Оразалин Нұрлан Мырқасымұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин 1947 жылдың 13 маусымында Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Көкбастау ауылында дүниеге келді.

Нұрлан Оразалин - қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі.

      1970 жылы С.М. Киров (қазіргі әл Фараби) атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология  факультетін бітірген.

    Н. Оразалин еңбек жолын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бастап, содан кейінгі жылдары ҚР Мәдениет министрлігінде репертуарлық редакция алқасында аға редактор, бас редактор болды. 1986 жылы Қазақстан театр қайраткерлері Одағының Бірінші құрылтайында Одақ Басқармасының бірінші хатшысы болып сайланды. 1990-1994 жылдары ел сеніміне ие болып, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі ХІІ шақырылымының депутаты болды. Ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1991-1992 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жоғарғы палатасында ғылым, білім және мәдениет Комитеті төрағасының орынбасары, 1993-1996 жылдар аралығында «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы қызметтерін атқарды. 1996 жылы Қазақстан Жазушыларының ХІ құрылтайында Одақ Басқармасының Төрағасы (Бірінші хатшы) болып сайланды. Ақын күні бүгінге дейін бұл қызметті абыроймен атқарып келеді.

       Қаламгер қай кезде де еліміздің әлеуметтік-қоғамдық өміріне қатысты көкейкесті мәселелерді өткір көтере білді.

     Ақынның «Жас керуен», «Көктем тынысы» секілді жыр жинақтарына енген өлеңдерінде өзіндік ізденіс, өмірге құштарлық кеңінен көрінсе, «Беймаза көңіл», «Көктем кеші», «Жетінші құрлық», «Құралайдың салқыны» сынды өлеңдер мен поэмалардан тұратын кітаптарында қоғам көріністері, кеңістік пен уақыт арақатынасы, адам өмірі мен еңбегі, жастық, достық сырлары бар қырынан жарқырай көрініп, тақырып табиғаты, мазмұн мұраты, көркемдік келісімі айшықты, бедерлі сипат алған.

     Н. Оразалин қаламынан туған «Шырақ жанған түн», «Тас киіктер», «Аққұс туралы аңыз», «Қилы заман» драмалық шығармаларында халқымыздың басынан өткен ауыртпалық жылдар шежіресі, замандастарымыздың өмір-тұрмысы, еңбегі, іс-әрекеттері, тарих пен таным тоғысы, кеше мен бүгін байланысы кеңінен көрсетіледі.

                 Н. Оразалин аударма саласында да өнімді еңбек етті. Ол аударған орыс жазушысы Г. Свиридовтың «Жанкешті сапар» (С. Шаймерденовпен бірге), қалмақ қаламгері А.Балақаевтың «Ана жүрегі», әзірбайжан драматургы Р.Гайдардың «Бір ендіктің тынысы» секілді туындыларында қоғам, өмір қайшылықтары нанымды көрсетіліп, ұлт тілінде еркін, көркем, тартымды сөйледі.

     Ақынның өз өлеңдері де көптеген шетел тілдеріне аударылды.

     Н. Оразалин «Ғасырмен қоштасу» жыр кітабы үшін 2002 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды.
 Шығармалары: «Беймаза көңіл» (1977); «Адамзатқа аманат» (1991); «Құралайдың салқыны» (1997); «Ғасырмен қоштасу» (2000).

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту