Тәнекеев Сейдәлім Нысанбайұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Қазақстан Республикасының

еңбегі сіңген қайраткері,

Алматы облысының

құрметті азаматы,

Қазақстан Жазушылар

Одағының мүшесі

Тәнекеев Сейдәлім Нысанбайұлы 1924 жылғы 5 тамызда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы селосында дүниеге келген.

1942 жылдың сәуір айында Ақсу орта мектебін озат тәмамдап, мамырдың 1-і Ұлы Отан соғысы майданына өз еркімен аттанған.

Сол жылдың маусым-шілде айларында кіші командирлердің полк мектебінде оқып, аға сержант атағын иеленеді. Сол сәттен Сталинград аймағындағы соғыс армиясы қатарына шақырылады. Алайда, тамыз айының орта шенінде орта білімі бар жауынгер ретінде әскери оқуға жолдама алып, 1942-1943 жылдары Өзбек ССР-інің Термез қаласындағы Ташкент әскери миномет атқыштар училищесін бітіріп, «кіші лейтенант» атағын иеленеді.

1943 жылғы маусым айында майдан шебіндегі әскер қатарына қайта қосылып, 1945 жылдың 9-мамырына, яғни соғыстың аяғына дейін Ұлы Отан соғысындағы қан төгіс ұрыстарда болған.

1943 жылғы шілде-қыркүйек айларында 78-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының 61-Әскері құрамында 212 АП атқыштар взводының командирі ретінде «Курск доғасының» Солтүстік жағындағы ұрыстарын, содан соң Смоленск бағытындағы шабуыл операцияларын басқарған.

1944 жылдың шілде айынан бастап сол бөлімше құрамындағы танк атқыштар жеке взводының командирі ретінде Белоруссия мен шығыс Польшаны азат етуге («Багратион» операциясына), ал 1945 жылдың ақпан айында тағы сол бөлімше құрамында Варшаваны және Польшаны азат етуге ат салысты, 1945 жылдың мамыр айында рота командирі С.Н. Тәнекеев Берлин қаласын алу операциясында өз міндетін адал атқарды.

Ұлы жеңістен кейін Кеңес әскері қайта құрылғанда, 1945 жылғы мамыр айынан 1946 жылдың мамыр айына дейін С.Н. Тәнекеев бір жыл Кеңестік оккупациялық әскер құрамында Германияда коменданттық қызметте болған.

1947 жылдың наурыз айында Ұлы Отан соғысының мүгедегі ретінде Әскерден босатылған.  

Әскерден кейін, 1947 жылдың күзінде Сейдәлім Нысанбайұлы Қазақ Мемлекеттік университеті тарих факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 1949 жылдың ақпан айына дейін үздік студент атанып, содан соң экстерн (яғни сабаққа қатыспай емтихан тапсыру) тәртібінде оқуға ауысқан.

Ұлы Отан соғысында асқан жанқиярлықпен ерен ерлік көрсетіп, ел намысын қорғаған Сейдәлім Нысанбайұлының бейбіт өмірдегі Отан, халық игілігі үшін белсенді қызметі осы кезден басталды.

1949 жылғы наурыз айынан бастап 1950 жылдың ақпан айына дейінгі аралықта ол өз отаны – Алматы облысы Ұйғыр ауданының партия комитеті нұсқаушысы болса, одан әрі қарай 1951 жылдың күзіне дейін бөлім меңгерушісі лауазымын атқарған.

1951 жылғы қараша айында диплом жұмысын жазып, оқуын тәмамдау үшін, университеттің 5-курсының күндізгі бөліміне қайта ауысқан. Сөйтіп, 1952 жылдың маусым айында Қазақ мемлекеттік университетін үздік тәмамдағаннан кейін тамыз айында білімді әрі білікті маман ретінде Алматы облысының Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымына тағайындалған.

1954 жылдың желтоқсан айында Алматы облысының Іле аудандық кеңесінің (Талғар қаласы) төрағалығына ауысады, ал 1956 жылдың қазан айында Ұйғыр аудандық коммунистік партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалып, өзінің туған жеріне қайта оралады.

1959 жылғы маусым айында, Талдықорған және Алматы облыстары Алматы облысы болып біріктірілген кезде, Алматы облыстық мәдениет бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалады.

1960 жылдың шілде айында Алматы облысы Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатышысы қызметіне тағайындалған.

Партия қатарында басқарушылық қызметте тәжірибе жинақтаған          С.Н. Тәнекеев 1963 жылдың қаңтар айында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына тағайындалып, содан соң көп ұзамай, яғни шілде айынан бастап партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқара бастаған. Сол жылы Алматы Ауылшаруашылық институты экономика факультетінің 4-ші курсын тәмамдап, екінші мамандық иесі атанған ол үздік басшы ретінде ұзақ уақыт бойы, нақты айтқанда, 1974 жылға дейін осы қызметте өзін адал да көреген басшы ретінде көрсете білді.

Сейдәлім Нысанбайұлының Қызылорда облысында жұмыс атқарған кезі аса жауапты және сонымен бірге және жан-жақты бағытта өрісін кеңейткен өте қызықты кезең болған. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Коммунистік партия жоғары мектебін тәмамдаған соң, 1963-жылдан бастап Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа, сонымен қатар Қазақстан Коммунистік партясының Орталық комитетіне мүше болып сайланып, зейнеткерлікке шыққанға дейін, яғни 1986-жылға дейін халық игілігі үшін күш аямай еңбек еткен. Сондай-ақ, дәл осы кезеңде С.Н.Тәнекеев ғылым және әдебиет саласына да зор ықылас таныта бастаған. 1968 жылы Қызылорда облысының көрнекті еңбеккерлерін біріктіріп, олармен бірге «Қазақстанның күріші» («Рис Казахстана») атты кітапты баспаға дайындап, осы еңбектің редакторы болған әрі алғысөзін жазған.

1974 жылғы ақпан айында Қазақ КСР-інің Халықтық бақылау комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына бекітіліп, біраз уақыт осы салада қызмет атқарған.

1978 жылғы шілде айында адал қызметі мен мол тәжірибесінің арқасында Қазақстанның Тұтынушылар Одағы басқармасының төрағасы болып сайланған. Бұл Сейдәлім Нысанбайұлы бірқатар жылдар бойы Отан игілігіне мол еңбек сіңірген тағы бір халық шаруашылығы саласы болды. Практикалық жұмыспен қатар теориялық ізденімпаздық танытып, С.Н.Тәнекеев 1979 жылы «Кооператив туралы ойлар» («Размышления о кооперативах») атты еңбек жазған.

1985 жылғы желтоқсан айында зейнеткерлікке шыққан соң, Сейдәлім Нысанбайұлы қоғамдық қызметте белсенділік танытып, «Қазақстанның Мүгедектер ерікті қоғамы» мемлекеттік емес қоғамының төрағалығына сайланып, осы қызметін ұзақ уақыт адал атқарып келген.

С.Н.Тәнекеев мемлекеттік және қоғамдық қызметті әдеби саладағы еңбегімен астастырып, қайраткерлік пен қаламгерлікті қатар ұстаған.

Сейдәлім Нысанбайұлының әдебиет және ғылым саласындағы еңбектері:

1968 жылы «Қазақстанның күріші» («Рис Казахстана») кітабының редакторы әлі алғысөзінің авторы болған.

1979 жылы «Кооператив туралы ойлар» («Размышления о кооперативах») еңбегін жазып шығарған. Сонымен қатар жазушылыққа деген құштарлығының нәтижесінде сол жылы қазақ ауылының соғыс жылдарындағы тұрмыс-тіршілігі жайлы қарапайым еңбеккерлердің ерен еңбегі суреттелген «Қиян асу» повесі де жарық көрген. 

1990 жылы «Серпін» романы шыққан.

1994 жылы қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының бір қыры бейнеленген «Ереуілтөбе әсерлері» («1916-шы жыл») атты көлемді зерттеуі дүниеге келген.

1997 жылы «Бел-белес» атты 2 томдық повестер мен әңгімелер жинағы шыққан.

2003 жылы «Жүрегім менің, жүрегім» атты өлеңдер жинағы басып шығарылған.

2006 жылы марқұм болған зайыбы Шәрбану Құрбанованың өмірбаяны бейнеленген «Бір бұрама жайлы аңыз» («Сказание о винтике») атты эссе-романы жарияланды.

2007 жылы өз көрген-білгенін таразылап, терең ой толғаған майдангер әрі қайраткердің орыс тілінде «Взгляд» («Көзқарас») ой-толғамдар жинағы жарыққа шықты.

2008 жылы өскелең ұрпаққа арнап өзінің, ата-анасының, отбасы мен туған-туыстарының өмірбаянын суреттеумен қатар етене таныс адамдардың өнегелі өмірі әңгімеленген «Иір-иір қиыр жол (немеремен сырласу)» атты эссе-романы және «Шежіре не сыр шертеді» атты тарихи-танымдық еңбегі жарық көрді.

Бұдан бөлек 1954-ші жылдан бері түрлі баспа басылымдарында әрқилы тақырыптағы мақалалар мен эссе-очерктері жарияланып келеді.

Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, қарымды қаламгер Сейдәлім Нысанбайұлы Тәнекеев «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын және «Алматы облысының құрметті азаматы» атағын иеленеді, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болып табылады.

Ұлы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін және Отанының дамуына қосқан үлесі үшін екі дүркін І-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бір дүркін ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, төрт дүркін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет Белгісі» орденімен, Монғол Республикасының «Құрмет Белгісі» орденімен және «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы майдандарына қатысқаны үшін», «Тың игеруге қатысқаны үшін» медальдарымен, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы жұмысы үшін КСРО Ғылым Академиясының Королев атындағы Күміс медальмен  және 18 дүркін мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Сондай-ақ, 4 дүркін Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрметті мадақтамаларын және 1 дүркін Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Мадақтамасын,  сондай-ақ, Халықаралық кооперативтер Бірлестігінің (Альянсының) Құрмет белгісін алған.

Content 2
tanekeev02-285x376
tanekeev03-285x424
tanekeev04-285x424

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту