Әбубәкір Кердері

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Кете Жүсіп сияқты шыққан руына қарап Кердері атанып кеткен Әбубәкір он тоғызыншы ғасырдағы кітаби ақындардың бірі. Оның түп тегі Кіші жүздегі Жетіру тайпасының Кердері руынан тарайды. Соның ішінде ол Таран деген тұқымның тумасы. Ел арасында «Таран таранып тойға бармаса, той той болмайды» деген мәтел бар екен. Соған қарағанда, бұл әулеттен ойын-тойдың әрін кіргізер әнші-күйші, сал-серілер көбірек шыққан тәрізді.

 Ақынның атасы Айтқұл батыр болған. Әкесі Боранқұл сауыққой әншілігімен қатар он саусағынан өнер тамған бесаспап шебер, зергер ұста болған кісі. Ұдайы қолөнермен шұғылданып ер шауып, етік тігіп, сақина соғып, шоқиып отыратын болғандықтан жеңгелері әзілдеп «Шоқан» атап кеткен. Оның зайыбы Жансұлудың әулетінде де шешен сөйлеп, өлең шығаратын өнерпаз, дарынды адамдар аз болмаған. Ата салты мен ана сүтінен нәр алған ақындық олардың үш ұлының үлкені Әбубәкірге дарыған.

 Әбубәкір Шоқанұлы Жайық бойындағы Теректі өңірінде тауық жылы дүниеге келген. Патша өкіметінің жарлығымен Теректі жері келімсек казак-орыс көшендеріне беріліп, жаңа қоныстанушылармен жанжалдасып ешқандай әділдік таппайтынына көзі жеткен Айтқұл ұрпақтары ауа көшіп, Ақтөбе төңірегіндегі кердерілерге келіп паналайды. Болашақ ақынның балалық шағы осында өтеді. Оның:

 Біз Кіші жүз ішінде

 Кердері деген халықпыз.

 Су ішінде балықпыз.

 Аңдушы дұшпан көп болып,

 Оралдан келіп қалыппыз, – дейтіні де тегін емес.

 Әбубәкір Кердері – жастайынан білім қуып, Орынбор, Тройцкіде оқып, медресе бітірген, әдеби де, діни де сауаты мол ақын. Өз заманының оқыған-тоқығаны мол ұлағатты азаматы ретінде Орал, Ор, Ақтөбе қалалары маңындағы қазақ ауылдарында ұстаздық етіп, бала оқытып, молдалық құрған. Ел арасында бала оқыта жүріп ол замана ағымы, діни тәрбие, өнер-білім, қазақтың өткендегі және қазіргі хал-ахуалы жайында өлең-жырлар, толғаулар жазады. Замандас ақындармен айтысқа түсіп, ойы ұшқыр, пікірі ұтқыр жыр дүлдүлі екенін танытады. Жаны жақын, ой-өрісі өрелес адамдарға өлеңмен хат жазады.

 Ақын өзінің өлең-жырларында бір жағынан халықты оқу, білімге шақырса, екінші жағынан қазаққа шарапаты тиіп, мектеп ашып, жастарды оқуға тарта бастаған сол тұстағы билікті де мадақтайды. Өнер-ғылымды, отарба сынды машиналардың шығуын мақұлдай отырып та ол өткенді аңсаудан арыла алмайды.

 Әбубәкірді өлеңмен сапарнама жазған («Орскіге келген сапар») алғашқы қазақ ақыны деуге болады. Шежірені өлеңмен жазу қазақта ежелден бар дәстүр. Әбубәкір де сол дәстүрден айнымай, Қазақ шежіресін өлеңмен өзінше түзген. Оның көпті көрген көкірегі даңғыл қариялардан жазып алған тарихтан сыр шертетін асыл қазыналары да аз емес. Әбубәкір Кердерінің өлеңдері оның көзі тірісінде «Әдеби қазақия» деген атпен Қазандағы Кәрімовтер баспасынан екі мәрте жарық көрді. Естелік-деректерге қарағанда, оның жай айтқан сөзінің өзі ұйқас, ырғаққа түсіп, құйылып отыратын көрінеді.

 Дос болмас сыртта жүріп мақтамаса,

 Бір-бірін жамандықтан сақтамаса.

 Бүгін тату болса да, ертең араз,

 Достығы бүгінгінің таң-тамаша.

 ***

 Бұл күнде шоқ асылдың базары жоқ,

 Жүйріктен мәстек озды тамағы тоқ.

 Аузыңмен құс тістеген би болсаң да,

 Басыңнан бақыт тайса тарқайды топ.

 ***

 Қорқатынын сыйлайды бүгінгі адам,

 Түсінер бұл сөзімді білімді адам.

 Тілеуіңнің біреуі от, біреуі су,

 Екі түрлі сөйледің тіліңді адам.

 «Тілі екеудің діні екеу» деген сөз бар,

 Аңдамай бұзып алма, дініңді адам.

 ***

 Жаманның бірі тұрмас қара пұлға,

 Жақсының бірі болар елге тұлға.

 Мысқалы мың теңгелік асыл заттар,

 Барады арзан тартып жылдан-жылға.

 ***

 Жігіттің аты шықпас бақ қонбаса,

 Кім қонар сай-салаға от болмаса.

 Басады ерді қайғы топырақтай,

 Мал, перзент, денсаулығы шат болмаса.

 Осылар тегіс болса орын табар,

 Ере бер қасиеті жоқ болмаса.

 ***

 Мың қарға залал қылмас бір сұңқарға,

 Он жабы сатсаң жетпес бір тұлпарға.

 Жаманға жазатайым ісің түссе,

 Жарамас ашылғаныңды бір қымтарға.

 Шыға алмас қырқы батып қыр басына,

 Қоя бер от басында жүз жыртарға.

 ***

 Бас қоссаң бейасылға көңіл таппас,

 От-суға жабы шіркін тоймай шаппас.

 Білдірер екінші күн жаман мінез,

 Бір-ақ күн араласып болсаң оттас.

 Қасында жалғыз күндей оттас болсаң,

 Дұшпанға шықпай түгел сырың қалмас.

 ***

 Хакімдер жаңа өспірім жастан болды,

 Басына ұрылардың бостан болды.

 Қой бағып, торсық емген топыраштар

 Бұл күнде қол жеткісіз аспан болды.

 Билікке қатын барып таласады,

 Себебі би болудың тастан болды.

 ***

 Бұрынғы өткен билер қандай еді,

 Қақ жарған қара қылды заңдай еді.

 Қызығып дүниеге жол ашпаған,

 Ақылы жанып тұрған шамдай еді.

 Демеген біреу алыс, біреу жақын,

 Өкшесі аумайтұғын тамдай еді.

 ***

 Ақылды билер өткен алмайтұғын,

 Ерлер өткен өз халқын қорғайтұғын.

 Бұл күнде ондай билер көрінбейді,

 Ақылын құдай үшін жолдайтұғын.

 Ақылын жолдамайды Құдай үшін,

 Біреудін бұрылады шырайы үшін.

 ***

 Жақсыны жау болса да дұшпан тұтпа,

 Жаман болмас ешқашан елге тұтқа.

 ***

 Кім қалар өлшеулі өмір толған күні,

 Кім жолдас көрде жалғыз қалған күні.

 Дүниеде нар көтермес жиған сөзің,

 Тұрмайды бір мысқалға өлген кыүні.

 ***

 Ағадан кетті ағалық,

 Ініден кетті інілік,

 Інісі болды терең жар,

 Жүре алмай аға сүрініп,

 Атаның салған ақ жолы,

 Жалғанбай қалды кідіріп,

 Заман деген желмая,

 Қалмасаң, халқым, жақсы еді

 Желмаядан жығылып.

 ***

 Атаны билеп ұл кетті,

 Қожаны билеп құл кетті.

 Баласы келсе он беске,

 Ата-анадан күн кетті.

 Білмеді бала құрметті,

 Ағайын, туған, қарындас,

 Бір-бірінен бұл кетті.

 ***

 Қыз ананы биледі,

 Анаға билік тимеді.

 Ата қосқан адамды,

 Өз дегені болмаса,

 Халалым деп сүймеді.

 Қыз ұяттан айырылып,

 Көңілін сайтан сүйреді.

 ***

 Қайыры жоқ байлардан,

 Ел қонбаған шөл артық.

 Жапанда суы суалып,

 Бақа сорған көл артық.

 Жебеп, желеп жүретін,

 Жұма сайын келетін

 Иманы бар өлі артық.

 ***

 Қазағым, қапыл болмаңыз,

 Өнерсіз босқа қалмаңыз!

 Алашқа пайдаң тимесе,

 Өз басыңды қорғаңыз.

 

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Eldos 2016-01-26 13:47
Шіркін!!! не деген керемет сөздер,,,,
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# нурсауле 2016-01-26 13:46
сөздер сүйектен өтеді, мұндай өлеңдер казіргі таңда адамдарға қажет...
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Қуандық 2016-01-26 13:45
Бул қазағым кыс болса қыстаушы еді қырға барып
Қолденең шыңыраулы шынға барып
Жарлы деп жылқы-қой біткенді айтушы еді
Қой-жылқы толыкпаса мыңға барып

Саралап ат айғырды мырза-байлар
Ұргеніш сатушы еді жылда барып
Ат арба айдаушы еді атан алып
Матамен қайтушы еді шапан алып

Қонаққа қой орнына тайын сойып
-Деуші еді пәлен мырза атаналып
.................
Аға айтса тыңдаушы еді жасы кіші
Болмайды тіл алғаннан басы кіші
............
(анық естілмеді көне магнитофоннан, 1967-1968 жылдар шамасында жазып алынған)
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Қуандық 2016-01-26 13:45
Еділ – Жайық екі су, Кент орнаған жер екен
Сонаң сыртты қолделеп, ол мал жайлауға кең екен
Көрсе - мақпалдың түгіндей, қүмайт таңған жер екен
Құрағы гулдеп құтты күн, мақпалдай шөбі көрінген
Өзен-судың арасы миуалы жеміс-гул екен
Онан сыртқа аул жер, ол қалың орман нақ екен
Су аяғы төмен жақ, таяқ кеспеген ту екен
Екі ортасын иеленген, біздің қара қазақ көп екен
Душпанды көріп ысырған, Әбілхайыр деген Хан екен
Ұрыға шыбық соқтырған, еліне тиыштық таптырған – хан дардың салған жолы екен
Арқаның алпыс екі саласын, біздің қазақ тегіс сөйтіп орнаған
Ақ сақалдан би қойып, төресін әділ жолдаған,
Жердің шеті Жайық теп, Жайықтан өтсең ғайып теп,
Қырға қарап душпандар, атының ізін салмаған
Баланы таза өсіріп, қудайым сөйтіп өңдаған
Мыңнан жылқы айдаған, жұзден бие байлаған
Ағасын іні сыйлаған, сақтаған таза иманды, зекеттен мектеп жиғаны,
Мойынсунып құрметтеп, шатыр тігіп үстіне, разы қылған мейманды
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту