20-01

Балуан шолақ

Тіпті әуесің келеді. Ұлы ұйытқыдай ұйысып отырған ұлтымыздың өткен өмірі мен жұлдызы жолдары қайта-қайта қайырылып, нұрлы қайнарға бас қойғызады. Бұлардың болашаққа үңілдіретіні болмаса, тарихымыздан түңілдіретін тұсы жоқ. Біздің көл-көсір сөз бен саз байлығымыз қазақ халқына ғана тән қайталанбайтын құбылыс. Олардың мұрты бұзылмаған күйі әлі тұр . Бірақ сол ұшан теңіз рухани құндылықтарымыз бен қыруар қазынамызды ұстарып, кәдеге жарата алмай жүрміз бе? Жатжұрттықтар неге оларға тамсана қарап, неге сонша сүйсініп қызыға береді? Солар саф алтындай самсап тұрғанда еңсеміз езіліп, жүзіміз неге төменшік тартады?

Баяғы сол қарқынмен сынаптай сырғыған уақыт ұршықтай үйіріп алды-артқа мойын бұрғызбай барады. Әне-міне дегенше, ХХІ ғасырдың бірінші ширегін орталап қалыппыз. Ешкімнен кем емес, төрт құбыламызға қарасақ енді еңсемізді бөгде біреу баса алмайды. Өмірдің қай саласына салса да қазақтар қаһармандықпен қасқайып, марқасқа мінезімен топты жарып шығып жүр. Әлде тұзымыз жеңіл ме?! Сонда біздің халқымыздың маңдайынан кетпейтін соры болғаны ма? Парасат парақтарын аударып, неге біз өз перзенттерімізді қадірлеп, қастерлей алмаймыз? Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Мәди мен Қажымұқан тәрізді біртуар тұлғаларды тек мерейтой үстінде ғана емес, неге жиі-жиі жоқтап іздемейміз?

Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Абай.

Алақұйын замананың заңғары мен ауғарында елім десе емешегі езіліп, еңіреген ерлерді көлденең көк аттылар қасақана құрбандыққа шалып, қалайша құрдым шыңырауға құлатуға дайын тұрады? Құрманғазыны байлатып, аяқ-қолын кісендеп, бұғауымен қапасқа қамап, итжеккенге айдатты. Абай мен Біржансал не үшін сабалды? Балуан Шолақ байқаусызда оққа ұшқандай. Мәди де ақ-қарасы тексерілмей оның аяғын құшып, бақилық болып кете берді. Шәкәрім қапияда қорғасыннан қан құсып құдыққа тасталды. Махамбеттің өр рухы басын кескізді. Ой мен сезім серкелері, зиялы дейтін қауымның балқаймақтары қуғын-сүргінге ұшырап, ажал құшты. Қашанға дейін содыр сойыл сілтеніп, онсыз да тәлкекке түскен тағдырларды көзсіз оспадар оқ шеше береді? Саз бен сөздің қуатты үнін кім өшіре алады? Төл мәдениеттің қазіргі мирасқорлары, тағы да өмір мен өнердің мәңгілік даусы естіліп тұр!
Күні кеше күркіреп өткен екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл сойқаны толастаған тұста 1943 жылы әйгілі әскербасы, кейіннен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы үлкен тәлім-тәрбиенің ошағы ұлттық мәдениеттің қай түрін болса да көз қарашығындай қастерлеуге жіті назар аудартады. «…Жастардың кейбір бөлігі адам танымастай әдепсіз жеңіл ойлы, нашар, епетейсіз, қопал болып өсіп келеді, тіпті сужүрек, қайырымсыз, бас қамын ойлайтындар ұшырасады, – деп көзге шоқып, алысты меңзеп батылдық білдірді ол Қазақстан Компартиясының сол кездегі Бірінші хатшысы А.Н.Скворцовқа шұқшиып. – Көкпар, бәйге, аударыспақ – батылдыққа, бұлшық етті шынықтыратын құмарлықты оятар, есеппен тәуекел бел байлауға, тіпті өзінің ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық ойындар. Бұл ойындардың игілікті екендігіне ешқандай күдік болмауға тиіс». Арыстанша арпалысып, жолбарысша жағаласқан ата-бабалардың аңсағаны осындай азаттық пен еркебұлан еркіндік емес пе? Қансонарда ат жаратып, қыран баулып, құмай ертіп аң қаққанға не жетеді дүниеде бұл. Дәурен-ай! Бізде өткеннің өкініші тәлім түйіп, сындарлы сабақ алып жүрмегеніміз жан ауыртады.
Әйтпесе, қазақ ертегілерінде кездесе беретін небір таусоғарлар мен желаяқтар бар емес пе? Олардың өзі мен бейнесі неге үйретеді? Бұлардың бәрі халықтың құр қиялынан туған жандар емес, шым-шытырық, шат-шәлекей шытырман өмірдің шынайы шындық, көзайым көріністері. Ертеңін елгезек ойлағанда ел-жұрт соларға үкілі үміт артып, арманын алғы күнге жалғады.
Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында
Көтердім елу бір бұт гірдің тасын.
Жиылған орыс-қазақ таңғалысты,
Болды деп, Қаһарманнан мынау басым.
Залог сап жетпіс бес сом күрескенде,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын.
Жігіт ағасы жарады! (Қазіргі заманауи зілтеміршілер 816 кг ауырлықты көтере алар ма екен?) Жан алып, жан беретін жекпе-жекте жанкүйер жұртты жерге қаратпады. Бәлкім, аруақты ата-бабалар мен әнбие-әулиелер жар болып, желеп-жебеп жүрген шығар…
Арқаның алтын күзі еді. Шоқ-шоқ ақ қайыңдар арасында жәудіреп көзайым көлдер қалып барады. Тың төсіндегі телегей теңіздей сарғыш тартқан егінжайға тағы да берекелі орақ түсіпті. Атбасар атырабын түгел аралап, біздің сапар Жаңадала ауданына ойысты. Обалына не керек, ақ егін ырғын бітіп, қызыл қырман дән маржанына кенеліпті. Енді қыс түскенше дала диқандары қауырт қимылдап, жиын-терінді аз күнде бітірудің қарбаласында екен. Аттаншыл науқаншылдық байқалмайды. Қайдан да аңызақтан адам тері мен күн исі келеді.
Бұдан ширек ғасыр бұрын болатын. Апшыны алған аңызақта аңқа кебе шөліркеп, қаталап, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов, жолсерік бәріміз (кейіннен қосылып қол қойған «Ырыздықтың ыстық демі» атты көлемді очерк «Лениншіл жас» газетінде жарияланды) аптап астында нұр сіңіп, мейіздей қатқан сары дала үстін армансыз ұзақ шарлағанымыз есте қалыпты. Теріскейдің қисапсыз жұлдыздары төгіле жаздап самсап тұр. Түн ауа тұз-дәм жазып, бейуақта ауатком төрағасының үйіне соғуға тура келді. Көліктен түскенде байқағанымыз, «ғимарат қазынанікі болғанмен, қожасы шаруақор екен» деген ой түйгізеді. Іштен аяғын апыл-тапыл басып тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз бала шығып атасына жармасты. Бізді де онша жатырқаған жоқ.
– Ауқат ішем, – деп қояды ара-арасында. «Ойбай, мына балақай оңтүстіктік болды ғой» деймін мен де іштей. Ат басын тіреген үй Балуан Шолақ ұрпақтарынан болып шықты. Түлкібастан келін түсіріп, немерелері жаз бойы сонда болады екен. Жайылған көл-көсір дастарқаннан сыпайы дәм ауыз тигенмен біртүрлі ас батпай, сол сықайған күйі қайысып қала берді. Көңіл қатты толқыды. Түн ортасынан ауғанда халық арасында аты аңызға айналған адам аруағымен және ұшырасқандай күй кешіп, есімін тағы еске аламыз ғой деген жай үш ұйықтаса кімнің ойына келеді? Сәбит Мұқановтың оның бейнесін сомдаған «Балуан Шолақ» хикаятын жастана жатып, шұқшия оқып шыққаным маза бермей құс төсекте қайта-қайта дөңбекшідім. «Ғалия» әнінің мақамы сызылып байыз таптырмай көкейде шамшырақтай болып нұрлы сәуле жағып, сиқырлы сәуледей тұрып алды.

БАЛУАН ШОЛАҚ
Жарықтық, Балуан Шолақ! Алаштың асыл азаматы. Оның есімі, абыройы асқақтап, арада қанша уақыт өтсе де Қараөткел, Көкшетау, Ертіс өңіріне кең жайылып, Жетісу мен Қаратауға жетіп, түгел кең байтақ Қазақстанын қамтып жатыр. Алыста болса да ой оты ешқашан өшпейді. Бір отбасында он төрт баланың ең кенжесі болып дүниеге келіп, таршылық тауқыметі қанша қыспаққа алғанмен тарықпай, өте өжет еркебұлан өсті. Уызынан жарып, қасиетті өнер дарып, қаршадайынан құс салып, ит жүгіртті, қанына сіңген атқұмарлық пен аңқұмарлық ән-күйге дейтін қатты құштарлығын өршітпесе бәсеңсіте алған жоқ. Ол ат жалын тартып мінгеннен солай қалыптасып, ит мініп, ирек қамшыламай үлкен өмір мен өнер жолына жүрек түгімен шықты. Арқаның сұлу саз, әсем әні жас қиялына қанат бітіріп, орасан үйрену мектебінен өткізді. Егер қатардағы иісалмас біреу болып өскенде оған деген өшпенділік өрісі тарылар ма еді? Бірақ әйгілі әнші балуан қайрат күшінің құдіреті тарының тар қауызына сыйдырмады. Шынжыр балақ, шұбар төс өкілдері шыжбалақтап, отырса опақ, тұрса сопақ етіп қайда жүрсе де қыр соңынан құлғанаша қалмай ізіне шырақ алып түсті. О заманда, бұ заман тотықұсты тор қапасқа қамап, бұлбұлдың бағын байлай ма? Зұлымдықтан запыста болып, ақыры болмаған соң, күрделі кесек мінезді Нұрмағамбет (Балуан Шолақ) асқақ азаматтық пен азаттық аңсап, ауыл арасындағы әжік-күжік әңгімені артқа тастап, Алатауға асты. Бәлкім, аңсары сонша ауып, сағынышы сарытап болып асқынып барғанда атажұрты өмірге деген өксігін басар. Оның үстіне алыс қиырдан келген құсынихат та сабырын сарқып, тағатын тауысып, қырықтың үстіндегі жүрек жұтқан жанның қажыр-қайратын қамшылап, жасымас жігерін қайрап, құйысқанын көтерді.
«Біздің Үйсін Абақ, Тарақ болып екіге бөлінеді. Тарақтан Жалайыр. Сізге үшбу хатты жолдап отырған біз – Абақ балалары Абақтан Бәйдібек. Бәйдібектен Сарыүйсін, Шапырашты, Жарықшақ. Сізге үшбу хатты жазған Бәйдібек ішінде Жарықшақ балалары. Жарықшақтан Дулат, Албан, Суан. Сізге үшбу хатты жазған Дулат балалары. Дулаттан Сыйқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр. Шежіреден қарап, қариялардан сұрағанда сенің руың Жаныс… Жетісу жерінің көпшілігі Үйсін. Үйсін Қытайда көп. Халқың сені көруге құштар». Ит арқасы қияндағы жыраққа жол жүрерде Балуан Шолақ былай толқымаған шығар. Ағайындарына ақыл салып еді, олар да алақұйын аласапыранда оның бой тасалай тұрғанын мақұлдап, мәмілеге келді. Артында – Арқа, алдында – Алатау. Басын тасқа да, тауға да соғып жүргенде бұл жұбаныш та жанын сыздатпай, уақытша сеп болды. Елі мен халқынан айналайын! Ешкімге маңдайымнан шерткізбей, төбесінен жай беріп, үстінен құс ұшырған жоқ. Мал-жанын да, барын да аямай қадірлеп аялап күтті. Нұрмағамбет әндері мен жырларының қуаты аңыздан бұрын жетіп жүрек жылытатын. Олардағы ұлттық нақыш пен қанық бояулар сүйсіндірді.
Жапалақ жарбаңдайды жар басында,
Немене жоқтың күні бар қасында?
Сиыр-ау, өз тіліңнен болдың қотыр,
Сақина тілеп алып сау басыңа.
Жігіттің мейманасы асып кетсе,
Ақырда түспей қалмас тәубасына.

Жасымнан мен жақсыға
жақын жүрмін,
Дария шалқар көлдей тасып жүрмін.
Мол күштің Тәңірім берген арқасында,
Дұшпанды жүндей төпеп,
басып жүрмін.
Нұрмағамбет – Балуан Шолақ
менің атым,
Бар елге мағлұм болған асыл затым.
Нағашым жалпақ Қанай деп айтады,
Болады Ұлы жүздік арғы затым.
Азамат пен ақын жаратылысы бір өлеңге қалай сыйып тұр? Бізге аңыз бен ақиқат арқылы жетсе де ән-жырдың тұтас әлеміндей Балуан Шолақтың нар тұлғасы бірте-бірте ашыла түседі. Академик А.Жұбанов оның сал-серілік өнерін аса жоғары бағалайды: «Астында ақбоз ат, басында үкілі пұшпақ бөркі бар, топтың алдында Шолақтың өзі келеді. Тобында домбырашы, әнші, жыршы, ойыншы, балуан бар… Хан тауын мекен еткен Ұлы жүздің Дулаттан тараған Сәмбет деген руы болды. Сол Сәмбет ішінде Баймырза деген кісіден 1864 жылы Шолақ туды. Оның азан айтып қойған аты Нұрмағамбет».
Саз білгірі өз зерттеуінде Баймырза баласының мол мұра асыл қазынасын «Ғалия», «Сентябрь», «Талды көл», «Ашылы Айырық», «Қос перне», «Кенжеқоңыр», «Құланкісінес», «Дікілдек», «Ыңғайтөк», «Желдірме», «Қосалқа», «Қос барабан», «Көкшетау», «Сарын» және басқа тамаша туындылары қазақтың ән әлемін байытып қана қоймай, тұңғыш рет ел арасында хор өнерін кеңінен насихаттап, барынша етек жайғызғанын баяндайды.
Ендеше алыптар тобының бір алтын шоқтығы үлкен жазушы Сәбит Мұқанов та бұны місе тұтпай, ай-шайға қарамай өз кейіпкерін аңыздан аршып алып, басқа кесек қырынан көрсетеді.
«Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді арқалап әкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап, үйретіп мінеді, аттың үстінде «шайтандай» ойнайды, зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды, денесінен оқ өтпейді, қылыш кеспейді, ағаш үйдің қабырғасын басымен сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп өтеді, жүгіргенде жәбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып киінеді, қыздың қалың-малына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы жарқыраған алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешен, қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе де «е» демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің әншісі, саусақ біткеннің домбырашысы және сырнайшысы, жүрген жері ойын-сауық».
Бұл кейіпкеріне айналған қалам­гер­дің өзіндей. Қалай болғанда да ғұмыр бойы С.Мұқановты Нұрмағамбеттің кемеңгерлік көлеңкесі өкшелеп жүргендей еді. Соғыс жылдарының бірінде ол Жамбыл ауылына арнайы барып, абыз ақсақалға сәлем беріпті. Жырау Сәбеңді соншама жақсы көріп, тұрқына қарап, «Балуан Шолақ» деп еркелетеді екен. Сәбең кештетіп ел орынға отырған кезде бейуақта келгенге ұқсайды. Үй иесі табан астында қағытпа қалжыңмен бәрін жуып шайыпты.
Амансың ба, Балуан Шолағым,
Ұқсайды соған қомағың.
Мезгілсіздеу келіпсің,
Бола қойсаң қонағым.
Мәриям жоқ қасыңда
Ыңғайсыздау сол жағың.
Қызғанатын мен емес,
Осы ауылдың тамағын.
Мал союдан кеш қалдың,
Қайнайтын ет қазаным.
Жеңіл-желпі ішіп жат
Балалардың арағын.
Қой күйіске кірді ғой
Түсінерсің, қарағым!
Әрине, осынша өнер бойына сиып, қасиеттің киесі қонған айбозымды қалай марапаттаса да жарасады, далада ондай дарабоздар аз болып па? Онда еңіске салса, төске озған қанша сөз саңлағы адамзат өркениетінің мұрынға исі бармай өмірден өтті. Жеме-жемге келгенде, жойқын күш иесі әйтеуір бір атылатын жанартаудай бұлқынатыны рас. Сарыарқаның сабат самалын жұтып, тіл сындырып, саумал қымызын ішіп, жан-жақты толысқан Балуан Шолақ та тағдырына тәуекел етіп, тіршіліктің асау толқынына қарсы жүзіп, текетіреске түсіп, бақ сынады.
«Балуан Шолақ туысқандары – Сәмбеттер үш жерге қоныстанған екен. Бірі Шу бойында қырғыз елімен шектесетін жерлерде, екінші, үшіншісі Үш Алматыдан төменгі Күрті бойындағы Ақши, Іле бойында Байсерке деген жерде екен. Ал Балуан Шолақ бабалары Есентайдың төрт ұлы Арқаға Шу бойынан ауған екен» деп жазды сатира сардары Балғабек Қыдырбекұлы Баймырза баласының өнерден олжа салып, Жетісу жазирасын аралап жүрген сәттерін суреттеп.
«Көкшіл буы көтеріліп, майдай еріп тұрған мамыр айында Қаратауды тегіс аралап, Бәйдібек бабаның, Домалақ ененің зираттарына зиярат еткен. Қаратаудың қойыны Балуанға ұнаған. Бауыры бұлақ, қойнауы толы мал, қазақ халқының бесігі Қаратау оны бір сәт толқытпай қоймаған. Елдің пейіл-берекесі, қаймағы бұзылмаған, қабырғасы сөгілмеген қазақ елінің жиі отырып, күнде дырду, тамашаның болып жатқаны оның қам көңіліндегі қара бұлтты бір сейілтіп тастағандай еді».
Бұл сапарда Балуан Шолақты қозыкөш жерден Кенен Әзірбаев бастаған өрімдей жауқазын жігіттер мен сәукелесі сәнді қыз-келіншектер салтанатпен қарсы алыпты.
Алайда ел махаббаты қаншама ұшан-теңіз болғанымен, ол Сарыарқаны кәдімгідей сағынды. Алыстағы ағайын­дарын сағалап, үш жылдан астам жүріп қалыпты. Атажұртына ыстық ықыласы, сезім сүйіспеншілігі мен ағыл-тегіл алғысы ән таза бұлағындай ақтарылды.
Шапырашты аман бол, Дулат, Ысты,
Ән салмасам әредік ішім пысты.
Қалдым, міне, айығып келіп едім,
Қапа билеп алған соң ішті-тысты.
Сарыүйсін аман бол, Албан, Суан,
Бұл жерде де ұлығың шықты жуан.
Қимасам да кетейін, жылыстайын,
Тұрғанында шақыртпай жиын-дуан.
Бейқұтшылық жалпақ ел, момын Үйсін,
Ерке сүйсе, ер сүйсе Үйсін сүйсін.
Арқа тірер бар қазақ Алатауға,
Тіремесін дегеннің іші күйсін!
Бәрібір аз айт, көп айт. «Жоққа жүйрік жетпейді» Балуан Шолақ бізге аңыздан келіп, аңызға кетіп барады. Сондай уақыт перзенті болғаны айдан анық. Оның тау тұлғасы көкшіл мұнар арасында қылаңытып көз алдында тұр. Әнші, балуан, шабандоз, майрампаз. «Сегіз қырлы, бір сырлы» марқасқа нағыз жігіт сұлтаны өмірбақи естен кете ме? «Кәдімгі Сәбит Мұқановша» айтқанда, оны мәңгі ұмыту мүмкін емес. Сәбең әйгілі балуанды шығармасында «білектері адамның санындай, саусақтары білектей, екі иығына екі кісі мінгендей, сөйлеген сөзі арыстанның күрілдегені сияқты. Мойны бұрылмайды, қараған жаққа бар денесімен қозғалады, бір жегенде бір қойдың етін жұқ көрмейді, бір сүйретпе қымызға сусыны әрең қанады» деп бейнелейтіні бар.
Жә, таңғалатын несі бар?.. Қай­ран халық аман болса, талай алып перзенттерін тудыра береді әлі. Балуан Шолақтан ұл да, қыз да қалыпты: ол он сегіз баланың әкесі атаныпты. Бойжеткен Бәтиі едәуір күш иесі болған екен. Шүкіршілік етсе болғандай. Өмір өзені өңкей өрекпіп алға қарай аптығып аға береді.
Ал Нұрмағамбет Баймырзаұлымен түйдей құрдас, бір-бірімен құйрық тістесе үзеңгілес шығып, күшімен де, әнімен де қарайлас Иманжүсіп Құтпанұлы да өзін алыс жақынға түгел мойындатып, ел-жұртын сілтідей тындырып, аузына қаратыпты. Содан бері де қанша таң атып, қанша күн батты. Сан мәрте күлімдеп көктем келді, жарқырап жаз шықты, кіреукеленіп күз кетті, қылышын сүйретіп қыс түсті. Сайын далада саят құрып, құс салып, ит жүгіртіп, арғымақ жарыстырғанға не жетеді. Бұл дөңгеленген дүниенің қызығы мен шыжығы, ләззаты мен рақаты аз ба? Балуан белдестіріп, алқа қотан той-томалақта ауыл арулары мен айымдарына қырындап ән айтып, күй тарту жанды қандай қуанышқа бөлейді! Рухы шөліркеген кісі кенезесі кеуіп келіп, жер құрсағын бүлкілдетіп жатқан алтын қайнардан шөл баспай ма? Түз тіршілігінің бұл сиқырлы да сәулелі ғажап көріністері екеуінің көз алдынан сан өткен шығар. Олар сахнада сандуғаштай ғаламат ғұмыр кешкен сал-серілердің сарқытындай еді. Жалғыз жаратқан жар болып, денесіне дәреметті керемет күш дарытып, кеудесіне бұлбұл қондырып, көмейіне бозторғай ұя салды. Бір кездері Иманжүсіптің әкесі Құтпан Кенесары, Наурызбайдың өрті бүкіл ұлан-асыр даланы шарпыған ұлт-азаттық қозғалысының сарбазы атанды. Ертіс бойынан Сыр жаққа қоныс аударып, құлақ тыныштығын іздеуі әкесінің де, өзі мен досының да алғаш оқыған әліппесі азаттық пен бостандық болатын. Оларды адастырып тұман ішінде де жұлдызды жағалауларға жетектеген тек соқыр сенім емес. Бірнеше жылға созылған бұл жанкешті жанқиярлық күресті Батыс әлеміштеп, әртүрлі құбылтып жазды. Тіпті хас қиялгер-қаламгер Жюль Верн де өзінің «Жансыз» романында Қасымов және басқалардың ақ патшаның отарлау саясатына қарсы бола тұрып, өре түрегелгенін қисайтып-қыңырайтып кертарпашылық тұрғыдан танып түсінді, халықтық қозғалыстың төл табиғатын басқаша бағалап, сыңаржақ сипат берді.
Кей кезде қараптан-қарап отырып, сарыуайым сарнап, деңдеп ой мүжиді. Осы мүйізі қарағайдай ақын-жыраулар, сал-серілер кімнің жыртығына жамау бола алады? Неге олар қылпыған өткір ұстара жүзімен жүріп, ұдайы туған халқының бар-жоғы мен мұң-мұқтажын түстеп-түгендеп іздей береді? Сыпыра жырау, Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау, Ақтамберді, Махамбет, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан Сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Естай және басқалар қашанға дейін үнемі ұлы оқиғалар оқпаны мен ұңғысында тағдыр тақсыретін тартып, жалғыздан-жалғыз жапа шегіп жүре береді? Шындықтың шікәрасы болайын деп жүргенде, жанартаулардың жалын құсқан өңеші жұтып қоймай ма?
«…Дінге шырмалғандарын есептемесек, түз түлектері сырттан келетін өркениеттердің әсерін мүлде ада-күде сезбей тыс қалды. Бұл көшпелі халық аса ынтызарлықпен азаттықты аңсап, оған қиянат жасап қол көтергендерді кім болса да иттің етінен ары жек көреді, – дейді жолжазбасында орыс әскери Бас штабының капитаны Е.К.Мейендорф 1821 жылы елші нөкерлерімен бірге Орынбордан Бұхараға кетіп бара жатқан сапарын сабақтап. – Көшпелілер уайымға тым бейім. Сырдың асау ағысы олардың бойында мөймілдеген шексіз шаттық туғызады. Өйткені уақытқа ұқсап, бір сарынмен аптығып ағатын өзен толқындарының тегеурі­нін­дей ешқандай нәрсе сондай арманшыл­дыққа итермелейді. Олар бейуақ түнде тас үстінде отырып алып, аспандағы айға қарап мұңлы әуен айтып сыр шертеді. Бұл ән-жырда қазақтардың тамаша өткен тарихы мен халық қаһар­ман­дарының ерен ерлігі жырланады».
Солай бола тұрса да, халықтың көп рухани қазынасының көзі ашылмай жатыр әлі. Біздің қазіргі біраз әншілеріміз қолға түскенін ғана малданып, солардың айналасынан шықпайды немесе бұра тартып бұзып айтудан аспайды. В.А.Затаевич аш-жалаңаш жүріп жинап, жазып алған көл-көсір қыруар ән-күй қайда? Қашанғы, неден қорына береміз? Әйтпесе, Арқадағы Иманжүсіп, Жетісудағы Пышан әуездері неге айтылып кәдеге жаратылмайды? Соңғы ұрпаққа мүлде белгісіз зиялы қауым ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытов пен Шәкәрім Құдайбердіұлы біржолата ақталып, олардың базбіріне халық туындыларын телитін болып жүрміз. Содан олардың мәртебесі биіктеп өсе ме? Бүйректен сирақ шығару ма, бұл не? Ондай сырттай сәуегейлік, марғау мүләйім, жалған жанашырлық пен құр қамқорлықтан не үміт, не қайыр?
Алаулап тұрған сағынышты оятатын сәттер болады. Жетімтауда Қажымұқанның қолынан сарқыт асап, жап-жас Роза Бағланованың әнін тыңдап, «Амангелді» фильмін тоқал там ауласындағы ақжаймадан көрген кездер ұмытыла ма, сірә? Жазушы Сәкен Жүнісов (Сәкен сері) Мәскеуге келген бір сапарында Иманжүсіп Құтпанұлының «Ерейментауын» нәшіне келтіріп орындап еді, онда даланың іңкәр даусы жатқандай! Тағдырлар бір-біріне қалай ұқсай береді. Иткөйлекті сәл бұрынырақ тоздырғаны болмаса, ­Балуан Шолақ пен Иманжүсіп бір заманның төлі. Шығармашылықтарында ортақ, үндес сарындар қалай-қалай ұласып ұқсап жатады. Қазақ сөзінің хас шебері Әбділдә Тәжібаев өз естелігінде күш атасы Қажымұқанмен болған бір қызық жайды оның аузымен былай береді: «Ол қоңыр ғана бұралған домбырамен Иманжүсіптің әнін тартты…
– Ондай адамдар мың жылда бір туа­тын шығар, – дейді балуан орамалмен көзін сүртіп.
– Сіз ол ағаңызды көрген шығар­сыз? – Қажекең маған таңданғандай қарайды.
– Көргенде қандай, шырағым. – дейді алдындағы дастарқанға қарай басын еңкейте түсіп. Ол тереңдегі бір суреттерге үңіліп отырған тәрізді.
– Қамшысын да жегенмін Имекеңнің!
– Сізге қамшы көтеріп жүрген Имекең де мықты екен.
– Мықты деу аз, түкті жүрек жолбарыстардың бірі емес пе?
– Жастық не істеткізбейді, ақыл­сыздығым үшін жедім қамшысын… Қоян­дының жәрмеңкесі қызып жатқанда, бір шақар шалға тілім тиіп кетіпті. Ол маған қамшы сілтемек болғанда мен оны аттан жұлып алып, боз үйдің үстіне атып жіберіппін… Ызалы қарт сол бетімен Иманжүсіпке барыпты. «Інің азар берді, өз қолыңмен жазаламасаң бұл дүниеде кешпеймін» депті. Ағамыздың даусы алыстан саңқылдап келеді.
– Қайда әлгі Қажымұқан деген ит?
Қымыз ішіп отырған жігіттер дүркіреп дереу сыртқа шықтық. Үйдей кер атының үстінде найзадай тіп-тік қадалған Имекең маған шын-ақ ашулы сияқты көрінді. Мен қолымды қусырып, басымды иіп тұрып қалдым.
– Әкеңдей кісіге неге азар бересің, ит? – деді мұрнынан сөйлейтін ашулы ағамыз. Сонан соң тепсініңкіреп кеп қамшысымен тартып өтті. Ту сыртым сөгіліп кеткен шығар деп ем, әйтеуір, аман екен, көзім қарауытып барып, әрең жығылмай қалдым.
– Апырым-ай, аямағаны ма? – деппін сасқалақтап.
– Әрине, аяғаны. Шындап соқса, екі бөліп түсірмей ме мені,– деп балуан маған қарады. – Әзірейіл Имекеңнің қамшысының ұшында десетін онда жұрт.
Қайда ондай ағалар, бөлек жандар еді ғой олар.
Қажекең соңғы сөздерді көңілі бұзылып айтты».
Там-тұмдап болса да мағлұматтар баршылық. Тіпті көз көргендер де мұқият­таса табылып қалуы ғажап емес. Атақты ақын Қалижан ­Бекхожин мен Айтбай Сүлейменов деген кісі Ұлттық Ғылым Академиясына И.Құтпанұлының өмірі мен өнерін ашып көрсететін ел аузынан жазып алған бір топ құжат тапсырыпты. Базбір басылымдарда жаңылыс жазылып жүргендей, Иманжүсіп 1931 жылы қайтыс болмапты. «Мен қалайша бұл жалғанда тұрақтайын» деген арманшыл жан 1929 жылы 67 жасына қараған шағында Мойынқұмда жарық дүниемен бақұлдасыпты. Бір ауылдас болған ақсақал айтады: «Аққұба, қаршыға көз, бойы үш кез. Ол құралайды көзге атқан мерген еді. Бүркіт салып, ит жүгіртіп жүретін аңшы болатын». Бұдан артық қандай ақиқат болуы мүмкін.
Қазір сол кездің оқиғаларын тірілтудің өзі оңай емес. Дегенмен, көрген көз, естіген құлақта еш жазық жоқ. Бірде Балуан Шолақ Санк-Петербургте оқып жүрген жас Мұқанды үйлендіргісі келіп ертіп алады. Және бір жолы Балуан Шолақ, Иманжүсіп пен Қажымұқан ұшырасып қалады. Қонақта отырған ағалы-інілі екеуі Иманжүсіптің келген хабарын естіп сыртқа сытылып шыққанда, Қажымұқан жастық қызбалықпен олармен белдескісі келеді. Үлкендер тұрып кішінің киліккені көргенсіздік деп тоқтатып, даланың қос көкжалы бір-біріне тап беріп ұмтылып ұстасқанда екі алып желтоқсанның қырбақ жұмсақ қары үстінде өзара недәуір шайқасады. Әрең дегенде әдісқой Нұрмағамбет қазақша күрестің тәсіліне салып, қарсыласын алып ұрыпты. Әбден айызы қанған Қажымұқан ағаларының тәсіліне тәнті болып, дүйім жұрт алдында аса ризалықпен алғыс білдіріп, кешірім сұрап, ізет сақтапты. Сырықтай қарулы Иманжүсіптің бойы сонда Қажымұқаннан әлдеқайда асып тұрған екен. Бұдан Иманжүсіп Құтпанұлының өмірде қандай болғаны көрінбей ме?
Ұлылардың үшеуара тоғысы бұл. Ғажап ғұмыр кешкендер туған халқының Тәуелсіздігін көкседі. Біз олардың азаттық жолында тордағы арыстандай арпалысып өткен өмірін ардақтап, есіл еңбегін лайықты бағалап жүрміз бе?! Гәп қайда?

Аян НЫСАНАЛИН

Ақпарат http://www.anatili.kz сайтынан алынды

Пікірлер  

# Сәкен Құрманғалиев 2016-01-28 14:30
Сәлеметсізбе! Менде бір сұрақ бар сізге№ Осы статьяда Құрманғасы деген жігіт айтылған, ол Балуан Шолақтың туысы бола ма?
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту