20-01

Дала дауылпазы

Қазақ даласы қай заманда болмасын өнерпаздан кенде емес-ті. Небір дүлдүл әнші, би-шешендер, сазгер-күйшілер мен дәулескер ақындарды айтпағанда, басқа да түрлі-түрлі өнер иелерінің есімдері ұрпақтарымен бірге жасасып келеді. Солардың бірі «саз зергері» атанған дала дауылпазы, атақты Қазанғап күйші еді.

Қазанғап мұрасын зерттеуші академик А.Жұбанов күйшінің туған жері жайлы былай деп жазады: «Арал теңізінің батыс жақ жағасы көштей тізбектелген, жағалай жатқан құм. Осы кездегі Орынбор темір жолының бойындағы Шалқар станциясынан күннің батысына қарай 100-150 километр жер кеткенсін-ақ, Күнгей – Күркей, Алақозы – Сынтас, Орда қонған, Көгала, Сұлуқара, Қыздар шыққан, одан әрі Ұлықұмның батысына шығып кетесің. Бұлардың күн шығыс жағында, Арал Теңізіне мойнақ боп кіріп жатқан Құланды деген жарты арал бар. Кешегі мүсәпіршілік заманда осы айтылған құмдарды мекен еткен 4-5 болыс ел болды». Бұдан әрі автор: «Аталған Құландының «Ақбауыр» деген құмында, жер басып жүрген жанның тағдыры қандай боларын білмей, ел сандалып өмірден баз кешіп жүргенде, болашақ азап иесі ме, жоқ бақыт иесі ме, кім біледі, ауыл шетіндегі малшының лашық үйінде жаңа адам – жас нәресте дүнияға келді», – дей келе, бұл жас нәрестенің болашақ атақты күйші Қазанғап екендігін айтады.
1854-жылдың қара күзінде Қазанғап дүниеге келген Ақбауыр құмы сол кезеңдегі әкімшілік-аумақтық бөлініске байланысты Торғай облысы Ырғыз уезінің Орда қонған, Құланды деп аталатын екі болыстықтың аумағына кіретін. Ырғыз уезінің ең шеткі оңтүстік-батыс бөлігіндегі Орда қонған, Құланды болыстарын негізінен Шектінің қабақтары қоныстанған еді. Дегенмен Ырғыз уезінің барлық болыстарында қазақтың басқа руларының да бірен-саран өкілдері кездесетін. Мәселен, Құланды болысында уақтардың, Шеңгел болысында қырғыздардың таралып қоныстанғандары мәлім. Аталған Құланды, Орда қонған болыстарын мекендеген Қабақ руымен бірге іргесін ажыратпай көшіп-қонып жүрген, қабақтарға сіңісті болған азғана шанышқылылар да бар еді. Болашақ дала дауылпазы, асқан өнер иесі Қазанғап шанышқылы Тілепбергеннің шаңырағында дүниеге келген.
Қазанғаптың өскен ортасы, заманы туралы сөз еткенде ең алдымен Ресей патшалығының отаршылдық саясатын айтпай өту мүмкін емес. Себебі «Зар заман ақындары» деген атпен белгілі ХІХ-ғасырда өмір сүрген Шортанбай:
«Жандаран болды ұлығың,
Майыр болды сыйлығың.
Айрылмастай дерт болды,
Нашарға қылған зорлығың.
Кінәзіңді көрдің жарыңдай,
Тілмәшті көрдің биіңдей,
Дуалды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр көріңдей
Байлар ұрлық қылады,
Көзіне малы көрінбей,
Билер пара жейді екен,
Сақтап қойған сүріңдей,
Заманның түрі бұзылды.
Текеметтің түріндей,
Ойлағаның жамандық
Жарадан аққан іріңдей», –
деп жырлай отырып, ақын Қазанғап өмір сүрген дәуірдің шынайы келбетін еш боямасыз, ащы күйінде көз алдыңызға тосады.
Патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы буырқана бас көтерген халықтың жанкешті күресі де аяусыз басылды. Ел үшін, азаттық пен еркіндік үшін алысқан ерлер айдалды, қамалды, атылды. Осылайша, халық күңіреніп, күйзеліп тұрған ауыр заманда дүние есігін ашқан Қазанғап өмірдің ащы тауқыметін барлық болмысымен сезініп өсті. Күйшінің әкесі Тілепберген жайлы А.Жұбанов: «Тілепберген өмір бойы сирағы шыққан кедей болып «пайғамбар жасына» келгенше кісінің малын бағып, отын жағумен жүрді. Кәрілік пен жарлылық қабат келгенде, баласыз болып қаңғып қалам ба деп жүргенінде, алпамсадай ұлды болып, Тілепберген біраз көтеріліп қалған. Тірі болса, мен қартайғанда асырайды ғой деп, көрген бейнет, шеккен азапқа мойымай, қайраттанып жүре беретін, – деген мәліметтер береді. Қазанғаптың әлеуметтік жағдайы жайлы бұдан өзге де еңбектерде осы тектес мәліметтерді аламыз. Бірақ соңғы жылдары жарық көрген еңбектерден басқаша көзғарастарды да кездестіруге болады. Мәселен, Ақтөбе өңіріндегі жергілікті автор Н.Жанаманов зерттеуші Б.Жүсіповтың «Жиделі Байсын күйлері» атты еңбегіндегі Қазанғапқа қатысты мәселелерге байланысты мақаласында былай деп жазады: «Қазанғаптың жастық шағы жалшылық пен жоқшылықтың шырмауында өтті, одан соң жаңа өкіметке тап болды, қоңыр төбел тіршілік кешті» (Б.Жүсіповтың еңбегін айтып отыр – авт.). Жоқ! Қазанғап жалшы емес! Жалшы адамның домбыра тартпақ түгілі, ел кезіп, күй шығармақ түгіл, басымен қайғы болып тек тамағын, күнделікті тіршілігін ғана ойлайтыны бесенеден белгілі. Оның өскен ортасы – Шалқар өңірі, қала берді, Ақтөбе, Ор, Орынбор өлкесіне белгілі. Яғни, Орынбордың мал базарын ұстаған Қабақ руының Құттыбай аталығынан тарайтын он екі мың жылқы біткен, Бүркітбай байдың ауылы. «Бүркітбай – атқа мырза, Қалыбай – асқа мырза» деген ел арасында сөз бар. Бүркітбай бай күйге өте құмар болған. Қазанғап не сұраса да аямаған. Оның сері болып, күйші болып қалуына көп жағдай жасаған». Мұндай пікірлер алшақтығынан біз төмендегідей қорытынды жасай аламыз деп ойлаймыз. Кеңес үкіметі тұсында сол замандағы саяси идеологияға сәйкес тек сіңірі шыққан кедейдің өкілі ғана халық мұратын әнге, күйге, жырға қоса алатын прогрессивті көзғарастағы тұлға ретінде бағаланғаны мәлім. Сондықтан кеңес кезеңіндегі зерттеулерде Ахмет Жұбанов сияқты академик ағаларымыз бастаған зерттеушілердің Қазанғаптың тегі туралы берген бағасының мағынасы айқын. Дегенмен, бүгінгі таңда, әсіресе 90-шы жылдардан кейін күрт бел алған келеңсіз құбылысқа да көз жұмып қарауға болмайды. Ендігі тұста келсін келмесін, ата-бабасының бәрі «бай-бағылан», «әрі батыр, әрі би», «дуалы ауыз шешен-би» т.с.с. болып жатқандар да жоқ емес. Сондықтан да «бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы» деген принципті келсін-келмесін тықпалай бермей, байыппен зер салсақ, Қазанғап өзіне жетер қоры бар, қарапайым, орташа отбасында дүниеге келген болуы керек. Ал, жоғарыдағы кейбір авторлар жазғандай «күйге өте құмар», Бүркітбай байдың қамқорлығымен емін-еркін ел аралап, шығармашылық шабытын шыңдауына дейін, оның домбыраны қолына алғаш алғанынан аты белгілі күйшіге айналуына дейінгі аралықта біраз уақыт бар екендігі белгілі.
А.Жұбановтың зерттеулеріне сүйенсек, Қазанғаптың жасы жиырмадан асқан шамада ол ауыл-аймағына шебер домбырашы ретінде әжептәуір танылып қалған. Алғашында ауыл арасындағы өнерпаздар мен ел аралап жүрген белгілі домбырашылардан түрлі күйлер үйреніп, өзінің орындаушылық шеберлігін шыңдап, репертуарын байытқан.
Дегенмен нағыз өнер жолына түсу үшін аты мәлім белгілі домбырашылармен бетпе-бет жүздесіп, өнерін шыңдаудың қаншалықты маңызды екендігін түсінген жас талап өнер сапарына аттануға бел буған көрінеді.
Қазанғап ең алдымен Доңызтау, Аққолқадағы Төреш домбырашының ауылына ат басын тірейді. Төрештен «Нар идірген», «Қызыл қайың», «Мамыт», «Едіге» және «Ақжелең» деп аталатын күйлер циклының бірнеше түрлерін үйренеді. Домбырашының аулында айдан аса қонақ болып, өнер шеберлігін шыңдаған Қазанғап Төрештің ақылымен ат басын Бесқаладағы Орынбай күйшінің ауылына бұрады.
Қазанғаптың ұстазы болып саналатын Орынбай күйші Шектінің жалпы «Жанқылыш» деген атпен белгілі Жаманақтың бір ұлы Баубектен тарайтын Темірбақтының Шүйітінен тарайды. Осы жерде айта кетер бір жағдай, Қазанғап мұрасын зерттеп, оның қазақ музыкасы тарихындағы лайықты орын алуына көп еңбек сіңірген белгілі зерттеуші А.Жұбановтың нағашылары да осы Жанғылыш руының белгілі болысы, атақты қамшыгер Тағыберген (Тұрымбет) аталығы болса керек.
Сонымен Қазанғап Орынбай күйшіні арнайы іздеп барып, осы уақытқа дейін үйренген күйлерін орындап, сынатады. Атақты күйшіден орындау шеберлігіне қатысты жылы лебізбен қатар, кейбір олқы тұстары жайлы әділ сындарын да естіген Қазанғап өз өнерін шыңдай түседі. Ұстазының ақыл-кеңесін үйреніп, өзі де жеке күй шығаруға талаптанған Қазанғаптың алғашқы тырнақ алды күйі «Торы аттың кекіл қақпайы» деп аталса керек. Кезінде «тірі Қазанғап» атанған, күйшінің белгілі шәкірті С.Балмағамбетов бұл күйдің дүниеге келу тарихы жайлы төмендегідей мәлімет береді:
«Қазанғаптың тырнақ алды күйлерінің бірі «Торы аттың кекіл қақпайы». Бұл күйді шаңытқан шілде айында ұстазы Орынбай күйшіге үшінші рет, сәлем бере және күй шығару үшін бата алуға бара жатқан сапарында шығарған.
Кең жазық далада, үлкен ойдың үстінде келе жатқан жалғыз атты жолаушы, өзін ойдан бір сәт сергіту үшін, ауық-ауық атын тебінгенде сәл жылдамдау жүріп, біраздан кейін бұрынғы аяң жорғасына қайта түседі. Қазанғапқа атының осы мінез құлқы, жүрісі күйінің негізгі арқауы болады.
Уақыт өткен сайын Қазанғаптың домбырашылық шеберлігімен қатар дүниетанымдық көзғарасы да кеңейіп, шыңдала түседі. Орынбай күйшіден бата алғаннан кейін Қазанғап Жемнің бойындағы Құрманияз күйшімен кездесіп, одан әрі Орынбор, Ақтөбе, Қостанай, Троицк, Ырғыз, Шалқар, Темір, Ойылды аралап шығады. Осы сапарында атақты ақын, әнші Батақтың Сарысымен, белгілі домбырашы Үсенмен, жыршы Молдабаймен, атақты Мұхитпен кездесіп дидарласады.
Құрманияз күйшінің бір айдан аса жібермей, қонақ ретінде күтіп, үлкен сый-сияпат көрген Қазанғап осы сапарында Ырғызға атақты әнші, сал-сері Сарыны іздеп барса керек. Қазанғаптан тоғыз жастай кіші Сары – Тілеудің бір ұрпағы, 30 ұлы болған, атақты бай Достанның немересі. Достанның он бір әйелінің бірі Қызайдан көрген жеті ұлының бірі Батақтан Сары туылған. Сары әйгілі әнші, ақын, композитор, сері, батыр жігіт болып өскен. Өз заманындағы әділетсіздікті, озбырлықты әшкерелеп, ән-жырға қосатын. Міне, осындай асыл азамат ел-ішіндегі аяғы кісі өліміне ұласқан оқыс оқиғаға айналған бір дау-жанжалдың құрбаны болып, басы айдауға түседі. Қалай дегенмен де еркесі, ақын-әнші жігіт Сары Ырғыз, Орынбор, Омск түрмелерінде тұтқында болып, тіпті Сібірге де жер аударылған. Алға озып айта кетсек, кейін ақын Орск маңындағы Шиелісай деген жерде қазаға ұшыраған.
Ал, Қазанғап Сарыны Ырғыздағы абақтыда жатып шыққанынан кейін кездестірген. Әншіні арнайы іздеп барып, пікірлескен Қазанғап заманның келбеті, бір-бірімен ымдасқан патша үкіметімен жергілікті әкім-қаралардың әділетсіз әрекеттері жайлы ой түйеді. Қазанғаптың көрген-білгені көбейіп, дүниетанымдық көзғарасы кеңейген сайын, оның күйлерінің динамикасы артып, тақырыптық деңгейлері де түрлене түскен.
Қазанғаптың шығармашылы-ғында оның әйгілі домбырашы Үсен төремен болған күй сайысы ерекше орын алса керек. Бұған дейін Арал маңын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор өңірін аралап, өз заманының небір дүлдүл өнерпаздарымен кездескен Қазанғап өнерін шыңдап, ешкімге ұқсамайтын тың сарынды, өзіндік өнер мектебін қалыптастырып келе жатқан еді.
Қазанғаптың Үсен төремен кездесуі мен екеуінің арасында болған күй сайысы жайлы түрлі мәліметтер бар. Қазанғап пен Үсен төренің кездесуі жайлы С. Балмағамбетов төмендегідей мәліметтер береді: «Ертеректе Ақтөбе қаласында Үсентөре деген күйші болған. Үсентөремен Қазанғап ойда жоқта кездеседі. Ол кезде де Шалқар маңын қоныстанушылар егіншілікті кәсіп етпеген. Сондықтан олар астықты Ақтөбе, Қоңырат т.б. егіншілікпен айналысатын аймақтарға барып, сатып алып жүрген.
Осындай жағдаймен бір жылы Қазанғап та көп адамдармен бірлесіп өзінің бір-екі түйесімен астық сатып алу үшін Ақтөбеге, тіпті одан да әрі сапар шегуіне тура келген. Керуенмен келе жатқан Қазанғап, Ақтөбе маңынан өтіп бара жатқанда бір ауылды көреді. Жолдастарынан бұл қай ауыл деп сұрағанда, олар Қазанғапқа: «Үсентөре күйшінің ауылы», – дейді. Күйшінің ауылы дегесін арнайы соғып, сәлем бере кетейін деген оймен ол жетегіндегі түйелерін, жолдастарына тастайды да, өзі Үсеннің ауылына келеді. Қазанғап үйге кіріп келсе, Үсентөре төрде жатыр екен дейді. Сәлем берген Қазанғапқа бір қарап, сәлемін алады да, теріс айналып жатады. Босағада отырып қалған Қазанғапқа, үйде жүрген төренің келіні сусын құйып береді. Сусын ішіп отырып, үй ішіне көз салса, керегеге сүйеулі, сүйектеп көмкерген әдемі домбыра тұр екен. Қазанғап келіншекке сыпайы ғана «Домбыраға қол жалғап жіберсеңіз», – дейді. Төре естіп жатса да, бұл сұрауға мән бермейді. Жасы үлкен кісі сұрағасын, келіншек амалсыздан домбыраны ұсынып тұрып: «Атамыз домбырасын кеще болады деп, ешкімге ұстатпайтын еді, тартпауыңызды өтінемін, тек өрнегін қарап тамашалаңыз», – депті. Қолына домбыра тиген Қазанғап өрнектеріне қарай отырып, домбыраның бұрауын келтіріп бір екі күйдің басын қағып-қағып жібергенде, төре басын көтеріп алады. «Шырағым, түріңе қарасам, алыстан келген жолаушыға ұқсайсың, домбыра қағысың бұл жердің домбырашыларына ұқсамайды, өзіңе-өзің сенген домбырашы сияқтысың, қабақ елінде Шанышқылы Қазанғап деген күйші бар деп естуші едім, Қазанғап болсаң жоғары шық», – депті. «Болсақ-болармыз», – деп, Қазанғап төрге шығады. Дегбірі кеткен төре, әр күйді бір тартқызып, әңгіме араластырмайды, жөн сұрауды ұмытып кетеді. Керуен болса ұзап кетті. Асығып отырған Қазанғап өзінен жасы үлкен Үсенге өзінің жолаушы екенін, тек сәлем беруге келгенін айтып, кетуге рұқсат сұрайды. Үсен әңгіме төркініне түсінгенмен, кетуге рұқсат бермейді. Оның жолдастарының соңынан кісі жіберіп, Қазанғаптың түйелерін алдыртады. Төренің еліне қонақ болып біраз күн жатады. Қазанғап қайтатын кезінде: «Үсен аға, адам халықтан шықпау керек, қанша байлық болғанмен дүние екі айналып келмес, заманымыз өзгерер, маңайдағы бақ-дәулет мәңгі болмас, өтер де кетер», – деп Үсен төреге арнап «Өттің дүние – кеттің дүние» күйін тартқан екен. Осы сапарында «Ысырма», «Шынаяқ тастар» күйлерін шығарады».
Қазанғап тек әнші, ақын ғана емес, күйшілік өнерімен де танылған Мұхитпен жүздескен. Әбілхайыр әулетінен шыққан, Қаратай сұлтанның өнерге жақын немерелерінің ішінде шоқтығы биік Мұхит әндері ойлы да қуатты, нәзік те сырлы лиризмге толы еді. Оның «Дүние-ай», «Зәуреш» атты әндері замана түрін ашық түсінген, қоғам, уақыт жайлы терең мағыналы туындылар еді. Қазанғап осылайша өз заманындағы өнер тарландарымен дәмдес болып, өнердің сан қыры жайлы пікірлерге ден қойып, шығармашылығын шыңдай жүріп, өзі танымал өнерпаз ретінде белгілі бола түсті. Академик А.Жұбановтың зерттеулеріне қарағанда, Қазанғап 1894-95-жылдары Маңғыстауға барған. Қазанғаптың Маңғыстау сапары жайлы А.Жұбанов былай деп жазады: «Адайдың домбырашыларынан жаңа күй үйреніп, бұрынғының үстіне репертуар қосты. Өнерге өнер жамады. Маңғыстауда тұрған бір жыл ішінде, Оралдан (Жайық) жағалап келген он бес пернелі домбырасын тартып, түркпен күйлерімен танысты. Осының нәтижесінде Қазанғаптың домбырашылық көлемі анағұрлым кеңейіп, енді творчествосының дамуына күшті себеп болатын практика жағы молайды». Қазанғаптың өмірі мен творчествосын зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, Маңғыстау сапарынан кейін күйші ұзақ сапарларға көп шықпаса керек. Бірақ бұл жылдары Қазанғаптың дүниеге келген көптеген күйлері бұрынғы шығармаларымен салыстырғанда анағұрлым кең ауқымды, тақырыптық мазмұны өзгеше тың дүниелер болды. Ол атақты – «Үлкен Қаратөс», «Кіші Қаратөс», «Қос қыран», «Шырылдатпа», «Жіберсейші», «Ерназар, Бекеттің зары» күйлерін шығарады.
Жоғарыда аталған «Қаратөстен» басқа аталған күйлері ел басын күн туып, патшаның отаршыл саясатының қысымы күшейген тұста халық қаһарындай болып атқа мінген Есет батыр мен оның Бекет, Ерназар сияқты жақын серіктерінің өміріне, ерлік жолына арналған еді.
Сонау 1856 жылы Шекті, Шөмекей, Төртқара, Адай, Табындардың қолынан құралған қаһарлы топ халықтың ашу-ызасының кемерінен асып-төгілген тұсында отарлық езгіге қарсы дүр көтерілген-ді. Бұл күрестің басында Есет, Бекет, Ерназар сынды батырлар, Әзбергендей ел ағалары болды. Бірақ патша үкіметі бұл көтерілісті басу үшін қолынан келгенін аяған жоқ. Көтерілісшілерге қарсы аттандырылған жазалаушы отрядтар бірінен соң бірі ел ішіне ойран салып, жазықсыз елді шауып, қан қақсатты. Көтеріліс басшыларын қолға түсіру үшін патша жандайшаптары түрлі айла-шарғыларға барады. Халық аузында сақталған әңгімелерге қарағанда жазалаушы отряд Бекет батырдың әйелін, бала-шағасын тұтқындаса керек. Сонда жау қолында жақындарын шырылдатып қалдыруға дәті бармаған батыр өз еркімен жендеттерінің қолына берілсе керек. Осы сынды және көтеріліс басшылары Есет, Бекет, Ерназар батырлар жайлы әңгімелер халық жадында өшпестей болып сақталып, далаға аңыз болып тарайды. Әсіресе, Бекет және т.б. батырлардың Сібірге жер аударылу жағдайы халық жадында қасіреті басылмаған күйінде сақталған еді. Осы оқиғаларды кішкентайынан құлағына құйып өскен, көз көргендердің күрсініс пен өкінішке толы қасіретті әңгімелеріне тебіренген Қазанғап «Шырылдатпа», «Жіберсейші», «Ерназар, Бекеттің зары» деген күйлерін шығарған.
А.Жұбановтың мәліметтеріне қарағанда Қазанғап жиырмасыншы ғасырдың басына қарай Құландыға жалғас, Ұлықұмның Сұлуқара жағында болған екен. ХХ-ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін өте күрделі кезең болғаны белгілі. Патша үкіметінің отарлау саясатының күшейе түсуі халықтың тұрмысын ауырлатып, күн өткен сайын жағдай ушыға берді. Шегіне жеткен халықтың ашу-ызасы 1916-жылғы ұлт-азаттық күреске ұласты. Бұл күрестің басталуына патшаның 25-маусымдағы жарлығы түрткі болғаны белгілі. «Патшаға адам бермейміз» деп дүр көтерілген қарусыз, қауқары аз халықты көп ұзамай патша үкіметінің жазалаушы отрядтары аяусыз жазаға ұшыратты. 1916 жылғы ұлт-азаттық күрестің ең ірі ошақтарының бірі Торғай өңірінде Торғай, Қостанай, Ырғыз, Ақтөбе уездерін қоса есептегенде көтерілістің ең шырқау шегіне жеткен кезінде 60 мыңдай адам көтерілісшілер қатарынан табылған. Бірақ көтерілістің Торғай ошағы да аяусыз басып-жаншылды. Осындай аласапыран заманда не істерін білмей дағдарған жұрт түп көтеріліп, жан-жаққа көшкеннен басқа амал да таба алмай қалған-ды. Қазанғаптың ел-жұрты да мұздай қаруланған жазалаушы отрядтың екпініне шыдай алмай, Қарақұмға қарай үдере көшеді. Міне, осы сәтте көшер көлігі сай емес, Қазанғаптың үй-іші жұртта қалып қойған деп жазады А.Жұбанов.
Осы оқиғалардың бәрі айналып келіп композитордың домбырасынан жаңа әуен, жаңа музыка болып туындайды. «Жұртқа қалған», «Окоп» деп аталған бұл шығармаларында халықтың ауыр тұрмысы, азаппен өткен өмірі, мұң-шері, қайғысы мен қасіреті айқын байқалады. Ал, арада біраз уақыт өткенде елде қос төңкеріс орын алып, жаңа орнаған кеңес үкіметінің түрлі-түрлі іс-шаралары біртіндеп жүзеге аса бастағаны да ұлы күйшінің көз алдынан өтіп жатты. Қазіргі кезде Қазанғаптың жеке адам ретінде, композитор ретінде кеңес үкіметіне көзғарасы «былай болған» еді деп кесіп айту қиын деп есептейміз. Кеңестік кезеңдегі сарынмен «кеңес үкіметін қуанышпен қарсы алды» деудің қисыны жоқ. Дегенмен, композитордың 1920 жылғы «Учитель» (мұғалім) деп аталған күйі саясаттан гөрі, желкілдеген жас буынға білім нәрін себуге ұмтылған ұстаздың абзал қызметі мен оның еңбегінің еш кетпейтіндігіне сенген, болашақтан үміт күткен жанның абзал арманы, ұстазға деген ризашылық сезімінің бейнесі деп бағалауға болатын шығарма.
Қазанғап 1921 жылы 67 жасында өзінің Көгаладағы қыстауында қай-тыс болады. Қазанғаптың артында жоғарыда біз атап өткен күйлерінен басқа, барлығы тоқсаннан астам шығармалары қалған. Енді күйшінің басқа да шығармалары жайлы бірер сөз. Қазанғап сол кезеңдегі күйшілер арасында кең таралған алпыс екі тармақты «Ақжелең» күйлерінің шебер орындаушысы әрі оны одан әрі дамытушы болып табылады. Бұл туралы А.Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» деген еңбегінде былай деп жазады: «Иә, күйдің бәйгісінде Қазанғапты жеңіс мәресіне алдымен жеткізген «Ақжелең» циклы. Домбырашылықтың ең биік асуы болып табылатын алпыс екі тармақты «Ақжелеңді» меңгеріп тартудың өзі оңай шаруа емес. Ал, Қазанғап болса «Ақжелеңнің» алуан арнасын қақтап сауғандай етіп, жеріне жеткізе тартатыны өз алдына, ол сонымен қатар осынау тармақты күйлердің өрісін ұзартқан. Өз жанынан айшықты күйлер шығарып, «Ақжелеңнің» шырайын келтірген. Оның «Күй шақырғыш» («Күй басы» деп те аталады), «Тентек Ақжелең», «Домалатпай Ақжелең», «Бұраңбел Ақжелең», «Орынбай Ақжелең», «Ақжелең», «Қыз Ақжелең» сияқты күйлері ел ішіндегі алпыс екі тармақты «Ақжелең» атты күй керуеніне қосылған ең бір салтанатты тізбегі болып табылады. Қазанғап «Ақжелеңдер» циклына жай ғана үн қосушы емес. Ұлттың музыкалық мәдениетіндегі осынау ғажайып құбылыс оның күйлері арқылы әуен-сазын байытты, айтар ойын тереңдетті, талғам-талабын биіктете түсті». Қазанғап шығармаларының ішіндегі ең шоқтығы биік туындысы «Көкіл» күйі екендігі белгілі. Бұл күйдің шығу тарихы жайлы шәкірті С.Балмағамбетов: «Қазанғап жасында сал-сері болып жүріңкіреп барып кештеу үйленеді. Сол себепті баланы да зарығып көреді. Тұла бойы тұңғышы Ақшыбық деген қыз бала екен. Осы баласын еркелетіп «Көкілім менің, кекілім менің» – деп атаса керек. Ақшыбық көкірек ауруынан жастай қайтыс болады. Сүйікті баласын жоқтап, тағдырға мұңын шағып, «Көкіл» күйін шығарады. Бұл күй Қазанғаптың терең мағыналы, ойлы, философиялық күйлерінің бірі. Күйшінің өзі де күй төресі «Көкіл» деп тартқан екен», – деп жазады. Қазанғаптың мол мұрасы күйшінің көзін көріп, дәмдес болған шәкірттері арқылы бізге жетіп, қазақ музыкасының алтын қорына қосылған баға жетпес құнды дүниеге айналды.
Қазанғап есімі ұрпақтан-ұрпаққа оның өлмес мұрасы – музыкасы арқылы жете бермек.

 

М.С. Ноғайбаева,
т.ғ.к., «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері

 

Дереккөз: «Үш Қиян» республикалық ұлттық тәуелсіз апталық газеті

01.05.2009

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту