20-01

Жақсының аты өлмейді...

Болатжан ағайды жылдан-жылға таныған сайын әр кездесудің өзі қызықты оқиғаларға толы көркем шығарма туғызуға болатын ерекше тұлға болатын. Әрине, ағайдың наным-сенімдер ғұрыпының фольклорын зерттейтіні өзіндік іздерін білдіріп тұратыны жиі белгі беретін. Оның бірі боп еске түсетін бір оқиға, ағайдың үйінен кітаптарын алып тұратынмын. Бір күні іздеген екі-үш кітаптарды жұмысынан алып кетуімді айтты. Жұмысқа келсем, мені көріп назаланып ертең алып келетінін, одан өзі ыңғайсызданып үйден алып кетуін өтінді.

Үйіне мәшинесімен бара жатып, жақында көлігін ауыстырғанын айтқаннан кейін, алаңдатпайын деп сөйлемей отырдым. Үйге жақындағанда мұнда қай жылдан бері тұрып жатырсыздар деп едім. Мәшине ары-бері шайқалып, аяғы тиер-тимес тежеуішін сықырлата жолдың жиегіне зорға тоқтады. Не болғанын түсінбей есім кетті. Ағай біраз отырып, бір кезде көзінен жас аққанша күлгені бар емес пе. Ағайдың не үшін күлгенін түсінбей, не болды ағай десем күлкісіне шашалып жауап бере алмай, болған оқиғадан үйіне көтерілгенше күлді. Апай екеуіміз не болып қалды деп ағайдың күлкісін  зорға тоқтатып сұрадық. Сөйтсе мәшинеде келе жатып ағай менің отырғанымды ұмытып, мен сөйлегенде мына радиомды кім қосты? Сөйлеген кім? деп өзінен-өзі шошып, мені ұмытып кеткені есіне түсті. Осы жағдайдан кейін ағайдың тылсым күштің бар екеніне сенетінін байқадым.

Болатжан Абылқасым ғылымдағы яғни, қазақ фольклорындағы аса күрделі және алғаш көне наным-сенімдерге қатысты ғұрыптық тақырыптың құпиясын ашқандардың бірі болған. Оның ғылыми еңбектері қазақ фольклорының мәселелерін: архаикалық жанрлардың спецификасы мен типологиясын, генезисін, жанрлық арақатынасын, олардың қазақ фольклорындағы орны мен мәнін айқындауға, зерттеуге арналған. Б.Абылқасым қазақ фольклоры мен ақын-жыраулық поэзиясының  жалпы теориясын жасауға және олардағы кейбір өте маңызды заңдылықтарды ашуға елеулі үлес қосты. Осы ғылыми-зерттеу қызметіндегі мерзімнің ішінде «Қазақтың толғау сөздері» (1984), «Телқоңыр» (1993), «Көкбай ақын» (оқу құрал, 1998),  «Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры» Хрестоматия (2004), «Қабанбай батыр» (2005) атты еңбектері көкейкесті, өзекті мәселелерді қозғап, ең бір кезек күттірмес сауалдарға жауабын табатыны туралы айтуға болады. Қазақ фольклорының көне наным-сенімдерге қатысты үлгілері мен түрлерін жіктеп, сиқырлы сөз жүйесін, магиялық поэзиясын тануға бағытталған. Соңғы жария көрген оқулыққа көмекші құрал ретінде «Қабанбай батыр» жинағы көпшілікке таныс емес екі нұсқасы жарық көрді. Осы жырдың типологиялық ерекшеліктеріне, тарихи проблемаларына, зерттеушілердің пікірлеріне тоқталып, нақты деректерге талдаулар жасаған. Бұл еңбектер алдағы күнде кеңінен алып қарастырудың бастамасы болып отыр. Сондай-ақ, ұжымжық еңбектерде жарияланған мақалалары фольклордағы тарихилық проблемасының сыр-сипаты жан-жақты қарастырылады. Мұндай зерттеулер қазақ фольклорының тарихи даму жолдарын, оның сырын ұғыну жөнінде айтарлықтай мәнді еңбектер екенін білеміз.

Сонымен бірге, жұмыс бабымен Астана қаласына ауысқанда, ағайдың өмірден алған мысалдары мен теңеулері, ақыл, өсиеттері жиі есімізге түсіп, сағындырды. Қайткенмен де алыста жүрсе де ақыл сұрап, жиі сөйлесетінбіз. Біраз хабарласпасақ, не боп қалды деп өзі уайымдап, қалдарың қалай деуі бар еді. Басында алыс жолға үйренбегендіктен бе, жаздың шілде айында келген кезінде Алматының ыстығына шыдай алмай қала сыртындағы саяжайға кетіп қалыпты. Ағайдың қылықтарын ұмытып қалғандықтан ба, ұялы телефонына хабарласып мекен-жайын сұрап келетінімізді айттық. Ағай мекен-жайды түсіндіріп, келетінімізге балаша қуанып, адасып кетпеңдер жолдың бойында отырамын, – деді. Содан жолда бір сағаттан аса келе жатып адастық. Ағай телефоннан қайдасыңдар, жолдың бойында отырмын ғой! – деген сайын екі көзімізді жолдың бойына тігіп, ағай өзгерді ме, әлде біз тани алмай жатырмыз ба? - деп ағайды көре алмадық. Қайта қайтып жолдың екі жақ жиегіне баяу жүріп ағайды таппай, қайта хабарласуға ыңғайсызданып, түсіндіргені бойынша жолаушылардан сұрап жол сілтеп бұрылатынымызды айтты. Содан Еңбекшіқазақ ауданының саяжайына қарай бұрылып аралап келе жатсақ, біз іздеп жүрген ағайымыз үйінің жанындағы кішкене көшесіндегі тастың үстінде отырғаны бар, сондағы ағайдың сол қалпы қылықтары өзгермегені есімізге түсті.

Өзімді ғана емес айналамдағылардың барлығын таң қалдыратын керемет тақырыпты бір кішкене қағазға жазып қолыма ұстатқаны әлі есімде... Кім болмасын жұмысымның барысын білмес бұрын тақырыбымды ести сала қандай тамаша тақырып екені айтады. Сондай-ақ, Үміт апаймен әңгімелескенде бір керемет күш, шабыт беретінін байқайсыз. Әрдайым алға талпындырып атына сай үміттің өшпейтінін еске салатындай.

Осындай жебеуші ағайлар мен ақыл айтар апайларымыз жадымызда әрдайым жүріп айтқан сөздері тек айтылып қана қоймай оның мағынасын түп тамырымен түсінетін жастар табылсын. 

         Осы айтылған ойларды Халел Досмұхамедовтың сөзімен қорытқым келеді: «Өз ісінің әбден төселген, ысылған, тәжірибелі мәселен, би, ақын, бақсы, зергер және тағы басқалар өздерінің қасиетті өнерін ізбасар шәкірттеріне аманат етіп тапсырғанда ақ батасын береді», - деген.

Назым Нұрақыш, шәкірті

Жақсының аты өлмейді...

(Болатжан ағаның рухына)

Жарқ етіп жұлдыз көкті жарып өтті,

Көкке ұшып жақсы адамның жаны кетті.

Сол түні анасынан арда туған,

Ақ жүрек, аңқылдаған ғалым өтті.

Ажалдың сәті бар ма сәл кешіккен,

Ентелеп ес жиғызбай келді есіктен.

Құйылып қыран-ғұмыр қапы кетті,

Бұйырып топырағы жер бесіктен.

Бабасы Қабанбайдай текті ұл еді,

Ер мінез, даралығын көп біледі.

Сезіліп елдің қамын ойлайтыны,

Езіліп тұрушы еді ет жүрегі.

Жақсы еді, жаны сондай жайсаң еді,

Үлкенге, кішіге де бай сәлемі.

Баладай тірі жанға зияны жоқ,

Даладай құшағы ашық, байтақ еді.

Жасынан жазды ғылым жалықпастан,

Өлмейтін өнегені танып бастан.

Тұлпардай бой жасырып, төрге озбады,

Асықпай әр қадамын анық басқан.

Қалдырып кетті еліне бар байлығын,

Көтеріп фольклордың талмай жүгін.

Ініге біздей мына ардақ тұтар

Ағадан айырылған қандай қиын.

Қайғының сөзі болсын қайдан жеңіл,

Тағдырдың қазығына байлаулы өмір.

«Жақсының аты өлмейді» дегенменен,

«Жоқ» –деуге қимайды екен, қайран көңіл.

Серікзат Дүйсенғазин

 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті филология факультеті

деканының орынбасары, филология

ғылымдарының кандидаты, доцент

Атын асқақтататын ізденіс

 

    Менің ғылым жолындағы шәкірттерім өздерінің ризалық сезімдерін ең әуелі Әди Шариповке айтуға тиіс. Дәлел қандай дегенге келсек, онда өзімнің өмірден түйген азды-көпті тәжірибемді амалсыз көлденең тартуыма тура келеді.

     1967 жылы Баку қаласына барып, Әзербайжан әдебиетіндегі сын жанрын зерттеген ғалым әдебиет институты директорының орынбасары, Әзербайжан ғылым академиясының академигі Камал Абдоллашаңходлы Толыбазаденнен атақсы сатирик, бүкіл түркі жұртында сатиралық «Насреддин» журналын бірінші шығарған Мамед Кулизаденнің жүз жылдық мүшел тойына барғанда танысып, табысқан едім.Ол докторлық диссертация қорғайтын кеңестің төрағасы екен. Мен қазақ әдбиеті сынын зерттеп жүр едім дегенімде «Кел, бізде қорға» деп ұсыныс жасады.

     Іздегенге-сұраған, жоғым табылғандай болып елге екпіндеп оралдым.

     Академия жүйесінде бес жылда конкурс болып тұрады.Яғни өзіңнің істеп келе жатқан орныңа саймысың, жоқ, сай емессің бе деп еліктеп өткізеді. М.Әзезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып жүргеніме бес жыл толып қалыпты. Күзге қалдыратын ештеңе жоқ, тез өткізіп жіберейік деп дирекция асықтырды. Дауысқа салды, мен қолымнан ештеңе келмейтін  қызметкер болып құлап шықтым.Оған екі түрлі себеп айтпақпын. Біріншісі, Бакуге докторлық диссертациямды қорғаймын деп даурыққаным болса, ең негізгісі-институт ұжымы 1960 жылдан бастап қазақ әдебиетінің тарихын жазуға кіріскенбіз. Сосын Кеңес әдебиетіне арналған үшінші томының екі кітабы Е.Ысмайлов бастаған бөлімнің еншісіне тигенді.  Үшінші томның бірінші кітабына Рахманқұл Бердібаев, екінші кітабына Мырзабек Дүйсенов екеуміз ғылыми редактор болып тағайындалдық. Тарихтан кімнің үміті жоқ дейсің. Институт директоры Мүсілім Базарбаевпен көңілдес те табақтас Саяжан Шәлімденов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов бір кездесулерінде сол тарихтан біз де монографиялық портретке ие болайық деп тілек білдіріпті, соны бізге айтқанда олардың талайын танытқан бір-бір романдары шыққаныны дауымыз жоқ. Әуелі әдебиеттегі өз орындарына орнықсын деген қарсылық жасағанбыз. Оның үстіне басшымыз Ісмағамбет Исмайылов соғыстан кейінгі кезеңді «Әуезов дәуірі » деп атайық деп ұсыныс жасағанда, өзімізде айтысар дауласар басылым жоқтай Әлжаппар Әбішев, Сағынғали Сейітов, Тахауи Ахтанов үшеуі Мәскеудегі «Литературная газетінің» бетінде өнегесі озық орыс әдебиетіндегі құбылысты бүгінгі қазақ әдебиетінен таппақ болып әлектенуде деп қарсы шығып Қазақстандағы әңгімені Одаққа жайған-ды. Сөйтіп бөлім мен дирекция арасындағы қырғи- қабақтық менің құлауыммен ушыққан еді. Басшылармен айтыспау керек  деген өмір сабағын сол кезде-ақ түсінсем де өзімнің жұмысшы ортасынан алғаш тәжірбием әлі күнге дейін шылбырды тарттырмай келе жатыр ғой. Тәуба.

     Осыншама ұзақ кіріспе жазу қажеттегі мынадан туындап отыр.

  Мен   1968 ақпанда қазіргі Әл- Фараби атындаға қазақ ұлттық Университетінің филология факультетіне көп қиындықпен орналастым. Ұстазым Бейсенбай Кенжебаев оқу кестесіндегі қазақ кеңес әдебиетінен өтетін сабақтарға мені жегіп, студенттердің ғылыми үйірмесіне басшылық етуді қосақтады.Жаңа жерге орнығу, сабақ берудің әдісін игергенімше үш жылға докторлық дисертатциямды қаңтарып қойдым.

     Бір күні Әди Шәриповке кездесіп қалғанымда- «мына  институттың атақты кәрі құртаңдарын ауыл шаруашылық жұмыста жіберуге ұятым жетпей тұр. Сен маған биыл бітіретін үш төрт жігіт тауып берші» демесі бар ма! Қуана келістім, өйткені ғылыми үйірменің отырыстарында бүгінгі қазақ әдебиет тануының үдесінен шыға алатын жігіттерді Алматыға қалдыра алмай қорлық көріп жүрген сәтіміз болатын. Алғашқы топты іріктеуге кірістім. Жазуда ғана оқу озаты, бүгінгі филология ғылымдарының докторы, профессор Қарлығаш Қағатоваға үйленген Шәкір Ыбырайымовты-ғылымды үйлестірудің ірі маманы, Көкшетау Шоқан Уалиханов атындағы мемлекеттік Университтетің ректоры, профессор Шәкірді Болатжан Абылқасымов пен Тұрсынбек Баймолдаевты Әди Шәриповке ертіп барып қолма-қол тапсырып кеттім. Одан кейін Әдекең жыл аяғына қарай бір аға ғылыми қызыметкердің жалақысын үнемдеп, мен апарып өткізетін 3-4-5 балаға дайындап қоятын болды. «Бұл студенттеріміздің Алматыға қалуына кесірін тигізетін бір «пәлесі» оқу аяқталарда  жер-жерге,облыс,аудандарға жоспар бойынша бөлініп қойған жерінен Оқу министірлігі арқылы алып қалу михнаты мен әлегі оның бәрін Әдекең өзі атқарады. Бұған дағдыланып алғаннан кейінгі бір хабарласқанымда «Мені ұятсыз деп пең? Аналар мені көргенде теріс айналып кетеді. Енді өзім алып қалудың амалын тапсаң балаларыңды қабылдаймын» деп сес көрсетті.

      «Ағатайлап соңымнан қалмай жүргендерді қимадым да осы күнгі ғылым докторлары, абыройлы қызымет иелері Құлбек Ергөбек, Балтабай Әбдігазиев , Жангара Дәдібаев  сынды жігіттерді оқу министрінің орынбасары, өзіммен бірге оқыған Әуезхан Қанафинге жолына өткізген соң Әди ағайға апарып тапсырған едім.Осындай іс-әрекеттің нәтижесінде қазіргі әдебиеттану ғылымының туындыгері болып жүрген жиырма шақтығалым доктарларының ішінде Т.Рысқұлов атындаға экономика университетінде доцент болып жүрген Жарылқасын Әбішевтен басқаларының бәрі докторлық қорғап талай ғылыми конференциялар мен кеңестердің көркі болып жүр.

      Осылардың ішінде Болатжан Әбілқасымов өзінің табанды да нәтижелі ізденістерімен көрінгенін айрықша атағым келеді.Басқалар да өз саласында олжа салып жүргеніне қарамай Болатжанның қазақ фольклористика ғылымында өзіндік орны бар.Өзім әдеби сынның тарихын тарихын зерттеп жүргендіктен әдебиет жанрларын түбегейлі әңгімелегендерді қатты ұнатамын.

      Оған себеп совет заанында біз «младописьменная литература» қатарынан шыға алмаған едік қой. Яғни Евроцентристік көзқарас бойынша мәдениеті өркендемеген, әдебиеті жетілмеген, фольклор деңгейінде қалып қойған халық болатынбыз.Осыған іштей шүбәсі бар Болатжан толғауды арнайы зерттеді.Оны әдебиеттің белгілі жанры деңгейіне көтерді, сөйтіп фольклористикаға ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен олжа салды. 

       Болатжанның бұған бел шешіп баруына түлі себептер болды. Алдымен, ғылыми зерттелудің аумағы кеңейіп тобырының молаюы, яғни ғылыми күштердің жетіліп, жан-жақты ізденіске көшкендігі игілікті әсер етті. Бұл қадамға тікелей баруына үлкен себептері бар, атақты ғалым, жазушы Мырзабек Дүйсеновтың, «фольклор ма әлде әдебиет пе» деген принципті мақаласының ықпалы тиді деп білемін.Өйткені Болатжан сол кезде Жамбыл және ауыз әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Мырзабекпен бірге істейтін.Сөз жоқ, қазақ әдебиетінің жанрлық жіктемесін-фольклор, ауызша көркем әдебиет және жазба әдебиет деп бөлшектеген Мырзабек болды.Сол кездегі іздемпаз ғалымдарға едәуір қозғау салған еді.Оның үстіне қазақ әдебиетінің тарихын ХVІІІ ғасырдан, Бұқар жыраудан бастайтын көзқарастың жетегінде жүрген уақытта қазақ ұлттық университетінің әдебиет кафедрасы, оның басшысы Бейсенбай Кенжебаев әдебиет тарихын сонау Орхон-Енисей ескерткіштерінен бері тартуы көп ізденімпаздарға үлкен ой салғанды.Сол ғылыми ортадан білім алған, евроцентистік көзқарасқа қарсылығын сонау  60 жылдардан бері жасқанбай айтып келе жатқан менің дәрістерімнің тигізген ықпалы аз болмаса керек.Өйткені Болатжанның толғауды жанр ретінде зерттеуге бел шешкен кезінде ой бөліскен сәті де болған еді.

      Сондағы саяси-идеологиялық қыспақ тұсында айта алмаған, қазір әбден пісіп жетілген бар ойымды қосақтай кетейін.Совет заманына социолистік реализмнің талап-тілегіне сай ой айтуға мәжбүр болдық.Ағартушы, исыншы реализм дегенді байқап-байқап қана айтатынбыз.Қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу дәуірінде Абайдан басталатын сыншы реализмнің озық дәстүріндегі Жиенғали Тілепберген, Мұхтар Әуезовтың алғашқы шығармашылығында кездеседі дегенімнен пәлеге қалған кезім болды. Менің сауысқаннан сақ құрбыларым «сыншы-реализм  капитализмге тән әдіс қой, ал сол советтік Әуезовты кешегі өткен күнге неге бауырластырып қойғансың?!» дегенде ауызша да, жазбаша да айтып, күні бүгінге шейін «Мұхаңа оппозициядағы зерттеуші» деген айып таққан болатын.

      Бұл шегістің Болатжанға тікелей қатысы бар Өйткені евроцентристік елдер фольклорлық деңгейде қалып қойғансыңдар, сондықтан сендердің  көркем сөздерің профессиоционалды әдебиет дәрежесіне көтерілмеген, жанрлары дамымаған деп талай рет көзге шұқыған кез аз болмаған-ды.Осыған қарсы шыққанымда 1960 жылы Ж.Жұмақанов сынды жазушы ағамыз «социолистік қазақстан» газетінде, өзіміздің атақты сыншымыз Мұхаметжан Қаратаев «Простор» журналында сазайымды берген болатын. Сол кезде көкейімде болды ма, әлде Болатжанмен толғау жанры жайында әңгімелескенімде оянды ма, әйтеуір тәуелсіздік келгеннен бері ойымнан кетпей, аузымда жүрген «дидактический реализмді» тек термин ретінде ғана емес, ағым ретінде көрсету қажетігін Болатжанға түсіндіріп айта алмағаныма өкінемін. Өйткені толғау жанры басынан аяғына дейін толып тұрған дидактика ғой. Олай болса жоңғар шабуылы кезінде, туып, орыс отаршылдары тұсында әбден қалыптасқан көркемдік амалды дидактикалық реализм деп атау әбден орынды болмақ. Өйткені отаршылдар келгенше мына маң далада бірде-бір түрме, үйінің есігіне салатын құлып болмаған елді дидактикалық негізде туған көркем шығармалармен ұстаудың айла-амалдарын әлі де болса терең зерттей түссек, толғау жанрының көркемдік қасиеті бұған әрмен толыса түсері сөзсіз.

      Болатжан осы саладағы сүйбелі ойларын жариялауға үлгермеген еңбектерінде жазды ма екен деген ойда жүрмін.Өйткені оқу орындарында дәріс оқу ғылыми ойлардың дөңгелене беруіне жағдай жасайды. Қалай болғанда да ғылым даңғылындағы Болатжанның сүбелі де өнімді тұжырымдары ер-азаматтың тастап кеткен асыл мұрасы ретінде жарқырай түсері ақиқат. Ғылымда өз сөзін айта білгендердің аты ешқашан өшпейді.

Тұрсынбек Кәкішев,  

Филология ғылымдарының докторы, профессор 

02.01.2010 ж.

Осы категориядағы басқа материалдар: « Аяулы ұстаз, ақылшы дос Санаулы ғалымның бірі еді »

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту