Әйтімов Зейнілқабиден Әйтімұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Әйтімов Зейнілқабиден Әйтімұлы. Казақстан Журналистері одағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі (кәсіби атағы), тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген дербес зейнеткер, Ұлы Отан соғысы кезіндегі Еңбек майданына қатысушы.

1930 жылы 20 қарашада Павлодар облысының қазіргі Ақсу қаласында туған. Бұрын Жармақ (Ермак) деп аталған осы ауылдағы орта мектепті бітірісімен З.Әйтімов 1950 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (КазГУ) журналистика бөлімшесіне түседі. Бұған дейін біраз уақыт аудандық газетте («Сталин жолы») жұмыс істеп, қаламы төселіп қалған ол үздік студенттер қатарында болды.

1955 жылы университеттің журфагын бітірген 3.Әйтімұлы Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетіне жолдама алады. Мұнда ол редакцияның бірнеше бөлімінде әдеби қызметкер болып, әр салада калам тартуға машықтанады. Материалдарды әдеби жағынан өңдеуге бейімділігі ескеріліп, ол әдеби хатшы лауазымына ауыстырылады әрі газеттің алқа мүшесі болып бекітіледі. Редакциядағы істеген жылдары 3.Әйтімов газет бетінде әр жанрларда қалам тартып, проблемалық мәселелер көтереді. Сол кезде Павлодар облысының Май, Баянауыл аудандарынан жазған сын корреспонденциялары аталған аудандардың басшы органдарында талқыланып, тиісті шаралар белгіленеді. «Қызыл туда»- 3.Әйтімов әуелі мэдениет және тұрмыс бөлімінің, кейіннен насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болады. Сондай-ақ 3.Әйтімұлы - редакция комсомол ұйымының хатшысы, әуелі Павлодар қалалық комсомол комитетінің, сосын Павлодар облыстық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланады.

1961 жылы Қазақстанның солтүстігіндегі облыстары (Ақмола, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) аумағында Тың олкесі құрылған кезде 3.Әйтімов таңдаулы журналист ретінде Ақмоладағы, кейін Целиноград деп аталған (қазіргі Астана) қаладағы «Тың өлкесі» газетінің редакциясына қызметке ауыстырылды. Мұнда ол әуелі бөлім меңгерушісі, көп ұзамай бас редактордың бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл кезде ол редакцияның ұйымдастыру жұмыстарына, газеттің тартымды да мазмұнды шығарылуын мықтап қолға алады. Әрі қоғамдық жүмыстарға белсене араласады: Целиноград облыстық партия комитетінің мүшесі, екі мәрте Целиноград қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланады.

1965 жылы Зейнілқабиден Әйтімұлы Мәскеудегі, КПСС Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасына түсіп, оның журналистика секциясында оқиды. Үш жыл бойы ғылым кандидаты дәрежесін алу үшін емтихандар тапсырады, «Бұқараның өндірістік белсенділігі және баспасөз» деген тақырыптағы диссертацияға материалдар жинайды. Зерттеу мақалалары Мәскеудегі «Мысль» баспасында жарық көрген жинаққа енеді (1968ж.), КПСС Орталық Комитетінің «Экономическая газета» апталыгында (1967ж.) және Қазақстан ғылым академиясының басылымдарында (1965,1967ж.ж.) жарияланды.

1968 жылы Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, диссертацияны ойдағыдай қорғап шыққан 3.Әйтімов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратына қызметке жіберіледі. Мұнда ол насихат және үгіт бөлімінің баспасөз секторында аудандық және қалалық газеттер мен республикадағы журналдардың шығарылуына бас-көз болады.

1971 жылы 3.Әйтімов Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімшесіне педагогтық қызметке ауысты. Содан былай жиырма жыл бойы оның қаракеті журналист кадрларын даярлаумен байланысты болып келді. Көптеген басшы журналист кадрларын шыңдауға атсалысты. Әуелі журналистика кафедрасының доңенті, сосын журналистика бөлімшесінің деканы болды. 3.Әйтімов журналистика бөлімшесінің деканы болған жылдары оны бітірген жүздеген журналистер еліміздің баспасөз, радио мен теледидар органдарының басшы кадрларының легіне қосылды.

1973-1979 жылдары 3.Әйтімов қоғамдық негізінде Алматыдағы Фрунзе (қазіргі Медеу) аудандық «Білім» қоғамы ұйымы басқармасының төрағасы болып сайланды. Осы кезде екі мәрте Фрунзе (Медеу) аудандық партия комитетінің мүшесі, әрі аудандық кеңестің депутаты болды. Аупартком мен ауаткомның мәжілістеріне мәселелер дайындауға белсене қатысып, өзі басқаратын соңиалистік заңдылықты және қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі аудандық кеңестің тұрақты комиссиясының жұмысын жандандырды.

Алматы жоғары партия мектебінде ғылми кеңестің және партбюро мүшесі, кэсіподақтар комитеті төрағасының орынбасары, жалпы мектептік көп тиражды «Лениншіл» - «Ленинец» газетінің қоғамдық негізіндегі редакторы болды.

3.Әйтімовтің «Печать и производственная активность масс» деп аталатын монографиясы 1971 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан орыс тілінде басылып шықты. Қазақстан туралы кітапшасы 1978 жылы республиканың «Білім» коғамы тарапынан жарық көрді. Жүзден астам теориялық және публицистикалық мақалалары республикалық журналдар мен газеттерде жарияланды, «Қазақстан», «Мектеп», «Наука» баспалары шығарған жинақтарға және «Қазақ энциклопедиясына» енді. Ол В.И.Ленин шығармаларының толық жинағының қазақша мәтіндерін редакциялауға белсене қатысты. Сол сияқты баспаларда шығарылатын бірнеше кітаптардың қолжазбаларына рецензиялар жазды. «Наука» баспасы шығарған «Биобиблиография ученых «Казахстана», «Очерки экономической истории Казастана» (1989ж.), «Академик Сақтаған Бәйішев» (2000ж.) деген кітаптардың құрастырушыларының әрі редакторларының бірі болды. 3.Әйтімов әртүрлі ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндамалар мен ғылыми хабарламалар жасауға белсене қатысты. Мәселен, Мәскеуде 1988 жылы ақпан айында КПСС Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясы мен КСРО Журналистер одағы ұйымдастырған халықаралық конференцияда ол жасаған ғылыми хабарлама: «Қазақстан баспасөзінде қоғамдық пікірді жария ету тәжірибесі» деп аталады. Ол Қазақ радиосы мен телевизиясының тұрақты авторы болды.

1991 жылы шілдеде 3.Әйтімовке «Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңіргені үшін» деген зейнетақы тағайындалды. Дербес зейнеткерлікке шыққан соң да ол еңбек етуін, қоғамдық жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті мен үкіметі аппаратына қызметке алынды. Мұнда ол мемлекеттік құжаттарды - заңдар мен заң актілерінің, қаулылар мен өкімдердің, басқа да құжаттардың орыс тілінен қазақ тіліне дұрыс аударылуына атсалысты (1992-1995ж.ж.). Бірер жыл қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттеу жөніндегі «Арыс» деп аталатын қоғамдық-саяси қорда редактор - кеңесші болды (1996-1998ж.ж.). Әлемдік әдебиет және журналистика университетінің студенттеріне журналистика проблемалары жөнінде дәріс берді (1999-2001ж.ж.).

3.Әйтімов - Қазақстандағы ардагерлер қозғалысына белсене қатысушылардың бірі. Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы болған (2001-2003ж.ж.). Қазір Қазақстан журналистер одағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы әрі Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

«Тың жерлерді игергені үшін» (1957ж.), «Тыңға 50 жыл» (2004ж.), «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 60 жыл» (2005ж.) медальдарымен, бірнеше грамоталармен марапатталған. Арасында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай жіберген Алғыс хаты бар.

Content 2
aitimov_z_a_004-285x207
aitimov_z_a_005-285x448
aitimov_z_a_006-285x195

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту