Абдуллаев Қалық Абдуллаұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Абдуллаев Қалық Абдуллаұлы - экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік Академиясының және Халықаралық Инженерлік Академиясының академигі.

1942 жылы 28 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір ауданындағы (қазіргі Төле би ауданы) Қасқасу ауылында дүниеге келген. Әкесі Абдулла Сейітов Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Анасы – Тазагүл Сәлімбаева.

1958-1963 жж. Ташкент политехникалық институтын (инженер-электрик мамандығы бойынша), ал 1985-1987 жж. Мәскеу қаласындағы КОКП ОК Қоғамдық ғылымдар Академиясын, 1986-1987 жж. Мәскеу қаласындағы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы Академиясын тәмамдады.

Осы оқу орындарында алған білімі қайта құру жылдары мен Егемен Қазақстанның қалыптасу кезеңдерінде өзінің зор пайдасын тигізді.

Еңбек жолын «Южказэнергоның» аудандық басқармасындағы инженер қызметінен бастады. Білімі мен жинақталған тәжірибесі, әр іске деген жауапкершілік сезімінің арқасында өзі еңбек жолын бастаған мекемеде инженер, аға инженер, аға мастер, энергетикалық тәртіп қызметінің бастығы, орталық диспетчерлік қызмет бастығының орынбасары сияқты қызмет сатыларының бәрінен өтті.

1969 жылы Республика энергетика министрлігінің аппаратына жаңадан ұйымдастырылған диспетчерлік бірлестік басқармасына энергетикалық тәртіп қызметінің бастығы қызметіне жіберілді. 1974 жылы «Южказэнерго» аймақтық басқармасына бас инженер, кейін басқарма бастығы қызметтерін атқарып талап қойғыш, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы, білікті маман ретінде танылды. 1982 жылы Қазақ КСР Энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатылды.

1986-1992 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары – Қазақ КСР Мемлекеттік экономикалық комитетінің төрағасы қызметтерін лайықты атқарды. Осы жылдары ол ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық Агенттік төрағасы лауазымында Қазақстанға шетелдерден инвестициялар тартудың алғашқы тәжірибелерінің негізін қалады.

1992 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстандық іскер ынтымақтастық орталығы «Атакент» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы болды.

1995 жылы Қ. Абдуллаевтың іскерлік мол тәжірибесі ескеріліп Республика Президентінің арнайы жарлығымен құрылған ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалды.

1996-1997 жж. ҚР Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды.

1997-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды.

2000 жылдан бері өзі құрған «Атакент» акционерлік қоғамы Директорлар Кеңесінің төрағасы болып келеді. Сондай-ақ, 2005 жылдан бері «Академик Ш. Чокин атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу энергетика институты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы міндетін қоса атқарады.

1981 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Қалық Абдуллаев Шымкент қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық Халық депутаттары Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

Қазіргі таңда Қазақстанда халықаралық көрме индустриясы лайықты дамыды. Сол бағытта «Атакент» үлкен үлес қосып, өнім өндірушілерге қолдау көрсетіп келеді. Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық өзгерістерді насихаттаудың пәрменді құралына айналды.

"Атакент" акционерлік қоғамының ұжымы өз тұжырымдамасын жасау барысында қазақстандық тауар өндірушілердің іскерлік белсенділігін арттыруды негізгі міндеті деп біліп, өмірге келіп жатқан кәсіпкерлік құрылылымдар мен өркениетті нарықтық қатынастардың дамуына қолдау көрсетуді басты назарда ұстады.

КСР Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің тарихы «Атакент» тарихының маңызды бөлігі болып табылады. Бұрынғы кезде осы көрме арқылы кең-байтақ ел – КСРО халқы Қазақстанның жетістіктері туралы біліп отырды. Осы жерде тәжірибе алмасып, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, партия, шаруашылық және кәсіподақ белсенділері мен қызметкерлерін оқытып отырды. Көрмеге қатысушыларға арнап дәрістер мен баяндамалар оқылып, сұхбаттар жүргізілетін.

Қайта құру кезеңдері (90-шы жылдары) көрме орталығы қызметінің тұжырымдамасы қайта қаралып, бұрынғы көрмені қазіргі «Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығына айналдыру жұмысы қолға алынды, акционерлік қоғам құру жолы таңдалды. Бұл идея Үкімет тарапынан қолдау тауып, Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев мақұлдады.

Акционерлік қоғам басшылығына Үкімет Жарлығымен білікті маман, тәжірибесі мол іскер басшы - Қалық Абдуллаұлы Абдуллаев тағайындалды. Қалық Абдуллаев нарық кезеңіне сай, жаңа үлгідегі менеджерлер санатына жатады, ол үлкен ұжымды іскерлікпен басқарып келеді. Тозған павильондар жөнделіп, алты көрме павильоны іске қосылды. Экспозициялық заттар сақталатын терминал салынды. Көптеген шетелдік ірі компаниялармен серіктестік қарым-қатынас орнатылды. Бүгінде «Атакент» республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі іс-шараларды халықаралық талап деңгейінде өткізетін жетекші ұйым. Соның арқасында көрмелер өткізу бизнестің өзіндік түріне айналды, бұл бағытта «Атакент» тек ТМД елдерінде ғана емес тіпті Шығыс Еуропада жоғары орын алады. Мұнда жыл сайын экономиканың барлық саласын қамтитын әлемнің 5000 компаниясы қатысатын алпыстан астам ірі ұлттық және халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер өткізіледі. Олардың Қазақстанда бірлескен ұйымдар, жаңа өндіріс орындарының, шағын және орта бизнестің дамуына септігі зор.

«Атакент» орталығы үшін ең бастысы – көрме бизнесі. «Итеса», «Атакент-Экспо» компаниялары халықаралық, ұлттық, арнайы көрмелердің, жәрмеңкелердің, бизнес байланыстар мен конференциялардың басты ұйымдастырушылары болып табылады.

Өткізілген конференциялар мен көрмелердің нәтижесінде сауда, экономикалық және саяси қатынастар жетіле түседі. Мәдени және жалпы адамзатқа қажетті байланыстар дамып, жетіле түседі.

«Атакент» көрмесіне қатысқан шетелдік компаниялар өз өкілдіктері мен филиалдарын еліміздің түрлі қалаларында ашты. Соңғы он шақты жыл аясында 500-дей халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу арқылы 1000-нан астам бірлескен компаниялардың пайда болуына ықпал етті. Сонымен қатар, «Атакент» орталығы - іскерлік қарым-қатынас пен көңіл көтерудің жарасымды түрде бірлескен мекені, аса ірі технологиялық орталық.

«Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығы аумағында «Қарқара» сауда үйі (қажетті де арзан заттар сатып алуға қолайлы) мен «Евролюкс» (өз дизайныңыз бойынша жиһаз сатып алатын және тапсырыс беретін), «Интерьер-Маркет» (үй мен кеңселерге арналған құрылыс материалдары) орналасқан. Соңғы кезде түрлі көпшілік-бұқаралық көңіл көтеру, шоу-бағдарламалардың дамуына байланысты көңіл көтеру орталықтары - «Дельфин» спорттық-сауықтыру орталығы, мейрамхана, кафе мен барлар жүйесі және т.б. дүниеге келді

Қалық Абдуллаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып қызмет атқарып жүрген кезде тұрмысы нашар отбасылардың балаларына қамқорлық жасау үнемі қаперінде жүретін. Содан облыстағы он алты ауданнан тұрмысы нашар отбасылардың 16 баласын жеке өз қамқорлығына алған еді. Олардың өмірден өз жолдарын тауып, тиянақты тіршілік етуін Қалық Абдуллаев үнемі қадағалап отырды. Сол он алтының оқуын ары қарай жалғастыруы үшін кейбіреулеріне әлі күнге ақы төлеп, жоғары оқу орнында оқытып келеді.

Қ. Абдуллаұлы туған жерінде өз қаражатымен халыққа екі бірдей мешіт салып берді.

Қайырымдылық бағыттағы жұмыстарға нысаналы сипат беру үшін 2003 жылы арнайы корпоративті «Ақ ниет» қорын құрды. «Ақ ниет» қоры Қалық Абдуллаевтың облыс әкімі болып тұрған кезінде халықтың нашар қорғалған топтарына шама келгенше қол ұшын беру шараларын ары қарай жалғастыру ниетінен туған. Қор өз жарғысына сәйкес мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істеді. Жетім қалған немесе тұрмысы нашар отбасыларындағы балаларға қамқорлық жасау, халқымыздың мәдени мұрасын қалпына келтіруге ат салысу, майдангерлер мен еңбек ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге қайырымдылық көмек жасау салалары бойынша жұмыстар қолға алынды. Қамқоршылық кеңес Сайрам ауданындағы № 4 балалар үйіне 1,5 миллион теңге бөлді. Бұл қаражатқа оқулық, құрал-жабдықтар, 277 жылы киім, көркемөнерпаздар үйірмесіне қажетті ұлттық киімдер сатып алынды. Осындай тағы төрт балалар үйіне жәрдем жасалды. Алматыдағы 477 бала тәрбиеленетін № 3 арнайы мектеп-интернатта ойынмен сауықтыру залы толықтай жабдықталып берілді. Алматы облысының Талғар ауданындағы Купкиндердің отбасылық балалар үйіне көмек жасалды. Бұл шаңырақта түрлі ұлт өкілдерінің 15 баласы тәрбиеленіп жатыр. Жоғары оқу орындарында 21 бала оқытылды. Мұндай қамқорлық шаралары жүйелі түрде жүргізіп келеді және Қалық Абдуллаұлы қор жұмысын тұрақты назарда ұстайды.

«Ақ ниет» корпоративті қайырымдылық қоры республикалық «Халқымыздың мәдени мұраларын жаңғырту» бағдарламасына сай қайта жөндеуден өткізілген «Арыстанбаб» кесенесінің айналасын абаттандыру мен көгалдандыруға 1 миллион теңге бөлді. Қоғамдық ұйымдар мен жекелеген ардагерлердің өтініштері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қамқорлықсыз қалған қарттарға, экономиканың сан саласында кезінде жемісті еңбек еткен аға ұрпақ өкілдеріне көмек көрсетіледі. Қалааралық зағиптар қоғамына демеушілік көмек көрсетілді. «Атакент» бөлімшелерінің ұжымдары жыл сайын бір күндік жалақыларын жүзеге асыру үшін «Ақ ниет» қорына аударады. Нағыз мұқтаж жандарға нақты көмек - қордың негізгі қағидаттарының бірі.

abdullaev_foto_-6-800x531

Пікірлер  

# Мырзабай Ақмөр 2016-04-29 13:16
Сəлеметсіздерме?Сіздерден бірдене сұрайын деп едім.Қалық Абдуллаұлы ағамызбен қалай байланыссам болады екен(мекен-жайы,телефон нөмірі,айтпесе интернет арқылы(сайты))маған қажет еді.Сіздерден өтінерім,маған тезірек жауап берсеңіздер екен. Сіздердің жауаптарыңызды күтемін.Менің телефон нөмерім:+77716351879 сіздерге қажет болып қалар.Менің емайлым:. Жауап күтем.
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту