20-01

Мен өзімді Президент командасында сезінемін! Мен өзімді Президент командасында сезінемін!

«Қазақстандық «Атакент» іскер ынтымақтастық орталығы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Қалық Абдуллаев:
Мен өзімді Президент командасында сезінемін!

Қазақ қоғамы үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Кейбіреулер атақ пен мансап үшін жүгірсе, ал кейбіреулер артында айтулы із қалдыруға ұмтылады. Атақ пен абыройдың міне дәл осындай азаматтарды өзі іздеп келіп тауып жататыны болады. Қай қызметте жүрсе де ұлт мүддесін жоғары қою, халқына қалтқысыз қызмет ету олардың діттеген негізгі нысанасы. «Қазақстандық «Атакент» іскер ынтымақтастық орталығы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрғасы Қалық Абдуллаұлы Абдуллаев осындай елі мен жеріне жанашыр азаматтардың бірі. Төменде оқырман назарына ұсынылып отырған материал айтулы азаматтың мемлекеттік, әлеуметтік, қоғамдық істерінен сыр шертеді.

Қалық Абдуллаев! Бұл есім қалың қазақ жұртына жақсы таныс. Ол талай жауапты қызметтерді атқарды. Кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшер тұста талай күрделі мәселелердің басы-қасында жүрді. Мемлекет меншігінен алу мен жекешелендіруге де өзіндік көзқарасы болды. әсересе, ауыл шаруашылығын жекешелендірудің әлі ерте екендігін, нарықтық қатынастарға ауыл шаруашылығын асықпай, тым болмаса кооперативтік формада көшірген жөн екендігін айтып отырды. Бұл жөнінде талай ғалымсымақтармен айтысқаны бар. Кейбір асығыс шешімдердің салдарын жөндеуге әлденеше жылдар кетіп қалатыны болады. Сондықтан қызыл кеңірдектесіп бірқатар жерде өз көзқарасын қорғап та қалып жүрді. Сол үшін де кейбіреулер оны айрықша құрметтесе ал кейбіреулер жыланша жиырылып қалады.
    Десек те, Қалық Абдуллаев нарықтық қатынастардың заңдылықтары мен қыр-сырларын жетік меңгерген білгір маман, экономиканың төменнен макроэкономикаға дейінгі буындарының ерекшеліктерін мүлтіксіз игерген ғалым-экономист. Ішкі потенциалы зор, ұйымдастырушылық қабілеті мықты. өзі туралы сөз болса: «Мен адамдардың ашық та адал, еңбекқор болғанын, өз көзқарасын табандап қорғай алатынын ұнатамын, екіжүзділік пен сатқындықты, жағымпаздарды өлердей жек көремін», - деп отырады.
    Әкесі Абдулла Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. Ағайын-туыстардың қолында өскен жеткіншек жастығына қарамай өзінің ширақтығымен, елгезектігімен, білімге құштарлығымен ерекшеленіп тұратын. Жетімдік тақсіретін көп тартқан Қалық ерте есейді.
    1958 жылы мектеп бітірген соң арман арқалап оқуға аттанды. Ташкент политехникалық институтын 1963 жылы бітірген бойда жас жігіт «Южказэнергоның» аудандық басқармасына инженерлік қызметке жіберілді. Өмірдің ыстық-суығын көріп өскен Қалық өз мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарай білді. Қиындықтарға қайысқан жоқ, өзінің жігері мен табандылығын қарсы қойды. Тиянақты білім мен біртіндеп жинақталған тәжірибе, азаматтық жауапкершілік сезім оны қатарластарынан оқ бойы озық етіп тұратын. Сондықтан да болар өзі еңбек жолын бастаған мекемеде инженер, аға инженер, аға мастер, энергетикалық тәртіп қызметінің бастығы, орталық диспетчерлік қызмет бастығының орынбасары сияқты қызмет сатыларының бәрінен өтті.
    Қалықтың жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, 1969 жылы Республика энергетика министрлігінің аппаратына қызметке жіберілді. Онда жаңадан ұйымдастырылған диспетчерлік бірлестік басқармасына энергетикалық тәртіп қызметінің бастығы болып тағайындалды. Істің мәнісін білетін, өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген азамат мұнда да тез көзге түсті.
    1974 жылы «Южказэнергоның» аудандық басқармасына бас инженер, кейін басқарма бастығы ретінде жұмыстың маңызды учаскесіне жіберілді. Қызметтестері Қалықты талап қойғыш басшы, білікті маман ретінде танитын. 1982 жылы Қазақ КСР Энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Бұл жылдарда еліміздің энергетика саласында бірқатар түйінді мәселелер шешіліп, жаңа қадамдар жасалған кез болатын. Қалық Абдуллаев мұнда да өзінің принциптерімен, ортақ іске жанашырлығымен көзге түсті.
    1986 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрғасы болды. Кеңес Одағы экономикасының қатты құлдырай бастаған кезі-тұғын. Михаил Горбачев басын тау-тасқа ұрып, елді экономикалық, идеологиялық тұғырықтан шығарудың жолдарын қарастырып жатты. Реформалардың қажеттігін бәрі сезінетін. Алматыда, Мәскеуде өткен талай-талай жиындарда Қалық Абдуллаев тайсалмай өз пікірін айтып жүрді. Осындай тығырықты тұста 1990 жылғы ақпан айынан 1991 жылдың қаңтарына дейін Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы болды. Экономикалық мәселелер күрделене түскен тұста 1991 жылғы қаңтар мен мамыр айларында Қазақ КСР Экономика жөніндегі мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы болды.
    Нарықтық қатынастар экономикаға мүлде жаңа тұрғыдан қарау қажеттігін байқатты. Кеңес Одағы ыдыраудың алдында тұрған болатын. Экономикалық мәселелерді шешу үшін оның саяси алғышарттары орындалуға тиіс еді. Заңгер ғалымдар жанталаса Кеңестер одағын Федерация немесе Конфедерация етіп құру жөнінде түрлі-түрлі ұсыныстар дайындап жатты. Сол арада Коммунистік партияның билігі құлады.
    Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген кезде Қалық Абдуллаевқа Премьер-министрдің орынбасары – Қазақ КСР мемлекеттік экономикалық комитетінің төрағасы міндеттері жүктелді. Өз ісіне әркез жауапкершілікпен қарайтын азамат Кеңес Одағының мұрагері Ресеймен кіндік ажыратудың қиын шаруаларының қақ ортасында жүрді. Ортақ рубльдік аймақ Қазақстан экономикасын тұралатып бара жатты. Қазақстанның өз валютасы болу керектігі туралы пікірге алғашқылардың бірі болып қолдау білдірген де Қалекең болатын.
    Қаржы тапшылығы белең алған тұста ол ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық Агенттік төрағасы болып тағайындалды. Қазақстанға шетелдерден инвестициялар тартудың алғашқы тәжірибелері сол кезде пайда болды. Қалекеңнің қызметтік сатыларына қарап отырсаңыз оның шарықтап биікте ұшқан кездері де, қалықтап жерге түскен кездері де көп. Бірақ қай қызметте де ол азаматтық бейнесіне дақ түсірген емес. Қызметі өссе де кеудесі өспейтін. Лауазымы төмендей қалса өзін жоғалтып өшпейтін.
    «Азамат қай орында да өз еліне пайдалы болғаны жөн» - бұл Қалық Абдуллаевтың өмірлік ұстанған басты қағидаларының бірі. Қызметтестермен түрлі проблемалар туып қалғанда К. Гельвецийдің: «Адамды тану үшін оны айтқан сөздері бойынша емес, істеген істері бойынша зерттеу керек. Мен сөйлеп тұрғанымда бетіме маскі киемін, ал жұмыс істеген кезде оны шешіп қоюға мәжбүрмін» деген сөздерін жиі еске алады. Адамдарға істеген жұмысы бойынша баға беру оның әбден әдетіне сіңген. Ортақ іске жанашырлық та оның басты қасиеттерінің бірі. 1992 жылдан 1995 жылға дейін қазақстандық «Атакент» іскер ынтымақтастық орталығы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы болып жүргенде де бұл оның айнымаған қағидасы болды. «Атакент» ол кезде тас-талқан күйге түскен еді. Бүгінгі гүлденген «Атакенттің» қайта өрлеуінің іргетастары сол кезде қаланды. 1995 жылы Қалекеңнің мол тәжірибесі ескеріліп, ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалды. Бір жылдан соң ҚР Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. 1997-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды. Оңтүстік – халқы көп, проблемалары да мол өңір. Қиын кезеңде ормандай мәселелерді шешу де оңай болған жоқ. Жауапкершілік пен жанашырлық, Елбасы сенімінен шығуға тырысу Қалекеңнің осы тұстағы жұмыстарының басты көрсеткіші еді.
    2000 жылдан бері бұрын өзі басқарған «Атакент» қазақстандық іскер ынтымақтастық орталығы акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы болып келеді. Сондай-ақ, 2004 жылдан бері «Академик Ш. Чокин атындағы энергетика Қазақ ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы міндетін де қоса атқарады. Бұрынғы халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі 1992 жылы «Қазақстандық «Атакент» іскер ынтымақтастық орталығы» акционерлік қоғамы болып қайта құрылған. Тозған павильондар жөнделіп алты көрме павильоны іске қосылды. Экспозициялық заттар сақталатын терминал салынды. Көптеген шетелдік ірі компаниялармен серіктестік қарым-қатынас орнатылды. «Атакент» қазір аса ірі технологиялық орталық. Мұнда экономиканың түрлі саласында 300-ден астам көрме мен жәрмеңкелер өткізілді. Осы көрмелердің нәтижесінде талай бірлескен кәсіпорындар ашылды. Бүгінде «Атакент» республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі іс-шараларды ұялмай өткізетін жетекші ұйым. Оның арқасында көрмелер өткізу бизнестің өзіндік түріне айналды. Мұндай іскерлік орталық тек ТМД елдерінде ғана емес тіпті Шығыс Еуропада жоқ.
    - Мен өзімді қашанда Президент командасында сезінемін! Өйткені еліміз бен жерімізге қызмет – ортақ мүддеміз ғой! Елбасымыз жүргізіп отырған көреген саясат елімізді экономикалық серпіліске, халықаралық деңгейде абыройға жеткізді. Біз елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын лайықты мақтан етеміз, - дейді ол ағынан жарылып. Қалық Абдуллаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып қызмет атқарып жүрген кезде тұрмысы нашар отбасыларының балаларына қамқорлық жасау үнемі қаперінде жүретін. Содан облыстағы он алты ауданнан тұрмысы нашар отбасыларының 16 баласын жеке өз қамқорлығына алған еді. Олардың өмірден өз жолдарын тауып, тиянақты тіршілік етуін Қалекең үнемі қадағалап отырды. Қазір сол жеткіншектер зіңгіттей азамат болды. Бәрі Қалық Абдуллаұлын әкесіндей көреді. Сол он алтының ең кенжесі Шындос Қасенов жүрекжарды лебізін былай білдіріпті: «Әке орнына әке болған Қалық Абдуллаұлына шексіз алғыс айтқым келеді. Мені ұмытпай іздеу салған әкем Қалық Абдуллаұлына қатты ризамын. Өмірде еш жаманшылық көрмеңіз!».
    Сол он алтының оқуын ары қарай жалғастыруы үшін кейбіреулеріне әлі күнге ақы төлеп, жоғары оқу орнында оқытып келеді. Қалекең Арыс ауданынан қамқорлыққа алған Марат Тойбеков Ақтөбедегі университетті бітірді. Оған ай сайын 3 мың теңгеден шәкіртақы төленіп келді. Қазығұрттық Аида Тәшімбетованың, бәйдібектік Ұлдана Жүнісованың оқу ақыларын төлеп, қамқорлық қолын созды. Жетісайлық Зәуірбек Жүнісовке, төлебилік Александр Бубенчиковке, түркістандық Шындос Қасеновке, шымкенттік Мақсат Қалқабаевқа қаржылай көмек көрсетілді.Ордабасылық Сержан Ыбыраев пен Нұрдаулет Досполов, кентаулық Медеу Шерханов, шардаралық Дархан Ыбырайымов, түлкібастық Нұркелді Нарбеков, созақтық Мақсат Бектаев, сарыағаштық Жеңіс Қалмұратов қалаған оқу орындарын бітіріп, өмірдің сан саласында абыройлы қызмет етіп жүр.
    Кейін кәсіпкерлік қызметке ауысқан кезінде Қалық Абдуллаұлы мейірімділік пен қайырымдылық шараларын тұрақты назарда ұстады. Қалекең туған жерінде халыққа екі бірдей мешіт салып берді.
    Қайырымдылық бағыттағы жұмыстарға нысаналы сипат беру үшін 2003 жылы арнайы корпоративті «Ақ ниет» қорын құрды. Қор өз жарғысына сәйкес мемлекеттік «Ауыл» бағдарламасы шеңберінде білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істеді. Жетім қалған немесе тұрмысы нашар отбасыларындағы балаларға қамқорлық жасау, халқымыздың мәдени мұрасын қалпына келтіруге ат салысу, майдангерлер мен еңбек ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге қайырымдылық көмек жасау салалары бойынша жұмыстар қолға алынды. Көзделген жобалар толықтай жүзеге асты немесе жүзеге асуда. Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданындағы аз қамтылған отбасылардан шыққан бес мектеп түлегі қор есебінен Оңтүстік Қазақстан университетіне оқуға түсірілді. Олардың оқуына жыл сайын 140 000-150 000 теңге мөлшерінде ақы төленіп келеді. Ал студенттердің өздеріне ай сайын 5 мың теңге көлемінде шәкіртақы және әрқайсысына жатақханада тұрғаны үшін 500 теңгеден көмек беріледі. Жоғарғы оқу орнының ақылы бөліміне жыл сайын бес баладан түсіру дәстүрге айналды. Сонда алдыңғы толқын бітіріп шыққанға дейін университте 20 бала «Ақ ниет» корпоративтік қайырымдылық қорының есебінен оқып келеді. Облыстық әкімшіліктің өтініші бойынша кезінде Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Батырхан Есімбековтың қызы Ақмерей бағдарламадан тыс қосымша оқуға түсірілді. Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия университетіне ол үшін жыл сайын 165 мың теңге аударылып келеді.
    «Ақ ниет» корпоративті қайырымдылық қоры республикалық «Халқымыздың мәдени мұраларын жаңғырту» бағдарламасына да өз көмегін жасап келеді. Мәселен, қайта жөндеуден өткізілген «Арыстанбаб» кесенесінің айналасын абаттандыру мен көгалдандыруға 1 миллион теңге бөлінді. Қоғамдық ұйымдар мен жекелеген ардагерлердің өтініштері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қамқорлықсыз қалған қарттарға, экономиканың сан саласында кезінде жемісті еңбек еткен аға ұрпақ өкілдеріне көмек көрсетіледі. Айталық, тараздық ардагер А. Садуақасов, шаяндық Ж. Жұмағұлова, алматылық В. Смурыгин сияқты мұқтаж жандарға материалдық жәрдемдер жасалды. Қалааралық зағиптар қоғамына демеушілік көмек көрсетілді. «Атакент» бөлімшелерінің ұжымдары жыл сайын бір күндік жалақыларын жүзеге асыру үшін «Ақ ниет» қорына аударады. Нағыз мұқтаж жандарға нақты көмек қордың негізгі қағидаттарының бірі. Қор сондай-ақ, қазақ халқының азаттығы үшін арпалысқан Сырым Датұлы тәрізді батырдың өмірі мен күресін зерттеуге де мүдделілік танытып отыр.
    Осындай игі шараларды жүргізуге мұрындық болып жүрген айтулы азамат Қалық Абдуллаевқа ел алғысынан қымбат ешнәрсе жоқ. «Ақыл – ауыс, ырыс - жұғыс» деп жатады ғой. Осындай өнеге өзгелерге жұғысты болса ғой шіркін!


Марат Тоқашбаев
Президент және Халық газетінің бас редакторы

Дереккөз: Президент және Халық газеті
20.10.2006

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту