеуміз қабаттаса:
– Ұнағандай қандай. Тамаша, – деп бас шұлғысып қалдық.
Атын атауға, кітаптарын оқуға тыйым салынған осы бір қайраткер ақынның сөздері туған жұртының жадында осынша жақсы сақталуы тегін емес-ті. Сол бір сәт маған:
– Өмірдің аз тәттісін, көп ащысын «тойғанша» ішіп-жеп, бәрінен аман өткен Шіменбай Әлшоринді Жақаңның жаңағы сөздері әрқашан демеп қайраттандырып жүргендей көрінді.

СӨЗ-ШАҚПАҚ ҚҰДІРЕТІ…

Туған халқының өз заманындағы өміріне терең үңіліп, оның денесіне жабысқан кесел атаулыны көре білген, олардан сауықтыру жолын жалықпай іздеген кемеңгер Абай өлмес өлеңдерінің бірінде:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түрмек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек, – деп жазған еді. Жүрек адам атаулының бәрінде бар екені белгілі жайт. Ал қайрат дегеніміз ілуде біреуінде болса болар, көбінде аз да әлсіз екендігі және шындық. Ұйқыдағы ой дегеніңіз түртпексіз оянуды, игілікті «іске кірісуді» біле бермейді. Тағы бір анығы: талайлар-ақ өзін өзгеден асқан демесе де, өзіме, отбасыма, туған-туысқандарыма жетерлік ақылым бар деп есептейді. Оған да жеткілікті мөлшерде сәуле «түсуі» хайуандық қылықтан сақтандырып, қорғай білуі шарт. Абайтанушылардың пайымдауынша, ұйықтаған ойды оятатын да, ақылға сәуле түсіретін де немесе отын тұтатып, лапылдататын да өлең – сөз-шақпақ болады. Соның мысалы есебінде Абай қаламынан туған мына төмендегі жолдарды оқып көрейік:
Кез болсаң қайғы, иә, зарға

Осы категориядағы басқа материалдар: « Қажымұқан Жыр тұйғыны Таңжарық »

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту