Утин Мекеш Жұмабекұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Мекеш Жұмабекұлы 1950 жылы 16 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы Ворошилов ауылында дүниеге келді. Қарапайым жандар отбасында тәрбиеленген.
    Әкесі - Утин Жұмабек 1925 жылы туған. Туған-туыс, жора-жолдастарының айтуынша қайырымды, бауырмал, адамгершілігі мол кісі болған. Ұлы Отан соғысының ардагері. Майданда жабысқан дерт сыр беріп, соның салдарынан 1955 жылы көз жұмды.
    Анасы – Утина Райхан 1930 жылы туған. Екі ұлына әрі ана, әрі әке болып, оларды ел қатарына қосқан. Қазіргі уақытта зейнеткер.
    Мекеш Утин ауылдың жеті жылдық мектебін үздік аяқтап, Петропавл қаласындағы М.Калинин атындағы мектеп-интернатына орналасты. Мектепті бітіргеннен соң қызмет жолын Булаев ауданының Ворошилов сегізжылдық мектебінің неміс тілі оқытушылығынан бастады.
    1972 жылы білімін жетілдіру мақсатымен КСРО астанасы – Мәскеу қаласына аттанды. Онда Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетіне қабылданып, 1978 жылы “Халық шаруашылығын жоспарлау” мамандығын алып шықты. Университет қабырғасы Мекеш Жұмабекұлына жоғары білім берумен қатар оның  өмірге деген көзқарасын өзгертті. Онда ұлттар, халықтар арасындағы достыққа, олардың мәдениетін құрметтеуге баулыды.
    Өмірінің ең қызықты шағын - студенттік өмірін Мәскеуде өткізіп, Алматыға оралғаннан соң қызмет жолын қаладағы күрделі құрылыс жүйесінің қатардағы экономистінен бастады. Жұмыс тәжірибесі артқан сайын арнайы құрылыс трестінде аға экономист, бас экономист, бөлім бастығы, трест бастығының орынбасары, ауыр өнеркәсіп құрылысы министрлігінде экономикалық жоспарлау бас басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
1987 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Алматықұрылыс» компаниясы бас басқармасының вице-президенті қызметін атқарған. Күрделі де сан салалы бұл қызметті ойдағыдай атқару үшін білім, тәжірибеге ұласқан кәсіпқойлық, адамгершілік қасиеттері өз үлесін қосатыны белгілі. Міне, осының бәрі Мекеш Жұмабекұлының қызмет баспалдағымен үнемі жоғары өрлеуіне және ұжымда құрмет пен абыройға бөленуіне жеткізді.
    Өзінің еңбексүйгіштігімен көзге түскен М. Утин 1987 жылы Алматы қаласы Калинин ауданы Халық депутаттар Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Мекеш Жұмабекұлы Оңтүстік астанамыз – Алматы қаласындағы ҚР Президентінің Резиденциясы, Мемлекеттік мұражай, М.Әуезов атындағы музыкалық драма театры, ҚазҰУ қалашығы, Қалқамандағы № 1 қалалық аурухана, Республикалық мектеп сарайы, “Қазақстан”, “Рахат Палас” қонақ үйлері, “Алатау” демалыс үйі, “Атакент” кешені, “Алматы” мейрамханасы, “Самал”, “Көктем”, “Ақсай”, “Жетісу” шағынаудандарындағы тұрғын үйлер және т.б. көптеген ірі құрылыс ғимараттарының көтерілуінде аянбай тер төккен, еңбегі сіңген азамат.
    М. Утин 1990 жылдан бері Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының «Құрылыс экономикасы» мамандығы бойынша мемлекеттік емтихан комиссиясында төрағалық етті. Құрылыс саласындағы экономика және нарықтық қатынастар тақырыбы бойынша бірнеше мақалалар мен ғылыми еңбектердің авторы болып табылады.
«Алматықұрылыс» компаниясының жанында құрылған “Бозторғай”, “Жарылғап батыр”, “Ветеран” қайырымдылық қорларының мүшесі болды.  Ол онда Ұлы Отан соғысы мен құрылыс саласының ардагерлеріне, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге, өнер және спорт саласына, баспасөз орындарына және т.б. көптеген мұқтаж жандарға материалдық және демеушілік көмек көрсетіп, оның сапалы да қомақты болуына өз ықпалын әрдайым тигізіп отырған.
Мекеш Утин – БҰҰ жанындағы халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Инженерлік академияның кореспондент-мүшесі, Қазақ Ұлттық сәулет-құрылыс академиясының профессоры.
2007 жылдан Алмалы ауданынан Алматы қалалық мәслихатының депутаты болған.
2001 жылы “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 10 жыл” медалімен, БҰҰ Бас кеңес беруші дәрежесіндегі Халықаралық ақпараттандыру академиясының Халықаралық конкурсі «Дүние жүзі ақпараттанушыларының тандаулысы - 2005» жүлдесінің алтын медалімен, 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Жұбайы – Утина Күләш 1951 жылы туған. Білімі – жоғары. Қазақ Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы.
    Ұлы – Утин Таупық 1976 жылы туған. Экономика ғылымдарының кандидаты. «АСК-Консалтинг» ЖШС-нің бас директоры.
    Ұлы – Утин Әрсен 1981 жылы туған. Бас прокуратурада қызмет атқарады.
    Бауыры – Утин Амантай Жұмабекұлы 1955 жылы туған. “Алматымәденитұрмысқұрылыс” АҚ бас директорының орынбасары.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту