20-01

АБЫЛАЙ ХАН – ХVІІІ ҒАСЫРДЫҢ ҰЛЫ БИЛЕУШІСІ

АБЫЛАЙ ХАН – ХVІІІ ҒАСЫРДЫҢ ҰЛЫ БИЛЕУШІСІ

Аннотация

Мақалада XVIII ғасырдағы Қазақ хандығының әйгілі билеушісі Абылайдың өмір жолы мен мемлекеттік қызметі дәуірлері дәйектелген. Ханның қазақ жүздерін біріктірудегі, Қытай мен Ресей империялары саясатынан ұлттық мүддені қорғаудағы рөлін автор баса көрсеткен. Қазақстанда мемлекеттік билікті нығайтуға зардабын тигізген қиыншылықтар мен қайшылықтар анықталған.

Түйін сөздер: хан, хандық, саясат, би, батыр, бодандық, билік, экономика, мәдениет, дәстүр, тәуелсіздік, президент.

Сөз басы

Қазақ жерінде тұлғатануға қатысты тарихи ой-сананың пайда болуы әлденеше ғасырлар еншісіне тиесілі. Ал оның ғылым мәртебесімен жүйеленуі, кәсіби мамандар еңбектенетін дербес салаға айналуы ХХ ғасыр ортасында аяқталды. Мұның тамаша айғақ-дәлелі – Е. Бекмахановтың Кенесары хан жайлы 1947 жылы жарық көрген әйгілі монографиясы. Отандық тарих ғылымының тұлғалар тағдыры мен тағылымын зерттеудегі нағыз қайта өрлеуі тәуелсіздікпен өрілгеніне бәріміз куәміз. Қазіргі тарихи таным мен тұлғатану көкжиегінің кеңеюі, эврикалық қарымының артуы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев есімімен ажырағысыз байланыстағы құбылыс екені де айдан анық ақиқат. Ғасырлар тоғысында жарық көрген «Тарих толқынында» кітабы әлемдік және ұлттық тарих үдерісін талдау мәдениеті мен методологиясын асқаралы биікке көтерді, мұндағы: «ғалымдардан асырып ой өрбіту саясаткер үшін абырой әкеле қоятын іс емес», деген тұжырым тарихшылардың шығармашылық ізденісіне соны серпін берді. Өйткені тап сол 90-жылдары ақиқаттың соңғы нүктесін қойғандай өктемдіктің шеті көрінгенде, Бас хатшының айтқанын қайталауға машықтанған қарабайырлық жалғасын табар еді.

Елбасының тікелей қолдауымен тарихымызды зерделейтін ғылыми институттар, музейлер, мұрағаттар, орталықтар ашылды. Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын, Ұлттық тарих жылын атап өту, «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асуы әділетсіздікпен тарих тозаңына көмілген жүздеген есімдерді ақтауға мүмкіндік берді. Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының 2013 жылы 5 маусымдағы кеңейтілген отырысы, Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның шақырылуы – бәрі Президент саясатында тарих ғылымына айрықша маңыз берілетінінің көрінісі.

Тарихқа тағзым бүгінгі қазақстандықтардың жүрегі мен санасына игі әсер етуімен қатар олардың болашаққа сенімін нығайтты, рухын асқақтатты, қиялына қанат бітірді. Мұндай қасиет пен мінезсіз жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды, қалыптасқан мемлекетімізді, бір сөзбен айтқанда, әлем таныған қазақстандық жолды дүниеге келтіре алмас едік.           

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Аңырақай шайқасын ұлы оқиға әрі бірліктің құдіреті деп ұлықтаған Елбасымыз жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру міндетін күн тәртібіне қойды. Бұл әсте кездейсоқтық емес. Сол шайқаста ұлттық бірлік жеңіс әкелді, оғлан Әбілмансұрдың, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» беріде қауіп-қатер тәлкегін аз көрмеген текті перзенттің тағдырындағы жеті жылға созылған драмалық кезең аяқталып, басына бақ қонды, батыр атағы шықты. «Абылайлаған» ұраны өзіне есім болып тұрақтанды, уақыт өте келе халқының қамал-қорғандай айбарына, ардақтысына айналды.        Ендеше әйгілі батырларының алдында келе жатқан Абылайдың зәулім ескерткішін Аңырақай шайқасы өткен Балқаш көлінің ұрымтал жеріне неге орналастырмасқа? Ол тарихи сананы оң қалыптастыруға қызмет етіп, туризм кластерін жандандырар еді.

Аңырақай – Абылай құбылысының, жоңғармен соғыстағы ұлы жеңістердің басы. Бүгінгі Қазақстан да тәуекелі мол тарихи шешуші межеден аттап отыр. ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру, ең дамыған 30 елдің қатарына кіру, әлемдік сын-қатерлерден аман-есен өту міндеттері «барша әлемге даң болған» Абылай дәстүріне олжа салған биіктен көрінуді талап етеді. Демек, ұлттық тарихты тәуелсіздіктің сенімді серігіне айналдыра білгеннің ұтары көп. Тарих пен тәуелсіздік – бір-біріне тіреудей құндылықтар.

І. Отарлау мен жаугершілік ғасыры

Осыдан тура 282 жыл бұрын 1731 жылғы 5 қазан күні Ресей сыртқы істер мемлекеттік алқасынан жіберілген тілмаш Мәмет Тевкелев Ырғыз өзенінің бойында отырған Әбілхайыр хан ордасына жетті. Кіші жүз қазақтарының Ресей құрамына кіру үдерісі басталды. Ал Әбілхайыр ханды Ресеймен жақындасуға итермелеген негізгі себеп ел мен жерді тоздырған жоңғармен, Еділ қалмағымен, башқұртпен соғыстар еді. ХVІІІ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы үшін соғыс және бейбітшілік мәселесі өмір мен өлімнің, азаттық пен құлдықтың бетпе-бет келген сәтіне айналды. Жанталас ғасырларға созылатынын ешкім білген жоқ. Өмір мен азаттық үшін күрес халқымыздың асыл перзенттерінің есімін мәңгіге қалдырды.

Әлемдік үдерістер биігінен қарайтын болсақ, Әбілмансұрды Абылай атандырған, қазақты «Елім-айлап» зарлатқан ХVІІІ ғасыр барша адамзат үшін де үміт пен күдікке, кереғарлықтар мен қайшылықтарға толы. Оны бір-бірімен арпалысқан Еуропа мен Америка мемлекеттері тағдырынан, Азия мен Африка аумағын шарпыған тарихи-өркениеттік іркілістерден байқауға болады. Өнеркәсіптік төңкеріс артықшылығын басқалардан бұрынырақ ерттеп мінген Ұлыбритания мүмкіншілігі, дұрысы кемесі мен от қаруы жеткенше жат ел мен жерді отарлауын жалғастырып жатты. Еуропа мен Азияға терезе ашқан Ресей бөтеннің есебінен ұлғайып, империя мәртебесін иеленді. Шығыстағы көршіміз Қытай манжурлардың отарына айналғанына қарамастан басқаларды жұтып жіберуге бейім ниетін жасырмады.

XVІІІ ғасыр –ұлы тұлғалар мен идеялар ғасыры. Ресей мемлекетін өрге сүйреген Петр І, орыс ғылымын өркендеткен М.В. Ломоносов, Францияның бағы мен сорына айналған Наполеон, АҚШ-тың тұңғыш Президенті Дж. Вашингтон, ағартушылықтың негізін қалаушы Вольтер осы ғасыр перзенттері. Жаратылыстану ғылымындағы жаңалықтар эволюциялық идеяның, механика мен математикадағы ілгерілеулер өнеркәсіптік төңкерістің өмірге келуін тездетті.

Еуропалық жаңа империялар күн санап нығайып жатқанда, Азияда мүлде басқаша ахуал қалыптасты. Өндіргіш күштер, ғылым мен техника дағдарысқа ұшырап, бұрынғы күш-қуат сарқылды. Өзара талас-тартыстан Индиядағы моғолдар державасы, парсылық Нәдір шахтың державасы ыдырады. Осман империясының дәурені ұзаққа созылмайтыны белгілі болды [1].

Дегенмен байлық пен билікке талас дүбірі XVIII ғасырда төрткүл дүниені кернеп кетті. Отарлаумен келген байлықтан басы айналған, мехманасы тасыған француз королі Людовик XV: «Бізден кейін топан суы қаптаса да» («После нас хоть потоп», «Apzes nous le deluge») деп, тоғышарлықпен өзін-өзі әшкереледі. Ал ағылшындардан азаттығын енді ғана алған АҚШ-тың тәуелсіздік Декларациясында: «Барлық адамдар тең жаралған, олардың барлығына түпжаратушы өмір, азаттық және бақытқа ұмтылу тәрізді жатсындыруға болмайтын құқық сыйлаған», деген аталы сөздер жазылып, саяси мәдениет пен демократияның іргелі формуласы дәйектелді.

Осылайша, тарихи үдерісте адамгершілік пен ізгіліктің маңызы артқанымен дүлей күшке, зорлық-зомбылыққа сүйенумен байлық жинау, тұтас халықтардың тағдыр-талайын тәлкекке салу үдей түсті. Ұлы дала қанша кең болғанмен қазақтың да тынысы тарылды. Бұқар жырау айтқандай:

Кетпейін десе, жері тар,

Кетейін десе, алды-артын.

Қоршап алған кәпір бар.

Ұйлыққан қойдай қамалып,

Бүйірінен шаншу қадалып,

Сорлы қазақ қалды, ойла! –

дейтін екіұдай заман туды [2].  

Ел мен жердің тағдыры Отан қорғауға халықты жұмылдыра алатын билеуші мен билердің, батырлар мен жыраулардың, байырғы түркі заманында айтылғандай, «батыл, игі кісілердің» қолында қалды. Абылайдай айбындыға зәрулік қоғам сұранысына айналды. Тарихи жауапкершілік үдесінен шыққан Абылай құбылысы – халқымыздың жасампаз табиғаты мен әлеуетінің, бәсекеге қабілеттілігінің мәнді белгісі, мәңгі ел мен ұлттық идеясының символы.

Адам – өз заманының перзенті. Әйткенмен, заманынан оза туатын дара тұлғалар да болатынын бекерлеу мүмкін емес. Егер өлмес мұра қалдыруымен заманынан оза тумаса, мыңдаған, жүздеген жыл ілгеріде ғұмыр кешкен Аристотелді, әл-Фарабиді, Коперникті, Ұлықбекті бүгінде кім білер еді? Есімін мәңгіге қалдырған тұлғалардың жұлдызды шоғырына Абылай да енуі керек.

ІІ. Абылай асқан асулар

Жеке басына түскен жеті жылдық драмаға қарамастан Абылай жұлдызының жоғарыдан көрінуі әбден орынды: ол – ел билеген әулеттің ұрпағы, асылдың тұяғы. Бұған қоса ақсүйектік тәрбие мен білім ұясынан ерте ілгені бар еді. Бойындағы бұла күш пен талантты мезгілі жеткенде ежелгі дұшпанның қаскөйлігі сыртқа шығарды. Тұлғаны тарих сахнасына көтерген жау алыстан келмеді. XVІІ ғасыр ортасынан бірде табысып, бірде шабысып жүрген Жоңғар мемлекеті агресиялық саясатын, барша қаһарын қазаққа төкті. Көшпелі өмір салтын кешкен жоңғарлар қазақ елінің ата жауына айналды. Бұлар отарлаудың ең сорақы жолын – төл мемлекетімізді күйретуді, қазақ халқын жер бетінен жоюды таңдады [3].

1723 жылғы апат «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атауымен қазақ халқының санасы мен жылнамасына мәңгіге енді. Қазақ қазақ болғалы мұндай қасіретке, қырғынға тап болмаған еді. Халықтың үштен екісі қырылды, елден босып кетті. Алтай мен Жетісу, Арқаның біраз жері жау қолында қалды. Қазақ жасақтарының Бұланты өзеніндегі жеңісі жоңғармен соғысқа түбегейлі бетбұрыс әкелмеді. Ал Аңырақай шайқасындағы жеңіс, біріншіден, шаңырағы шайқалса да аман қалған мемлекетіміздің қайта нығайған әлеуетін паш етсе, екіншіден, Шарыштың басын қаққан Абылай тағдырының жұлдызды кезеңін ашты.

Бүгінгі ұрпақ Абылайдың қилы тағдырын замандасы Үмбетей жырау, ақылманы Бұқар жырау, серігі Тәтіқара ақын, басқа да білімпаздар шығармасынан біледі. Әсіресе Тәтіқара ақыннан жеткен:

     Қалмақпен соғыс болғанда,
   Алғашқы бақты тапқанда,
       Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
   Жау қашты деп айғайлап,
Абылайлап шапқанда...
   Сол ерлікпен хан болдың,
Әлем асқан жан болдың,
       Барша әлемге даң болдың, -

деген жолдардың танымдық, деректік, эмоциялық, методологиялық бәсі мейілінше жоғары [4]. Даланың ауызша тарихнамасы ұлттық тарихымыздың сырын ашып, шырайын кіргізетін қазына екеніне көзімізді жеткізеді.

Аңырақайдан кейін тура жарты ғасыр бойы Абылай есімі жұрт аузынан түспеді. Арада 3-4 жыл өткен соң Орта жүздің ықпалды сұлтаны дәрежесіне көтеріледі. Шәкәрім қажы: «Абылайдың хан болғаны 1735 жылдың маңайы болар», деп пайымдаған екен. 22 жасар Абылай хан тағына отырмаса да Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің сенімді серігі екені күмәнсіз. Өйткені 30-шы жылдар ішінде-ақ жазылған әлденеше ресми құжаттарда Әбілмәмбет пен Абылай есімдері қатар аталады. Іргелі мемлекеттік мәселелер бойынша екеуінің бірлесіп жазған хаттары Ресей әкімшілігіне жолданып отырған. Мәселен, 1737 жылы Ресей тыңшылары мәліметтерінде, Останков деген полковниктің жазғанында Абілмәмбет пен Абылай Ресей патшасына бағынбақ ниетте екені ауызға алынса, екеуінің атынан жазылған бір хатта «Әбілмәмбет баһадүр сұлтан», деген жазулы мөр, «Сізге деген сеніммен Абылай сұлтан мөрімді бастым», деген жолдар бар [5]. Ал 1737 жылдың көктемінде Елек өзені бойында отырған Әбілмәмбет ханға, Барақ және Абылай сұлтандарға башқұрттың бір топ жақсы-жайсаңдары келіп, өздеріне хан болуға Абылайды шақыруы жас сұлтанның атақ-даңқы алысқа кеткенін айғақтап тұр.

ХVІІІ ғасырдың 50-ші жылдары ол Орта жүздің билеушісі мәртебесімен атала бастады. 1758 жылғы Ресей сыртқы істер алқасының жарлығында «Орта жүздің бас әміршісі Абылай сұлтан ...» делінсе, сол жылы өзі жазған хат: «Орта жүздің билеушісі Абылай сұлтан ...» деген жолдармен басталыпты [6].

Қалай болғанда да, қазақтың тағдыры қылыш үстінде қылпылдаған 20-шы жылдар аяғынан өмірінің соңына дейін ұлттық саяси элита тобына кіргені, хан мәртебесін ресми алмай тұрып-ақ ханға тиесілі миссияны ішінара атқарғаны тарихи ақиқат. Саяси басшы ретінде қазақ қоғамының өміріне осыншама ұзақ уақыт пәрменді ықпал еткен Абылайдай тұлға ұлттық тарихымызда кездесе бермейді. Бұл – бір.

Екіншіден, халық әдебиетінде Көкшетауда 48 жыл хан болғаны ұлықталған. Бұл, әрине, байтақ зерттеуді талап ететін мәселе. Дегенмен 1760 жылғы желтоқсанда Ресей патшасы атынан жазылған құжаттағы: «...Абылай сұлтан, сізден сұрайтыным, арамыздағы көршілік татулықты бұзбас үшін қарауыңыздағы қазақтарға Ертістің шығыс жағына малымен өтпеуді қатты тапсырыңыз... Қазір Петропавлға таяу Көкшетау ішінде қыстап отыр екенсіз... Өзіңіз маған келе алмайтын болсаңыз, бір сенімді кісіңізді жіберіңіз», деген жолдар, 1778 жылғы 5 наурызда губернатор П.Д. Мансуровқа келген ақпараттағы: «... Абылай сұлтанның Көкшетау ішіндегі қысқы ордасына жеттім ... Абылай сұлтан өзіне салынып берілген ағаш үйдің жасаулы бір бөлмесінде балаларымен отыр екен», деген мәліметтер фольклорлық деректі растайды [7]. Ендеше, Қазақ хандығы астаналарының қатарында Көкшетау қаласының да тұруына толық негіз бар.

Күндіз отырмастан, түнде ұйықтамастан Отан қорғауға, мемлекетті сақтауға жегілген жарты ғасыр ішінде Абылай қалың қол бастап жауға да шапты, орыс, қытай, манжур, қалмақ, башқұрт, қырғыз, жоңғар басшылары һәм делегацияларымен күрделі келіссөздер жүргізді, Қазақ елі азаматтарының егемендігі мен қауіпсіздігін қорғады, Персия, Ауғанстан, Түркия тәрізді ислам елдеріндегі, Еуропа мемлекеттеріндегі оқиғаларды жіті қадағалады, тіпті жоңғар тұтқынына түскені де бар. Осылардың бәрінде кемел тұлға, қарымды қайраткер, тереңнен толғайтын кемеңгер басшы қасиеттерімен ерекшеленді.

Әрине, өзін-өзі ұстауында, мінез-құлқында өзгерістер болмай тұрмады. Айталық, 1740 жылғы 27 жасар Абылайды орыс деректері алғыр да албырт жан ретінде сипаттайды: «Абылай сұлтан ханнан гөрі сөзшең екен және сұрақтарға ұшқыр жауап беріп, өзін көрсетіп отырды да: «Біздің іс-қылықтарымызды сөге көрмеңіздер, орыстармен қарым-қатынасқа үйренеміз, патша ағзамның мейір-шапағатынан өнеге алып, бірте-бірте жақындасамыз», деп қалды да, тағы: «Үй ішінде бас киімшең отырғанымызды да түсініңіздер, біздің қалыптасқан дағдымыз осылай» - деді. Хан да басын изеп құптады» [8].

Арада 17 жыл өткенде Қытай елшілері оны басқа қырынан көріпті: «Абылайдың жасы қырықтан асқан, бойы аласа, қаба сақалды, - дейді олар. – ол өте сергек, қисынымен сөйлейді. Бізді қабылдаған алғашқы екі күн ішінде ешқандай сырын білдіртпеді. Сонда ол, шамасы, біздің сөз-әрекеттерімізді сынап отырған». Сөз орайы келіп тұрғанда айта кетейік, Шоқан Уәлиханов атасы Абылайдың зор мәртебеге жеткенін жеке басының дара қасиеттерімен байланыстырады. Сан қиырдан жиналған ел ағалары, замандастары қаһармандығын, дариядай даналығын жарыса мақтап, мадақ жырына қосқанын, оның ерлігі туралы біріне-бірі айтып, тауыса алмағанын жазды.

Абылай құбылысының мәнісі дана даралығында ғана емес. Оғлан, батыр, сұлтан дәрежесінде жүргенде, хан тағында отырғанда айналасына үздік ақыл-ой иелері мен қайраткерлерді топтастыра білді. Қытай дерегінде айтылғандай, «араласатын адамдарының барлығы байлар» еді. Яғни билік, байлық, білік одағына сүйенді. Батырлары мен қолбасшылары қысылғанда қиыннан қиыстырып жол таба білсе, билері мен мәмілегерлері елішілік және халықаралық мәселелерді оңтайлы шеше алды.

Бүгінде XVІІІ ғасырдағы барша қазақ батырларын Абылайдың ту ұстаушысы болғандай тәптіштеу дағдыға айналып барады. Абылай жүздеген батырды білгеніне күмән жоқ. Бірақ стратегиялық әскери-соғыс мәселелері бойынша ұлы батырлармен жақын аралас-құралас болғанын да ерекше бағалауымыз керек. Нақтырақ келсек, Бұқар жырау мұрасында Абылай тұсындағы 20 шақты батырдың есімі аталады. Шоқан Уәлиханов та осыншама батырды айшықтаған. Бұлар қиын-қыстау сол заманда басқалардан оқ бойы озып шыққан сардарлар мен сарбаздар. Екінің бірін Абылай деңгейіне көтеріп, ұлылар қатарына қоса берсек, ұлттық тарихымыздың қадір-қасиетін жоғалтып алуымыз, қисынсыз баянмен әркімге күлкі болуымыз оп-оңай. Бірінші қадам ретінде дұрысы – әйгілі билеушіні XVIII ғасырдағы әлемдік тұлғалар деңгейіне көтеру міндетін шешу. Сонда қазақ қоғамының көшбасшысына лайықты көтерілгені кімге болсын түсінікті ашылары сөзсіз.

Біресе тоқтап, біресе күндей күркіреп, қайта басталған қазақ-жоңғар соғысы ғасырдан астам уақытқа созылды. Төрт ұрпақ толарсақтан саз кешті. Абылай ханның тарихи рөлі осы қанды майдан, жорықтарды, Еділ қалмақтарының кері қайтпақ жоспарын қазақтар үшін, қазақ халқының белсенді қатысуымен, толық жеңіспен аяқтағаны. Осынау бір ғана табысымен-ақ ұлттық тарихтан мәртебелі орын алуға лайық.

Абылай – мемлекетшіл тұлға. Тәуелсіздікті сақтап қалудың басты шарттарының бірі хандық билік тізгінін нық ұстау деп білді. Шынында да, мемлекеттің шаңырағын шайқаған «Ақтабан шұбырындыдан» кейін күшті хандық биліксіз қазақтың ел болуы екіталай еді. Әйгілі билеуші мақсатқа жету үшін барын салды. Шоқан Уәлиханов жазғандай, қазақтың ешбір ханы Абылай сияқты шексіз билік құзіретіне ие болған емес [9].

Абылайдың ана сүтімен дарыған, қатыгез ғасыр шыңдаған мемлекетшілдігі жоңғарлар талқандалғаннан кейін Алтай, Жетісу үшін Қытаймен теке-тірес кезінде толығымен ақталды. Ал қарсылас осал емес еді. Біріншіден, Қазақ елін өзіне қарату ниетін бірде ашық, бірде жасырын білдіріп жатты. Екіншіден, жоңғарлардан босаған жер бұрынғы иесі – қазақтарға қайтарылмайтынына сенімді болатын. Үшіншіден, кез-келген сылтаумен Қазақ хандығына қарсы әскерін қолданатынын алдын-ала ескертті. 1757 жылы Қытай әкімшілігі Абылайға жолдаған хатында кімнің кім екенін ашық жариялайды. «Егер сендерге моңғолға жасағандай ішкі жасақ тәртібін қолдансақ, - делінген хатта, - қысым көріп қаласыңдар. Демек, бұрынғы қоғамдық салт-жүйелеріңде бола беріңдер ... Ал, сенің елшің бізге жеткізген: «Тарбағатай тегінде біздің байырғы жайлауымыз еді, сол жерді патша бізге берсе»,-деген сөзге келсек, бұл жерлер жаңа ғана тыныштандырылған. Әлі иен жатқан өңір. Патша, әсілі, ол жерді сендерге қиып бере салушы еді, бірақ сендер бізге еңбек сіңірген жоқсыңдар, ебін тауып ел болып алғансыңдар» [10].

Міне, осындай қаһарлы қарсыластан жер жәннаты Жетісу мен еліміздің алтын алқасы Алтайды Қазақ хандығы аумағына қайтару айдаһардың аузынан жем алғаннан әсте жеңіл еместігін бүгінгі ұрпақ ұғынуы керек.

Абылайдың экономикалық ұстанымы мен көзқарасы өнеркәсіптік дамуды қолдау талабына жақын. Ол отырықшылықты, жер шаруашылығын өркендетуді жақтады, кенттік өмір салтының артықшылығын қапысыз түсінді. Жаз - жайлауда, қыс - қыстауда көшіп жүрсе де, Қызылжар, Көкшетау, Түркістан тәрізді қалалардан тым ұзап кеткен жоқ. Өндіріс жабдықтарын, еңбек құралдарын, өнеркәсіп тауарларын әр тараптан алдыруды қаперінен шығармады. Алайда соғыстар мен әскери қақтығыстар, мемлекеттік аппараттың дәрменсіздігі елдің экономикасын реформаторлықпен жаңғыртуға мүмкіндік бермеді.

Қазақ қоғамының экономикалық және интеллектуалдық әлеуетін аса жоғары тиімділікпен қолдана білгендіктен ел мен жер аман қалды. Ресей мен Қытайға бодандық номиналды сипат шеңберінен шықпады, ал «бодан» Абылай хан жоғарыдан пәрмен сұрамай-ақ қырғыздарды Шу өзені аңғарына дейін қуды, Жизаққа дейін барды, Ташкенттен алым алып тұрды. Алпауыт державалармен сауда-саттық, экономикалық байланыстар орнатты. 1777 жылы «менің елшілерім Қытай, Парсы т.б. елдердің патшаларына, тіпті мен оларға бағынбасам да, еркін барып-келіп жүреді», деп жазғаны бар [11].

Қарапайым адамдардың әлеуметтік сұранысын шешуге Абылайдың тікелей араласуы, мәселен, ұрлық-қарлыққа қарсы күресі, Қытайдан дәрі-дәрмек алдыруы, тұтқындарды босатуы – бәрі мемлекетшілдіктен туындаған әрекет. Бұл тәжірибе кеше де, бүгін де өзекті. Өйткені ол билік және адамдар арасындағы түсіністікті нығайтумен тыныштық пен тұрақтылықтың кепіліне айналады.

Абылай заманында Қазақ хандығының тыныс-тіршілігін құқықтық реттеу «Жеті жарғы» арнасында жүзеге асты. Төле, Қазыбек, Ақтайлақ, Бекболат, Құттыбай билер мемлекеттік маңызы зор шешім қабылдауға септескені сөзсіз. Абылай өз атынан жарлық шығарғаны ақылманы Бұқар жырау, қария тарихтың білімпазы Мәшһүр-Жүсіп мұрасында айтылады. Ең бастысы – ұлттық құқық пен тәртіп Ресейге қосылғаннан беріде де сақталып келе жатқанын Абылайдың өзі куәландырады. Ол 1778 жылы: «Міне, 46 жылдан бері шекарадағы Ресей бекіністері аман, адамдары орнында. Әрине, қазақтар тарапынан бекіністерді шауып, талаған, адамдарыңызды өлтірген, заңсыз ағаш кескен жағдайлар бұрын болды. Қазір олардың бәріне тыйым салынды», деп жазыпты [12].

Демек, қазіргі қолданымдағы Конституциямызда әлеуметтік, құқықтық мемлекет құруды көздейтініміз баса көрсетілуі бөтеннің, ілгеріге озғандардың тәжірибесін қайталағанымыз емес, төл тарихымыздан туындаған байлам-тұжырым.

Абылай бір орталыққа бағынған мемлекет құрғысы келді. 1771 жылы хан сайлануымен Орта жүз бен Ұлы жүз аймақтарында осынау ұлы идеяны бірсыдырғы жүзеге асырды да. Заң шығару, атқару, сот билігін қолына шоғырландыруға тырысқаны рас. Ал бұл әлемдік-тарихи маңызы бар талпыныс ретінде бағалануы керек. Көшпелі өмір салтындағы халықтар темірдей тәртіппен орталықтанған мемлекет құра алатынын ХІІІ ғасырда Шыңғыс хан көрсетсе, отырықшы халықтың капиталистік қатынастарға аяқ басқанда да саяси бытыраңқылықтан шығуы оңай еместігін XVІІІ ғасырдағы Германия тағдыры дәлелдеді. Мұнда 300-ден астам князьдық бар еді [13].

Абылай тұсындағы қазақ мемлекетін құрылысы бойынша дәстүрлі деп атаған жөн болар. Оның орталықтанбау негізінде әлеуметтік-экономикалық факторлар жатыр. Өнеркәсіптік өндіріс бой көтермегендіктен әрі ұлттық валюта қабылданб<

Пікірлер  

# Динашева Дина 2016-01-28 14:32
Жақсы жұмыс
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту