20-01

«Есіңде ме Қарабұтақ, Тахауи»...

Ақтөбеде тағы бір игілікті іс-шара өтті.  Қалада қазақ әдебиетінің қос классигі Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевқа ескерткіш орнатылды. Бір ауылда туып, бірге өскен, өмір бойы бірге жүріп, бірге тұрған екі достың бас қосып, сырласқан сәті салыныпты тас мүсінге. Қуандық ақын өзінің досына жаңа жазған жырын оқып беріп, Тахауи ағамыз інісінің өлеңін елти тыңдап отырғандай әсер қалады. Мүсінші Жеңіс Жұбанқосов өз туындысында қос қаламгердің келбетін ғана емес, олардың достық сезімдерін де әдемі бейнелеген.

Ескерткіштің ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова мен қала әкімі Ерхан Омаров, Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың балалары, туыс­тары, студент жастар қатысты. Қала әкімі Ерхан Омаровтың құттықтау сөзінен кейін Тахауи Ахтановтың ұлы Дулат, Қуандық Шаңғытбаевтың қарындасы Әмина апай, ұлы мен қызы – Жәнібек, Жанна сөз сөйлеп, жазушы мен ақынын ардақтаған Ақтөбе жұртшылығына өздерінің шынайы ризашылықтарын білдірді. «Адамды адам ететін – руханият. Ал рухтың, жүректің қалауын еске салып, адамды соған жетелеп тұратын – әдебиет. Әдебиетімізде өзінің азаматтық та, қаламгерлік те келбетіне қылау түсірмеген, ел-жұртының шын құрметіне лайық тұлғалардың қатарында осы Тахауи мен Қуандық ағаларымыздың есімдерін айрықша мақтанышпен атаймыз. Мен бұл ескерткішті үлкен жақсылықтардың басы деп білемін», деді белгілі ақын, «Шамшырақ – Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы.

Иә, мұнан біраз жыл бұрын Әбді­жәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінің» кейіпкерлеріне ескерткіш орнатып, сөз қадірін білер қазақты қуантқан ақтө­беліктер асылдарымызды ардақтаудың үйренерлік үлгісін тағы да көрсетіп отыр. Ескерткіш тұрғызып, қасиет тұту үшін азаматтарымыздың дүниеден қайтқанына талай заман өтуі тіпті де міндет емес.  Уақыт сынына төтеп берген тұлғаларды дер кезінде танитын халықтық сергек көңіл, шүкір, қазіргі қазақ қоғамында бар дей аламыз.

Ал кешегі өткен ер Тахаң мен қайран Қуан ағаң қандай құрметке де лайықты еді. Оған Қуандық Шаңғытбаевтың осыдан қырық бір жыл бұрын, 1973 жылы, Тахауи досы  ер жасы – елуге толғанда жазған мына жыры да айғақ бола алады. Бұл өлеңде қазақ сөзінің хас зергері Тахауи Ахтановтың азаматтық қадір-қасиеті де, достықтың жан тебірентер күшін жеріне жеткізе жырлаған Қуандық Шаңғытбаевтың ақындық алымы да айшықты ашылған.

Есіңде ме Қарабұтақ, Тахауи,

Ең шеттегі Есмалайға тақау үй,

Бөлмесіне сәби арман сыймайтын

Сабан менен лайдан соққан жатақ үй?

Есіңде ме мелде көже, көмештер,

Түнгі түпсіз кеңестер мен егестер,

Қияндар мен қиялдарға шақырып,

Атой берген қиял жетпес елестер?

Есіңде ме айлы түндер ақ тымық,

Ең алғашқы қатпар үміт, қат күдік,

Қысылғаннан қыз алдында, ұят-ай,

Иман сөздер айта алмаған аптығып?

Сені қайдам, мен шүкірмін хұдаға,

Біз өсіппіз болмай бұла, құла да.

Жетімдікті елетпеген жегжаттар

Екеуміздің есімізден шыға ма?

Содан кейін алыс ару Алматы...

Таңсық еді-ау әр адамы, әр заты.

Айлағымыз болды ақыры сол қала,

Ақ телегей бұл өмірде қаңбақы.

Елемедік, мол ма дүние, тапшы ма,

Өзіміз ек пайғамбар да, бақсы да.

Әбу, Қасым ауызынан бөліп жеп,

Үйрендік қой ілтифатты жақсыға.

Киім болмай лекцияға баратын,

Болатын-ды күнім кейде қара түн.

Есіңде ме, ботинкаға мен үшін,

Кеткен еді-ау сенің ілкі жалақың.

Күндер келді болған бізге жыр азық,

Сала берді көрер көзге пұл азып.

Кенет бірақ сен майданға аттандың,

Қала бердім мен бұ жақта құлазып.

Күзгі кірбің бұлыңғырда сен кеттің,

Көкпен қоса көз жасты мен селдеттім.

Оқ пен оттың ішіндегі егізім,

Сені ойлаумен өтті талай сергек күн.

Жаңғырығы жоғалып сол түндер де,

Бітті соғыс, тынды тасыр күндер де.

Қайттың аман, ауыл-елді қуантып,

Мәңгі-бақи ұйықтап қалмай бір жерде.

Сосын жастық майданында қызды ойнақ,

Аһыладық, үһіледік қызды ойлап.

Қатын деген басталғанда бір пәле

Бір-ақ шықтық Ақтөбеден біз бейбақ.

Мен – қазаққа, сен үйлендің татарға,

Гүлшара ғой қосқан сені қатарға.

«Бісміллә!» – де, күпір болмай, бауырым,

Ол әкелген астың дәмін татарда.

Сол Тахашым, келдің сен де елуге,

Далмын, білмей сенбеуге де сенуге.

Кейитін ең ақ кіргенге шашыңа,

Сол ақ шаштың өзі айналды-ау кемуге.

Қартайдым деп қабақ түйме қападан,

Қартайсын деп туған баста ата-анаң.

Шаш сиресе, садағасы басыңнан,

Мен үшін сен жассың әлі ботадан.

Ақ алмасым сомдап соққан асылдан,

Құштар ең ғой келешекке жасыңнан.

Болды маған аман жүрсең, ырза ғып,

Ел-анаңды бесігіңе асылған.

Бірі жасын сөзімен, бірі жауһар жырымен қазақ әдебиетінің абыройын асырған қос қаламгердің екеуіне де бесігіне асылған ел-ананың ырзалығының белгісі бұл еңселі ескерткіш.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту