20-01

Ұлтын ардақтаған ұлтжанды тұлға

Ахмет      Байтұрсынов!

  Әлихан Бөкейханов!

  Темірбек    Жүргенов!

   Сәкен Сейфуллин!

         Бұлар халқымыздың рухани-мәдени, оқу-білім саласын әр қилы замандар мен саяси жүйе жағдайында өрге сүйреген Қайраткерлер.

“Елім”, “жұртым” деп жан айқайымен жанын оққа да, отқа да түскен Күрескерлер. Жоқты бар қылған, барды зор қылған Жасампаздар. Сол жасампаздық, туындыгерлік еңбектерімен есімдері ел есінде мәңгі қалған арыс Тұлғалар! Тарих оларға, белгілі ақынның образды сөзімен айтқанда, “бір мезгілде әрі ағартушы, әрі жарық түсіруші” міндетін жүктеді. Ал олар бұл миссияны көбеден қандары, кеудеден жандары шыққанша абыроймен атқарды. Дүниеде өз бойындағы жаратылыс сыйлаған талант өртіне өртеніп өлгендер, өнер салмағын көтере алмай мертігіп ажал тапқандар аз емес. Қарап отырсақ, соның көбі жиырма мен қырық жастың арасында, ой мен қырды бірдей барлап тұрған шағында  қыршын кеткен арыстар. Өз тағдырын өзі жасаған кісіге не дауа, ал бойынан өмірге құштарлық отын бір сәт бәсеңсітпей, еліне деген алаулы сезімі жүрегімен қоса дүрсілдеп соғып тұрғанда ғұмыры мезгілсіз қиылғаннан аянышты   нәрсе бар ма екен ?! Т.Жүргенов     небәры      39 жыл жасады - үшінші мүшелінен шыға бергенде өзі керемет үміт еткен мына өмірге жанар бағып соңғы рет дұрыстап қарай алмай, керек десе не болғанын жөнді ұғып та үлгермей кете барды. Кешегі 37-де орылып түскендердің баршасының түйінді тағдыры осы. Олардың барлығы көмбесіне жетпей құлаған сәйгүлік   тәрізді бойындағы барын сарқи алмай  кеткен таланттар. Осылардың ішінен Темірбек Қараұлын айрықша даралап көрсететін қасиет сол, ол Іс өнері мен Сөз өнерін  тұп-тура 20 жыл бойына қатар алып жүруі. Айта кетейік, өзіміз сөз етіп отырған кезеңде әлгі  екі өнерді бұлайша ұзақ тең игеріп жүрген қайраткерлер аз болды. Жиырмадан жаңа асқан шағында республиканы басқарған Тұрар,Сұлтанбек,Смағұлдар қоғамды қаламымен тәрбиеледі, әттең сталинизм бел алып, әбден күшейе бастаған 30-жылдар басынан бұлардың адымы қысқарып, көмейлеріне ыстық қоламта құйылды, осы себеппен қаламдары да еріксіз мүжілді.

Темірбек Қараұлы Жүргенов есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі. Ол Тәжік АССР-інің қаржы наркомы, Өзбек және Қазақ АССР-інің Халық Ағарту комиссары қызметтерін  қиын кезеңде абыроймен атқарып, ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы мен білімін дамытуға тер төккен ұлтжанды азамат. Белгілі өнер қайраткері Қ.Жандарбеков ол туралы: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз» дейді, академик А.Жұбанов: «Жүргеновтің кабинетінен шыққанда Алатауды айырып Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік»-деп, өнер басшысының қажыр-қайратына таңданады. Ал Ғ.Мүсірепов: «Жүргенов-тілді де тісті, жігерлі де іскер адам» десе, Ә.Тәжібаев: «Темірбек орта бойлы, қаршыға пішіндес кісі еді. Ол шешіп сөйлегенді, кесіп істегенді ұнататын. Осындай іскер біздің мақтаулы Нарком Жүргенов» -деп басшылық қабілетіне риза болады.  Т.Жүргенов дегенде 1928 жылы Ташкентте құрылған алғашқы Қазақ педагогикалық институтының ректоры /қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ/, 1934 жылы Жүргенов құрған Тау кен институты /қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық Техникалық университет/, әл.Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы Опера және балет театры, жаппай 10 жылдық сауаттандыру еске түседі. Т.Жүргенов дегенде 30 жылдар басында Голощекин лаңынан тұралап қалған ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп, 400 мектеп  салдырып, «қазақтың Луначарскийі» атанған Ағарту комиссары еске түседі. Т.Жүргенов дегенде тұңғыш ұлттық опера өнерінің негізін салушы, «Шахнаменің» тұңғыш қазақшаға аударылуы, «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғаш сахнаға шығуы, Жамбыл, Күләш, Шара, Қанабек, Құрманбек, Елубайлардың басын қосып, 1934 жылғы Өнер слеті, 1936 жылы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнер декадасын ұйымдастыруы,  Қожа Ахмет Яссауи мовзолейін өзі басқаратын Мәдениет комитетінің қарауына алуы ойға оралады. Ол  қазақ  өнерінің  дамуы  мен  қазақ   тілінің         республикада    негізгі   қолданыс тілі болуын арман етті және сол үшін күресті.
         Оның жазушылық, публицистикалық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді, қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, Т.Жүргеновтің қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып келеді. Себебі, оның қаламгерлік қабілеті мемлекеттік қызметінің тасасында қалды.
        Темірбек Қараұлының жаны ғалым, зерттеуші еді. Жаратылыс сыйлаған осы таланттың соңына бір жола түсуге заманы мұрша бермесе де, ол өмірінің ақырына дейін тасқа басылған сөзге деген сағынышының сарығын баса алмай өтті. Ол шын мәнінде кешегі Ахаң салған, Әлихан нұсқалаған,Мыржақыптар дамытқан әлеуметтік әмбеббаптық үлгінің жалғастырушысы. Республиканың рухани өміріндегі жаңа, соны жолға түскен дәстүрлі өнер түрлерінің бойына қан жүргізу, осы саладағы жаңа бітімді түрлерді орнықтыру жолындағы қат-қабат шаруаны күндіз атқарып келіп, көз шырымын алудың орнына түн баласы қолына қаламын ұстап, жазу жазып, талықси барып құлаған. Және мұның қай-қайсысы да әншейін жәреуке сөз, сыңарезу жаттанды емес, автордың принципшіл, тап-таза табиғатынан құйылып түсе қалған, сонымен бірге дәлелдеуі білімге негізделген, сендіруі логикаға құрылған алымды дүниелер. Бұлар тақырып жағынан да бір-біріне ұқсамайды, мақала сайын өзекті мәселелерді көтереді. Қараңыз: «Шахнама» тәржімасы қақында, «Хан Кене» пьесасының табиғаты жөнінде, Пушкиннің ақындық бітімі, Абайдың шығармашылығы, Асан қайғының туған әдебиетімізде алатын орны, тіпті сонау бір қиыр Софы Аллаяр өлеңдерінің қыры мен сыры, қазақ терминологиясының жайы туралы баяндайды.Т.Жүргенов 30-жылдар басында әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек көңіл бөлген. Бұл орайда Б.Майлиннің “Шұға” пьесасының алғашқы қойылымына арнаған “Ушуга” рецензиясын (Казахстанская правда, 1934, 21 маусым)   атап    айту    жөн.   Автордың              пайымдауынша,   ендігі      жерде әдебиетке      Меруерт    тәрізді    шарасыз           бейнелер             емес,    Шұға    сынды қайсар рухты, кесек образдар қажет - деді.
       Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей жазған алғашқы билинг қайраткер. Тілді жазушы еңбегінің құрылыс материалы ғана емес, мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген ол тіл туралы айтыстан шет қалмайды. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Жүргенов қазақ әдеби тілінің бұзылып көпшілікке түсініксіз жаргонға айналуынан сақтандырды. Осы тақырыпта «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты мақалаларында  ол 20 жылдары А.Байтұрсынов бастаған термин жасаудың ғылыми принциптерінен ауытқымауға шақырады. Т.Жүргеновтің ана тілге деген сүйіспеншілік пен қамқор көзқарасты  белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында сүйсіне еске алады:
«Жүргенов өз кабинетінде жиналыс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, олардың ішінде орыс ұлтынан мен және қарағандылық Б.Н.Орлов деген композитор болды. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Орлов орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтің қара көздері ұшқындап кетті… Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» - деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан да бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанғакелдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың  мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! …Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?»- деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті».
Апырмай, ұлт намысы дегенде жанып кетер сондай батылдық бүгінгі қандас жоғары жақтағы азаматтардың бойында болса ғой деп ойлайсың. Өкініштісі, басқа ұлттың бірлі-жарым өкілі отырса болды-ақ: «Бәрімізге түсінікті тілде сөйлейін», - деп, орысша сайрай жөнелетін дерттен біз әлі де арыла алмай жүрміз-ау. Жүргеновтің қылышы жалаңдап тұрған сол 30-жылдардағы мәрттігі осы ұрпаққа зор тағылым. «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады», -деген Темкеңнің сөзі бүгін өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.
         Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның көсемсөз мұрасының дарыны 3 нәрседен: жеке басының көшбасшылық, саясаткерлік және ұйымдастырушылық  қабілетінен бастау алады. Бұған оның «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздықты жою», «Қазақстан мен Өзбекстанның аумақтық шекарасы» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының жай-күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары» т.б.мазмұнды очерктері мен мақалалары жатады. Аталған дүниелерде ой айқындығы, дәлел мығымдылығы, сондай-ақ сипаты жағынан экономика тарихын және саяси тарихты молынан қамту, саяси полемика, мемлекетшілдік қасиеттер мол. Соңғы айтылған жәйт Жүргенов публицистикасын өзгеден бөлектейтін, тек соған ғана хас белгі.
Темірбек Қараұлының көсемсөз мұрасының бір бөлігі жедеғабыл шұғылдығымен назар аударады. Әсіресе, бұл оқу-ағарту саласын қамтитын мақалаларына тән болғандықтан олар өз кезеңінің ең өзекті, ең көкейкесті ең қажет мәселелеріне арналып отырған. Темірбек Жүргенов өзі өмір сүрген кезеңнің идеологиясына қалтқысыз сенген қайраткер, ол не жазса да өз жүрегіне сеніп, иман келтірген дүниені ғана жазды. Оның әдеби - публицистикасының салмағын да осы шыншылдығы көтеріп тұр.
Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов өмірінің соңғы күндеріне дейін  халқына, еліне адал қызмет етті, қалың жұртшылық арасында «Темір Нарком»,  «қазақтың Луначарскиі» атанып үлкен құрметке, зор беделге ие болды. Амал нешік, өзі құрысқан үкіметтің солақай саясатының кесірінен репрессия құрбаны болды. Қайраткердің зайыбы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ленинмен кездескен тұңғыш қазақ Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш Ермекова Темірбек атылған күні абақтыға жабылған. 8 жыл ғұмырын Алжирде өткізген. Күйеуінің де, өзінің де жазықсыз жазаланғандығы жөніндегі ақтау қағазын алғаннан бері 30 жылдан астам уақыт бойы ол бар күш жігерін игілікті іске, жан жары – Темірбек Қараұлының халқына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне арнады. Айнымас адал жарының қажырлы ізденістері нәтижесінде Жүргеновтің екінші, мәңгілік өмірі басталды. 1957 жылы КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясы Т.Жүргеновті толық ақтағасын, Дәмеш Ермекова жарының адал есімін халқына жаңғыртам деп фольклорист М.Байділдаевпен көп шаруа атқарды. Қайраткердің туғанына 80,90,100 жылдық мерейтойды атап өту тұрғысында естелік - әңгімелер жазып, ерінің еліне істеген     ерен     еңбегін жұртшылыққа жариялап жүріп, өзі де өмірден өтті. 2008  жылдың    14-15      қарашасында туған        жері     Қызылорда,  қызмет еткен  Алматы қаласында және Ырғыз ауданында қайраткер-қаламгердің 110 жылдығы аталып өтілді. Ғылыми–танымдық конференциялар          мен            фестивальдер  ұйымдастырылып, әр түрлі мәдени шаралар өткізілді. 2013 жылы қайраткердің 115 жылдығы Қызылорда облысында аталып өтілді.

Т.Жүргеновтің өзі мерт болса да оның ісі, атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі бүгінде өз дәрежесінде бағалануда. Артында мұра болып қалған 7 кітабы, 150-ге жуық әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері шаң басқан архив сөрелерінен алынып, өз бағасын ала бастады. «Жүргеновтің публицистикалық мұрасы» атты тақырып алда өз зерттеушісін күтіп тұр. Оның осы саладағы қызметі жүйеленіп, жазғандары түгел жарыққа шыққаннан кейін жүргеновтанудың аясы кеңейіп, міндеттері саралана түсетіні хақ.

Бауыржан Иманғалиев,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,  

фил. ғыл. кандидаты,  ҚР Журналистер одағының мүшесі

 8-701-755-9699

Темірбек Жүргенов туралы жылы лебіздер:

 

Академик, композитор Ахмет Жұбанов: Жүргеновтің кабинетінен шыққанда Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік.

 

***

 

Жазушы Әбділда Тәжібаев: Темірбек орта бойлы, қаршыға пішіндес кісі еді. Ол шешіп сөйлей, кесіп істегенді ұнататын. Осындай іскер мақтаулы Нарком.

***

 

     Халық әртісі  Құрманбек Жандарбеков: Темірбек Жүргенов қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің жанашыры ретінде білеміз.

***

     Жазушы  Ғабит Мүсірепов: Қазақстанның 30-жылдардағы әдебиеті мен өнерін өркендетуге Т.Қ.Жүргеновтің жемісті еңбек еткені жұртқа аян. Бұл уақыт барлық жағынан Қазақстанның қан тамырларының толыға бастаған кезі еді. Қоғамдық организмнің көптеген экономикалық клеткалары жанданып өсе бастады. Әсіресе әдебиетіміз бен өнеріміздің қарыштап өсуіне қолайлы  жағдай жасалды. Мәдениет майданы бірінші кезеңге шықты.  Ол кезде өнер секторы Оқу Комиссариатының қарамағында болатын еді де, оның меңгерушісі мен едім. Біз халық Комиссары боп жаңадан келген Темірбек Жүргеновтің аса принципшіл де, табанды және іскер адам екенін дереу аңғардық. Менімен әңгімелесе отырып, оның маған қайта-қайта ескерткені – бір жылдың ішінде музыкалық драма театырын ашуды дереу қолға алып, оған көмектесуімізді талап етті. «Қазақтың аса бай музыкасы, өлеңі, тамаша халық эпосы, - деді Жүргенов, - біздің өнерімізде өте нашар пайдаланып келе жатқаны, әрине, ашындырады». 

***

       Жазушы Әбділдә Тәжібаев: 1936 жыл. Барлық оқу, мәдениет, көркемөнер жұмыстарын осы Наркомпрос басқаратын. Осындай аса күрделі міндеттерді атқаратын республикалық үлкен мекеменің басшылығына ерекше іскер және қайратты Наркомның келгеніне екі жылдай болып қалған. Темірбек десе, Темірбек көрінеді. Нағыз темір Нарком! Расында да, Жүргеновтің ісі Алматы көшесін аралап жүрген жай адамның көзіне де оттай басылатын. Аз ғана уақыттың ішінде қанша мектеп салынды. 1934 жылы  бүкілқазақстандық тұңғыш слет өткізді! Бұл алыста жатқан домбырашы, қобызшы мен әнші, жыршы-жырауларды өз дүбірімен елеңдеткен тамаша жиын болды.          

***

       Композитор Александр Затаевич: Сырдария өлкесінің өлеңдерін өте көп білетін интеллигент,  байсалды жас қазақ – Темірбек Жүргенов маған Хиуадан шыққан Қоңырат руының өлеңдерінен ерекше бағалы хабар берді. Амал нешік, өзінің туған Отанының ескі өлеңдерінен көп білетін – өзінен көп нәрсе алуға болатын адам-ды, қаншама тырысқанына қарамастан, пайдалана алмадым.

***

      Халық әртісі  Серке Қожамқұлов: Мен Темірбекпен 1921 жылы Орынбор рабфагінде оқып жүрген кезінде таныстым. Жүргенов менің жаңадан бастап артист болғанымды білгеннен кейін маған аудармашы туралы өзінің тақпақ-өлеңдерін репертуарыма енгізуді ұсынды. Тақпақ-өлең 1920 жылы Орынборда «Ұшқын» газетінде жарияланды. Өлең маған ұнады. Мен оны 1926 жылы Қызылордада алғашқы Қазақ театры ашылған күні оқыдым. Өлең көрермендерге мықтап ұнады, олар көздерінен жас шыққанша шабытты күліп, мені көп уақытқа дейін сахнадан жібермей қойды. «Тілмаш – аудармашымен» ұзақ уақыт бойы айырылысқаным жоқ, оны 1936 жылы Москвада болған Қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі программасына да енгіздік, одан кейінгі жылдарда оны жадымда сақтап келдім.

***

     Халық әртісі  Құрманбек Жандарбеков: Темірбек Қараұлының театрдың творчестволық өсуіне қаншалықты күш салып, еңбек еткенін сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Өзінің тұңғышын сүйіспеншілікпен қуана қарсы алғаны әке сияқты Темірбек Жүргенов те қазақтың музыкалық сахна тұңғышын да сондай әкелік қамқорлықпен аялады. Мұндай көңіл бөліп, сергек қарағандық....бізге қосымша күш берді, біз де еселеген жігермен жұмыс істедік. 1934 жылғы 7 январьда біз тұңғыш рет Қазақ драма театрының сахнасында «Айман-Шолпан» спектаклін көрсеттік.

***

       Тарихшы Рамазан Сүлейменов: Театрдың жұмысына Жүргенов талантты қазақ ақын-жазушылары – Сейфуллинді, Майлинді, Әуезовты, Мүсіреповты, Мұқановты және басқаларды тартты. Ол бұлардың барлық дерлік сценариясы мен либреттосын талқылауға тікелей өзі қатысып отырды.

      Жүргенов театрдың ұлттық режиссер кадрларын даярлауда көп еңбек сіңірді. Ол Москвадағы театрлық жоғары оқу орындары мен студияларында қазақстандық жас артистер үшін арнайы орын бөліп отыруына қолы жеткізді. Темірбек Қараұлы Станиславскийдің системасын кең насихаттады және мұның нәтижесі қазақтың талантты режиссері Жұмат Шаниннің творчествосынан айқын көрінді. Оны Жүргенов 30 -жылдардың бас кезінде әкімшілік-шаруашылық қызметтен шақыртып алған болатын.

***

       Халық әртісі Қанабек Байсеитов: Сол онкүндіктің тұсында Темкең біздің қолбасшымыз болды. Ең зәру, ең жедел шешім қажет мәселелерді тікелей Темкеңнің араласуымен қолма-қол шешіп жүрдік.

***

       Композитор Ахмет Жұбанов: Темірбек көп сөйлеуді жек көретін, нағыз істің адамы еді. Ол екі суық сөзбен мәжілісті ашты да Мұхаңа (Мұхтар Әуезов) пьесаны оқытты. Әрине, сол кездің өзінде (1933) жиырмадан аса пьесаның авторы болған майталман драматургтің мына туындысы да тыңдаушыларды қанағаттандырды. Тек өзінің соңғы қысқа сөзінде Темірбек: «Мұхтар! Осы Басыбар демей-ақ, сол шалды азан айтып қойған Көтібар атын өзіне қайтарсаң қайтеді. Қаншама мәдениетті ат қоямын, жақа буыннан ондайды жасырамын дегенмен, басы бар болса, адамның басқа жақтары да болатынын бәрі біледі ғой. Маған десе Шекспир бұл жағынан аса қысылып – қымтырылмаған деседі ғой», - деді. Отырғандар біраз күлісіп, Мұхаң бұл ұсынысты қабылдап, сол арада – ақ келісімін беріп, Көтібар өз атымен қалды.

***

                 Ш.Ахметов: Шынын айту керек, осындай үлкен табысқа жеткеніміз үшін және жас театрымыздың даңқы туысқан республикаларға жеткені үшін біз Жүргенов басқарған ағарту комиссариатына көп қарыздарымыз , өйткені ол бізге ерекше көңіл бөліп, музыкалық театрдың барлық мұқтажын ескеріп отырды.

***

                   Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Жүргеновтілді де тісті, жігерлі де іскер адам».

Осы категориядағы басқа материалдар: « Қастеевтің қасиетті шаңырағы Балуан шолақ »

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту